«...ХАЛҚЫМНАН БИІК БОЛМАДЫМ»

«...ХАЛҚЫМНАН БИІК БОЛМАДЫМ»

«...ХАЛҚЫМНАН БИІК БОЛМАДЫМ»
ашық дереккөзі
377

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевмың 100 жылдық мерейтойы Балқаш ауданының орталығы Бақанаста аталып өтті

Өткен ғасырдың сексен бесінші жылы КПСС ОК-не Бас хатшы болып, Михаил Горбачев сайланды. Сол жылдың күзінде Қазақстанға келіп, Целиноград қаласында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің аймақтық кеңесін өткізді. Конференцияға Ресейдің көрші облыстарының өкілдері де қатысты. Горбачев кеңес алдында және кеңестен кейін Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен жүре сөйлесіп, қырын қабақ танытқанын жұрт телеарнадан да көріп байқаған еді. Кешкі астан кейін Горбачев қонақ үйге кеткен соң Қонаев: «Мына Горбачев елді көгертпейді, құрдымға алып барады. Енді менің зейнеткерлік демалысыма шыққаным жөн шығар», – деген. Сонда алдында отырған бір топ қызметкерлер арасынан КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Нұриев: «Димаш Ахметович, неге олай дейсіз. Сіз Саяси Бюроның мүшесісіз. Түркі халықтарының ішінен сіздей қызмет биігіне көтерілген жан жоқ. Одақтағы барша түркі халқы сізге арқа сүйеп отыр. Горбачев кім? Ол ауыл шаруашылығы мен өндірістен ештеңе білмейді. Сіз оған ауылшаруашылығын қалай өркендету керектігін айтып, қамшыны басыңыз. Оның осал жері, сіз­ секілді білікті жандардан қатты тай­сақтайды»,– дегені сол кеңеске қа­тыс­қан­дардың естеліктеріне жазылған. Нұриевтің осы сөзінен мемлекет және қоғам қайраткері Қонаевқа деген күллі түркілердің ыстық ықыласын, ілтипатын сеземіз. Міне, сондай жанның туғанына 100 жыл толып отыр. Биыл жыл басынан бері республика жұртшылығы атап өтіп келеді. Жуырда Дінмұхамед Қонаевтың ата жұрты – Алматы облысының Балқаш ауданында да сондай ауқымды шаралар өтті. Мерекені республиканың облыстарынан келген қонақтар мен жергілікті халық аяулы азаматтың Бақанастағы бюстіне гүл шоқтарын қоюмен бастады. Содан соң Қонаев атындағы саябақ пен спорт алаңының ашылу салтанатына қатысты. Мәдениет үйінде «Тұғыры биік тұлға» атты ғылыми-практикалық конференция болды. Соңы үлкен тойға жалғасты.

Конференцияны Қонаев атындағы уни­вер­ситеттің ректоры, заң ғылымдарының докторы Өмірәлі Қопабаев ашып, құттықтау сөзді Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Мұқановқа берді. Ол Қонаевтың жүз жылдық мерекесі облыстың бірқатар аудандарында аталып өткенін, қарапайым еңбек адамын қадірлеп, бағалай білген халықтық тұлғаға жуырда ғана Талдықорған қаласында үлкен бюсті қойылғанынан жұртты хабардар етті. Аудан әкімі Айтбай Көшкімбаев жиналған жұртты Қонаевтың 100 жылдық мерекесімен құттықтады. Үлкен экраннан биік тұлғаның өмір жолдары туралы түсірілген деректі фильм көрсетілді. Фильмнен соң Халықаралық Қонаев қорының президенті Кеңес Мұстахановқа сөз берілді. Ол Дінмұхамед Қонаев республиканы басқарған кезеңде ел экономикасының дамып, мәдениетінің гүлденгенін, қарапайым еңбек адамдарына деген құрметін бірнеше мысалдармен естелігіне арқау етті.

Конференцияда негізгі баяндаманы Қазақстан тарихшылар қауымының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев жасады. Баяндамашы Дінмұхамед Қонаевтың сан қырлы қызметінің елеулілеріне нақты тоқталып, ғылыми тұрғыдан талдап берді. «Біз жеке тұлғаның қызметінен сөз қозғағанда оның артында жері мен елі тұрғанын ескере бермейміз. Қонаевтың артында елі тұр, кең байтақ қазақ жері тұр. Жеке тұлғаның тарих сахнасына кіруі, үлкен абыройға ие болуы, ең алдымен оның еліне байланысты. Әлемнің тоғыздан бір бөлігін алып жатқан қазақ жерінің асты мен үстіндегі байлығы. Орыстың Белинский деген тамаша ойшылы болған. Сол ХІХ ғасырдың елуінші жылдары жазған мақаласында айтқан екен. «Әлем неге Пушкинді білмейді? Ал неге ағылшын ақыны Байронды біледі? Өйткені Байронның артында Анг­лия тұр. Әлемдік өркениеттің даму бастау­ын­да ағылшындар тұр. Олар Байронды құрмет тұтқан». Қазақ елі де сондай. Қонаев қай жағынан болса да халықтық құрметке лайықты тұлға. Қонаевтың артында қазақ халқы тұр. Мен тарихшымын. Сондықтан да кез келген тарихи тұлғаны тарихи контекспен қараймын. Осы тұрғыдан алғанда соңғы ғасырда қазақ халқын жоғары дәрежеге көтерген, қазақ еліне берекет әкелген екі тұлға бар. Оның біріншісі ХVІІ-ші ғасырдың екінші жартысы мен ХVІІІ ғасырдың басында өмір сүрген Тәуке хан. Есім ханның немересі, Жәңгір ханның ұлы әз Тәуке. Әз Тәуке атануы оның заманында халық еркін, соғыссыз өмір сүрген. «Ақтабан шұбырындыға» дейін қазақ халқы сан жағынан күрт өсті. Әз Тәукеден кейін қазақ жері мен елінен тыныштық кетті. «Ақтабан шұбырынды», ХІХ ғасырда Қазақ елінің Ресеймен қосылуы, көптеген соғыстар. Алаш арыстарының көсемі Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетіндегі бір мақаласында былай дейді: «Айналайын халқым, жасы үлкен қария, өрімдей жас жігіт үйіңнің алдынан дауыл, артынан дау кетпейді. Есіңді жи. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін қиын заман келді». Мұны ол 1917 жылы жазған. Шын мәнінде Кеңес өкіметінің ісі. «Ақтабан шұбырындының» қасіретінен кем болған жоқ. Қазақ халқы сан жағынан да, сапа жағынан да төмендеп кетті. Аштық талайларды жоқ қылды. Репрессия бірінші буын, екінші буын зиялыларды құрбан етті. Осының бәрі қазақ халқына өте ауыр тиді. Ал қазақ халқына бір жақсы заман келгені екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезең болды. Қазақ халқы сан жағынан да, сапалық жағынан да өсті. Бұл кезең Дінмұхамед Қонаевтың еңбегіне, басшылық қызметіне тікелей байланысты болды. Егер осы кезеңде елді Қонаевтан басқа біреу басқарғанда Қазақстанның дамуы осындай жоғары деңгейде болар ма еді, болмас па еді? Бұған үлкен сұрақ қою керек. Өйткені осы кезеңде Қазақстанды дамуға алып бара алатын үлкен тұлға қажет-ақ еді. Қазақстанды өркендеу өсу жолына бастайтын ірі тұлға керек еді. Ел ішіндегі әр ұлт өкілдерінен құралған басшылықтармен, сондай-ақ анау Мәскеудегі азуларын айға білеген басшылармен тіл табыса алатын тұлға керек болатын. Мәскеу мен Алматының арасына алтын көпір бола алатын интеллектуалды, мәдениетті тұлға керек еді. Әсіресе, репрессиядан, соғыстан кейін. Сондай тұлға Дінмұхамед Қонаев еді. Уақыт қазақ халқына сол тұлғаны берді. Ол заман сұранысына толық жауап бере алды. Сол үшін де біз оны мақтан тұтамыз. Өйткені ол шын мәнінде кемеңгер».

Баяндамашы бұдан әрі де Қонаевтың сан түрлі адами қасиеттеріне де тоқталып, ішкі мәнін ашып берді. Баяндамадан соң Тарих және этнология институты директорының орынбасары Светлана Смағұлова, Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы Роза Ахметова, Қонаевтың жеке дәрігері Ахат Мүліков, Қазақстанның Мәскеудегі өкілеттігінде ұзақ жылдар еңбек еткен Сәбит Жаданов, Журналистер Ораз Қауғабай мен Көлбай Адырбекұлы және ардагер Ким Серікбаев жарыссөзге шығып, өз ойларын ортаға салды. «…Асып тасымадым, шүкіршілік жасадым. Сап-сап көңілім деп өзімді-өзім сабырға шақырдым. Биікке көтерілдім. Халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Қайтып ашар есігімді қатты жаппадым», – деп артында ұлағатты сөз қалдырған Дінмұхамед Қонаев сынды жалпы халықтық тұлғаның өмір жолы мен ісі кейінгілерге үлгі болары сөзсіз.

Ертеңіне жиналған қауым балуандар күресі мен аламан бәйгені тамашалады.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары