1611
ҰСТАЗДЫҚ – ҰЛЫ ҚҰРМЕТ
ҰСТАЗДЫҚ – ҰЛЫ ҚҰРМЕТ
Ұстаз – құрметті сөз. Ол – білім мен тәрбиенің ұрығын шашатын, адамгершіліктің нұрын төгетін қасиетті адам. Жақсы да, жаман да ұлағатты ұстаздың алдынан өтеді. Тәлім алады. Тіпті, ұлы адамдар да ұстаздың арқасында өмірден өз арнасын таба білген. Халқымыздың «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» дейтіні де сондықтан болар.
Биыл елімізде алғаш рет ұстаздар мерекесі 5 қазанға белгіленіп, айтулы күн ретінде тойланбақ. Осыған байланысты ертең Қазақстанның үздік педагогтарының форумы өтеді.
Сондай-ақ, ертең Алматы қаласында Қазақстан ұстаздарына арналған бал өтеді. «Бұл ұстаздықтың жаңа дәстүрінің жаңғыруы», – дейді министрлік өкілдері. Еліміздің үздік педагогтарын салтанатты құттықтау рәсімінде республика тарихында тұңғыш рет «Үздік ұстаз-2012» атағына ие болған, өз ісінің білгірі деп танылған 48 мұғалімге құрмет грамоталары мен медальдар табыс етілмек. Және оларға 1 миллион 618 мың теңге (10 мың АҚШ доллары) көлемінде ақшалай сыйақы беріледі.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, еліміздің үздік ұстаздарын марапаттау шарасы алғаш рет классикалық музыка ойнап тұратын ақсүйектер балы форматында өтпек. Әрине, мұндай бастамалар бүкіл деңгейдегі ұстаздардың мәртебесін арттыруға және қоғамда ұстаздардың беделін көтеруге айтарлықтай ықпалын тигізеді.
«ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ
ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ»
Бірақ соңғы кезде мұғалім мамандығы мен ұстаздық қасиетті жоғары бағалай алмай жүргеніміз қынжылтады. Мұғалімнің мәртебесін төмендетіп, беделін жоғалтып алғанымыз рас. Оған түрлі себеп бар. Біріншіден, таң бозарып атқаннан күн батқанға дейін оқушыға білім нәрін құятын ұстаздың еңбегі елене қоймады. Әсіресе, оңы мен солын танымайтын бастауыш сынып бүлдіршіндеріне жазу-сызуды үйрететін мұғалімнің еңбегі ше? Отыз бала, отыз түрлі мінез. Әр бала әр отбасының еркесі. Алдыңдағы осыншама оқушыны игеріп әкету ұстаз үшін оңай емес. Ұстаздық қасиет – адамгершілікті, шыдамдылықты, сабырлылықты талап етеді. Міне, осы үдеден шығып жүрген, ұстаз деген қасиетті атқа лайықты жандар көп арамызда.
Екіншіден, қазір қоғамда «Мұғалім – қолжетімді мамандық» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Әрі оқу орнына түскісі келген талапкерлердің арасында «Балым жетпесе, педагогикаға тапсыра саламын» деп көзсіз адасатындар көп. Бұл – өріссіз ұғым. Адам мұғалімдікті жан-тәнімен қалауы тиіс. Оны ішкі түйсігің мақұлдап, әр сәт өміріңді ұстаздық қызметпен байланыстыруың қажет. Ұрпақ тәрбиелеу, білім беру – жауапты іс. Осы ұлы міндетке ерекше талпыныс пен ұмтылыс болмаса, мұндай мұғалімнен қандай шәкірт тәрбиеленіп шығатыны айтпаса да түсінікті. Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген орынды айтылған сөз бар. Ал керісінше болса ше?..
Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесінде оқу үдерісінің практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлінбейді, оқушылардың жеке ерекшеліктері нашар ескеріледі. Балалардың, жасөспірімдер мен жастардың есеюі мен табысты әлеуметтенуінің дара міндеттерін шешуге бағыттайтын рухани-парасаттылық тәрбиесінің тәсілдерінің жеткіліксіздігі жөніндегі мәселе күн тәртібінде өткір тұр. Іс жүзінде бүкіл оқу-тәрбие үдерісі ескірген әдістемелерге негізделген…», – деп сынаған болатын. Мұндай олқылықтардың орын алуына жол беріп отырған кімдер? Әрине, мұғалімдік мамандықтың қыр-сырына үңілгісі келмейтіндер, ұстаздық қасиетті бағалауға өресі жете бермейтіндер, оқу-тәрбие жұмысын жаңашаландыруға талпынып, ұлттық бағытқа бұрғысы келмейтіндер. Оларды білім саласындағы өзекті мәселелер мен ұрпақ тәрбиесіндегі ұтылыс тұстарымыз алаңдата қоймайтыны анық. Сондықтан да педагогика – адасқандар мен ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретіндердің мамандығына айналмасы үшін талап пен тәртіпті күшейте түсу қажет. Бәлкім, басқа да беделді әрі өтімді мамандықтар сияқты педагогикаға түсетін шекті балды көбейту керек шығар. Білім беру гранттарын тағайындауда педагогикалық мамандықты игергісі келетін талапкерлердің деңгейін бағалау талаптарын қайта қарау тиімді.
Жақында «Темірқазық» пікірталас клубында «Мұғалімнің қазіргі қоғамдағы мәртебесі» атты тақырып аясында «Мұғалімдердің мәртебесіне байланысты жеке заң дайындау керек пе, әлде «Азаматтық қызмет» туралы заңға мұғалімдердің статусы туралы ереже енгізген дұрыс па?» деген мәселе қаралды. Арнайы баяндама жасаған Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің жалпы педагогика кафедрасының доценті Сараш Қоңырбаева: «Қазір мұғалім бұрынғы мәртебесінен, атақ-абыройынан айрылып қалған. Оның сүреңсіз дәлелдері көп. Соңғы уақытта мұғалімдер әкімшіліктің тегін жұмыс қолы саналатындықтан, науқандық жұмыстардың бәрі мұғалімдердің белсенділігімен атқарылады. Мысалы, алаңдардағы митингілер мен үлкен залдардағы жиналыстардың еріксіз тыңдарманы мен көрерменіне айналуы, сайлау немесе тағы да сондай саяси науқандардың насихаттаушысы сияқты қоғамдық жұмыстардың қандайы болсын мұғалімді іздеп табады. Мектеп ішіндегі қағаздарының өзіне кейде үлгеріп, кейде үлгермей жүретін педагогтардың негізгі сабақ өткізу, тәрбие жұмыстарын жүргізу сияқты қызметін талапқа сай өткізуіне күші жете бере ме деген сұрақ туындайды», – деген еді. Сондай-ақ, мектеп оқушылары мен педагогика мамандығы студенттерінің арасында жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, мектеп оқушыларының 78 пайызы мұғалім мамандығын мүлдем қаламайтындығын айтса, ал педагогика мамандығы студенттерінің шамамен 30 пайызға жуығы мұғалімдікке кездейсоқ келгендерін жеткізген. Болашақ мұғалім мамандығын таңдап келгендердің 90 пайызы ауыл мектебінің түлектері екен. Ал қоғамда мұғалім мәртебесінің төмендеп кетуін жалақының аздығымен байланыстыратындар көп. Мұғалімнің мәртебесі тек қана оның жалақысын көбейту арқылы емес, ең бірінші оның интелектуалдылық, зерделілік, мейірімділік, т.б. қасиеттердің бағалануымен көтеріледі.
ҮШ АУЫСЫМДЫ
МЕКТЕПТЕР АЗАЙДЫ
ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың мәлімдеуінше, білім беру саласын дамытудың қазіргі заманғы талаптары педагогтер біліктілігін арттыру жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізуге итермелеуде. Ең алдымен, мамандардың біліктілігін арттыру ісі жаңа ваучерлік-модульді жүйе бойынша қаржыландырылатын болады. Сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігін арттырудың оқу бағдарламасын жаңарту да қолға алынды.
Болашаққа жоспар бекіткен «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басты бағыты да – мұғалімнің мәртебесін жоғарылату. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Біз мұғалім мәртебесі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз», – деген сөзін әр педагог үміт сәулесіндей көкірегінде сақтап жүр. Көзі қарақты қауым «Білім туралы» заңға педагог мәртебесі туралы жеке тарау енгізілгенін біледі және осы тарауда «мемлекет қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін жағдай жасайды» деп анық жазылған.
Мұғалімнің беделін көтеру мәселесі үш бағыт бойынша жүргізілуде. Бірінші, мұғалімдерге лайықты еңбекақы төлеу. Мемлекеттік бағдарламада 2015 жылға қарай педагог жалақысы жеке сектордағы деңгейге жақындайтыны қарастырылған. Бұл – бүгінгі деңгеймен салыстырғанда екі немесе үш есе артады деген сөз. Екінші бағыт – мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Бұл тұрғыда жоғары оқу орындарында мұғалімдер даярлау жүйесін түбегейлі арттыру керек. Осы тұрғыда биылдан бастап педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырап, соған сай жалақысы да көбейеді. Мысалы, үшінші базалық деңгейден өткен мұғалімнің жалақысына 30 пайыздық үстемақы қосылса, бүгінде осы үстемақыны алатын мұғалімдер қатары үш мыңға жеткен. Ал екінші деңгей сертификатын алған оқытушылардың лауазымдық қызметақысына 70 пайыз, бірінші деңгейдегі мұғалімдер лауазымдық қызметақысына 100 пайыз үстемақы қосылады. Тағы бір ескерерлік жайт, 2015 жылға дейін мемлекеттік пен жекеменшік мектептегі мұғалімдердің жалақысы теңесетін болады. Сондай-ақ, дүйім жұрт үшін жағымды жаңалық – балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 65 пайызды құраса, апаттық жағдайдағы мектептер саны 24 пайызға, үш ауысымды мектептер 17 пайызға қысқарды.
Қоғамда мұғалімнің беделі мен мәртебесін арттыруға бағытталған мұндай қадамдар 1 мың 883 мұғалімге тапшы болып отырған білім саласын оңтайлы жолға салады деген үміт бар.
Халқымыздың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Ұстазға берілген осындай үлкен бағаның басқа баламасы да болуы мүмкін емес. Ендеше, еліміздегі мұғалімнің мәртебесі мен беделі арта берсін деуіміз керек қашанда.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ