АУЫЛДАҒЫ ТАҒЫ БІР ТҮЙТКІЛ

АУЫЛДАҒЫ ТАҒЫ БІР ТҮЙТКІЛ

АУЫЛДАҒЫ ТАҒЫ БІР ТҮЙТКІЛ
ашық дереккөзі
165

Былтырғы жылы еліміз бойынша төрт түлік арасында 220-дан аса қауіпті инфек­ция ошақтары тіркелсе, биыл аса қауіпті 55 инфекция ошағы тір­келіпті. Оның 7-і аусылға қатысты екен. Көш басында тағы Оңтүстік Қазақстан облысы тұр. Мұның барлығы ветеринариялық инспекция жұмы­сының дұрыс ұйымдастырылмауы мен тиісті сала мамандарының өз міндеттерін толық атқара алмауынан деген болжам келтіруге болатындай.

Бұған мал дәрігерлерінің тапшылығын қосыңыз. Қазіргі кезде ветеринарлардың жетіспейтіндігі туралы мәселе Үкімет тарапынан да айтыла бастады. Атқарушы билік мәселеге ерекше басымдықпен қарауды қолға алып, 90-шы жылдардың тоқырауымен таршылықта қалған таңдаулы кәсіпті қайта жаңғыртудың тетіктерін қарастырып, бірнеше бағдарламаның жоспарын түзіп, жалпақ жұртқа жария етіп те қойды. Мақсат – жетіспейтін мамандардың орнын толтыру.

Мал дәрігерлерінің тапшылығы Оңтүстікке де тән. Бұрындары вете­ринарлық бекеттерде лицензиясы бар мамандар қызмет атқарып келсе, жыл басынан бері бұл заңдылық жойылып, жаңа ереже бойынша мемлекеттік ветеринарлық кәсіпорындар құрылды. Енді арнайы білімі бар, кәсіби маман қажет. Бос орындарға конкурс жарияланып, қажетті маманның орнын толтырғандай болдық. Жыл сайын еліміз бойынша 500-600-ге жуық жастар ве­теринар мамандығын бітіріп, қолына диплом алса, соның 15-20 пайызы ғана ауылға барады екен. Ресми мәліметтер бойынша, бүгінде отандық ветеринария саласындағы жұмыс орындарының 13 пайызы әлі де бос тұр. Мәселен белгіленген норматив бойынша ОҚО-да 850 бас түрлі үй жануарына 1 мал дәрігері тағайындалуы тиіс болатын. Қаңтарға дейінгі көрсеткіш бойынша бұл жоспар мүлдем орындалмаған. Өңірге тиісінше 1441 мал дәрігері керек. Жаңа заң орнап, лицензиаттардың құзыры кеміп, міндеттері күшін жойған соң, жоғарыда аталған кәсіпорындар ашылып, қажет мамандардың орны толтырылады дегенді айтады тиісті мекеме басшылары.

Қазір облыс аумағында бір ғана өңір мал дәрігерінен таршылық көріп отыр. Ол – Созақ ауданы. Ауданда бар-жоғы 55 маман бар. Бұл қажеттіліктің тек 67 пайызын құрайды, яғни аймаққа тағы да 82 ветеринар қажет. Аты дардай ауданға мамандардың неліктен жетіспейтіндігін бір ғана себеппен түсіндіріледі. Жастар шалғай ауылдарға барғысы келмейді. Жас маманның ауылға құлқы жоқтығының басты себебі – жалақының аздығы. Одан әрі қарай баспананың жоқтығы және ауылдағы мәдени өмірдің қалыс қалғандығы сияқты мәселелер тізіле береді. Мұны Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков те мойындап отыр. Оның үстіне елде кең етек жайған «Ди­пломмен — ауылға» бағдарламасына ветеринария мамандығы биылға дейін енбеген еді. Ақпан айында күшіне енген жаңа заңға сәйкес, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына жеңілдік жасалмақшы.

Сең енді қозғалатын шығар. Себебі, ауылдағы мал дәрігерлерінің дені егде жастағылар, яғни сонау кеңес заманында білім алып, колхоз-совхоздарда жұмыс істегендер. Зейнетке шыққан соң олардың орнын бүгінгі заман талабына сай деңгейде білім алған жастар басуы тиіс. Сондықтан, ауылшаруашылығы оқу орындары студенттерді қабылдау барысында ауыл мектебінің түлектеріне басымдық беруі қажет. Себебі, грантпен оқыған қала баласы ауылға бармайды, олар керісінше, ауылдан шыққан жасты шөміштен қағып отыр. Дегенмен, жыл бойы мал дәрігерліктің қыры мен сырын зерделеріне тоқыған студенттердің шамамен 30 пайызы ғана өз мамандығымен жұмысқа орналасады және тек 3-4 пайызы ауылдық жерде еңбек етеді. Байыптай келе, күректей дипломды иеленген жас ветеринарлар шайлыққа жетпейтін айлыққа бола ауылға барғылары жоқ. Есесіне, білім алуға мемлекеттің қыруар қаржысы шығындалып жатыр. Сондықтан, мемлекет есебінен білім алған түлектерге заңмен жауапкершілік, міндеттеме жүктеу қажет секілді.

Уақыт талабына сай ауылды, соның ішінде мал шаруашылығын дамытамыз десек, алдымен мал дәрігерін даярлау, оның мәртебесін көтеру, мал дәрігерлік қызметтің материалдық базасын нығайту, ветеринарлық зертханалар ашу мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс. Жоғарыда айтылған мәселелер шешілмей, бұл тақырып күн тәртібінен түспегені жөн секілді.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінен жылда 250 жас ветеринар мамандығын алып шықса, оның 80 пайызы мемлекеттік грантпен оқығандар екен. Ал Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ветеринария факультетін биыл 80 түлек бітіріп, 16-сы мемлекеттік квота арқылы ауылдарға жіберілсе, 8-і арнайы шақырту бойынша жұмысқа тұрған. Қалған түлектердің қай жерге жұмысқа орналасқаны белгісіз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Серіктес жаңалықтары