ҚОС ҚҰРЛЫҚТЫ ЖАЛҒАҒАН ҒАЛАМАТ ЖОБА

ҚОС ҚҰРЛЫҚТЫ ЖАЛҒАҒАН ҒАЛАМАТ ЖОБА

ҚОС ҚҰРЛЫҚТЫ ЖАЛҒАҒАН ҒАЛАМАТ ЖОБА
ашық дереккөзі
239

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі басталардан бұрын суреттегі жобасын көргенде «шіркін, мына жолмен жүрген де арманда, жүрмеген де арманда шығар» дегенбіз. Сол кездері «бұл жоба орта жолда қалып қоюы ықтимал деп» деп көршілес Орталық Азия, Кавказ елдері, тіпті әлем жұртшылығы қызығып та, қызғанып та қарап, әртүрлі пікірлер айтып жатты. Дегенмен дүние жүзіндегі беделді банктер мойын бұрып, құрылысты қаржыландыруға ықылас білдірген-ді. Осылайша алып үш елдің территориясын басып өтетін бұрын-соңды болмаған ірі жол құрылысы басталып кетті.

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі басталардан бұрын суреттегі жобасын көргенде «шіркін, мына жолмен жүрген де арманда, жүрмеген де арманда шығар» дегенбіз. Сол кездері «бұл жоба орта жолда қалып қоюы ықтимал деп» деп көршілес Орталық Азия, Кавказ елдері, тіпті әлем жұртшылығы қызығып та, қызғанып та қарап, әртүрлі пікірлер айтып жатты. Дегенмен дүние жүзіндегі беделді банктер мойын бұрып, құрылысты қаржыландыруға ықылас білдірген-ді. Осылайша алып үш елдің территориясын басып өтетін бұрын-соңды болмаған ірі жол құрылысы басталып кетті.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ма­гистралін қайта салу Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы қолға алынды. Батыс пен Шығысты жалғастыратын сауда магистралі «Ұлы Жібек жолын» бес ғасырдан соң қайта жалғастыруды Елбасы өзі ұсынған болатын. Көлік саласындағы маңызды да ірі жобалардың бірі ретінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автомобиль дәлізін қайта салу Қазақстан үшін транзиттік әлеуетті жандандырумен қатар, оңтүстік және батыс өңірлердің сенімді көліктік байланысын құруға мүмкіндік беретіндігі белгілі.

Бүгіндері Қазақстан алып құрылысқа бел шеше кірісіп кеткен. Қазір құрылыс жұмыстары Ақтө­бе, Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары­ның 34 учаскесі бойынша жүргі­зілуде. Еліміздегі бейбітшілік пен татулықты байқаған шетелдік қаржыгерлер де ақша төгуден аянып жатқан жоқ. Мега-жобаны қаржыландыруға әлемнің алпауыт бес қаржылық құрылымы қызығушылық танытып, ойланбастан қаржы құюға ықыластарын білдірді. Жобаның қазақстандық бөлігіне Дүниежүзілік банк, Еуропа Қайта құру және Даму банкі, Ислам Даму банкі, Азия және Жапония Даму банктері инвестиция бөлген. Азия Даму банкі алғашқыда бір жолға деп 760 миллион доллар берсе, Дүниежүзілік банк 2 миллиард 150 миллион доллар көлемінде орасан зор қаржы құйған. Бір елдің бір құрылысы үшін осындай қаржы бөлу бұл банктің тарихында болмағанын айта өтейік. Осыған қарап-ақ Қазақстанның және мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың беделін бағамдай беруге болады.

Енді жолға қатысты деректерді сөйлетсек. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің жалпы ұзындығы 8445 шақырымды құрайды. Оның ішінде, Қазақстан Республикасынан — 2787, Ресей Федерациясынан — 2233, Қытай Халық Республикасынан 3425 шақырым жол өтеді. Дәліздің негізгі бағыттары мынадай: Санкт-Петербург-Мәскеу-Нижний Новгород-Қазан-Орынбор-Ақтөбе-Ырғыз-Арал-Қызылорда-Шымкент-Тараз-Қордай-Алматы-Қорғас-Үрімші-Ланьчжоу-Чженчжоу Ляньюньган.

Байқағанымыздай, дәліз Қазақстан бо­йынша бес облыстың үстімен жүреді. Барлығы 2452 шақырым жол қайта жаңартуға жатады (Ақтөбе – 358, Қызылорда – 812, ОҚО – 418, Жамбыл – 495, Алматы – 339 шақырым). Айта кету керек, осы бағыт бойында орналасқан 5 облыста шамамен 7-8 миллиондай халық тұрады екен және бұл республика халқының жартысы. Мамандардың пікірінше, аталмыш ірі жобаның арқасында өңірлердегі экономиканың дамуы қарқын алып, ішкі сыртқы сауда дами түседі. Жұмыс орындары ашылады. Ғаламдық көлік компаниялары қазақстандық нарыққа шоғырлана бастайды. Еуропадағы және әлемдегі сияқты көлік нарығында қатаң бәсекелестік қалыптасады. Көлік кешені дамып, халықаралық байланыс күшейеді, бұл экономиканың одан әрі дамуына серпіліс беретін көрінеді. Мамандар сондай-ақ, бұл дәліз арқылы Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Еуропа елдері арасындағы жүк тасымалының шамамен 80 пайызы Қазақстан арқылы өтетін болады деп жобалауда. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, бүгінде транзиттік жолы бар елдер жылына 1 триллион доллар көлемінде табыс табады екен. Демек, біздің елдің жүк тасымалындағы үлесі қомақты болмақ.

Жалпы, жобаны іске асыруға 27 мың адам тартылған. Яғни осынша адам жұмыспен қамтамасыз етілді деген сөз. Айта кету керек, осы жоба бойынша бүгінде 200-дей компания жұмыс істеуде. Оның бірі тамақпен қамтамасыз етсе, екіншісі жұмысшылардың киім-кешектерін жуады, енді бірі ауызсумен, сүтпен қамтамасыз етеді. Себебі жол салатын үлкен компаниялар мұндай ұсақ-түйек шаруамен айналыса алмайды. Бүгіндері халықаралық автожол дәлізінің құрылысындағы отандық өндірушілердің үлесі 86 пайызды қамтып тұр. Себебі шағыл тас, қиыршық тас өз елімізден алынады. Жол қауіпсіздігіне қатысты жол белгілерін орнату, жарықпен қамту қызметін де төрт жылдан бері өзіміздің өндірушілер ұсынуда. Жол таңбалайтын сыр бұған дейін Белоруссиядан әкелініп келсе, енді ол сыр Алматы мен Павлодарда өндіріле бастаған. Жол құрылысына екі түрлі цемент пайдаланылады. Бірі бетонға, екіншісі жол қабаттарына төселеді. Жол құбырларына, көпірлерге «Шымкент цемент зауытының» цементтері жарайтын көрінеді. Ал сапалы цемент Өзбекстаннан да әкелініп жатыр екен. Себебі көпірдің арқалықтарына жоғары сапалы цемент пайдаланылады. Ал ол цемент бізде өндірілмейді. Сондай-ақ Жамбылда өндірілетін қиыршық тас та Батыс Еуропа-Батыс Қытай жолына салуға жарамайды. Ол тастың суыққа төзімділігі мен қаттылығы талапқа сай емес екен.

Жол құрылысына тартылатын адамдар­дың өзі төрт санатқа бөлінеді. 1-санатқа басқарушы менеджерлер, 2-санатқа жоғары білімді мамандар, 3-санатқа техника операторлары, тракторшылар кіреді, олардың орташа білімі мен кәсіптік мамандығы болуы тиіс. Ал 4-санатқа мамандығы жоқ әртүрлі жұмысты атқаратын жұмысшылар кіреді. 2-3 санат бойынша 7,5 мың адамды шетелден әкелуге квота берілген екен. Қазіргі таңда жұмысқа қабылданған 27 мың адамның 424-і ғана шетелдік азаматтар. Олар – компьютерлік бағдарлама техниканың арнайы операторлары, басшылар, геодизистер, ағылшын тілінің аудармашылары.

Таяуда Көлік және коммуникация министрлігі, “Қа­зақстан” теле-радио корпорациясы және Қазақстан автокөлік жолшылары қауымдас­тығы осы “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық магистралі бойымен арнайы ақпараттық шеру ұйымдастырды. “Жаңа Жібек жолы” деп аталған бұл ақпараттық шеру 23 қазанда Қызылордада басталғанын айта кеткен жөн. Елімізге танымал қоғам қайраткерлері, әртістер және БАҚ өкілдерінен құралған ақпа­раттық шеруге қатысушылар үш күн ішінде салынып жатқан ха­лықаралық көлік дәлізі бойымен 1000 шақырымнан астам жол жүріп өтті.

Халықаралық көлік дәлізінің Қызылорда облысы бойынша өте­­тін учаскесінің жалпы ұзын­дығы 812 шақырымды құрайды. Басқа өңірлермен салыстырғанда, бұл қайта салу жұмыстарын жүр­гізу көлемі бойынша ең үлкен учаске. Құрылыс­қа 5 бас мердігер және 20 қосал­қы мердігер ұйым­дар қатысып, оған 22624 жұмыс­шы тартылған. Олардың ішінде 15686 құрылыс­шы – жергілікті тұрғындар болса, 6658-і – Қа­зақ­стан­ның басқа өңірлерінен келгендер. Ақпараттық шеруге қатысу­­шы­лар “УАД” ЖШС битум зауытының, “Тодини” итальяндық құ­рылыс компаниясының жұмысы­мен танысты.

Ақпараттық шеру екінші күні қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін аралаумен жалғасты. Тарихи ескерткішті аралаған соң шеруге қатысушылар өз сапарларын жол бойымен жалғастырып, қазіргі уақытта цемент-бетон төсеу жұмыстары жүргізіліп жатқан корей учаскесінде болды. 24 қазанға дейін Түркістан–Шымкент учаскесінде 119 км цементті-бетон төселіп үлгерген.

Жалпы, бұл аса ауқымды көлік дәлізінің Оңтүстік Қазақстан облысының аймағымен өтетін учаскесінің ұзындығы 418 км.-ді құрайды. Осы жылы 142 шақырым жол құрылысын аяқтау жоспарлануда. Көлік және коммуникация министрлігі, Автокөлік жолдары комитеті Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің директоры Арман Қайырбеков атап өткендей, қазіргі уақытта 30 көпір мен 13 жол өтпелерін тұрғызу жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе, Түркістан қаласының маңындағы 12 аралықтан тұратын жол өтпесіне баса назар аударған жөн. Оның құрылысымен «Дена Рахсаз» компаниясы айналысып жатыр екен. Бұл жол өтпесі тарихи-мәдени ескерткіштердің орталығы саналатын Түркістан қаласы арқылы өтетін жүк транзиті көліктерінің ағынын азайтуға мүмкіндік береді.

Оңтүстік Қазақстан облысынан кейін ақпараттық шеруге қатысушылар Жамбыл облысына қарасты Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының маңындағы учас­кеге табан тіреді. Мұнда «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 40 шақырымы ел игілігіне берілді. Мердігер мекеме жұмысты межелі уақыттан 4 ай бұрын бітіріпті. Салтанатты шараны ақпараттық шеруге қатысушылар ашты. Жалпы, халықаралық көлік дәлізі Жамбыл облысының 495 шақырымын қиып өтеді. Cоның 40 шақырымы осылайша толыққанды қолданысқа беріліп отыр. Құрамында қоғам қайраткерлері мен сахна саңлақтары бар топ салынған жол сапасын өз көздерімен көрді.

Айдын МАЙУСОВ, «Қазақ­жол­құрылыс» серіктестігінің техникалық менеджері:

– Тынымсыз жұмыстың нәтижесінде міне, 40 шақырымды тапсырып отырмыз. Бұл тек қана Жамбыл облысында ғана емес, Қазақстан аумағында тапсырылған бірінші учаске болып табылады. Барлық учаске 90 км., біз оны келесі жылдың аяғына қарай аяқтаймыз.

«Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халық­аралық көлік дәлізіне мыңдаған жергілікті жұрт жұмысқа тартылды. Ендігі міндет – құрылысты 100 пайыз отандық өнімдермен қамтамасыз ету. Әзірге бұған мүмкіндік болмай тұр.

Замир САҒЫНОВ, Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:

– Жол құрылысында 86% – қазақстандық өнімдер, ал 14%-ы шет елден келетіндер. Осы өнімдердің ішінде битум Ресейден келеді. Одан соң битумға, цементке қосатын қоспалар бар. Келесі жылы Ақтау битум зауы­ты іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Егер іске асса, отандық өнім 90-95 пайызға жоғарылайды.

Халықаралық дәліз болашақта ақылы болуы мүмкін. Алдын-ала жорамал бо­йынша жеңіл көліктерге шақырымына 1 теңге болмақ. Нақты жобасын келесі жылы автокөлік жолдары комитеті бекітпек.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары