АҚ АЛҚАПТАРДЫ АРАЛАҒАНДА

АҚ АЛҚАПТАРДЫ АРАЛАҒАНДА

АҚ АЛҚАПТАРДЫ АРАЛАҒАНДА
ашық дереккөзі
195

Елімізде тек Оңтүстік Қазақстан облысында ғана өсетін мақтаны жинау науқаны қыза түсті. «Ақ алтынды» жаппай теру басталған кезде шаруалар «Ақ керуен» ұйымдастырады. Бұл диқан үшін өнімі мол, елге берекелі, ал ауа райы терімге ыңғайлы болсын деген ниеттен туған. 95 800 гектар алқапқа мақта еккен Мақтарал ауданы биыл 250 мың тоннадай ақ алтын жинаймыз деп шамалап отыр. Оған негіз бар. Алдыңғы жылы әр гектардан 15, былтыр 21 центнерден көп мақта алған. Ал биыл 27 центнерден асыра өнім жинамақшы.

Шаруа Сансызбай Ділдәбеков былтыр 15 центнерден өнім алыпты. Биыл мақтаны жаңа терең қопсыту технологиясымен егіп, бірінші терімде 25 центнерден өнім алса екінші терімде 20 центнерден алуға үмітті. Жалпы өнімділікті 45 центнерге жеткіземін деп отыр екен. Аудан әкімдігі ұйымдастырып, шаруалар биыл мақта егуде 5 мың гектар алқапқа терең қопсыту технологиясын қолданыпты. Ендігі жылы оның көлемі көбейтілмекші. Жалпы биылғы жылғы мақтаның шығымдылығы көз қуантады. Диқандар бүгіндері ақ алтынның отандық сорттарын егетін болған. Жалпы мақталық алқаптың 85 пайызына өзіміздің 6 түрлі мақта сорттары себіліпті.

Қазақ мақта шаруашылығы ҒЗИ директоры Ибадулла Үмбетаев: «Біздің мақта суға, тұзға төзімді, бәсекеге қабілетті. Әсіресе Ресей, Оңтүстік Корея, Еуропа мемлекеттеріне талшығымыз жақсы өтіп жатыр», – дейді. Мақтаның өнімділігіне зор ықпал еткен жағдай – Сырдариядан машинамен суды жоғары деңгейге көтеретін кешеннің іске қосылуы болды. Шаруалар шілдеде ағын судан көп тарықпаған.

Мақтарал ауданының әкімі Серік Тұрбеков: «Елбасының тапсырмасымен салынған канал арқылы 150 миллион текше метр су берілді. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған нәрсе», –дейді. Өнімділікті арттыру үшін аудан әкімдігі 50 центнерден мақта жинаған шаруашылықтардың клубын құрған еді. Былтыр оған 9 адам мүше болған екен. Биыл 129 шаруашылық өтініш білдіріпті. Жыл соңына дейін одан да көбейе түсуі мүмкін.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары