ОТ
ОТ
Көпен ӘМІРБЕК
«Жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан қоғамы қандай болуы керек, біздің игерілмеген қорларымыз бен мүмкіндіктеріміз қандай, сондай-ақ тағы да не жасауға болады деген сұрақтарға жауап іздеу барысында және әлеуметтік саясат нық әрі жасампаз болуы үшін Елбасымыз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына өту идеясын ұсынды. Бұл ретте Президент масылдық психология, аз жұмыс істеп, көп ақша табу һәм ауадан ақша жасауға қатысты өткір ойларын ортаға салды. Жалпы бұл психологияға әділдікке негізделген шынайы еңбек қана қарсы тұратынын ескерсек, қоғам мүшелерінің еңбек сіңіруінен бастап оның марапатқа жетуіне дейінгі жолы ел алдында өтуі тиіс. Әділ еңбек адам бойындағы толайым рухтың көрсеткіші. Дәл сондай рух қана ерік, жігерді тәрбиелеп, күшті жанып, отаншылдық сезімін қалыптастырады», – дейді Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай. Осы орайда, белгілі сатирик Көпен Әмірбек ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің азаматтық істері туралы тебірене толғаған екен.
Баяғы заманда бабаларымыздың отыратын төрі болғанмен, басатұғын мөрі болмаған. Сосын не істеген? Айтқан сөзін айғақтап ақ қағазға бадырайтып бармағын басқан. Сөйтіп ауызша куәлігін құжаттап рәсімдеген. Бұл тарихи шындық. О заманда бұ заман оқу оқып, диплом алмаған ата-бабамыз әр адамның бармағының бедері әр түрлі болатынын, бір-біріне ұқсамайтынын қалай білген десеңізші! «Мұнымен не айтқың кеп тұр?» дейсіз бе? Алда-жалда жазушы Жабал Ерғалиев бармағын баса қалса, белбеу-белбеу бедерден «Қайраткер – қаламгер» деген «мөр» түсетіні айдан анық. Бармағының бедері бар, талантының таңбасы бар екенін еңбегімен екшеп, ел көзіне түскен жігіт.
Бір адам бар – танымайсың, білмейсің. Жүріс-тұрысына қарап сырттай жек көресің. Неге? Аурасы нашар. Ескі-құсқы энергиясын қабылдай алмайсың.
Енді бір адамдар бар – танымайсың, білмейсің. Жүріс-тұрыс, кескін-келбетіне қарап сырттай риза боласың, сүйсінесің. Неге? Аурасы жақсы. Энергиясы таза. Айналасына шуақ шашып жүреді. Жабал – шуақты жігіт, қуатты қаламгер.
Елдің пікіріне екі құлағыңызды түрсеңіз елеңдейсіз. Көркем мінезіне көзіңіз жетіп, көңіліңіз көтеріледі. Ел не дейді? «Нар жігіттің бірі» дейді. «Қыз мінезді» дейді. «Асып-таспай, әдет пен тектілікті, ақыл мен парасатты тең ұстаған, жүзінен ары мен ұяты көрініп тұрған, сабырлы да салмақты, үлкенге іні, кішіге аға боларлық кеңпейіл мінезге бай, қайырымдылығы мен мейірімділігі мол» дейді. «Еңсесі тік, жанының туы жоғары, жүзі жарық» дейді. «Мінезінде пайғамбардың сабырлығы жатыр-ау!» дейді.
Осындайда қасиетті хадис еске түседі. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз Алла тағаладан:
Дүниеде кім күшті? – деп сұраса:
Кім сабырлы болса – сол күшті! – депті. Мұны атам қазақ «Сабыр түбі – сары алтын» деп қорытқан.
Әлемге әйгілі Мұқаң, Мұхтар Әуезов «Әр қаламгер әдебиетке талантымен ғана емес, мінезімен де сіңісуі керек» депті. Ұлылардан қалған ұлағатты ой бәрімізге ортақ. Сондай соқталы ойларды Жабал дос жақсы сіңірген сияқты.
Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен сері Жүнісов бір сөзінде «Жабалдың жан дүниесіндегі туған елге деген сүйіспеншілік пен құрмет, арманды мақсат пен адал ниет өзге де жігіттердің жүрегінен табыла берсе екен» деп тіледі.
Жабалмен танысқанда таудың тасын көргендей болдым. Оны осы жерге биыл тастап кетсең, келесі жылы сол жерден тауып аласың. Мұндайда қазақ «Тау қозғалса қозғалмайтын жігіт» деп айтады.
Мұның бәрі бейнелі сөздер ғана. «Жақсы сөз – жарым ырыс» қой. Дүниеде сабырлы жігіттер көп. Бірақ олардың жүрегінде от бар ма? Міне, гәп сонда. От болмаса ошақтың керегі не? Отсыз қазан қайнай ма? «Отан отбасынан басталады» дейміз. «Отан – оттан да ыстық» деді Бауыржан Момышұлы. Бата берсек те «Отың өшпесін!» дейміз. Намысты жігітпен егескен біреулерге «Ей, сен отпен ойнама!» дейміз. Ғашықтарды «Махаббаттың отына өртенді» деп жатамыз.
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып Күн болам! – деді Сұлтанмахмұт Торайғыров. Су 100 градуста қайнайды. Күннің градусы қанша? Оттың оты – Күн.
Сен жанбасаң лапылдап,
Мен жанбасам лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ? – деді Назым Хикмет. Көрдіңіз бе, тіршіліктің мәні де, дәлі де – от. Жабал – отты жігіт. Жүрегінің оты бар. Қызыл шоқтай қызып тұрады.
Жүрегінің оты болмаса қызыл империя қылышын қынабына салмай тұрған кезеңде Абылайханның 280 жылдығын Арқа өңірінде атап өту туралы мәселе көтерер ме еді? Оны естіген облыс басшылары, яғни патриоттар атойлап шығып, жүректері тоқтап қала жаздағанын білеміз.
Жүрегінің оты болмаса, қаланың қақ ортасында Ленин ескерткішін алып тастап, орнына Абылайханның тас мүсінін орнату жөнінде ұсыныс жасар ма еді? Сол тұста қоғам қайраткері, ұлт ұстазына айналған Өзбекәлі Жәнібеков ұлт үшін отқа да суға түсіп, «Алаш» үшін атылып-айдалып кеткен Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтарды ақтап алуға кіріскенде, көзі ашық, көкірегі ояу деген зиялы қауымның бірсыпырасы үзілді-кесілді қарсы шықты. Неге? Олардың жүрегінде от жоқ еді.
Жабалдың жүрегінде от болмаса қазақ үшін қан майданда мерт болып, сүйегі әлдеқашан қурап қалған Қарасай мен Ағынтай батырдың моласын іздеп тауып, басына ескерткіш тұрғызуға мұрындық болар ма еді? Жүрегінің оты болмаса Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің маңына жерленген Абылай хан атамыздың жамбасы тиген Түркістаннан бір уыс топырақ әкелер ме еді? Сол бір уыс топырақты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетаудағы Абылай хан ескерткіші ашылғанда іргесіне көмді. Сондағы ел-жұрттың еңсесі биіктеп, риза болғанын көрсеңіз…
Бір сәт шегініс жасап, профессор Қажыбай Қабыл-Фазылдың сөзінен үзінді келтірейін. «Абылай жерленген Қожа Ахмет Йассауи кесенесінен топырақ алып келу қажет деген Жабалдың ұсынысы барлығының көңілінен шыққан еді. Сол топырақты алып келуге Түркістанға кімнің баруына келіп тірелгенде қала әкімшілігі «Төре тұқымы бару керек бұған» деген пікірін ортаға салды. Басшылардың айтқанына кім қарсы шыға қоюшы еді. Сол кезде Жабал орнынан түрегеліп: «Бұған төренің баруы міндетті емес! Абылайға алты қызын беріп, адам қылған Атығай-Қарауыл! Атығай-Қарауылдың баласы бару керек бұл іске!» деп келісімді пікірін айтып, жұртты тағы бір риза еткен-ді». Иә, жүрегінің оты болмаса солай сөйлер ме еді?! Жүрегінің оты болмаса, облыс тарағанда оқырманның «көзі, құлағы, тіліне» айналған «Көкшетау» газетін жаптырмай, шыр-пыры шығып, қалалық газетке айналдыруға атсалысар ма еді?
Елдің пікірінше «Жабал аз жазады, аз жазса да саз жазады». Мәселе – шығарманың көптігінде ме? Көлемінде емес, көркемдігінде. Шығарманың шырайында.
Бір жас суретші әйгілі қылқалам шебері Янге:
– Салған картиналарым өтпейді! – деп мұңданады.
– Бір картинаңды қанша уақытта саласың? – деп сұрайды кәнігі Ян.
– Екі-үш күнде бітірем, – дейді ол. Сонда ұстаз:
– Бір картинаңды салуға екі-үш жыл жұмсасаң, екі-үш күнде өтіп кетеді! – дейді. Бұл менің «Жабал аз жазады» дегендерге айтар уәжім ғой әшейін.
Жабалдың дүниесін жан-жақты талдап жатпай-ақ, бір ғана мысал келтірейін. Айталық, иттің өмірін суреттеу арқылы қоғамдық болмысты көрсететін көркем шығарма әлем әдебиетінде некен-саяқ. Мысалы, Джек Лондонның «Ақ арлан», Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі», Чеховтың «Каштанка», Троепольскийдің «Қара құлақ ақ Бим», сондай-ақ қазақтың «Сырттан» деген ертегілері сияқты классикалық шығармалар бұған дәлел.
«Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атам айтқандай, сондай соқталы дүниелерден тәлім алған Жабал да тәп-тәуір туындыны әкелді. Оның аты – «Құмарлан». Новелла. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылда-рындағы трагедияны ит өмірін бейнелеу арқылы өз оқырманын мұңға батырады. Ойландырады. Бір сөзбен айтқанда, адамдардың иттігі мен иттің «кісілігін» кереғар баяндайды. Формасын тапқан. Әсерлі. Жабалмен тай-құлындай тебісіп өскен ақын Мұхамедия телефон шалды. Өлең жазыпты. Оқыды. Жабал досының алпыс жылдық мерейтойына байланысты бір шумағын есіме сақтап қалдым.
Дегенің хақ… Сен – ақсың,
Депутатсың, Сенатсың.
Көмбедей жатқан көміліп,
Көкейден сөздің селі ақсын.
Мен үшін Тұлпар – бір өзің,
Мен үшін Сұңқар – сен-ақсың!
Беу, ақыным бебеулейді-ау. Жабал Ерғалиев Мұхамедияға ғана Тұлпар, Мұхамедияға ғана Сұңқар ма? Ол ұлттың рухының шоғын үрлеп, елінің абыройын көтеріп қана қоймай, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген егемен елдің еңселі ері ғой.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Жабал Ерғалиұлына жедел хат жолдап, Парламент Сенатының депутаты атануымен құттықтады. Заң шығарушылық қызметінің ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында басталғанын айта келіп, «Қазақстанның Парламентінде ел болашағы үшін іргелі істер атқаратыныңызға зор сенім білдіремін» деді.
Өз елін өлердей сүйген авар ақыны Расул Гамзатов айтады: «Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке – өз үйі» дейді. Ендеше, Жабал Ерғалиұлы өмірден де, қоғамнан да өз орнын тапқан азамат.