ЖАЗУШЫ ОҚЫРМАНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ЖАЗУШЫ ОҚЫРМАНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ЖАЗУШЫ ОҚЫРМАНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ
ашық дереккөзі
250

Жуырда Абай атындағы ҚазҰПУ-де көрнекті жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесу өтті. Жетпіс жасқа толып жатқан қаламгердің мерейтойы осы беделді университеттен басталды.

Кеште алғашқылардың бірі болып сөз алған жазушы-ғалым Серік Асылбекұлы: «Дулат Исабеков сынды заманымыздың заңғар жазушысының жетпіс жылдық мерейтойының біздің университетте аталып өтуі біз үшін үлкен қуаныш. Дулат Исабеков – ұлттың рухын көтеріп, жоғын жоқтап жүрген жазушы. Пьесалары әлем театрларының сахнасында қойылып жүрген драматург. Қазақ әдебиетін, драматургиясын әлемдік деңгейде танытып жүрген жазушы», – деп, әріптес ағасының шығармашылығын жоғары бағалайтынын жеткізді.

Халықаралық Қазақ-түрік универ­ситетінің вице-президенті Құлбек Ергөбек: «Бүгін ҚазҰПУ-ге өз шаруаммен келіп, тамаша кездесудің үстінен түскеніме қуанып отырмын. Бүгінде «кітап оқылмайды» дейді. Шын жазушының шығармасы қашанда оқылады. Мен Дулат Исабеков шығармашылығын зерттеген ғалыммын. Ол келер ғасырда да оқылатын қаламгер» деп әдемі естелік айтты.

Студенттер жазушыға әдебиет, театр тақырыбында, жазушының шығармашылық аудиториясына қатысты сауалдар қойды.

Жиынды қорытындылаған ҚазҰПУ-дің оқу ісі жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева: «Құлбек ағамыз айтып өткендей, Дулат Исабеков – бүгін де, ертең де оқылатын жазушы. Біздің студенттер үшін бүгінгі кездесудің маңызы зор. Әсіресе, мұндай кездесулер болашақ әдебиетшілер үшін өте қажет», – деді. Проректор ханым «Дулат аға, сіз тау басына шыққан қаламы қарымды қаламгерсіз ғой» деп асқақ тау бейнеленген картина сыйлады.

Тоты СЕРІКБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары