627
БАТЫРЫН ҰЛЫҚТАҒАН ЕЛ
БАТЫРЫН ҰЛЫҚТАҒАН ЕЛ
Соңғы күндері еліміздің әрбір өңірі той-думанға толы болып тұр. Киелі Тараз жері қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерейтойын өткізсе, оңтүстік жұртшылығы халық батыры Сабыр Рахимовқа алып ескерткіш қойды. Сондай дүбірлі тойдың бірі – Сыр өңірінде өтті. Сыр елі Кенесары ханның бас сардарларының бірі болған Бұқарбай батырдың 200 жылдық мерейтойын тойлады.
Бұқарбай батырға арнап, Қызылорда қаласының қақ төрінде зәулім ескерткіш қойылды. Тас тұғырымен қоса есептегенде 10 метрден асып түсетін қола ескерткіште батыр бабаның атқа қонып, қол бастаған айбатты мүсіні бейнеленген. Зәулім ескерткіш жүректі ердің жатжұрттықтар езгісінде қалған елін азаттыққа бастаған тау тұлғасы бүгінгі ұрпағын бірлік пен берекеге бастап тұрғандай әсер қалдырады.
Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Болатбек Қуандықов батыр тойына келген барша қонақтарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді. Сыр өңірінде Бұқарбай батырдың 200 жылдығын тойлауға жыл басынан бері қызу дайындықтың жүргізілгені белгілі. Мәселе, тойдың өтуінде емес, негізгі мақсат – бүгінгі ұрпаққа бабалар ерлігінің тағылымын ұғындыру, сол арқылы елді ынтымақ-бірлікке шақыру.
Ескерткіш ашылар алдында белгілі ақын Сейфолла Оспан жырдан шашу шашты. Зәулім ескерткіштің ақ жаймасын облыс әкімі Болатбек Қуандықов, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф, сенатор Жабал Ерғалиев ашты.
Батыр тойы ары қарай ғылыми-теориялық конференцияға ұласты. Конференцияны ғылым докторы, ректор Қ. Бейсенов жүргізіп отырды. Республикалық ғылыми-теориялық конференцияға облыс әкімі Болатбек Қуандықов, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шариф, Қазақстан Халқы Ассамблеясының хатшысы Ералы Тоғжанов, сондай-ақ қоғам және мәдениет қайраткерлері мен белгілі тарихшы ғалымдар, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары және батырдың ұрпақтары қатысты.
Сыр өңірі дүбірлетіп тойлап жатқан Бұқарбай батыр – Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің басты қаһарманы болған. Ұлт үшін жан аямай күрескен батырдың қалың қазаққа ортақ болары сөзсіз. Осы орайда алғашқы сөзді сөйлеген өңір басшысы Болатбек Қуандықов: «Сыр топырағынан шыққан Бұқарбай батырдың 200 жылдық тойы құтты болсын, ағайын! Қазақ елінің қалыптасуына өзіндік үлес қосқан қазақ даласының даңқты батырларын ұлықтау мақсатында елімізде жыл сайын түрлі шаралар өткізілуде. Олардың ұмытылмас ерліктерін халық арасында кеңінен насихаттаудың мәні де, маңызы да жоғары. Бұл бүгінгі ұрпақтың парызы болып табылады. Биыл Бұқарбай бабамыздың 200 жылдығын республикалық көлемде атап өту ел Үкіметінің өкімімен белгіленген болатын. Ұлттық тарихымызда орны бар батырдың есімі тек Сыр өңірінде ғана емес, тұтас қазақ даласына өшпес ерлігімен танымал. Сондықтан да біз ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған батыр бабаларымыздың рухына лайықты болуымыз керек. Қазақ халқы басынан талай-талай шапқыншылықты өткізді. Биыл Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың болғанына 165 жыл толып отыр. Он жылға созылған соғыста Кенесары ханмен бір тудың астында болып, көтеріліс жетекшілерінің бірі болған Бұқарбай батыр ерлік пен елдіктің ұйытқысы болды. Ол – қол бастаған батыр, әскери өнерді меңгерген шебер қолбасшы ғана емес, оның арық қаздырып, елді отырықшылыққа, еңбекке үндегені де тарихтан белгілі. Бүгінгі жиында батыр баба туралы тың деректер ортаға салынатынына сенімдімін», – деді.
Бұқарбай батыр туралы жиында кеңінен әңгімелер қозғалып, батыр туралы келелі сөз қозғалды. Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, Дін істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф сөз сөйлеп, азаттық алып, еңсемізді тіктеген 20 жыл ішінде рухымызды көтеру жолында жасалып жатқан шаралардан елін сүйген батырлардың ешқашан ұмытылмайтынын тілге тиек етті.
Конференцияға қатысқан ғалымдар ел-жұртының қамын жеп, ұлт намысын жоғары көтере білген батыр бабамыздың өмір жолы мен ерлік істерін сөз етті. Жиында баяндама жасаған тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев пен Берекет Кәрібаев «Бұқарбай батыр және оның заманы», «Бұқарбай батыр және ХІХ ғасырдың І жартысындағы Қазақ мемлекеттілігі мәселелеріне» тоқталды. Еліміздің жаужүрек батырларының азаттық жолындағы ерлік істерін баяндаған тарихшы ғалымдарымыз Бұқарбай батырдың бұл жолдағы жетекшілік рөлін де айрықша атап кетті. «Бұқарбай батыр сияқты тарихи тұлғалардың қазақ тарихындағы орнын айқындап, жас ұрпаққа жеткізудің әдістерін анықтау қажет. Ал жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге тәрбиелеуде бұл конференцияның маңызы өте жоғары деп білемін», – дейді Мәмбет Қойгелдиев.
Филология ғылымдарының кандидаты, ғалым Ғабит Тұяқбаев «Қазақ әдебиетіндегі Бұқарбай батыр бейнесін» сөз етсе, белгілі этнограф Тынышбек Дайрабай батыр туралы тың деректердің Орынбор, Омбы, Томск және Ташкент қалаларындағы мұрағаттарда мол кездесетінін тілге тиек етті.
Бұдан соң, қонақтар «Ел батыры – Бұқарбай» атты спектакльді тамашалады. Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрдың сахнасында сахналанған спектакльге облыс әкімі Болатбек Қуандықов қатысты. Аталмыш спектакльді тойға келген мәртебелі меймандармен бірге Сыр жұртшылығы да тамашалады.
Спектакльді қойған режиссер Оңталап Нұрмаханов, авторы – Сартай Жүсіп. Батырдың рөлін белгілі актер Сырым Әбдіразақов ойнады. Естеріңізде болса, облыс әкімшілігі бұған дейін Бұқарбай батыр туралы пьеса жазуға республика көлемінде конкурс жариялаған болатын. Бұл конкурсқа Жалағаш ауданынан, Астана және Қызылорда қаласынан бірқатар шығармалар ұсынылған еді. Комиссияның шешімімен бірінші орынды Сартай Жүсіп иемденді.
Бұқарбай батыр туралы жазылған пьеса екі бөлім, он көріністен тұрады екен. Шығармада Бұқарбайдың патша отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізген Кенесары ханның жасағына қосылып, батыр атанып, одан жүз басы, мың басы атақтарына жетіп, Кенесары ханның негізгі батырларының бірі болғандығы көрсетіледі.
Батыр туралы сырлы әңгіме қозғаған саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір былай деп сыр шерткен еді. «Елбасы өзінің бір сөзінде қазақ тарихында 200-дей ұлт-азаттық көтерілісі болғанын айтқан еді. Соның ең соңғысы Кенесары хан бастаған қозғалыс. Кеңес заманында бұл көтеріліс тарихи әділ бағасын алмады. Тәуелсіздік алған соң ғана шындық қайта жаңғырды.
Кенесарымен иықтасып жүріп күрескен Бұқарбай батырдың 200 жылдығы тек Сыр бойына емес, күллі қазақ еліне ортақ той. Бұқарбай батырдың ерліктері туралы көп айтылуда. Мен батырдың қайраткерлігі, елді ұйыстырған ұйымдастырушылығы туралы айтқым келеді. Ол халықты егін салуға, осылайша берекелі тірлік етуге бастап, арық қаздырған. Сол арық әлі күнге дейін батыр есімімен аталады. Жалпы сырбойылықтар елдікті насихаттайтын осындай шараларды өткізуде көпке үлгі болып келеді. Осындай тұлғаларды ұлықтау арқылы ұрпаққа өткенді қадір тұтуды үйретуде. Бұл той осынысымен де құнды», – дейді ғалым.
Дүбірлі тойдың көрігін қыздырған сайын дала сардарының өрлігі мен ерлігін ұрпақтар жадында жаңғырту мақсатында батырлық дастан орындаушылардың жыр бәйгесі болды. Мұнда таңды таңға ұрып жырлайтын кіл мықтылар жиналды. Олардың арасындағы ең жасы – 15-те екен.
Батыр тойына арналып, ауылда ақшаңқан 70 үй тігіліп, аламан бәйге өтті, айтыс ақындары жыр додасына түсті. Ал тойдың қарсаңында рәміздер алаңы мен өзге де нысандардың салынуы ауылдың келбетіне сән бере түскендей.
P.S. Еліміздің түкпір-түкпірінен тойға ағылған халықта шек жоқ. Азаттық жолында жан аямай күрескен батыр бабамыздың рухын ұлықтауға арналған шараға еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінен, батысы мен шығысынан меймандар жиналды. Екі күн бойы тойға жиналған қауым баба рухына тағзым етіп, батырдың өмір жолы туралы келелі әңгіме қозғады. Бүгінгі ұрпақтың жадында қалар бұл тойды дәстүрлер сабақтастығы деп қабылдағанымыз ләзім.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
жазушы, этнограф