ЖАСТАРҒА «ЖЫРТЫҚ ТІЛ» ҚАЛДЫРАМЫЗ БА?

ЖАСТАРҒА «ЖЫРТЫҚ ТІЛ» ҚАЛДЫРАМЫЗ БА?

ЖАСТАРҒА «ЖЫРТЫҚ ТІЛ» ҚАЛДЫРАМЫЗ БА?
ашық дереккөзі
271

Қазақтың қасиетті тілі – ұлт қасиетінің, берік салт-дәстүрдің нағыз белгісі емес пе?! Қашанға дейін өз тілімізді өзіміз өгейсітіп, сыртқа тебеміз?

Елбасы: «Қазақтың қазақтығының бас­ты белгісі – қазақша сөйлеуі. Үйде де, түзде де. Баласымен де, немересімен де. Досымен де, туысымен де. Бажасымен де, құдасымен де. Тек осыны жасаған адамның өзі ана тілін өркендетуге өзінің титтей де болса үлесін қоса алады», – деп толғанып айтқан болатын.

Мұны құлаққа ілгендер саусақпен санарлық. Керісінше, тілімізді өгейсітіп, босағада қалдырып, өзге тілді құрметтеп, төрге шығаратын мәңгүрттердің саны әлі азайған жоқ. Көзі қарақты, көкірегі ояу оқырмандарға мына оқиғаны айтқым келеді. Мұндай сорақылықпен бетпе- бет кездесемін деп ойламаған едім. Мен біраздан бері студенттер жатақханасында тұрамын. Бұл жерде негізінен батыс пен солтүстіктен келген студенттер орналасқан, оңтүстіктен бірен-саран бар. Менің бөлмемде солтүстіктен келген қазақтың қаракөз қыздары тұрады. Жалпы жас болсам да, қазақтың қазақпен төл тілімізде сөйлеспегеніне, өзге тілде сөйлеп, алшаң басқанына зығырданым қайнайды. Не керек, алғашқы күннен жанымдағы екі қыз қазақша білмейміз, бірақ үйренгіміз келеді деп сайрады, тілге деген кішкене де болса талпыныс­тарына қуанып қалдым. Сол күннен бас­тап, мен де жаным ашып, қазақшамды түсінбей қиналатын шығар деп бар орысшамды айтып, сөйлесіп жүрдім. Бір күні екеуінің қазақша жақсы сөйлей алатынын, бірақ арланатындарын және мен қазақша сөйлесем сықылықтап күлетіндерін көріп, намыстан күйіп кете жаздадым. Ана тілімізді қорлап, тілді ірітіп жүрген шөре-шөрелермен орысша сөйлескеніме ұялдым. Тәубә деп, бұларға қарағанда Алматым түбегейлі қазақшаланып барады екен. Мұнда басқа ұлттың өкілдері де қазақ тілін үйренуге құмар. Қазақ тілі барлық қазақстандықтардың тілегін бір арнаға тоғыстыратын мықты құралға айнала бастағанына көзіміз жетуде. Ең сорақысы, кейбір қазақтардың өзі өңір-өңір болып бөлінгенді қолдап, жастардың қолтығына су бүркіп жүр. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген, мұның алдын алмасақ, арты не боларын болжау қиын. Әрине, бұл сұмдыққа, жастардың не кінәсі бар? Үйдегі тәрбие, қала берді ұрпағын қазақша тәрбиелей алмаған, өскелең ұрпақтың болашағына балта шапқан әке мен шеше кінәлі, бәлкім жастар, өзіміз де кінәлі шығармыз. Ештен кеш жақсы, бұл мәселеде қоғам болып күресуіміз керек.

Исі қазақ халқының тілінің құдіреті сол – шашыраған қазақты бір шаңырақ астына жинап, ел етті, қазақты мемлекет етті, яғни мемлекеттің болашағы тілімізде. Өйткені қазақ тілі арқылы қазақтың шежіресі өмір сүреді. Шежіре болмаса ұлт та болмайды. Қазақты қазақ ететін атадан қалған қазақтың исі аңқитын дәстүрлердің бәрін ұмытуға жол бердік, енді бір нәрсені сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізуіміз керек. Ол құдіретті де, киелі, әлемде қазаққа ғана бұйырған, сүтпен келген ана тіліміз. Яғни қазақты қазақ ететін бірден-бір нышанымыз – Ана тіліміз. Мемлекетіміздің тұтастығы мен күштілігінің негізі де тіл. Мысалы Қазақ елін мекен ететін татар, ұйғыр, түрік, сыған сияқты ұлттар өз ана тілдерін ұмытпайды, оны айрықша қастерлейді. Тіпті өзара ана тілдерінде сөйлеп, керек десеңіз дәстүрлерін сақтап қалған. Бұл не? Қарапайым ғана жауап: жүректері ел, жер және тіл деп соғады, яғни ұлтшыл халық. Ал неге біздің қолымыздан келмейді. Өйткені біз еліктегіш халықпыз, одан қалса, қазақша сөйлеуге келгенде ұялып қалатын жалқау халықпыз. Осындайда еріксіз тіл жанашырларымыздың ашынғанда шығарған мына өлең жолдарын еске аласың:

«Көшеде бояу ерін сылқылдаған,

Былдырлап орысшалап жырқылдаған.

Ұмытып ана тілін, салт-санасын,

Не қалды тілімізде жыртылмаған?»

Сонда біз болашақта өскелең ұрпаққа мұра етіп не қалдырамыз? Анадан-мынадан жиналған не қазақ тілі емес, не орыс тілі емес «жыртық тілді» ме? Бұл ата-бабамыздың аманатына қиянат жасағандық емес пе?

«Мемлекетімізді нығайту үшін бірлік керек. Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар; Әлемде егемен Қазақстан бар; оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар, сол күнге берік сенімі бар», – деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев нық сеніммен айтып отыр. Тіл болмаса, мұндай ел де болмас еді, біз жас­тар мұндай елде өмір сүрмес те едік. Сондықтан өз ана тілімізді өгейсіткенді қояйық, қазақтың жастары!

Бахытгүл ХИБАДАТҚЫЗЫ,

студент

Серіктес жаңалықтары