931
БАЛАНЫҢ ТӘТТІ ҚЫЛЫҒЫ ТӘНТІ ЕТЕР
БАЛАНЫҢ ТӘТТІ ҚЫЛЫҒЫ ТӘНТІ ЕТЕР
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тапсырмасында жас ұрпақ тәрбиесіне баса көңіл бөлініп, ҚР Білім және ғылым министрлігіне келелі міндеттер жүктелгені белгілі. Ондағы 13-ші тапсырманың бір тармағында «Өлкетану» сияқты міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде ұсыныс жасау атап айтылған болатын. Өлкетану дегеніміз – еліміздің тарихи шежіресі мен атамекеніміздің кешегісі мен бүгіні және ертеңі. Жас жеткіншекке оны оқып-үйретуде балалар әдебиетінің алар орны айрықша. Осы ретте жақында ғана «Глобус» баспа үйінен жарық көрген балалар ақыны Арасанбай ЕСТЕНОВТіҢ «Біздің батыр бабалар» атты өлең кітабын дәл осындай танымдық әдебиеттер қатарына қосқан болар едік.
Төменде кітап авторы, балалар ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерімен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Көркем әдебиет тәрбие құралы ретінде көпшілікке ортақ ұстаз болса, балалар әдебиеті сол көркем әдебиеттің уызы деуге болады. Міне, балалар әлеміне сапар шегіп, кішкентай оқырмандарыңызға сол уыздың дәмін татқызып, бірнеше жинақтарыңызды ұсынып үлгердіңіз. Қызығы мол, табиғаты күрделі осы әлемге алғашқы сапарыңыз қалай басталып еді?
– «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, балалар әдебиетін уызға теңеуіңізге қуанып отырмын. Жұрттың бәрі балалар әдебиетіне осындай көзқараста болса ғой. Өте орынды сөз. Себебі балалар әдебиеті – жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі, демек мемлекеттігіміздің болашағы, іргетасы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген ғибратты заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов текке айтпаса керек. Ел болғысы келген ұлт бала тәрбиесін бесік жырынан, жұмбақ, жаңылтпаштардан бастайды.
Ал енді өзімнің әдебиетке қалай келгенім жайлы айтар болсам, барлық алдыңғы буын ақын-жазушы ағаларымыз сияқты біз де сол мектеп қабырғасынан бастап өлең жазуға машықтандық. Ол кезде мектептерде ай сайын шығып тұратын «Айна», «Кірпі», «Ошаған» сынды түрлі қабырға газеттері болатын. Біздер үшін бұл үлкен тәрбие құралы еді. Міне, тырнақалды туындыларымыздың тұсауы осы қабырға газеттерінде кесіліп, қаламымызды ұштауымызға көп септігін тигізді. Әрине, бұл ретте әдебиет пәнінен сабақ беретін ұстаздарымыздың ақыл-кеңестері мен бағыт-бағдарларының да көмегі ұшан-теңіз.
– Бала қиялмен, бірақ өзіңізді есейіп қалғандай сезініп жазған алғашқы өлеңдеріңіз есіңізде бар ма?
– Иә, ол кездегі балаң көңіл көк дөненнен де жүйрік әрі таңғы шықтай мөлдір еді ғой. Табиғаттың әр мезгілін әсерлене, шаттана қарсы алып, шығарып салып, мәз-мейрам көңіл күйде жүретін шағымыз. Есімде қалғаны – сондай бір әсерден туған «Жау-жау, жаңбыр» деген өлең.
Жау-жау, жаңбыр, жау, жаңбыр,
Көкке орансын көп адыр –
деп келетін. Алтыншы сынып оқып жүргенде аудандық «Өмір нұры» газетінде жарық көріп, төбем көкке жеткендей мәз болғаным бар.
– Баланың табиғатын танып, тілін табу өте күрделі жағдай. Десек те, сол қиындықтың жолын қалай таптыңыз?
– Мұның бәрі – біріншіден Жаратқан иеміздің нығметінің, яғни бойымызға дарытқан ерекше сыйының арқасы. Оған қоса, мен өзім жаратылысымнан аса балажанды адаммын. Содан да болар нәрестелер де тіпті титтейінен маған тартылып, талпынып, жақын болғанды ұнатып тұрады. Соның әсерінен болар, сәбилердің әрбір тәтті қылықтарына дән риза боламын және соларды қалт жібермей көкейге түйіп жүремін. Сөйтіп, кезі келген сәтте оны айна-қатесіз өлең жолдарына түсіруге тырысамын. Оның жолы осы. Қысқасы, Мұқағали ағамыздың өлеңін сәл өзгертіңкіреп айтсам, сәбилердің өз бойларынан алған тәтті қылықтарын бейнелеп, әрлеп өздеріне қайтарамын. Ол үшін бүгінгі жасөспірімдердің бақытты шақтарын өз кезіміздегімен салыстыра безбендеп, балалық шаққа жиі саяхат жасап тұруға тура келеді.
– Бүгінгі таңдағы жасөспірімдерге арналған өлең-жырлар мен әндердің деңгейі көңіліңізден шыға ма?
– Көңілден шығатындары да бар. Көңілден шықпай жататындары да жоқ емес. Соңғы кезде бір байқалатыны – бұл іске мектеп мұғалімдері де жиі араласа бастаған секілді. Ол заңды да. Түрлі игі шаралар мен тәрбие сағаттарына қажетті өлеңдер мен ән-жырлар табыла бермейді. Міне, осындайда ұстаздарымыздың қолға қалам алуларына тура келері сөзсіз. Өкінішке қарай, бұл талпыныстың барлығы бірдей дерлік сәтті бола бермейді. Айтайын деген ойы жап-жақсы да, көркемдігі сын көтере алмайды. Себебі ол кісілер өткізілер шараның мазмұны мен тақырыбына баса мән береді де, жазған дүниесінің көркемдік деңгейін естен шығарып алады. Осыдан келіп, ұйқасы нашар, көркемдік деңгейі төмен дүниелер туындайды. Алдымен бұл дүниелер әдістемелік журналдарда жарық көреді. Одан соң сол күйінде ешбір өңдеусіз жинақтарға енгізіледі. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Бұл өлеңге қойылар талапты төмендетіп, киелі өнеріміздің құнын түсірмесе, абырой әпермейтін жайт. Тым болмаса, жинаққа ұсынар алдында әлгі кісілер өз туындыларын белгілі балалар ақындарына көрсетіп, өңдетіп алса, артық болмас еді-ау.
– Жалпы, республикалық болсын, теле-радио арналардан өтіп жатқан балалар байқауларында болсын, жасөспірім өнерпаздар үлкендерге арналған әндерді көп орындайды. Байқаған да боларсыз. Осының себебі неде деп ойлайсыз?
– Оныңыз рас. Шырылдап, титтей балалар қайдағы бір ауыр романстарды орындап тұрғанда, қараптан қарап аяйсың. Біздің білуімізше (музыкант болмасақ та), кішкентайларға, әсіресе, өтпелі кезеңдегі жасөспірімдерге бұл өте зиянды нәрсе. Ертеңгі күні баланың жаратқан иесі берген әп-әдемі дауысынан айырылып, жарымжан болып қалмасына кім кепіл?!. Баланың дауыс мүмкіндігін білгісі келсе, олардың жас мөлшері мен мүмкіндіктері ескеріліп, арнайы жазылған әндер толып жатқан жоқ па? Бұл да әсірешілдіктің, бәсекелестіктің бір көрінісі іспетті-ау, сірә. Атақ, абырой басқа да, жас ұрпақтың денсаулығы бір басқа ғой. Алғашқысы қолдың кірі іспетті уақытша, өтпелі нәрсе де, соңғысы ешқандай байлыққа сатып ала алмайтын асыл қазына.
– Бүгінде әдебиетке қадам жасап келе жатқан жас ақындар өте көп, ал олардың ішінен балалар ақындарын байқау қиын. Бұл жайында ойланып көрдіңіз бе?
– Ойланғанда қандай. Құдайға шүкір! Қазақ поэзиясы, оның ішінде балалар поэзиясы шырқау шыңға шығып келеді десек, артық айтқандық болмас. Балалар әдебиетіне бет бұрар жастар аз деген жалпылама сөзге де келіспеймін. Қазір ештеңенің байыбына барып жатпастан сырттай тон піше салу, болмаса біреулердің осындай пікірін қостай салу жаман әдетке айналып бара жатқандай ма, қалай өзі. Ел аман, жұрт тынышта, қазақ елінің Бауыржан Оспановтай жомарт жүректі перзенттері тұрғанда, балалар әдебиетінің көш керуені ешқашан тоқтамайды да, тоқырамайды да. Оған бір ғана дәлел – жеті-сегіз жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Дарабоз» бәйгесі. Осы Халықаралық конкурстың барысын қалт жібермей бағамдап отырған әдебиетсүйер жан жоғарыдағыдай пікірге қосылмас еді. Балаларға арналған шығармалар конкурсының тек биылғы 2012 жылғы қорытындысының өзі – қарасайлық мектеп түлегі Мейіржан Жылқыбай, арқалықтық студент Елдос Тоқтарбай, Еңбекшіқазақ ауданынан жас ұстаз Мира Сембайқызы, жезқазғандық инженер-технолог Ернұр Сейдахмет сынды төрт жаңа есімді әдебиет әлеміне танытты. Ал бәйге жариялана бастаған жеті жыл ішінде балалар әдебиетіне келіп қосылған жаңа есімдер саны оннан асып жығылады. Атап айтатын болсақ, олар: Ж.Есейұлы, Д.Мамырбаева, К.Оразбекұлы, А.Мұхибек, Асхат Өмірбаев, Әлібек Байбол, Гүлжан Абирова, Бейбіт Сарыбай, Алтынай Амангелді сияқты тағы басқа да жас таланттар, балалар әдебиетінің болашақ көшбасшылары. Демек, бұл – балалар әдебиеті де, оның жас сарбаздары да жоқ емес, бар және өсіп, өніп, дәстүрлі көш керуенді алға тартып келеді деген сөз.
– Сіздің 1987 жылы жарық көрген «Баянжүрек баурайында» деген кітабыңыз бар. «Баянжүрек» туып-өскен ауылыңыздың аты ма?
– «Баянжүрек баурайында» – екінші кітабым. Бұл кітаптың атын марқұм Сайын Мұратбеков ағамыз қойып еді. Баянжүрек – біздің ауылдағы таудың аты. Шопанның ұлы болғандықтан, бүткіл балалық шағым осы таудың баурайында өтті. Сондықтан да болар мен үшін бұл таудың әр тасы, әр қолаты, әр бастауы өте ыстық.
– Бүгінгі таңда өзіңіз басшылық жасап, еңбек етіп жатқан баспаңыздың «Баянжүрек» аталуының сыры да осында екен ғой.
– Әрине. Аты да, заты да әдемі киелі тауымыз тұрғанда баспамызға басқалай ат іздеп әуре болып қайтейік.
– Баспаларыңыздан қандай кітаптар шығады?
– Баспаның негізгі ұстанған бағыты – балабақша бүлдіршіндерінен бастап, мектеп оқушылары мен студенттерге дейінгі жас ұрпаққа халқымыздың салт-санасы мен әдет-ғұрпын жеткізу, сөйтіп оларға халықтық педагогика негізінде тәлім-тәрбие беру, яғни ата-салтын ұмыттырмау, соған ұйытқы болу. Бұл бағытта жарық көрген «Жігіттің үш жұрты», «Наурыз тойы», «Үйлену тойы», «Тілашар», «Біздің батыр бабалар» сынды кітаптарымыздың атынан-ақ байқау қиын болмас деп ойлаймыз.
– Сіз проза мен поэзия тізгінін қатар ұстаумен бірге ән де шығарады екенсіз. Әндеріңіз де балаларға арналған ба?
– Жоқ. Мен бұл міндеттің тізгінін білікті маман, астаналық белгілі жас композитор Айсұлу Тани қарындасыма бергенмін. Екеуміз төрт-бес жылдан бері шығармашылық одақтамыз. Екеуміз бірлесіп, «Таудай болып өсеміз» деген кітап та шығарып үлгердік. Әлі де атқарып жатқан шаруаларымыз аз емес. Алла жазса, куәгер боларсыздар. Ал өз әндерім негізінен лирикалық жанрда.
– Екінің бірі өлеңді де, әнді де жаза бермейді. Бұл өнер тегіңізде бар болғаны ғой…
– Оныңыз рас. Әкеміз де, анамыз да оқи алмай қалғандары болмаса, өнерге жақын жандар еді. Той-томалақтарда жанынан суырып салып, бірер шумақ өлең айтып жіберу – ол кісілер үшін көп қиындық тудыра қоймайтын ды. Менің алдымдағы екі ағайым да жас кездерінде өлең жазумен айналысқан. Бірі тіпті аудан көлемінде ақындар айтысына да түсіп, біраз жыл аудандық газет редакциясында әдеби қызметкер де болды.
– Шығармашылық әрі шабыттың адамы болғандықтан, сұрағым келгені, Сіз қай тақырыпқа бара алмай жүрсіз?
– Бара алмай жүрген жанрымның бірі – роман, содан кейін драма. Бір сүйекті романның тақырыбы да, дайын сюжеті де көкейімде жүргелі қашан. «Сананы тұрмыс билеген» мына заман бәрін жиып қойып, алаңсыз жазуға отыруға мұрша берер емес.
– Қолына қалам алып, әдебиетке бет бұрып, өлең патшалығын қызықтап жүрген жасөспірімдермен кездесіп тұрасыз ба?
– Жас қаламгерлермен, жиі болмаса да, кездесіп тұрамыз. Олардың қатарында мектеп оқушылары мен студент жастар да бар. Жазғандарын көрсетіп, ақыл-кеңес сұрап тұратын жастар баршылық, Құдайға шүкір.
– Жас ұрпаққа тілеріңіз?..
– Жаһандану заманының балаларына керегі тек білім, білім, тағы да білім. Елдігіміз бен ерлік дәстүрімізді жалғастырып, қазақ ұлтын сақтап қалу үшін тек білікті де білімді, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып өсу шарт. Сол себепті жастарға тілерім де сол: қазақы имандылық, инабаттылық, сабырлылық, жоғары біліктілік пен мәдениеттілік.
Сұхбаттасқан
Гүлнұр ОМАРХАНҚЫЗЫ