ҚОРАСАННАН ҚОЙ ҚЫРЫЛЫП...

ҚОРАСАННАН ҚОЙ ҚЫРЫЛЫП...

ҚОРАСАННАН ҚОЙ ҚЫРЫЛЫП...
ашық дереккөзі
270
Қырғызстанда қыркүйек айында елді елең еткізген ерекше екі оқиға болды. Біріншісі – өлкенің оңтүстігіндегі Жалалабад облысында қорасан (шешек) ауруынан қойлар қырылып, қыркүйек айының аяғында оның саны 2070-ке жетті. 14 қыркүйекте Сузақ ауданында ішінара басталған мал өлімі, бір аптадан кейін жаппай қырғынмен жалғасқан. Сонда ғана қағылған дабыл республиканың малдәрігерлік қызметін аяғынан тік тұрғызды. Жұт қыркүйектің ортасында ауданда қойларды оспаға(қорасанға) қарсы егу науқанының нәтижесінде болған. Зерттеу барысында қойларға салынған вакциналар жалған болып шықты. Оқиға болған жерден жіберілген вакцинаны тексерген Мәскеудегі Ресей ғылым академиясының бүкіл вирусология және микробиология ғылыми-зерттеу институты мемлекеттік мекемесі де мұны анықтап берді. Мекеменің анықтамасына қарағанда, сұйық дәрінің құрамында Ауески ауруы вирусының геномы табылған. Мұндай дәрілерді Ресейдің ауылшаруа академиясының қарамағындағы ғылыми-өндірістік мекеме шығарады екен, бірақ тексерілуге жіберілген дәрілер ол мекеменің өнімі болмай шыққан. Ауески – малдың өкпесін тез қабынтып, жұлынын зақымдайтын жұқпалы ауру. Ресей мамандары осындай қорытын­ды шығарғаннан кейін, 2 қазанда Қырғыз Республикасының Үкіметіне қарасты санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік инспекция директорының орынбасары, республиканың ветеринарлық бас инспекторы Самат Алиев «мал ауески ауруы вирусынан қырылды деп дәл кесіп-пішіп айта алмаймын, бірақ жасалма вакцинадан немесе сондай вакцина егілген соң іріңнің пайда болуынан жара асқынып, мал өлімге душар болуы мүмкін»,- деп мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, ауру бір малдан екіншісіне жұққан емес, тек вакцина салынған мал қырғынға ұшыраған. Бұдан бұрынырақ аталған инспекцияның директоры Төлө Исақов вакцинаның құрамында шешекке және құтырмаға (ауэски) қарсы элементтер бар, бір-бірімен сиыспайтын осы екі дәрінің әсерінен індет пайда болды деп пікірін білдірген еді. Бүгінгі күнде Қырғызстанның үш зертханасы малшылар пайдалануға үлгере алмай қалған вакциналарды қайтарып алып, іс жүзінде тәжірибе жасап, аурудың шығу төркінін тексеріп жатыр. Мәселе республиканың парламентінде талқыланып, бір топ депутаттар ветеринарлық инспекцияның қызметкерлеріне қоса вакцинаның шекарадан өтіп кетуін бақылай алмаған кеден қызметкерлерін де жауапкершілікке тарту керектігін көтерді. Қорасан (шешек) ауруына қарсы егілетін дәріні Сузақ ауданының малшылары аудандағы Тәліп Ташполатов деген малдәрігерлік аптекашыдан сатып алыпты. Аптекашы Өзбекстанның Зиядин деген азаматынан бір салымдық 4 мың құты вакцина сатып алып, оның 3 мың 600-ін сатып үлгерген. Мал қырыла бастаған соң жүргізілген тексерілістердің нәтижесінде 2 мың 200 құтыны кім алғаны анықталып, 1400-і ізім-қайым жоқ болып кетті. Мал лаңы бойынша Қырғызстанда алты адамға қылмыстық іс қозғалды. Өзбекстанның құқық қорғау органдары Зиядинді іздестіріп, таппай жатыр. Қойлардың жаппай қырылуы Өзбекстанда да орын алған. Ресми мәліметтерге сәйкес, Жызақ, Қашқардария және Самарқанд облыстарында 12 мыңға жуық мал қырылған. Кейбір деректерде 40-50 мың бас мал деп айтылуда.Бұл да қорасанға қарсы егудің салдарынан болған. Өзбекстанда және Қырғызстанда пайдаланылған вакциналар бір-біріне ұқсас болып отыр. Жызақта малшылардан 68 мың құты, Қашқардарияда 70 мың құты, Самарқандта 7 мың құты тәркіленген. Қаншасы қолданылып кеткені белгісіз. Қырғызстанның ауыл шаруа және мелиорация министрінің орынбасары Ақылбек Жұмалиев малдарды емдеу үшін облыс малшыларына тиісті вакциналардың мезгілінде тегін таратылғанын, қойларды дәл қазіргі уақытта егудің қажеті жоқтығын, белгісіз вакцинаны арзандығына қызығып па, сатып алған малшы – фер­мер­лердің өздері кінәлі екендігін хабарлады. Сузақ ауданында мал ауруы бас­талмай тұрған кезде, вакцина егілген қойлардың етін шамамен 500-дей адам жеген. Отбасы дәрігерлерінің топтары жедел тексеру істерін жүргізіп, ауырған адамдарды ұшыратпады. Қой етіндегі ауру қоздырғыш микроорганизмдер 100 градустық температурада 4-5 минуттың ішінде өліп қалатынға ұқсайды. Сөйтіп мал өлсе де, адамдар аман қалды. Елдің назарын өзіне аударған екінші оқиға – Қырғызстан қыркүйектің соңында бірінші басшыларсыз, демек басқарусыз қалды. Бұл туралы парламенттің мін­бері­нен «Ата Мекен» фракциясының лидері, депутат Өмірбек Текебаев дабыл қақты. «Республиканың бірінші басшы­ларының барлығының бір мезгілде өлке ішінде жоқ болуына жол берілмеуі керек. Бұл туралы Қырғызстанның заң — заңнамаларында жазылған емес, әйтсе де өркениетті өлкелерде бұлай болмайды», – дейді ол. Президент Алмазбек Атамбаев кезектегі демалысын алып, 27 қыр­күйекте Түркияға ұшып кеткен болатын (Әлбетте, мемлекет басшысы Түркияда жәй ғана дем алған жоқ, Түркияның Президенті Абдуллах Гүлмен, Премьер-министр Режеп Тайып Ердоғанмен Қырғызстанға Түркия тараптан берілуі мақұлданған 100 миллион доллар несиенің, 6 млн.гранттың кешіктіріліп жатқанына орай кездесулерді өткізген). Дәл сол күні Премьер-министр Жантөре Сатыбалдиев ТМД-ның үкімет басшыларының кеңесінің және ЕурАзЭҚ мемлекеттераралық кеңесінің мәжілістеріне қатысу үшін Украинаның Ялта қаласына сапарға аттанған. Жоғарғы Кеңестің төрағасы Асылбек Жиенбеков сол күндері АҚШ-та, Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 67-ші сессиясына қатысуда еді. Республиканың бірінші басшыларсыз қалуы бұрын да, атап айтқанда, 2008 жылы сол кездегі Президент Құрманбек Бакиев Германияға емделуге кеткенде және 2010 жылы Уақытша Үкіметтің тұсында болған.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары