ҚАРАҢҒЫЛЫҚҚА ҰЛАСҚАН ҚҰРЫЛТАЙ

ҚАРАҢҒЫЛЫҚҚА ҰЛАСҚАН ҚҰРЫЛТАЙ

ҚАРАҢҒЫЛЫҚҚА ҰЛАСҚАН ҚҰРЫЛТАЙ
ашық дереккөзі
165

Гүлзина БЕКТАСОВА

Дүйсенбі күні Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстан қаламгерлерінің кезекті ХIV съезі болып өтті. Қазақстан жазушыларының алқалы жиынына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза арнайы келіп, Елбасының ыстық ықыласын жеткізді. Мемлекеттік хатшы қаламгерлер қауымының еліміздің руханият саласында зор орын алатынын, сондай-ақ қаламгерлер қауымын толғандырған мәселелер әрқашан назарда ұсталатынын айта келіп: «Біз бір айдың ішінде арнайы кеңес өткіземіз. Тиісті министрліктердің басшыларын, осы салаға жауап беретін жауапты лауазымды тұлғаларды шақырып, бүгінгі баяндамаларда көтерілген мәселелерді арнайы талқылаймыз. Әдеби процессті қамшылап отыратын, процессті бақылап, бағасын беріп отыратын, ол – әдеби сын. Сол себепті «Сын» журналының тоқтап қалғандығы ыңғайсыз болған екен. Осы журналды келесі жылы мемлекеттік тапсырыспен шығатын журналдардың қатарына қосу жөнінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне тапсырма беремін», – деді.

Құрылтайдың екінші кезеңі жарықтың сө­нуімен басталды. Метродағы апатты жағдайдың салдарынан құрылтай өткен күні Алматыда жарық болмай қалды. Жарықтың сөнуі қала көшелерінде кептелістің орын алуына алып келсе, құрылтайға қатысушы делегаттар екі-үш сағат бойы театр алдында сенделіп қалды. Осылайша, құрылтайдың екінші жартысы бақандай үш сағатқа кешігіп басталған соң, кешкі қараңғылыққа ұласты. .

Жарық жанғаннан кейін, қайта жалғасқан құрылтай жазушылардың жарыссөзімен бас­тал­ды. Жарық сөнуінің салдарынан біраз уақытты жоғалтқан жазушылар әуелде жа­рыс­сөздің болмауын өтінсе, аяқ астынан жа­рыссөзді бастап кеп жіберсін. Бірінен соң бірі сөз алған қаламгерлерді тоқтату мүмкін болмай қалды. Олардың кейбірі – тө­рағаны қолдап сөйлесе, енді бірі – одақтың кем­шіліктерін тізбелеп шықты.

Әуелгі сөзді белгілі ақын Ақұштап Бақ­ты­гереева алды. Батыстан келген қайратты ақын өз сөзін әдебиетшілердің проблемасынан бастап кетті. «Құрылтай мен құрылтайдың арасына мынадай дәуірге аман-сау жетіп, өзімізге бұйырған жазуымызды жазып, өмірімізді көріп жүргенімізге тәубә деу керек шығар деп ойлаймын. Сондықтан, бүгін бізге жазушының қиындығын айта бергеннен ештеңе шықпайды. Қай кезде тума таланттарға оңай болып еді. Абайдың ғасыры оңай болды ма? Ахметтің, Мағжанның дәуірі өзіне оңай болды ма? Кешегі Қасымның, болмаса Сәкен Сейфуллиндердің дәуірі ше? Мұның бәрін айта берсек, көп қой оның қасіреті. Бір-бірімізді өліп қалғаннан кейін сыйлағанша, осындайда сыйласып, парасат-пайыммен дұрыс шешіп, дұрыс сөйлескеніміз абзал емес пе? Өйткені заман қайда кетті, уақыт қайда кетті?! Оқымайды дейміз. Оқиды. Ұрпақ бар. Ел өз орнында. Қазақ халқы аман болса, олардың арасынан талай таланттардың шығатынына менің күмәнім жоқ. Міне, сол келе жатқан ұрпақтың алдында біздер қиянатшыл болмайық. Жас ұрпақ бізден мықты. Өйткені басқа ғасыр, басқа әлем, жердің өзі басқаша айналып барады. Тек қана біздің ғана өміріміз емес, бүкіл адамзат өмірі басқаша кетті. Ендеше басқаша жазатындар бар. Қазіргі қазақтың қалам ұстаған қыз-жігіттерінің шығармаларын оқу үшін өткен ғасырдағы біздің ұрпаққа көп нәрсені қайта ойлануға тура келеді. Сондықтан, қазақ әдебиеті – мықты әдебиет. Оны мойындауымыз керек. Қазақ әдебиетінде ұлылар көп. Оны әлем де, адамзат та мойындайды. Оқылады. Айғай-шу неден шығады? Өмірдің ауырлығынан шығады деп ойлаймын. Қалам ұстаған жанның өмір сүруінің барлық жағдайы жасалса, қиындық туындамайды деп ойлаймын. Зейнеткерлер құрылтайдың атынан ашық хат жазып, соны Үкіметке, Парламентке, Мемлекет басшысына жіберіп, соны бекітіп алсақ. Жастарға міндетті түрде қаламақы төленсін. Тамаша роман жазып, қазақтың руханиятын байытқан көрнекті қаламгерлер неге көппен бірдей зейнетақы алады. Ол не деген сөз? Ол бізді құрметтемейді деген сөз. Ауызбірлігімізді білдіріп, жағдайымызды дұрыстап, жазып, білдірсек деген ойым бар», – деді.

Бұдан кейін мінбеге Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов көтерілді. Жазушы өз сөзін жарық сөніп, ырың-жырың болып кеткен жиыннан бастады. «Менің бірнеше ұсынысым бар, – деп бастады әңгімесін Қабдеш Жұмаділов. – Жазушылардың алдында проблемалар көп. Оны біз айтып келе жатырмыз. Айта-айта жағымыз талған, жаза-жаза қолымыз жауыр болған. Ол – қаламақы мәселесі, ол – кітап тарату мәселесі. Ол – әдебиетті насихаттау мәселесі. Оны съезд күні айтып, бір-біріміздің басымызды ауыртпай-ақ қояйық. Бүгін есеп тыңдалды. Енді сайлау қалып тұр. Штабымызды дұрыстап құрып алайық. Мен осыған дейін Пленумда да айтқанмын. Баспасөз беттерінде де әрдайым айтып жүрмін. Мен жаңару жағындамын. Жалпы, сүреңі өтіп кеткен бастықтың сүйкімі бола бермейді. Біз білетін шын жазушылар қызметтен құтылғанша асығушы еді. Қызметтен кетіп, емін-еркін жазып отыратын күнге жетсек деп армандаушы еді. Мансаптан кеткісі келмейтін, орнынан түскісі келмейтін қаламгерді бірінші рет көріп отырмын. Нұрлан егер менің тілімді алса, сайлауға түспеуі керек. Адамгершілікпен рахметін айтып кетуі керек. Егер түсемін десе, оны тоқтата алмайсың. Түссе, түссін. Бұл жолы сайлауға түссе, альтернативті жолмен, балама жолмен сайлану керек. Бірнеше кандидатура ұсынуымыз керек. Жұмаділов өзі бастық болғысы келіп отыр деп ойламаңыздар. Жас жігіттер бар. Соларды өткізейік. Жаңа идея деген өмір көрсеткендей, бес жылда орындалып бітеді. Жастарға орын беру керек. Бұл – бір. Екінші, жаңа құрам сайланатын болса, біз қатыспаған бір жиында қабылданған Жарғыға қосылған жаңғыру бар ғой, Құрметті төраға деген. Осы Құрметті төраға дегенді Жарғыдан алып тастау керек. Себебі, әруақтан ұялу керек. Ғабит Мүсірепов дәметпеген, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов дәметпеген мұны. Бұл қасиетті төрағалықты Шығармашылық үйін салып берген Әнуар Әлімжанов дәметпеген екен. Жарғыға бірдеңе қосу керек болса, төраға бес жылға сайлансын, соны қосайық. Бес жыл сайын ауысып отырсын. Кадр жетеді, жазушылар жетеді. Үшінші, Әдебиетшілер үйі. Осы үйде жатып, Ғабит Мүсірепов «Жат қолынданы» жазып еді. Сол қонақ үйге қазір жазушылар бара алмайды. Әдеби қордың ақшасына салынған еді. Сол қонақ үйді қайтарып алуымыз керек. Бұрынғы дәстүр бойынша, оған жазушылар бару керек. Малтапқыштық деген жақсы, ол да керек шығар. Бірақ әдебиет деген – қасиетті нәрсе. Ол пысықтықпенен сыйыса бермейді. Біз сол қасиетті аяққа баспайық», – деді.

Қабдеш Жұмаділов қозғаған бұл мәсе­ле­лерге Нұрлан Оразалин өз кезегінде жауабын қайтарды. «Мен айтпай-ақ қояйын. Қабеңнің айтқан төрт-бес мәселесіне мен газеттің де бетінде, кешегі өткен Пленумда да жауап бергем. Қайта-қайта жауап беруден шаршадым. Ең соңғы «Алашқа» қатыстысын айтайын. Бұл соңғы бес жылдың сыйлығы. Біз бес жыл бойы қаржы тапшылығынан бере алмай қалғанбыз. Жыл сайын сегіз-тоғыздан беріліп жүрген еді бұл сыйлық. Өйтіп бізді нақақ күйдірмеңіздер. Бұл – бір. Екінші, біз Жарғыны жасырын өткізген жоқпыз. 230 адам республикадан делегат қатысты. Ол съезд тапсырылған тапсырма бойынша өтті. Арғы-бергі Жарғының бәрі ескеріліп отырып, жазылды. Сосын ол Жарғы талқылауға түсті. Шақырған кезде, жиынға келмеген ағайын болса, «мен келмей қалғанда жасалған жиынның бәрі жиын емес, мен болмаған жиналыс жиналыс емес» деген сөздің бәрін тоқтату керек. 230 адам дауыс берді. Екі адам қалыс болды, бір адам қарсы болды. Уақыттың талабын ескеріп отырып жасадық. Құрметті төраға деп Олжас Сүлейменовті жасадыңыздар. Бұл бір. Екіншіден, шығармашылық үй деген сөзге анықтама берейін. Совет Одағының кезінде бюджеттен ақша алатын мекеме едіңіздер. Мен келген кезде, яғни 1996 жылы бұл үй есек аунап жатқан үй болды. Соны қалай түсінбейсіздер? Қараусыз қалған үйді қайтадан қалпына келтірдік. Қазір Жазушылар одағы қоғамдық ұйым болып саналады. Бюджеттен бес тиын бермейді. Мен келген кезде қаншама қарыздың астында жатты. Орталық ғимаратты жөндеуден өткізу керек болды. Сіздер шығармашылық жазып жатқанда, ол үйді күтетін адамдар керек емес пе? Ол үйде жағдай болу қажет емес пе? Мен бұл анықтаманы сөйлеген кісіге беріп отырмын. Шығармашылық үйі орнында. Он жылға жалға бергенбіз. Он жыл өткеннен кейін, ол бізге қайтып келеді. Мұрты да қисайған жоқ. Қаз қалпында. Ешқайда да кеткен жоқ. Мен сіздердің алдарыңызда жүрмін ғой. Шет елге қашып кеткем жоқ. Менің де бала-шағам бар. Сондықтан, мені бұл әңгімеге нақақ күйдірмеңіздер», – деді.

Бұдан кейін жарыссөзге көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов шықты. Ақын өз сөзінде: «777 жазушы бар деп мақтанамыз. Ал ұлттық мүддеге келген кезде, барлығы үстелдің астына кіріп кетеді. Сондықтан, қазіргі кезеңде шындығын жоғалтып алған адамдарды мен ақын деп те, жазушы деп те, ғалым деп те есептемеймін. Кім шындығын жоғалтып алды, ол нөл. Азамат емес, қазақ емес, мазақ», – деп баса айтты.

Ал жарыссөзге шыққан ақын Иран-Ғайып сөзін қаламгерлерге басу айтып бас­тады. Ақын өз сөзінде: «Бүгін біздің ұлы жиынымыз. Бүгін біздің қайтыс болған 118 адамның аты аталды. Келесі бес жылға дейін біз бармыз ба, жоқпыз ба, соны ойланайық, ағайын! Жеке басқа тиіспейік. Оразалин әдебиетке қайыр сұрап келген жоқ. Ондай қиянат жасамаңыздар. Өлтіріп тастаңыздар, орнынан босатып жіберіңіздер, тек жеке басқа тиіспеңіздер», – деді.

«Жалын» баспасының директоры, жазу­шы Бексұлтан Нұржекев жазушылар­ ұмыт қалдырған мәселенің шетін көтерді. «Жазушылардың құрылтайы кеңе­сіп, ақылдасып, мәселе шешуге ұмты­лыс біл­ді­ретін жиын. Сондықтан да бос сөзді төрге оздырып, бүгінгі шы­ғар­машылық одақтың бас­шысының жеке басына қатыс­ты жөнсіз айып тағуларды доғару керек. Біз ең алдымен әдебиет жайында пікір алмасып, қаламгер қауымының алдында тұрған көптеген пробле­ма­ны шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Кітап пен қаламақы жайын айтатын болсам, осы құрылтайдан кейін бірқатар жазушы мен баспагерлер бас қосып, жоғарыға тиісті ұсыныстарымыз бен нақты жобаларымызды ұсынайық. Құр бекер бір-бірімізді даттап, қаралап, жаға жыртысқанша, нәтижелі іске жұмы­лайық. Қазақ әдебиетінің болашағын қаламгер өзі ойламағанда, кім ойлайды?!», – деді жазушы.

Құрылтайға келген ағайынның сөзінен ұққанымыз, бүгінгі Одақ екіге бөлінгендей. Бірі қаралап, бірі жақтап, бірін-бірі аяқтан шалып сөйлегендердің көбі бірін-бірі тыңдаудан қалып бара жатқанын ұқтық біз құрылтайдан. Жақтап сөйлеушілердің сөзін даурығып тыңдағысы келмейтіндерге де, даттап сөйлегендердің сөзін ортадан бөліп тастаушыларға да тыңдау мәдениеті жетіспейді екен. Сын айтып, сына қаққысы келгендер де, қызғыштай қорып, төрағаны ақтағысы келгендер де бірін-бірі төпелеп, бірін-бірі аяқтан шалуға әзір тұр. Атағы дардай ел ағаларының жұрт алдында, оқырман алдында бірін-бірі сыйламағаны, бірін-бірі құрметтемегені көңілімізді жабырқатып-ақ тастады.

Шіркін-ай, ел ағаларының сөзі жеке бас­тың айналасында емес, елдің қамы, жұрт­тың мұңы төңірегінде өрбігенде ғой.­ Жарыссөзге шыққан ағалардың көбі әде­бие­ттің маңындағы әңгімеден алшақ кетті. Бір­ кезде қазақ руханиятына елеулі үлес қос­қан қабырғалы әдебиетшілердің бүгінгі оқыр­ма­нының неліктен сұйылып бара жатқаны ешкімді толғандыра қойған жоқ. Бір кездері сан мыңдаған таралыммен жарық көрген қазақ шығармаларының бүгінгі таралымы екі­ мыңнан аспай қалғаны да әңгімеден тыс­ қалды. Оқырманға азық болар шығарма жоқ­тың қасы екені де сөз болған жоқ. «Оқырман іздеп оқитын шығармалар қайда?» дейтін де ешкім табыла қойған жоқ. «Қазақ әдебиетін дүр сілкіндірер туынды неге туылмай жатыр?» дегенге де бас ауырта қоймады ешкім. Сонда қалай болғаны? Қазақ әдебиетінде төрағаны мақтау мен қаралаудан басқа ешқандай проблема қалмағаны ғой.

Қарап отырсаңыз, соңғы кездері бас­па бетінде жарық көріп жүрген көп том­дық­тар­дың көпшілігі дерлік, бір кездері баспа жүзін көрген шығармалар. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын жарық көрген дүниелерді қайта бастырып жатырмыз. Оқырман оқитын тұщымды прозаны ілуде ғана басылым беттерінен көріп қалғанымыз болмаса, кітап болып шығып жатқандары да шамалы. Сонда аттары дардай қаламгерлеріміз шығармашылықпен айналысуды қойған ба деп ойлаймыз. Бұлай жалғаса беретін болса, қазақ әдебиетінде тоқырау басталмай ма? Мұны неге ойланбайды бүгінгі әдебиетші қауым.

Жастарымыз қаламақысыз теңселіп жүр. Олардың шығармашылықпен айналысуға мүмкіндігі де жоқ. Пәтерден пәтерге көшіп, күнелтіп жүрген жас қаламгер ақша табудың жолында. Баспанасы жоқ, тапқан айлығы ас-суынан аспайтын қаламгер қайдан шығармашылықпен айналыссын?! Олар нан табудың қамымен әдебиет дейтін ауылдан алыстап кеткен. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналып кеткен басылымдар да өз күнін өзі көрудің жолына түскен. Ал Гарри Поттер туындысымен жарты әлемді жайлаған ағылшын жазушысы Джоан Роу­линг бүгінде әлемдегі миллионерлердің қатарына іліккен. Ол өзінің әйгілі бір ғана туындысымен-ақ барша жұртшылықтың жүрегін жаулап алды. Ал бізде Гарри Поттерді он орап алатын шығарма жазатын қаламгерлеріміз отбасы, ошақ қасында айтылатын әңгімеден аса алмай жүр. Біздің құрылтайдан күткеніміз осы ма еді? Неге көптің көкейінде жүрген, көпшілікті күпті еткен мәселелер айтылмады? Бізді қинайтыны да осы.

Жазушылар одағы қоғамдық ой тастауы керек

– Жазушылар одағының Құрылтайына жазушылар емес, елдегі адамдар елеңдеп отыр. «Бұл құрылтай қалай өтеді екен? Тағы алтыбақан алауыз, қырықпышақ бола ма, жоқ, әлде дұрыс шешім қабылдап, дұрыс қорытындыға келер ме екен?» деген пікірде. Жазушылар одағы – ұлттың ұжымдық көсемі. Кешегі Әуезов, Мүсірепов, Мұқановтың тұсында ел осы одаққа қарайтын. Күрделі мәселелердің түйінін осы одақ айтатын. Дәл қазір сондай биік абыройға жетіп жатпағанымен, 700 жазушы ұлттың сөзін айтатын қауым ғой. Жасы бар, жасамысы бар, жақсысы мен нашары бар. Шын мәнінде, ұлттың басын біріктіретін, еңсесін көтеретін идея­лар осы одақта айтылуы тиіс. Қашаннан қазақы болмысымыз. Бірімізді біріміз кекетіп, аяқтан шалып, ырың-жырыңға айналдырып жатамыз. Бұған түсіністікпен қарау керек. Біз әлі төрт құбыламызды түгел танып болмаған халықпыз. Одақ төрағасы атқарылып жатқан шаруаларын айтып берді. Менің пікірімше, мұның бәрі аз. Жазушылар одағы уақыттан, қоғамнан озық болуы керек. Біз күнделікті мимырт тірліктер мен шығарған кітаптарды айтып жатырмыз. «Қазақ қоғамы қайда барады? Ұлт болып ұйысуымыз үшін қандай кем-кетігіміз бар?» деген мәселелер дәл осы Жазушылар одағынан шығып, үлкен қоғамдық ой тастауы керек. Осы жағынан кешеуілдеп келеміз, осы жағынан бұрынғы абырой-беделімізден айрылып қалғандаймыз.

– «Жазушылар одағының бүгінгі жұмысы тек өлілерді ғана шығарып салу ғана» деген пікір де бар. Мұндай өрескел пікірдің қалыптасуына не себеп?

– Иә, өлілерді ақтық сапарға шығарып салып, тірілердің тойын өткізіп шапан жабатын сияқты пікір қалыптасып кетті. Қоғамда одан әлдеқайда маңызды мәселелер бар ғой. Жазушылар одағы ақынға өлең, жазушыға шығарма жазып бермейді. Одақ 700-дей жазушының жағдайын жасайтын менеджерлік ұйым болуы керек. Кітап қалай шығып, халыққа қалай жетуі керек, жазушының жағдайы қайтсе жақсарады, оған қалай демалыс беру қажет, міне сонымен айналысатын мекеме. Жазушылар одағын шенеунік басқарса, ұят болар еді. Жазушылардың өздері басқаруы керек. Бірақ біздің жазушылардың көбі уақыт ыңғайына көше алмаған. Әлі масылмыз. Президент бізге не береді, Үкімет не береді деп отыра береміз. Мұны қою керек. Бір ғана мысал. Жазушы кітабын жекеменшік баспадан 2 мың данамен шығарды делік. Әр жазушы кітабын өзінің туған жеріне ғана сатады, таратады. Қазақстанның басқа жеріне тарамайды. Ол құдды облыстың ғана жазушысы сияқты. Осыны Жазушылар одағы қолға алып, кітап саудасын жолға қойса ғой. Бұны ұйымдастыру одақтың қолынан келмесе, оның оп-оңай жолы бар. «Атамұра» корпорациясының Қазақстанның барлық өңірінде кітап дүкендері бар. Солармен шарт жасасып, жазушының кітабын өткізсе, тарайтын еді. Сонда ғана жазушы да кітабын сатып, нәпақасын табады.

1997 жылы қазан айынан бері ақындар айтысын ұйымдастырушы ретінде ақындарға 200 автокөлік таратып беріппін. Үкіметтен бір тиын да алғам жоқ. Байлардан, қалталылардан, меценаттардан алдық. Есептесем, 3 млн. АҚШ доллары кеткен. Жазушылар одағы үлкен ұйым ғой. Неге одақ уақытқа икемделіп, осындай жұмыстар жүргізбейді? Мынаны айтқым келеді. Қадыр Мырза-Әлі қайтыс болғанда Алматы қаласы әкімінің орынбасары деңгейінде жөнелтті. Қадыр сондай адам ба? Ол бүкіл ұлттың ұстазы болды. Шығармашылығымен халықты тәрбиелеген адам. Қазақтың бойындағы қасиетті өлеңге айналдырған адам. Гете, Пушкин, Омар Хайям сияқты мың жылда бір рет туылатын адам. Қадыр қайтыс болғанда Жазушылар одағы бастама көтеріп, елде қаралы күн жариялау керек еді. Бұл Қадырға емес, өзімізге керек еді. Өзіміздің өнерімізді, әдебиетімізді ұлықтау үшін қажет еді. Міне, Жазушылар одағы қалыптан шығып, осындай істерге мұрындық болуы керек. Ал керісінше, 700 жазушының айқай-шуымен жүре берсек, көштен қаламыз, кеш қаламыз. Одақ көштен қалады.

Жарғыны тірі жанға көрсеткен емес

– Құрылтайдан ештеңе күткен жоқ­пын. Өздерінің қалыптасқан сце­на­рийімен жүргізді. Өзім қарапайым ғана ұсыныс тастап едім. Күн тәртібіне одақтың Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарайық дедім. Осы қарапайым нәрсені кіргізбеді. Бұл 777 жазушының бәрінің өміріне қатысты шаруа ғой. Бұл съездің міндеті. Бірақ олар мұны астыртын түрде жасап алған сияқты. Өздері съездің тапсырысымен жасадық дейді. Бәрі өтірік. 4 жылда съезд өткізу керек еді, оны да өткізбеді. Бұл қате ғой. Мұның бәрін съезде талқылап, нақтылап, бекіту керек болатын. Араларында төрағаның айтқанымен жүретін көнбіс, бұйығы адамдар бар. Іс жүзінде Жарғы одақтың ішкі өмірі емес пе? Сол заңымызды бірігіп реттеуіміз керек қой.

– Сіз өзіңіз Жарғымен таныссыз ба?

– Тірі жанға көрсеткен емес. Жарғы – ашық болуы керек. Олар мақтанып, кітаптар шығардық деп жатыр. Ол – рас. Бірақ жарғы жоқ. Тек өзгерістерін ғана жазған. Одақ тек алдаумен ғана айналысып келеді. Елді ақымақ етіп билеудің әдісін керемет меңгеріп алған. Айтсаң, жек көрінішті боласың. Онсыз да солай болдық. Мұны әу бастан айтып келеміз. Жалпы бұрын Қазақстан Жазушылар одағының жарғысы болған емес. 1991 жылы тұңғыш рет Жарғылық комииссияның төрағасы болған кезде үш түрлі жоба жасап, оны баспасөзде жариялап, талқылаған едік. Содан кейін ғана қабылдадық. 1996 жылы қазіргілер келіп, оның бәрін ысырып тастап, жаңа жарғы жасады. Қазір де сол жарғымен жұмыс істеп келеді. Ол бойынша төрт жылда бір рет съезд шақырылу керек еді. Бұл орындалған емес. Бірақ Жарғыға өзгеріс енгіздік деп, конференцияны съезге жатқызып алды. Бұл елді алдаудың әдісі. Өздеріне қолайлы жағын істейді. Мейлі, соны осы съезде бекітіп алу керек еді ғой. 1996 жылдан бері жарғы бойынша тізім оқылып, «мына кісілер басқарма мүшесі болсын» деумен келеді. Оны халық сайламайды, өздері бекітеді. Большевиктік заманда олай емес-тін. Сол кездің өзінде басқарманы жабық дауыспен сайлайтын. Содан кейін басқарма ашық дауыспен бірінші хатшыны сайлайтын. Әлдеқайда демократия бар еді. Ал қазір қитұрқылыққа көшкен. Керек адамдарын сайлайды да, қалағанын істейді. Жазушылар одағы бар болғаны 700 адам. Бұл бүкіл Қазақстан, Үкімет, саяси партия емес. Бар болғаны қоғамдық мекеме. Неге әділетті түрде өз басшысын тағайындамайды? Неге бағдарлама жасап, ұсынбайды? Олай істегісі келмейді. Егер солай істесе, өтпей қалуы ғажап емес. Ескі тәртіппен сайлап келеді жылда. Пәлен жылда бас қосқан 700 адам бірінші хатшысын да әділ сайлай алмайды. Бұл демократия ма? Айдаладағы Мағауинға шығарманы Одақ жазып берді ме? Әдеби өмірдегі ағымды, құбылысты дұрыс таңдап, талдап жүрген жоқ. Жазушылар қандай тақырыпты көтеріп жатыр? Қайсысы сәтті, қайсысы сәтсіз? Ол туралы сөз жоқ.

– «Оразалин өз ісін адал атқарып жүр. Қаралаушылар бар кінәні оның ұзақ отыруынан іздейді» дегенді айтып жүргендер де бар ғой. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Одан емес. Ол әу бастан әділетсіздікпен келді, сол әділетсіздікпен жүр. Мысалы ол әдеби қорды жойды. Кезінде осы мәселе бойынша бірталай мақала жаздым. Ешкім мән берген жоқ. Үндемейді. Өйткені, ол рас. Найманбаев ашық түрде съезде сайланды. Бірақ ол алғашқы пленум өткенше одақта біраз өзгерістер жасады. Қаржы табу үшін коммерсанттармен жұмыс істеді. Біраз қателік жіберді. Біз кеткен дүниені қайтарып алумен шұғылдандық. Сосын соттасуға мәжбүр болдық. Соттасу жолында Әдеби қорды күшейттік. Бұл қор Кеңестің тұсында заңдық тұрғыдан тәуелсіз болғанмен, бірақ идеологиялық тұрғыдан Жазушылар одағына бағынышты еді. Бірақ Тәуелсіздік алған жылдары қорды Жазушылар одағымен тең қоғамдық ұйым ретінде тіркеттік. Сөйтіп Әдеби қор өз мүддесін қорғайды деп, «Жазушылар одағы мен коммерсанттар сыртымыздан мүлкімізді тартып алды» деп ұзақ жыл соттасып, бәрін қайтарып алған едік. Мына басшылық келген уақытта мүліктің бәрін қайтарып алғанбыз. Коммерсанттардан құтылудың бір жолы – Жазушылар одағының ғимаратын Әдеби қордың балансына өткізу. Екі ұйымның адамдары бір. Мұның бәрі одақтың мүддесін қорғау үшін жасалды. «Бұл ғимарат Әдеби қордыкі» деп құтылу үшін. Ал Оразалин келді де Әдеби қорды жойды.

Дайындаған

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары