БАСТЫ АМАЛ – АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ

БАСТЫ АМАЛ – АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ

БАСТЫ АМАЛ –  АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ
ашық дереккөзі
898

Бұрын-соңды аты көп естіле бермейтін қатерлі ісік ауруының түрлері бүгінде алқымнан алып тұр. Жыл сайын дерттің бұл түріне шалдыққандардың да саны артуда. Сорақысы сол, ертеректе көбіне жасы қартаң тартқан адамдарда ғана кездесетін ауру жастарға да ауыз салған. Мамандар соңғы кезде қатерлі ісіктің жасарып кеткендігін айтып, дабыл қағуда.

Расында да, бұрындары «қатерлі ісікпен ауырады екен» дегенді құлағымыз шала бермейтін. Ал қазір үштің бірі осы дерттен көз жұмуда. Оған не себеп? Халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігінен бе, әлде экологияның нашарлап кетуінен бе? Әлде бұрын мұндай деректер ашық жарияланбайтын ба еді? Біз осы сауалдардың астарына үңіліп, мәселенің түйінді арқауын ағыту үшін онкология саласының кешегісі мен бүгіні және болашағы туралы әңгіме өрбітпекпіз. Дүниежүзінде жыл сай­ын 10 млн. адам осы дерт­ке шалдығатыны анықталса, олардың 8 мил­ли­о­ны көз жұмады екен. Әлемде бо­лып жатқан адам өлімі оқиғаларының 13 па­­йы­зы осы қатерлі ісіктің еншісінде. Мамандардың пай­ым­да­у­ын­ша, бұл көрсеткіш алдағы уақыттар­да 1,5-2 есе­ге өсуі мүмкін. Ал елімізде 30 мыңға жуық науқастың қатерлі ісікке шалдыққаны анықталған. Қазір әлемде қатерлі ісікті емдейтін түрлі дәрі-дәрмектер қолданысқа енуде. Бірақ олардың ешқайсысы обыр­ды 100 пай­ыз ем­дей ал­майтын көрінеді. Қатерлі ісікті кешенді түрде, атап айтқанда, хирургиялық тәсіл, сәулені қолдану мен химиялық те­ра­пия, сон­дай-ақ им­му­но­те­ра­пия арқылы ем­деу керек. Ал елімізде бұл дерт жы­лы­на 17 мыңнан ас­там адамның өмірін жал­май­ды де­ген де­рек бар. Қатерлі ісіктің қаншалықты қауіпті екенін осы­дан-ақ аңғара беріңіз. Қазақстанда онкологиялық ауруларға шалдығушылықтың құрылымы бойынша бірінші орында сүт безі қатерлі ісігі (12.7 пайыз) тұр. Одан кейінгі орында – өкпе қатерлі ісігі (10.4 пайыз), үшінші орынды асқазан қатерлі ісігі алып отыр (7,9 пайыз). Негізі әр адам жы­лы­на бір рет денсаулығын тек­се­ру­ден өткізіп тұрғаны жөн. Өйткені ауру алғашында біліне қоймайды. Ісік әбден өсіп, айналасындағы ағзаларды қысып, ауыр­та бастағанда ғана сезіледі. Егер ауру ер­те, І-ІІ са­ты­сын­да анықталса, 80 пай­ыз айығып ке­ту­ге мүмкіндік бар. Жа­сы 30-дан асқан әрбір адам тік ішегін, 40-тан асқан ер адам­дар жы­лы­на бір рет қуық ас­ты және қалқанша безін, өңешін, асқазанын, 35-тен асқан әйелдер 5 жыл­да бір рет жа­тыр мойнының ісігін, 50-ден асқан әйел-ана­лар екі жыл­да бір рет сүт безін міндетті түрде тексертіп тұруы ке­рек. Ауру­ды ер­те анықтап, са­па­лы ем жүргізсе, тез сауығып кетеді. Қатерлі ісік не­ден пай­да бо­ла­ды? Жалпы, ДДҰ сарапшыларының бағалауы бойынша, 30 пайыз жағдайда қатерлі ісіктің пайда болу қаупін дұрыс тамақтану, белсенді өмір салтын ұстану және шылым шегуден бас тарту есебінен алдын алуға болады. Бұдан бөлек, мамандар теріге ультракүлгін сәулелердің әсерін төмендету мақсатында солярий қабылдау санын азайту керек екендігін айтады. Мамандардың ай­ту­ын­ша, өкпе қатерлі ісігінің 35 пай­ы­зы темекі ше­гу­ден пай­да бо­ла­ды екен. Темекі түтінінің құрамында өте қауіпті зат – бен­зо­пи­рен бар. Күніне 20-30 та­лын шек­кен адам­да ол көбейіп, өкпені зақымдайды. Со­дан ісік ту­ын­дай­ды. Бен­зо­пи­рен қуық қатерлі ісігін де ту­ды­ра­ды екен. Ал өңеш қатерлі ісігі (оны халқымыз қылтамақ деп атаған) тағамды – шай­ды, кофені, май­лы сор­па­ны өте ыстық күйінде ішкеннен, қақталған, қуырылған, тұзды, ащы және қатты тамақтарға әуестіктен, тамақты әбден шай­на­май жұтудан, күйдірген май­ды бірнеше рет қолданудан пайда болатын көрінеді. Сүт безіндегі қатерлі ісік әйелдің жы­ныс мүшесінің со­зыл­ма­лы ауру­ла­ры, тұқымқуалаушылық, жиі күйзелу мен гор­мон­дар деңгейінің бұзылуынан бас­та­ла­ды. Омырау обырымен тіркелген 3 мың әйелдің 1 мыңнан астамы жарық дүниемен қоштасқан. Мамандардың айтуынша, пайда болғаны бірден білінбейтін кеселдің кесірінен көптеген келіншек ауруын асқындырып алады. Сондықтан әйелдер мүмкін бол­са сүт бездерін ай­ы­на бір рет тек­се­ру­ден өткізгені жөн. Міне, қай жағдайға қарасаңыз да қауіпті ісіктің ту­ын­да­у­ы­на өзіміз себепші бо­ла­ды екенбіз. РЕСЕЙДЕ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ НАУҚАСҚА 2-3 МЛН. РУБЛЬ ЖҰМСАЛАДЫ Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Ендігі жер­де он­ко­ло­ги­ядан бо­ла­тын ауру мен өлімді төмендету мәселесі бірінші ке­зек­ке шықпақ. Үкіметке екі ай мерзім ішінде Қазақстанда, біз жүрек-қан та­мыр­ла­ры ауру­ла­ры мәселесі бой­ын­ша жасағандай, Онкологиялық жәрдемді да­мы­ту бағдарламасын әзірлеуді тап­сы­ра­мын. Сол сияқты Ұлттық медициналық хол­динг ба­за­сын­да Ас­та­на­да қуатты Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру мәселесін де қарастыру қажет» деген болатын. Ағымдағы жылғы Жолдаудағы жүктелген міндеттерді жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Астанада онкологиялық аурулардың алдын алу әдісі ретінде елорда тұрғындарына скринингтік зерттеулер жүргізілген болатын. Санақ мәліметтеріне сәйкес, гематологиялық және онкологиялық аурулар Қазақстанда бір жастан асатын балалар арасындағы өлім, оқыс туындайтын қатер жағдайлар, өзіне-өзі қол жұмсау, жарақаттар мен автокөлік апаттарынан кейінгі екінші орында. Сонымен бірге, өлім-жітімнің ең көп жағдайы, әсіресе, ер адамдарда 61 жастан асқандарда, қатерлі ісік ауруының 3-4 кезеңіндегі адамдарда байқалады. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова «Онкологиялық аурулардың жыл сайын 30 мыңнан астам себебі пайда болады» деп мәлімдеген-ді. Оның айтуынша, онкологиялық аурулардың ерте сатысында тек 47,2 пайызы ғана анықталады. Министр ханым ұлттық онкотіркеуде 144 мың науқас тіркелгенін және әлем бойынша онкологиялық аурулар 5 пайызға өсіп тұратынын да айтты. Осылайша, елімізде бұл індеттің өршіп тұрғанын бас дәрігердің өзі мойындады. Ал мамандар аурудың дәл осы түрінің кең тарауын халықтың әл-ауқатының төмендеп, жиі күй­зеліске түсетінімен түсіндіреді. Яғни сарапшылар сөзіне сүйенсек, еліміздегі онкологиялық аурулардың күрт өршуін халықтың әлеуметтік жағдайының тым нашар екенінің көрсеткіші ретінде бағалауға болады. Министрдің айтуынша, Қазақстандағы онкологиялық аурулардың өршіп тұрғанына бірнеше нақты себеп бар. «Ең алдымен онкологиялық ауруларды емдейтін білікті маман­дардың аздығы, материалдық-техникалық базаның жетіспеушілігі, онкологиялық және амбулаториялық-емханалық ұйымдардың аздығы, заманауи диагностикалық және емдік құрылғылармен жеткілікті жабдықталмағаны, ерте диаг­ностиканың және онкосақтықтың халықта да, дәрігерлерде де заманауи технологиясының жетіспеушілігі науқастарды емделу үшін шет елге баруға мәжбүрлейді. Ол ол ма, сауықтыру көмектері мүлде жоқ», – дейді ол. Айта кету керек, елімізде онко­логиялық аурулар мәселесіне үлкен көңіл бөлініп отыр. Мемлекеттің «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасында осы аурумен күресте екі негізгі кезеңге ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, ерте диагностика мен халық арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау арқылы осы аурулардың алдын алуға назар аударылған. Алматыда өткен Обырға қарсы Дүниежүзілік күрес күніне арналған баспасөз мәслихатында Ресей мен ТМД елдеріндегі Philips «Денсаулық сақтау» секторының басшысы Владимир Габриелян: «Аурумен күрес және ауруға шалдыққандардың үлесін қысқарту өлім-жітімнің жалпы деңгейін едәуір төмендетіп қана қоймай, республикалық бюджетке тиетін салмақты жеңілдетіп, денсаулықты сақтауға кететін шығындарды азайтуға ықпал етеді. Мәселен, Ресейде онкологиялық ауруға шалдыққан бір адамға көрсетілетін медициналық көмектің орташа құны 2-3 млн. рубльге дейінгі соманы құрайды», – деді. Елімізде онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Мұндағы мақсат – онкологиялық аурулардан халықтың өлімін төмендету арқылы өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыру. Ол үшін ерте диагностикалау бағдарламаларын (скринингтерді) дамыту арқылы онкологиялық аурулардың профилактикасын жетілдіру; ғылыми негізделген тиімділікпен диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық әдістеріне қолжетімділікті арттыру; онкологиялық науқастарға оңалту және паллиативтік көмектің қазіргі заманғы жүйесін құру қажет. 2016 жылға дейін асқазан, бауыр сияқты ағзалардағы қатерлі ісікті ерте анықтаудың скринингтік бағдарламасы жүзеге асады. Жыл сайын елімізде отыз мыңнан астам адам онкологиялық ауруларға шалдықса, қазіргі тіркеуде тұрғандардың саны 140 мыңнан асқан. Медициналық көмекті қолжетімді ету мақсатында Астанада ғылыми-онкологиялық орталық салынады. Сондай-ақ, Алматы, Семей, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында бес жоғары технологиялық мекеме ашылады. Ал, ауылдық және қалалық емханаларда маммологиялық және проктологиялық, аймақтық онкологиялық диспансерлерде ам­булаторлық химия терапиясының кабинеттері жұмыс істемек. Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов: «Дүниежүзінде қандай озық технология бар, соның бәрін мемлекетке әкеп орналастырамыз. Яғни неғұрлым ертерек ісікті тапсақ, соғұрлым оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Бәрі адамның өзіне байланысты. Ертерек барып тексеріліп, дер кезінде шаралар қабылданса, өмірін ұзартуға толық мүмкіндік туа­тын болады», – дейді. Онкологиялық патологиядан өлімді 2014 жылы 100 мың халыққа шаққанда 97,2 дейін, 2016 жылы 95,5 дейін; ІІ сатыда анықталған қатерлі ісіктердің үлес салмағының ұлғаюын 2014 жылы 51,5 пайызға дейін, ал 2016 жылы 53,5 пайызға дейін төмендету көзделген. Ерте диагностикалаудың және халықтың онкологиядан сақтануының қазіргі заманғы технологияларының және дәрігерлердің жетіспеушілігіне байланысты қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың тек 46 пайызы ісік үдерісінің ерте сатыларында (І-ІІ сатылар) анықталады. Бұл пациенттердің арасында анықтау диагностиканың қымбат тұратын әдістерін қолдануды талап етпейтін көзге көрінетін жерлердегі ісіктердің деңгейі жоғары. Обырдың осындай нысандарын анықтау сәттілігі бірінші кезекте онкологиялық сақтыққа және медицина қызметкері мен пациенттің білім деңгейіне, олардың онкологиялық аурулардың даму қаупіне қатысты мінез-құлқының өзгеруіне байланысты болады. Медицина қызметкерлері үшін қатерлі ісіктерді ерте анықтау жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу, пациенттерді ақпараттандыруды жақсарту жөніндегі жобалар жалпы халықтың онкологиялық аурулар бойынша сақтану шараларының артуына мүмкіндік береді. Қатерлі ісіктерді ерте диагностикалаудың перспективалық бағыттарының бірі негізгі орындарда орналасқан обырды ерте анықтау бойынша скринингтік бағдарламалар спектрін кеңейту болып табылады. СКРИНИНГ – АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ Қазіргі таңда республикада диаг­ностикалау мен емдеудің протондық терапия, радионуклидтік диагностика мен терапия, тік ПЭТ, ағзалар мен тіндерді биотрансплантациялу, аз инвазивтік хирургия, гамма және киберпышақ түріндегі сәулелік терапия, томотерапия, верожүйелер, стереотаксис, интраоперациялық сәулелік терапия сияқты жоғары технологиялық әдістері жоқ. Онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің инновациялық, жоғары технологиялық әдістеріне қолжетімсіздік Қазақстанда онко­логиялық пациенттерді ради­кал­дық емдеу мүмкіндіктерін шектеп, олардың көпшілігін шетелдік кли­никаларға жүгінуге мәжбүрлейді. Қазіргі уақытта мемлекет әлеу­меттік мәні бар аурулармен ауы­ратын пациенттерге қолдау жасау­да. Қатерлі ісіктермен ауыратын науқастарға шетелдік клиникаларда медициналық қызметтерді ұсынуды да қамтитын медициналық тегін көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде көрсетіледі. Отандық клиникаларда онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің жоғары технологиялық әдістерінің жоқтығы пациенттерді жеке қаржысының және республикалық бюджет қаражатының есебінен шетелде емделуге баруға мәжбүрлейді. Мемлекет онкопатологиясы бар бір науқасты шетелде емдеуге орта есеппен 150000-нан 250000 шартты бірлікке дейін жұмсайды. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуаныш Шадыбайұлының айтуынша, 2013 жылдан бастап онкологиялық жәрдем бағдарламасы бойынша Қазақстанда жатыр аузы қатерлі дертінің алдын алу мақсатында 9-11 жастағы қыз балаларға екпе жұмыстары қолға алынбақшы. «Аурудың алдын алуға бағытталған шара әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Еуропаның 22 елінде, АҚШ-та, Канадада және Африканың 7 елінде жүргізіледі. Ауруды ерте баста анықтауға келетін болсақ, бүгінгі күні Қазақстанда сүт бездері, жатыр аузы қатерлі ісігінің және колоректалды ісікті ерте бастан анықтау бағдарламасы жұмыс істейді. Бұған тағы да үш нозология қосылады, ол – асқазан, бауыр және енек безінің қатерлі ісігі», – дейді ол. Сондай-ақ енек безінің алдын алу шараларының ілкі жобасы Шығыс Қазақстан облысында басталды. Келесі жылдан бастап барлық алдын алу шаралары бүкіл облыстарда кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Әлбетте, бұл аурудың алдын алып, қатерлі ісік салдарынан болатын өлім санын азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстандағы онкологиялық жәрдемді дамыту бағдарламасы Париждегі Гюстав Русси атындағы онкология институтының, Питтс­бург университетінің және Тель-Авивтегі онкологиялық орталықтың оң бағасын алды. Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-эко­номикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, 2012 жылдың наурыз айында халыққа онкологиялық жәрдем беруді дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы қабыл­данғаны белгілі. Бағдарламаның бас­ты мақсаты – скрининг жолымен онкологиялық аурулардың алдын алуды жетілдіру, диагностика мен емдеудің ғылыми тиімділігіне негізделген жоғары технологиялық тәсілдерінің қолжетімділігін арттыру және қатерлі ісік ауруымен ауы­ратын науқастарға оңалту және паллиативті көмек көрсетудің заманауи жүйесін құру болып табылады. Демек, онкологиялық аурулармен күрес барысында ерте кезде жасалатын диагностиканы же­тілдіру ісі аса маңызды. Алғашқы медициналық көмекке жүгінудің бір­қатар жағдайларында аурулар асқынған жағдайда кездеседі екен. Ол үшін скринингтік бағдарламалардың жұмысының тиімділігін арттыру қажет. Бұл шаралар бүгін де, ертең де күн тәртібінен түспек емес.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары