ҰЛТ ТАРИХЫН ОҚЫТУДАҒЫ ҰТЫЛЫСТАРЫМЫЗ

ҰЛТ ТАРИХЫН ОҚЫТУДАҒЫ ҰТЫЛЫСТАРЫМЫЗ

ҰЛТ ТАРИХЫН ОҚЫТУДАҒЫ ҰТЫЛЫСТАРЫМЫЗ
ашық дереккөзі
396

Елімізде Еуразия және Орталық Азия кеңістіктеріндегі түркі халықтарының ортақ тамырына қатысты ортақ оқулықтар мен оқу құралдары неге жасалмады? Отаншылдық сезімін қалай қалыптастыруға болады? Тарих ғылымын өркендетпей, көңілге қонымды оқулық жазу ісін алға бастыра аламыз ба? Жиырма жылдан бері оқулықтарда тәуелсіз еліміздің төл тарихын ала-құла қылмай, неге бір ізділікке түсіре алмай, сынға ұшырап келеміз? Тарихшыларымыздың осалдығынан ба, жоқ әлде ауызбіршіліктің болмауынан ба? Бұл мәселе жөнінде жуырда Елбасы да ескерту жасаған болатын. Біз бүгін осы маңызды әрі күрделі мәселені көтере отырып, алғашқы сөзді тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбековке беріп отырмыз. Еліміздің тарихшы ғалымдары өз ойлары мен пікірлерін қосар деген үміттеміз.

Редакциядан

Тәуелсіз қазақ елінің тарихи дамудың жаңа кезеңіне аяқ басуы халықтың іргелі де ғылыми және толыққанды тарихын жазуды ғана емес, оны кеңінен насихаттауды, сондай-ақ азаттықтың жаңа ұрпағын оқытуда оны әдістемелік тұрғыдан дұрыстап тиянақтылауды да қажет етеді. Бұл мәселені Жалпыға бірдей еңбек қоғамын құру туралы нақты жиырма міндетті белгілегенде Елбасымыздың да жан-жақты атап көрсеткені белгілі. Мұндай қисынды да, өзекті мәселені неге қолдамасқа? Отаршылдық санадан арылып, тәуелсіз ойлау жүйесіне көшетін әрбір азаматтың мемлекет құрушы ұлттың, яғни өзінің туған халқының тарихын жақсы білуі, отаншылдық сезімнің өрши түсуіне және туған жерге, елге деген сүйіспеншілік пиғылының айқын көрініс беруіне алып келетіні белгілі нәрсе.

Ал енді осыған байланысты еліміздің тарихшы ғылымдары ештеңе тындырмады дер болсақ, шындықты таптап кетер едік. Тарихшы ғалымдарымыздың тәуелсіздік тұсында біршама тиянақты жұмыстар жасағанын оқулық және оқу құралдары авторларының біразының есімдерін атап шыққанның өзінде-ақ байқауға болар еді.

Сапалық деңгейлері әртүрлі болғанына қарамастан бұл кісілер дайындаған оқулықтар мен оқу құралдары тәуелсіздік жылдарында жаңа ұрпаққа тарихи білім беруге, олардың тәуелсіз тарихи ойлау жүйесін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосты. Алайда, көптеген оқу құралдарында қазақ тарихының ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген және әртүрлі айтысты пікірлер туғызып отырған маңызды мәселелері бойынша әртүрлі шатасулардың, тіптен кереғар көзқарастардың орын алып отырғаны да құпия емес. Әсіресе, бұл Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар дәуіріндегі тарихына тікелей қатысты. Бұл кезеңдер бойынша кәсіби зерттеуші-мамандар санының айтарлықтай аздығы және кезінде Мәскеудің немқұрайлылығынан Қазақстанда мамандар дайындаудың жүйелі түрде қолға алынбауынан қазіргі дәуірде іргелі зерттеулердің де, соған сәйкес оқулықтардың да тапшылығы айқын сезіледі. Осы жерде айта кетер аса маңызды нәрсе, біздегі ғылым және білім беру жүйесі аталған мәселеде әлі күнге дейін Отандық тарих бойынша ежелгі және ортағасырлар тарихынан мамандар дайындау­да бұрынғы кеңестік тоталитарлық жүйенің ұстанымынан бас тарта алмай келеді. Аталмыш кезеңдегі тарихымыз, парсы, араб және қытай тілдерін білетін тарихшыларға аса мұқтаж. Университеттердегі шығыстану факультеттерінде де, тарих факультеттерінде де шығыс тілдерін білетін тарихшы мамандар дайындау ісі нақты қолға алынбай келеді. Мұның өзі қазақ халқының ежелгі тарихын жаңаша жазуды қиындатып отыр.

Осындайда ойланатын мәселе, Ч.Дар­виннің адамды маймылдан шығару тео­риясынан да толық бас тарта алмай отырмыз. Сондықтан да әлі күнге дейін Қазақстан тарихының тарихқа дейінгі кезеңі, алғашқы адамдардың тарихы австропитектен бері қарай басталып келеді. Ал одан бұрын не болды деген сауалға салиқалы жауап жоқ. Археологтарымыз көп еңбектеніп, алғашқы адамдардың тас дәуіріндегі үңгірлерін, тас, қола құралдарын тапты. Алайда Қазақстан аймағында олардың өздерінің қаңқалары кездесе қойған жоқ. Осындайда Қазақстан аймағы олардың батыстан шығысқа барған жолындағы транзит (өтпелі жол) міндетін ғана атқарған ба – дегендей сауалдар да туындайды. Мұндай дүдәмалдылық оқулықтарға да өзінің «көлеңкесін» түсіріп отыр.

Көшпелілік генезисінің Қазақстандағы қалыптасу ерекшеліктері өркениеттің қазақ халқының қалыптасуындағы орны мен ықпалы өз деңгейінде дұрыс бағалана қойған жоқ. Әлі күнге дейін сақтар мен массагеттердің, сарматтар мен исседондардың этникалық және тілдік ерекшеліктері және саяси тарихы оқулықтарда айқын да, толық көрініс бермей отыр. Мұндайда, Кемал Ақышев тәрізді үлкен ғалымымыздың Исседон (Исен) сақтарының ежелгі Үйсіндермен этникалық сабақтастығы, ортақ мәдениеті туралы өзіндік көзқарасы да қазіргі оқулық авторларының назарын аудара қоймады. Бұл айтылғанның өзі қазақ халқының арғы бабаларының автохтонды(тұрғылықты) болғандығын нақты дәлелдейтін айқын мысал екенін ескермей жүрміз.

Қазақстан аймағындағы Ғұндардың (Сюннулардың) түркі халықтарын қалып­тастырудағы рөлі, Оңтүстік Шығыстан ғұн­дардың үстіне баса көктеп келген маньчжур тілдес Сәнбилердің (Сянбилердің) аралас тілде сөйлейтін татарлар және моңғолдар одақтарын қалыптастырудағы ықпалы оқулықтардан тыс қалған. Байырғы Ғұндар мекендерінде моңғолдардың қалай пайда болатынын айқындап алмағандықтан кейінгі Шыңғысханды қазақ етуге тырысатын қате көзқарастарға ұрындық. Ғұндардың арғы бабалары Динлиндер болғаны туралы қытай жылнамаларында және Орхон ескерткіштерінде айтылған пікір де назарға алынбай жүр. Түріктің белгілі ғалымы Бахаддин Өгелдің «Ұлы Хұн империясының тарихы» атты іргелі зерттеуіндегі ғұндардың түркілік тамырлары туралы қисынды тұжырымдар да біздің оқулықтарымызда орын ала қойған жоқ.

Жетісу мен Тянь-Шаньдағы ежелгі Үйсіндердің кейінгі қазақ Үйсін ру-тайпаларының этникалық бастаулары болып табылатынын мойындау да қазақтың жүйелі және сабақтас көп ғасырлық тарихын қалпына келтіруге зор мүмкіндіктер берер еді. Өкінішке қарай, байырғы Үйсіндерді «Үсен» деп бұрмалап, оларды кейінгі Үйсіндерден мүлде басқа халық етіп көрсетуге күш салып жүрген қазақ тарихшылары да өз арамызда. Мұндай шатасулар Жетісу мен Тянь-Шань аймағындағы қазақты және қырғызды құраған ру-тайпалары тарихын байырғы, автохтонды бастауынан бөліп тастауға алып келеді.

Осы айтылғандар ежелгі Қаңлыларға (Кангюйлерге) да қатысты. Олар жайлы қытай деректерінде мол мәліметтер сақталғанына қарамастан және кейінгі Қаңлылардың ежелгі Қаңлылар мекендеген аймақтарда әлі де тұрақтап отырғандарын ескеретін пікірлер оқулықтарда батыл көрсетілмей отыр. Осы айтылғандардан шығатын қорытынды: ежелгі дәуірдегі Сақ-Сармат, Ғұн, Үйсін және Қаңлы тайпалық бірлестіктерінің Қазақстан аймағын мекендеген түркі тілдес тайпалардың байырғы бабалары екендігін және олардан кейінгі түркілердің өсіп-өнетінін оқулықта айқын көрсетпей, қазіргі түркі халықтарының да, өзіміздің қазақтардың да тарихи үндестікке негізделген шынайы да, түсінікті тарихын баяндап бере алмаймыз. Оқулық авторларының осындай тұжырымдардың мемлекет құрушы ұлттың күрделі де, тиянақты тарихын бүгінгі қоғамда орнықтыруға көмектесетінін, мұның өзі тарихпен сусындайтын жас ұрпақтың туған халқына деген сенімін арттыра түсетінін айқынырақ ұғынғандары жөн.

Ортағасырлардағы түркі мемлекеттерінің өмірлерінде үлкен орын алатын «Түрік», «Ашина», «Түргеш», «Қарлұқ», «Оғыз», «Қарахан», «Қимақ-Қыпшақ» тәрізді этнонимдердің өркендеуіндегі тарихи байланыстар мен сабақтастық эволюциясын, олардағы этно-саяси ортақ мазмұндастықты оқулық авторларының ескере бермейтіндері де рас. Мысалы ежелгі Жетісу аймағында әртүрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген Тиграхауда (Шошақ бөріктілер) Сақтары, Түрік, Дулу тәрізді этнонимдердің бәрінің неліктен бір мағынаны – «Дулыға», яғни «бас киім» атауын аңғартатынын ойлай бермейміз. Бұл туралы ежелгі қытай жылнамаларында атап көрсетілсе де байырғы этнонимдер атауларындағы осындай тарихи мазмұндарды ескермей келеміз. Сондай-ақ, Оғыздардың Тоғыз-Оғыз, Сегіз-Оғыз, Үш-Оғыз атты бірлестіктерінің Ұйғыр, Керей, Түрік, Найман, Қоңырат, Уақ тәрізді тайпалық бірлестіктердің этникалық бастауы болып табылатынын оқулықтарда әлі де айқындап айта алған жоқпыз. Ежелгі Ғұндардан тамыр алатын Қарлұқтардың және ежелгі Үйсіндерден бастау алатын Қара Түркештердің кейінгі Қара Кесек, Қара Сақал, Төртқара тәрізді «Қара» атауымен аталатын ру-тайпалардың этникалық алғашқы негіздері екендігі де қазіргі ұрпаққа белгісіз.

Ежелгі Үйсіндердің де Сары Үйсін, Қара Үйсін, Ақ Үйсін тармақтарына бөлініп, Сары Үйсіннен Абақ таңбалы (Сары Түргеш) тайпалары, Қара Үйсіннен Күн таңбалы Қара Түргештердің (Дулат, Албан, Суан), Ақ Үйсіннен Сүргі таңбалы ру-тайпалардың (Бес таңбалылар – Сіргелі, Ысты, Ошақты, Шапырашты) бірлестіктерінің бой көтергендерін және олардың кейіннен біртіндеп қазақ тайпаларын құрағанын тарихи жүйемен баяндауда ғалымдарымыз шежіре деңгейіне де көтеріле алмай, ғылыми тұжырымдар жасау­да тиянақтылық таныта алмай отыр.

Найман, Меркіт, Керей, Жалайыр, Қоңырат тайпаларының атауларының IX-XI ғасырларда-ақ тарих сахнасына шыққанына қарамастан, кейінгі қазақ халқының құрамына енген олардың мұрагерлерінің алдындағылармен өзара этникалық жақындықтары да оқулықтарымызда ашық көрініс таба қойған жоқ.

Материалдық және рухани мәдениет тұрғысынан қарағанда да тарихи сабақ­тастық негізінде жүйелі түрде баяндалмай келе жатқан мәселелер жеткілікті. Ортағасырлардағы Қазақстан аймағында бой көтерген мемлекеттердің өзара ішкі байланыстары мен саяси ұқсастықтары да назардан тыс қаралып келеді. Мұндайда Батыс Түрік қағанатының (Он оқ елінің Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қарахан қағанаттарының, Қимақ және Қыпшақ мемлекеттерінің, және Моңғолдық мемлекет жүйесіне жататын әртүрлі ордалардың және кейінгі Қазақ хандығының саяси басқару жүйесіндегі ұқсастықтарды және жалғастықтарды көрсетудің жетіспей жатуы, нақтырақ айтар болсақ, әрбір қағанаттың немесе орданың дербес, өзара алшақ, жеке мемлекеттік жүйе ретінде қарастырылуы « қазақта бұрын мемлекет болған жоқ» және Қазақ хандығының саяси тұрғыдан бұрынғы ордалар мен қағанаттарға ешқандай қатысы жоқ деп тұжырым жасайтын еуроцентристік пиғылдағы көзқарастардың орнығуына жол ашты. Мұның өзі оқулықтарға да салқынын тигізіп, Қазақстанның бұрынғы саяси тарихы мемлекетсіздік кезеңдері тарихы ретінде қарастырылатын болды.

Қазақ халқының қалыптасу тарихы да оқулықтарымызда шын мәнінде рулық-тайпалық құрылымдардан бөлек баяндалуда. Осыған орай, Алшын, Байұлы, Жетіру, Қаракесек бірлестігі тәрізді этникалық атаулар тарихына тереңдеп бару да шын мәнінде назардан тыс қалды. Әсіресе, монографиялық зерттеулердің Алаш – Алаш мыңы (Үш сан Алаш) – Алты сан Алаш – Қазақ (Он сан Алаш) тәрізді қазақ қоғамындағы этно-әлеуметтік құрылымдар тарихын жүйелі талдауға мән бермеулері отан тарихының оқулықтары мен оқу құралдарында қазақ халқының тарихын жүйелі де, тиянақты әңгімелеуге әлі күнге дейін кедергі келтіріп отырғаны құпия емес.

Сонымен бірге, тарихты оқытуда жеке тарихи тұлғалардың орны мен рөлі оқулықтарда жеткілікті деңгейде көрсетілмей отырғанын да айтуға тура келеді. Мысалы әр түрлі түркі қағанаттарындағы көрнекті қағандардың мемлекеттік жүйені нығайтудағы қажырлы қызметі әлі күнге дейін ашыла қойған жоқ. Бұл айтылғандар Алтын Орда дәуіріндегі Берке ханнан басталатын барлық хандарға, сонымен қатар кейбір қазақ хандарына да қатысты десек асырып айтпаған болар едік. Сондықтан да, біздер мәселені баяндағанда көбіне қағандарымыз бен хандарымыздың есімдерін атап, қысқаша мәліметтер берумен шектелеміз. Ал саяси қайраткерлердің елді нығайтудағы орны мен рөлінің әр түрлі деңгейде көрініс бергені және белгілі. Ескеретін бір елеулі мәселе, түркі халықтарының кейіннен ұлттық дербес мемлекеттерге бөлінулерінің (XV-XVI ғғ. дейінгі) бастауларын, олардың этно-саяси жақындықтарын, ортақ тамырларын көрсететін тарихи кезеңдерді жан-жақты және жүйелі зерттемей, бүгінгі үлкен саясаттағы түркі халықтарын жақын­дастыру әрекеті өзінің толыққанды нәтижесін бере қоймайды. Осыған сәйкес, түркі халықтарының жоғарыда әңгімелеген оғыздардан немесе қимақ-қыпшақтардан, үйсіндерден, сарматтардан, аорстардан, бұлғарлардан тарайтын ортақ тамырларын айқындамай оқулық мазмұнының сапасын да көтере алмаймыз.

Біздің ойымызша, түркі халықтарының қалыптасу тарихын әңгімелегенде осы мәселелерге қатты назар аударып, XIII-XIV ғасырларға дейінгі Еуразия және Орталық Азия кеңістіктеріндегі түркі халықтарының ортақ тамырына қатысты ортақ оқулықтар мен оқу құралдарын жасаған жөн деп ойлаймыз. Бұларды бүгінгі түркі халықтарының тілдеріне аударып, түркілердің бірегей және іргелі этникалық бастауларын ортақ оқулық негізінде барлық түркі халықтарының мектептерінде оқытуды қолға алсақ, бүгінгі түркілердің саяси-әлеуметтік және рухани жақындасуларына берік негіз қалар едік. Мұндай ортақ оқулықты дайындауға мемлекеттік саясат кедергі келтірмесе, түрік, татар, қазақ, қырғыз, түрікмен, өзбек, яхут, балқар, қарашай, әзірбайжан тәрізді халықтардың тарихшы мамандары мен ғалымдары белсене қатысып, ал бұл жұмысты ұйымдастыруға жаңадан құрылған Түрік Академиясы мұрындық бола алар еді.

Сонымен бірге бүгінгі оқулықтардың тілінің ауыр болуы, оқырманға жеткілікті деңгейде түсінікті болмауы, оларда жалаң фактілер мен қаптаған сандық материалдардың көз сүріндіруі оқулықтарды кез-келген ғалымның жаза алмайтынын айқын аңғартады. Десекте, өзіміз әңгімелеп отырған тарих саласын нақтылай түссек, мұнда негізінен оқулыққа авторларды таңдап алу, онша қиын шаруа емес. Күнделікті баспасөзде, қоғамдық көпшілік журналдарда және ғылыми көпшілік басылымдарда мәселені тартымды да жаттық тілмен баяндап жүрген тарихшылар баршылық. Оларды Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия әділетті түрде таңдап ала алар еді.

Алайда бұл жұмыс талапқа сай десек, жалған айтар едік. Өкінішке қарай, әсіресе мектеп оқулығын жазуда тамыр-таныстыққа, автордың қызмет беделіне баса мән беру орын алып келгенін де білеміз. Мұның өзі біздің қоғамның әлі де оқулық жазуға аса қажет мамандар мен ғалымдарды іріктеп алуда оқырман жеткіншектің мүддесін кейінгі орынға қалдырып келе жатқандығын айқын байқатады. Осындай салғырттықтың салдарынан кезінде жоғары қызметте отырған лауазымды тұлғалар басқалар жазған оқулыққа «мінгесіп алды». Оқушы талғамы ескерілмейтін бүгінгі қоғамда мұндай жағдайдың орын алуы әдеттегі нәрсеге айналған. Сондықтан да, біздегі мәселеге жаңаша көзқараспен қарайтын, мақалалары мен пікірлері жұртшылық назарын өзіне аударып отыратын белгілі тарихшыларымыз осы кезге дейін оқулық жазудан тысқары қалып келді. Өркениетті елдерде оқулық жазуды білгір және танымал мамандарға тапсыратын болса, ал бізде әркім өзінің көңіліне жаққан адамды оқулыққа автор болуға шақырады. Осы «аурудан» толық айықпасақ, орта мектепке және университеттерге арнап жазылатын тарих оқулықтарының сапалық деңгейлерін ешқашан да көтере алмаймыз.

Назар аударатын тағы бір нәрсе бар, бұл оқулықтың тартымдылығы және мәселенің айшықты баяндалуы. Бұл жерде оқулық мәтініне қажетті сызбалардың, графиктердің, диаграммалардың қажетті түсініктемемен берілуі шешуші рөл атқарады. Отан тарихы оқулықтарында иллюстрациялық материалдардың түрлі түсті болуы, әрбір мәтіннің оқырманға түсінікті тарихи карталармен жарақталуы оқушының немесе студенттің ықыласы мен зейінін аударатын аса қажетті әдістемелік нәрсе екенін бәріміз де түсінеміз. Олай болса, оқулық авторлары көп ізденіп, ғылыми еңбектерге сүйене отырып, көрнекіліктің осындай тартымды құралдарын өз бетінше жасауға және оларды оқулық жазуда басшылыққа алуға тиіс деп ойлаймыз.

Әрине, оқулық жазу оқушылардың жас ерекшеліктерін және дайындық деңгейін ескеруі керек, мұндағы басты өлшем оларға қандай оқулық қажет екенін ескеру және осы негізде оқулықтың қандай мақсатқа қызмет ететіндігін де ұмытпау қажет. Бір қынжыларлығы, күні бүгінге дейін Қазақстан тарихынан оқулық жазғанда негізінен алғанда мәселені саяси тарих принциптері тұрғысынан баяндап, халықтың шығу тарихын назардан тыс қалдыру орын алуда. Бұл «ауру» бізге Кеңестік тоталитарлық жүйеден жабысты. Бүгін де одан әлі толық айыға алған жоқпыз. Оның басты себебі, Қазақстанда әлі де демократияның толық орнықпай, қоғамның өтпелі кезеңді бастан кешіріп, авторитарлық жүйенің құрсауынан шыға алмауында болып отыр.

Сондықтан да, бүгінгі күні президенттік басқарудың қалыптасу тарихы, тәуелсіздіктің жиырма жылдығында қол жеткен табыстарды (олар шынында да ауқымды) бір жақты марапаттау, қиыншылықтарға, проблемалаларға, әсіресе кемшіліктерге көз жұма қарау бүгінгі оқулықтар үшін әдеттегі жағдайға айналған. Егер біз жоғарыда айтқанымыздай, ежелгі және орта ғасырлардағы мемлекеттік-саяси тұлғаларға жете мән бермей, Кеңестік тоталитарлық заманнан бері қарай өмір сүрген мемлекеттік қайраткерлерді көпірте марапаттауға, бұларды жағымпаздықпен көтермелеуге немесе «өзі жоқтың көзі жоқ» ұстаныммен өлтіре сынауға (Сталинді, Хрущевті, Брежневті, және т.б.) әбден үйреніп алдық. Мұндай да «асыра сілтеуге бардық-ау, шындықты бұрмаладық па?», дегендей сипатта ойланып, объективті тұжырымдар жасауға қабілетсіз болып барамыз. Қысқартып айтқанда, біз мақтаған тарихи тұлғаларда кемшілік жоқ, ал сыналған тұлғалардан ешқандай жақсы қасиеттер таба алмайсыз. Осындай рухпен жазылған оқулық өмір шындығына бір жақты көзқараспен қарағандықтан оқушы мен студентті де қарабайыр ойлауға бейімдеп, тәрбиелеп шығарады.

Біздің ойымызша, оқулықтың және оқу құралының іргелі монографиялық зерттеулерден айырмашылығы – олар өзінің оқырманын тәрбиелеулері керек. Бұл мәселе әрине жаңалық емес. Оны жақында Жалпыға ортақ еңбек қоғамын жасауға қажетті жиырма міндетті атап көрсеткен Елбасымызда нақтылап ескеріп кеткен еді. Десекте, көп жағдайда оқулықтардың әрбір тарауы мен тараушасы, олардың мазмұны оқырманды қалай тәрбиелейді? – деген сауал көптеген оқулық авторларын мазалай қоймайтынын байқаймыз. Мұндайда отаншылдық сезімін қалай қалыптастыруға болады? Біздің ойымызша, қазақ халқының тамаша ерлік істері, халық өз ортасынан шығарған тарихи тұлғалар оқулықтарда әсерлі де, тартымды баяндалуы керек. Онсыз оқушының тарихи тұлғаны құрметтемек түгіл, есте қалдыруы да екіталай болады. Сондай-ақ, тарихымыздың саяси-әлеуметтік катаклизмдерге толы, келеңсіз және қаралы беттері де оқырманның жан дүниесіне салмақ түсірерліктей әсерлі тілмен берілуі тиіс. Сонда ғана оқулық өзінің тәрбие беру ықпалын сақтай алады.

Оқу құралдары ретінде ұсынылып жүрген хрестоматиялық материалдар, терминологиялық сөздіктер, қосымша әдебиеттер оқулықты күшейтуге және оның мәтініндегі баяндауларға сәйкес келуі тиіс, міне осындай жағдайда ғана оқулықтар мен оқу құралдары ортақ мақсаттарға жұмылып, маңызды міндеттерді шешуге атсалысатын болады. Әрине, бұл үшін қосымша оқу құралдары өзекті мазмұндағы баяндауларды, өткір оқиғаларды, дара тарихи тұлғаларды кеңінен және нақты баяндаудың тартымды көрінісі болуы тиіс.

Қорыта келгенде айтарымыз: жоғарыда атап көрсетілген және т.б. олқылықтардың Қазақстан тарихы оқулықтарында орын алуының басты себебі тарихи зерттеулерде әлі күнге дейін ортақ, ғылыми жүйеге түскен методологиялық ұстанымдардың қалыптаспауынан орын алуда. Тарихты зерттеушілердің мұндайда ауызбіршілік танытуы қажет-ақ. Екіншіден, қазір бізде көптеген кемшіліктерге қарамастан оқулық жазу ісі тарихтың өзекті мәселелерін ғылыми зерттеуден озып, алға шығып кетті. Шын мәнінде бұл керісінше болуы тиіс еді. Мұндайда, тарихымызда басы ашылмаған тартысты да күмәнді мәселелер туралы оқулық авторларының шынайы тұжырымдар жасаулары қиындай түсуде. Яғни, тарих ғылымын өркендетпей, көңілге қонымды оқулықтар жазу ісін алға бастыруымыз да екіталай. Сондықтан да, бүгінде басқа елдерді қуып жетуге ұмтылып, инновациялық — индустриялық қоғам құру ісімен барынша әуестенген азаматтар тарихымызды көркейтуді де ұмыт қалдырмаса құба-құп болар еді.

Талас ОМАРБЕКОВ.

тарих ғылымдарының докторы6 профессор

Серіктес жаңалықтары