331
ТАСТАН ДА ҚАЗАҚТЫҢ ИІСІ ШЫҒЫП ТҰРСЫН
ТАСТАН ДА ҚАЗАҚТЫҢ ИІСІ ШЫҒЫП ТҰРСЫН
Осы жылдың басында дәм-тұз тартып, туған жерім – Нылқы ауданына ат басын тіредім. «Қас» деп аталар өзеннің бойына жайғасқан бұл құтты мекенге негізінен қазақ ұлты көбірек орналасқан болатын. Кіндік қаным тамған «Кілең» деп аталатын шағын ауыл маған бұрынғысынан өзгеше көрінді. Басқа емес, ондағы салынып жатқан үйлердің көбі қазақы түске біртіндеп ене бастапты. Жан-жағыма қарай-қарай үйге де жеттім.
Аман-сәлемнен кейін үлкен ағам: «Ауылдың бет-бейнесі қалай екен?», – деді жымиып. Мен бірден: «Кірпіштен салынған «киіз үйлерің» ұнады»,– дедім. Шындығында бірінші көрген адамға кірпіштен салынған емес, қазақы ою-өрнектермен безендірілген нағыз киіз үйге кіргендей сезімде болатыныңыз даусыз. Сосын салынған үйлерге барып, көріп шықтық. Өте сапалы жасалған оюлы тас таған, тас төсеніштер (кафельдер) ерекше назар аударады. Бұл Қытай өкіметінің малшыларды отырықтандыру игілікті саясаты негізінде салынған үйлер екен. Уақыт тығыздығымен бұл кафельдерді өндіріп, халықтың пайдалануына беріп жатқан адамдарға барып көзбе-көз жолыға алмай аттанып кеттім. Кейін бұл ұлттық өнімдердің Үрімжі қаласынан шығып, Шыңжаңның жер-жеріне тарайтындығын, шығарушы өзіміздің қандасымыз Талғатбек Дүйсенбіұлы екенін естіп білдік. Алматыға арнайы келген Талғатбекпен тілдесудің сәті түскен еді. Талғатбек Дүйсенбіұлы Үрімжі қаласындағы «Орда-ою» сауда серіктестігінің директоры. Ол кісінің бұл жолғы келу мақсаты – сапалы ұлттық өнімдерді қазақ жұртшылығына көрсету екен. Біз Қытайдағы салынып жатқан үйлердің неге жаппай ұлттық нақышқа бет алғанын сұрағанымызда ол:
– «Жан Чун Чжан деген мырза Шыңжаң өлкесінің бастығы болып сайланғаннан бері әр ұлт өз таным-түсінігіне, өз дәстүріне, өз талғамына сай келетін үй салуға, сонымен бірге үйлерін ұлттық нақышта безендіруге баса мән бере бастады. Бұл да Шыңжаң басшылығының біз сияқты аз ұлттарға деген игілікті ісі деп қарау керек. Мемлекеттен қомақты қаржы бөлініп, әр аудан, нақтап айтқанда әрбір жеке адам өз ұлттық нақышымен үй салып, оны өз ою-өрнектерімен өрнектеуге көшкен тұста менің де қарап қалғым келмеді. «Қазақ болып өмір сүреді екенбіз, қалайда үйімізді қазақыландыруымыз керек» деген ой келді. Туыс-туғандарыммен ақылдастым. Қағазға жобасын түсіріп көргеннен кейін бұл өте әдемі болатынын, әрі жүзеге асыру мүмкін екендігін байқадым. Сосын уақытты босқа сарп етпей бірден іске көштім. Шынайы кіріссең, алынбайтын қамал болмайды екен. Мінеки, табаны күректей төрт жылға аяқ басты. Бір ғана өңір емес, қалың қазақ жұрты ежелден тиянақ етіп келе жатқан Шыңжаң өлкесінде біршама қазақы үйлер бой көтерді. Жұмысты алғаш бастаған кезде 7 миллион юань қаржы шығардық. Қазақтың ұлтжанды, қалталы азаматтары да қаржы қосты. Сол 2009 жылдан бері жылына бүкіл Шыңжаңда үйдің сыртына 300 мың, үйдің ішіне 400 мың шаршы метр тапсырыс аламыз. Бұл, әрине, аз сан емес. Қазірдің өзінде Шыңжаң өлкесінің 35 ауданында осы қазақы нақыштағы тұсқағаз, кафель, т.б құрылыс материалдар дүкені жұмыс істейді. Сонымен бірге жалпы «Орда ою» серіктестігінде 80-нен артық адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр», – деді ол.
Біздің балалық балғын шағымыз киіз сырмақтың үстінде өтіп еді, ендігі келер ұрпақ тас сырмақтың үстінде ойнайтын болды. Талғатбек сияқты ұлтжанды, қазақтың дәстүрін болашақта да жоғалтпауға тырысатын азаматтардың арқасында тағы басқа құндылықтарымыз қайта жанданып, заманауи тұрғыда өнеріміз толыса түсетініне көзіміз жеткендей болды. Талғатбек Дүйсенбіұлының шығарып жатқан құрылыс материалдары қарапайым халықтың қалтасы көтеретін гипсокартоннан бастап, фарфор, мәрмарға дейінгі деңгейді қамтиды. Қытайда зат бағасы арзан болғанмен, онда бәсекелестік тым жоғары. Ебін тапқан адам ғана емін-еркін кіріседі. Миллиард қытайдың арасынан саңылау тауып, өз өнеркәсібін өркендетіп отырғандарды мықты демей не дейміз? Осы күні қытайдың бас қаласының байлығы мол, жері шұрайлы Шыңжаң өлкесіне көңілі түскені соншалық, барлық жұмысты ондағы тұрып жатқан халықтың қалауы бойынша жасауда. Атап айтар болсақ, тұрғын үй, асхана, мейрамхана, мектеп, мешіт, балабақша, медресе секілді көпшілік орындарының іші-сырты дерліктей қазақы кейіпке еніп барады. Нақты сандық дерекке сүйенсек, 2010 жылы бүтін бір қыстақта – 480 үй, келер жылы тағы 600 үй ұлттық бояуға көшкен. Осылайша, біртіндеп қазақтың ою-өрнегі сәулет өнерінен өз орнын тауып, сырт көзге жағымды әсер қалдырып жатыр. Бұл қытайдағы аз ғана қазақтың істеп жатқан тірлігі десек, біздің қалың қазақтың тұтынғаны қандай бұйым? Әрине, Батыс пен Еуропа. Бұл игілікті жұмыстардың барлығы қалың қазақтың өз Отаны, өз елінде жасалып жатса қандай мерей болар еді. Жалпы, ұлттық сана-сезім, дәл біздің қазақта өз елімізден гөрі сыртта жүрген қандастарымызда басымдау екені байқалады. Мұның дәлелі көп. Бірнешеуін айтсақ та жетіп жатыр. «Қара жорғаны» билеп те, «Ең кішкене домбыра» жасап та Гиннеске енгізіп жатыр. Жақында он мың адам бір уақытта кесте тігіп «Қызай кестешілігін» әлемге паш етті. Бұны да Гиннеске кіргізді. Бұлар ұлт үшін жасалған үлкен әрекет емей немене?
«Еуроремонттың» орнын «қазақремонт» басар күнде аз қалған сияқты», – дейді Талғатбек ағамыз. – Ұланғайыр қазақ даласының бір жақ шетінде тыныш тірлік кешіп жатқан біздерді бір кезде еш себепсіз шекара сызығының арғы жағында қалдырды. Бұған біз кінәлі емеспіз. Сол кездегі саясат кінәлі! Сол себепті біз жат жұртта күнелтіп, сол елдің ауасымен демалып, суын ішуге мәжбүр болдық. Бірақ сыртта жүрсек те қазаққа пайдамызды тигізсек деп қарманып жүрген жайымыз бар. Сондықтан ендігі арманым – Қазақ елінде күн санап бой көтеріп жатқан алып құрылыстар ұлттық үлгіге көшсе нұр үстіне нұр болар еді. Менің байқауымша, бай, қуатты адамдар былай тұрсын, жұпыны тірлік кешіп жатқандар да өз баспанасын еуропаша сәндеп, батыстық үлгідегі жиһазбен жабдықтайтын көрінеді. Әрине, біз орынсыз мәжбүрлеуден, құрғақ мақтаудан аулақпыз. Мақсатымыз – әркімнің санасына қозғау салу. Қазір, шүкір, қазақ өзі қалаған киімін киіп, өзі қалаған елге барып, емін-еркін өмір сүре алады. Неге өз үйін өзінің қанына, өз әуеніне, дәстүр-салтына қарай безендірмейді?! Осы сұрақ мені қатты мазалайды. Қай салада болмасын, бүгінде ең басты мәселе – қаржы. Қазақстанда тұрып жатқан бауырлардан да үйін қазақша безендіруге деген жекелеген тапсырыстар бар. Алайда осы тұста айта кететін тағы бір үлкен мәселе – кеденнен өткендегі сансыз тексеру мен орынсыз салық кедергі болады. Енді біз бұл жолды баспаудың қамын жасаудамыз. Қазақстанға әрі сапалы, әрі арзан түсетін бір ғана жол бар, ол – осы елде өндіріс ошағын салу. Алла қаласа, мен де 2-3 жылдың аржақ-бержағында Атажұртыма ат байлаймын деген жоспарым да бар. Бұл жақтан көмек қолын созам деген жігіттер болса, оған кетары емеспін. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді ғой. Барлығымыздың шыр-пыр болып жүргеніміз тек қана қазақтың қамы ғой», — дейді Талғатбек Дүйсенбіұлы.
Барлық қазақ жұртшылығы түгел тұтыну үшін шынында да біз жоғарыда айтылған жолды ұстануымыз керек шығар. Ұлтым дейтін ұлдарымыз тұрғанда оның да бір жөні болар. Тек біздің әуесіміз Еуропаның өркениетіне кетіп қалмаса болғаны. Қазір ұлттық өнерді жанын салып қорғайтындар көбейді, шүкір. Ел бұдан былай ою-өрнекпен баспана тұрғызып жатса таңғалмаймыз. Себебі, әр мемлекеттің өзіне тән ерекшелігі болуы керек.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ