ҮКІМЕТ ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕГЕ СҮЙЕНБЕК

ҮКІМЕТ ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕГЕ СҮЙЕНБЕК

ҮКІМЕТ ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕГЕ СҮЙЕНБЕК
ашық дереккөзі
375

Егін орағы, дән-дақылды экспорттау, астықты ысырап етпеу секілді ауыл шаруашылығына баса назар аударылған үкіметтік отырыста әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамытуға да баса назар аударды.

Апта басындаҮкіметтің кезекті отырысын өткізген ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Министрлер кабинетінің мүшелерімен егін орағына қатысты мәселелерді, әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорацияларын дамыту Тұжырымдамасының жобасын талқыға салды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аманның мәлімдеуінше, егіс орағы ендігі аяқталып қалған: «15 млн.гектардың немесе астықты алқаптың 99,7% дәнді-дақылдары бастырылды. 9,6 ц/га шығымдылық бойынша шамамен 14 млн. тонна астық бастырылды. Қалған 52 мың га алқаптың дәнді-дақылдарын жинап алу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл негізінен оңтүстік өңірдегі жүгері мен күріш дақылдары». Отырыс барысында астық нарығындағы жағдай және қуаңшылықтың зардаптарын азайту шаралары да қарастырылды. Үкіметтегілердің биыл өндірілген астықтың көлеміне көңілі толатын көрінеді. Мәселен Премьер-Министр Серік Ахметов: «Биылғы ауа-райының күрделі болуына қарамастан, астықтың шығымдылығы жаман болмады. 13 млн. тонна тауарлық дәнді-дақылдың арқасында және осыған дейінгі қалған астықтың көлемін есепке алғанда біз экспорттық әлеуеттің былтырғы қарқынын сақтаймыз деп ойлаймын. Өңірлер мемлекеттік қорға астық сатып, міндетін орындауы және жиналған астықтың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ астықты ішкі және сыртқа нарықтарға өткізу жұмыстарына кірісу керек», – деді.

Өндірілген астықты ішкі нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандыруға жұмсау да аса маңызды. Серік Ахметов Қазақстанның барлық облыс әкімдеріне бидайды мақсатты пайдалану мен бірінші сұрыпты ұн бағасының тұрақтылығын жеке бақылауда ұстауға тапсырма берді.

Отырыста ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту тұжырымдамасын мақұлдау туралы» ҚР Үкіметінің қаулы жобасын ұсынды. Жобаның мақсаты: мемлекет пен бизнестің әріптестігі қағидаттарының негізінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу. Мемлекеттік активтерді іскерлік айналымға тартуды қамтамасыз ету, проблемалық активтерді сауықтыру және олардың базасында бәсекеге қабілетті өндірістерді дамтыу; алдыңғы қатарлы өндірістік және басқарушылық технологиялар мен стандарттарды енгізу; бюджеттен тыс инвестицияларды тарту; бизнестің экономикалық белсенділігінің өсуіне, инновацияларды дамытуға және технологиялық жаңғыртуға (технопарктер, АЭА, бизнес-инкубаторлар, инвесторларға қызмет көрсету орталықтары және т.б.), соның ішінде оператор функцияларын атқару арқылы жәрдемдесу; шағын және орта бизнестің кластерленуіне жәрдемдесу, соның ішінде ірі бизнестің айналасында; компания қызметінің шеңберінде бизнеске қаржылай емес қолдау көрсету; бизнес-жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік даму институттарымен ынытмақтастықты кеңейту; портфельдік компаниялар арасында коммуникацияны және тәжірибе алмасуды дамыту; ішкі және сыртқы нарықтарда өнімдерді белсендірек ілгерілету үшін өнімдерді брендтеуге жәрдемдесу.

Корпоративтік басқаруда әлемдік үздік тәжірибеге сәйкес келетін заманауи стандарттарын белсенді енгізулері тиіс. Бұл компанияның тиімділігін қамтамасыз етуге және ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Тұжырымдаманы жүзеге асыру арқылы бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру; өңірлерде жұмыс орындарының санын ұлғайту; берілген және жаңадан құрылған ұйымдардың өнімділігі жоғарылайды; сондай-ақ, өндірісті дамыту және қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған отандық өнімді сату. Аталған мәселелердің барлығы дерлік ҚР Президентінің Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында қарастырылған. Таяу онжылдық мерзім ішінде атқарылуы тиіс негізгі бес бағыттың ішінде индустрияландыру және инфрақұрылымдық даму арқылы әртараптандыруды жеделдету есебінен орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету; болашаққа инвестиция ­– орнықты экономикалық өсім, өсіп-өркендеу және қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатының жетістігі үшін бәсекеге қабілетті адам капиталын арттыру да бар.

Үкіметтегі жиында жобаны қорытындылаған Серік Ахметов: «Бүтіндей алғанда ӘКК жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды қолдай отырып, оларды әлі де пысықтауымыз керек. Барлық ӘКК шығынсыз жұмыс істеуі керек. Бұл маңызды мәселе барлық облыстар әкімдерінің бақылауында болуы тиіс. Сондай-ақ Тұжырымдама аясында әрбір ӘКК-нің даму жоспарын қайта қарап, бекітіп, олардың жұмысының тиімділігін бағалауды орталық деңгейде жүргізу мәселесін қою керек», – деп мәлімдеді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары