ЖАЛЫНДАҒАН ЖАСТАРДЫҢ ЖАРҚЫН ҮНІ ЕСТІЛСЕ...

ЖАЛЫНДАҒАН ЖАСТАРДЫҢ ЖАРҚЫН ҮНІ ЕСТІЛСЕ...

ЖАЛЫНДАҒАН  ЖАСТАРДЫҢ    ЖАРҚЫН ҮНІ ЕСТІЛСЕ...
ашық дереккөзі
402
«Нұр Отан» ХДП-ның жастар қанаты «Жас Отанның» республикалық ІІ съезі өтетін күн де алыс емес. 16 қараша күні өтетін съезге еліміздің Президенті, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысады. Осыған орай, қазір республиканың бірқатар аймақтарында съез алдындағы шаралар басталып кетті. Еліміз бүгінде өзінің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды кезеңінде тұр. Ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдардай емес, бүгінде Қазақстан еңсесін тіктеп, жарқын болашаққа қарай қадам басқан. Ал жарқын болашақтың иесі – жастар болары сөзсіз. Өйткені бүгінгі жас – ертеңгі елдің тіреуі. Бүгінде жастар түрлі салалардағы инновациялық жобалар мен түрлі технологияларды енгізуге бейімделген жандар. Және олар білім мен идеялардың негізгі бас­тамашылары болып табылады. Олар елдің болашағы әрі негізгі стратегиялық ресурстары деу асырып айтқандық емес. «Жас Отан» – 2020 жылға дейінгі Стратегиясын жасады Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде елдің ең ірі жас­тар ұйымы – «Жас Отан» жастар қанатына 2020 жылға дейінгі Стратегиясын әзірлеуді тапсырған еді. Стратегия жобасын әзірлеу үшін жұмысшы тобы құрылған. Жұмысшы тобы құрамына белгілі қоғам қайраткерлері мен жастар ұйымдарының басшылары, қоғамдық ұйымдардың белсенділері мен ғалымдар, жас спортшылар, кәсіпкерлер мен саясаттанушылар енген еді. Аталмыш құжатқа басымдық беру үшін еліміздің бүкіл аймақтарының жастар өкілдерінен ұсыныстар жиналды. Осының арқасында бұл құжат жан-жақты, белсенді жастарға жазылған құжат болып шықты. Осы себепті де, «Жас Отан» ЖҚ Стратегиясын жеке жас­тар ұйымының құжаты ғана деп емес, бүткіл қазақстандық жастардың бағдарламалық құжаты деп айтуға да негіз бар. Стратегия жобасы барынша серпінді, терең талқыланған, өзінің көптеген аспектілерінде Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасымен байланысып отыр деуімізге де болады. Бұл құжат жастарымыздың барлық мақсатты топтар бөлігінің мүдделеріне жауап бере алады. Жаңа Стратегия – бұл ұзақ мерзімді мақсаттардың декларациясы ғана емес, жаңғыртудың ауқымды міндеттерін іске асыру жөніндегі іс-әрекеттер басшылығы. Дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан уақытта алдағы іс-әрекеттердің жаңа басымдықтары мен міндеттерін анықтап алу да қажеттілік. Ел алдында тұрған міндеттерді шешу үшін барлық жастарды жұмылдырған абзал. Бұл жоба жастардың базалық әлеуметтік мәселелерін, оның ішінде сапалы білім алудың қолжетімділігі, жұмысқа орналасу мәселелері мен материалды қамтамасыздық деңгейін көтеру, денсаулық жағдайы, тұрғын үй мәселелері мен әлеуметтік инфрақұрылым жағдайын жоспарлы түрде шешуге назар аударады. Аталмыш жоба «Жас Отан» жастар қанатының съезінде ұсынылатын болады. Бұл жобаның қабылдануы немесе қабылданбауын съезд делегаттары шешетін болады. Алматылық жастар бас қосты Жуырда «Жас Отан» Жастар қана­тының Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінде «Жас Отан» Жастар қанаты Алматы қалалық филиалының кезекті V есептік-сайлау конференциясы болды. Аталмыш конференцияға «Нұр Отан» Ха­лық­тық Демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасының бірін­ші орынбасары К. Матыжанов, Алматы қалалық Мәслихатының депутаты Б. М. Оспанов, Алматы қалалық Жастар саясаты жөніндегі басқармасының бастығы С. О. Боқаев, «Жас Отан» Жастар қанаты Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы А. Б. Халбеков қатысты. Сонымен бірге, қалалық мәслихат депутаттары, Үкіметтік емес ұйымдар мен Жас­тар ұйымдарының көшбасшылары да конференцияда бас қосты. Бүгінгі жастардың әлеуметтік жағдайы да конференциядан тыс қалмады. Жас­тарды толғандырған басты мәселелерді жастардың өзі ортаға салды. Жас делегаттар бұл төңірегінде келелі пікірлер айтып, өздерінің көкейінде жүрген ойларын ортаға салды. Шешімі жоқ мәселе болмайтыны тағы белгілі. Бүгінгі жастардың көкейінде жүрген басты мәселелердің бәрі конференция барысында сөз болды. Жастар ортақ шешім шығаруға тырысты. Жас сарапшылардың форумы Астана төрінде де жастардың басын біріктірген арнайы форум өтті. Форумды ұйымдастыруға мұрындық болған Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен «Qaznetexpert» Қазақстан сарапшылар желісі. Бұл форумның басты мақсаты – Қазақстанның әр аймағынан келетін жас саясаттанушылар мен әлеуметтанушылардың шығармашылық жағынан дамуына мүмкіндік туғызу, 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жас­тар саясатының Тұжырымдамасының Жобасын талқылауға салу болғаны белгілі. Аталмыш форумда жастар ғана бас қосқан жоқ. Жас сарапшылардың форумына Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, құзырлы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, саясаттану мен әлеуметтану мамандықтарының студенттері, магистранттары, докторанттар және жоғары оқу орындардың жас оқытушылары, сондай-ақ еліміздің әртүрлі сараптамалық құрылымдарының өкілдері қатысты. «Жас Отан» жастар қанатының республикалық ІІ съезі қарсаңында өт­кізілген форумда жастар саясатын қолдау, тұжырымдама жобасын бекіту болғаны белгілі. Жиында жастармен Мәжіліс депутаттары, құзырлы мемлекеттік органдардың қызметкерлері де өз ойларын ортаға салды. Бүгінгі жастарымызды мазалап жүрген не нәрсе? Қандай түйткілді мәселелер бар? Форумда жастар осы сауалдардың жауабын іздеуге тырысты. Лев Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінде өткен бұл жиын «Жастар саясаты – 2020: мүмкіндіктері мен болашағы» тақырыбына арналған еді. Аталмыш пленарлық отырыстан кейін сая­саттанушылар мен әлеуметтанушылар саласындағы жетекші сарапшылары жастарға мастер-класстар ұйымдастырды. Онда жастар арасында қазіргі кезде белең алған әлеуметтік желілер туралы, ғылыми жобаларды сараптау мәселелері талқыға салынды. Сонымен бірге «Жастар саясаты және сөз мәдениеті» тақырыбындағы семинар-тренингін өткізді. 74946-дағы ашық есік күні «Жас Отан» жастар қанатының рес­публикалық ІІ съезінде «Жас Отан» ЖҚ 2020 жылға дейінгі «Жастар-Отанға» стратегиясы қабылданатыны белгілі. Қазір аталмыш құжатты талқылау қызу жүргізілуде. Осы орайда, жақында Қызылорда қала­сындағы 74946-әскери бөлімшесінде мектеп оқушыларының қатысуымен әскери-патриоттық бағытта ашық есік күні болып өтті. Бұл жобаның басты мақсаты – «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ 2020 жылға дейінгі «Жастар-Отанға» стратегиясын талқылау ғана емес, жастарымыздың бойында патриоттық тәрбиені қалыптастыру. Мектеп қабырғасында білім алып жүрген жасөспірімдерге «Алғашқы әскери дайындық» пәні арқылы олардың әскери өмірге деген қызығушылығын ояту. Бұл жастарымызға үлкен сезім мен патриоттық әсер береді. Әрі олардың мамандық таңдауына да өз мүмкіндігін беретін болады. Аталмыш Стратегияда көрсетілген: «жастарда аға ұрпақтың батыр­лық және жауынгерлік дәстүр­леріне негізделген маңызды рухани-иман­дылық және әлеуметтік құндылық ретінде азаматтылықты, патриотизмді дамытуға; жастардың санасы мен сезімінде патриоттық құндылықтарды, көзқарастар мен сенімдерді, елдің мәдени және тарихи өткеніне деген құрметті орнықтыруға; жастарды, оның ішінде әскери қызметті өткеріп жүрген жастарды біртұтас әскери-патриоттық тәрбиелеу жүйесінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін тетіктің жасалуына жәрдемдесуге; жас ұрпақтың Қазақстанның мем­лекеттік рәміздеріне — туға, елтаңбаға, әнұранға деген құрмет сезімін орнықтыруға; әрбір жас азамат пен оның Отаны – Қазақстан Республикасының тағдыры ортақ екенін сезінуді өзіміздің басымдығымыз ретінде жариялауға; жастардың тәуелсіздікті қор­ғау және ұлттық мемлекеттілікті нығай­ту жөніндегі барлық күш-жігеріне жан-жақты қолдау көрсетуге; біздің басты байлығымыз – тәуелсіздікке, жерге, бірлік пен руханилыққа ұқыптылықпен қарау сезімін тәрбиелеуге; елдің экономикалық, саяси қауіпсіздігі мен рухани егемендігін одан әрі нығайтуға жәрдемдесуге; жастарды өз білімін, дағдыларын, қабілетін, кәсібилігі мен бәсекеге қабілеттілігін ұдайы жетілдіріп отыруға бағдарлауға ниеттіміз» деген нақты бағдарлама бар. Бұл мақсаттар сапалы орындалып, нәтижелі жұмыстар арқылы ұрпақ сабақ­тастығын жалғастырар болса, онда жас­тарымыздың арасында партиоттық сезімнің артуына өз септігін тигізер еді. Әрі патриот, отаншыл жастардың көбеюі – тәуелсіздігіміздің тұғырын мығым етері сөзсіз. Жастар саясаты туралы заң орындалып жүр ме? Жастарымыздың қоғамдағы орны мен саяси, әлеуметтік құқықтары туралы аз жазылып жүрген жоқ. Рас, әр үш-бес жыл сайын жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатады. Тіпті, ол бағдарламалардың жүзеге асырылуы үшін бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінетіні де белгілі. Бірақ бұл бағдарламалар жастарымыздың бойындағы барлық түйткілді шешуге оң нәтижесін тигізіп жүр ме? Біздің елімізде жұмыссыз жүрген жастар қаншама?! Қалай дегенде де жұмыссыздардың басым бөлігін жастар мен әйелдердің құрайтыны тағы рас. Олай дейтін болсақ, мемлекетіміз жастарды жұмыспен қамтуды толыққанды орындап отыр деп айта аламыз ба? Соңғы кездері БАҚ беттерінде жас­тар арасындағы қылмыстың көбейіп бара жатқаны туралы да аз жазылып жүрген жоқ. Міне, қараңызшы, 2012 жылдың 8 айында жалпы республика бойынша қылмыс саны 57,1 пайызға артқан екен. Мұның арасында жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттері артып отыр. Жастардың өз-өзіне қол жұмсауы да кемімей тұр. Нақты статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы 7-29 жас аралығындағы 1175 жас өз өмірін қиған. Ал нашақорлық ше? Елімізде наша­қорлыққа салынған жастар аз ба? Рес­публикалық ғылыми-практикалық орта­лығының мәліметтеріне қарағанда, өткен жылдары нашақорлар саны 54793 адамға жеткен екен. Бір ғана Алматының өзінде жыл сайын 1400 жаңа нашақор анықталатын көрінеді. Ең қауіптісі, нашақорлыққа салынып жүргендердің көбі 30-ға толмаған жас­тар мен жасөспірімдер. Жастар арасындағы маскүнемдік де жойылмай тұр. Арақ ішіп, темекі тартуға әуестеніп бара жатқан жастар да табылады. Жас отбасылардың жиі ажырасуы, жасанды түсік жасату – мұның бәрі еліміз үшін ең бас­ты бас ауруына айналып барады. Жалпы, жастардың жеңіл жүріске әуес болуы, өз өмірін өзі қиюы, қылмыскер атануының түп негізінде не жатыр? Ол отбасындағы тәрбиенің жоқтығынан басталмай ма? Отбасында тәрбие көрмеген бала қалай патриот болып ержетеді. Ол бала Отанын қалай сүймек? Осы уақытқа дейін мемлекеттік жастар саясатын жүргізудің тұрақты және тиімді механизмі жасалмаған сияқты көрінеді. Бұл жастардың саяси белсенділігінің төмендеуіне әкеліп соқтырары белгілі. Бүгінде елімізде қаншама жастар ұйымдары бар. Олар нақты қандай жұмыстармен айналысуда? Оның қаншауын жастарымыз біледі, білмейтіні қаншама? Деректерге сүйенсек, еліміздегі 16-29 жас аралығындағы жастар саны 4 миллионнан асып жығылады екен. Бұл жалпы халықтың 30 пайызы дейтін болсақ, жұмысқа қабілетті 8,5 миллион халықтың 60 пайыздан астамын құрайды екен. Жастарымыз үшін негізгі мәселенің бірі – баспана екені белгілі. Рас, жас отбасыларға баспана беріледі деп заңда көрсетілген. Бірақ ол қаншалықты жүзеге асырылуда? Нақты қанша отбасы пәтерге ие болды? Жас отбасылар пәтерге ие болса, онда неге «жетім бұрышты» жағалайтын жастарымыздың саны кемімей отыр?! Көкейде түйткіл көп. Біз қозғап отырған бұл мәселелердің көбі «Жас Отан» ЖҚ Стратегия жобасында көрсетілетіні сөзсіз. Сонда ғана нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік туар еді. «Жас Отан» жастар қанатының республикалық ІІ съезі қарсаңында жас­тарымызға бірер сауал қойғанбыз. Сонымен: – «Жас Отан» жастар қанатының съезі өтетін күн алыс емес. Съезден не күтесіз? Нұрлан Сыдықов, «Жас Отан» ЖҚ Атқарушы хат­шы­сының міндетін атқарушы: – Өздеріңізге белгілі болғандай, 16 қарашада Астана қаласының «Сарыарка» велотрек кешенінде «Жас Отан» Жас­тар қанатының II Съезі өтеді. Съезге дайындық жұмыстары тек қана Астанада емес, еліміздің барлық аймақтарында қызу жүргізілуде. Облыстық, қалалық, аудандық бөлімшелерде «Жас Отан» ЖҚ конференциялары өткізілуде. Қазақстанның барлық аймақтарындағы конференцияларда жас­тар толғандыратын мәселелер кеңінен талқылануда. Ашық алаңдардағы ең басты сұрақ – «Жас Отан» ЖҚ 2020 жылға дейінгі стартегиясы сұрыпталуда. «Жас Отан» ЖҚ ІІ Съезінің басты сұрағы – 2020 жылға дейнігі «Жас Отан» ЖҚ Стратегиясын қабылдау. Жаңа Стратегия – бұл ұзақ мерзімді мақсаттардың декларациясы ғана емес, жаңғыртудың ауқымды міндеттерін іске асыру жөніндегі іс-әрекеттер басшылығы. Сондықтан бүгін біз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, алдағы іс-әрекеттеріміздің жаңа басымдықтары мен міндеттерін анықтаудамыз. Стратегияға сәйкес біз ел алдында тұрған міндеттерді шешу үшін барлық жастарды жұмылдырамыз. Осы тұрғыда біз алдағы он жылдықта стратегиялық басымдықтарымызды анықтаймыз. Съездің ендігі бір басты ерекшелігі – Елбасы, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуы. Бұл деген жастардың Елбасының сөзінен болашаққа деген бағыт-бағдар алуына мүмкіншілігі болады деген сөз. Еліміздің барлық аймақтарынан келген жастар үшін бұл еліне қызмет етуге жаңа серпін, күш-жігер береді деген сенімдеміз. Арман Халбеков, «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы: – «Жас Отан» жастар қанаты еліміздің өзекті мәселелерін шешуде белсенді роль атқарып, Отанымыздың көркеюіне де өзіндік үлесін қосып келеді. Жуырда өтетін республикалық ІІ съездің біз үшін маңызы жоғары. Өйткені аталмыш съезге ҚР Тұңғыш Президенті, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қатыспақшы. Сонымен қатар, бұл съезде «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі стратегиялық жұмыс жос­пары қабылданады деп ойлаймын. Аталған жобаға еліміздің әр түрлі аймақтарынан жастар мәселелеріне қатысты ең үздік тың ұсыныстар мен идеялар түсті. Сондай-ақ аталмыш жобаға «Жас Отан» жастар қанатының Алматы қалалық филиалы да өз ұсыныстарын ұсынған еді. Жаңа заман жастарының сұраныстарына сай, олардың ақпараттық технологияларды еркін меңгерулеріне барынша жағдайлар жасауға тиіспіз. Жастарымыз әр саланың локомотиві болуы үшін «Жас көшбасшылар мектебі» жобасын ұсындық. Бақытжан Нарымбетов, «Жас Отан» ЖҚ Атқарушы хатшы­лығының сарапшысы: – «Жас Отан» жастар қанатының II съезі еліміздің жастар саясатындағы елеулі оқиға. Өйткені бұл жерде елі­міз­­дің басты партиясының жастар қа­натының алдағы 8 жылға арналған басты құжаты – Cтратегиясы қабылдануы жоспар­ланып отыр. Сонымен қатар Ел­­басының қатысуымен өтетін әрбір үлкен іс-шарада жаңа бастамаларға жол ашылады. Мы­салы, «Жас Отанның» алғашқы съезінде «Дипломмен – ауылға!», «Жастар кадр­лық резерві», «Жастар – Отанға» жо­ба­лары өз бастауын алды. Яғни Елбасы осы жастар құрылтайында да жастар саясаты саласында жаңа, тың идеяларды ұсынып, жаңа жобаларға жол ашатындығы сөзсіз. Биыл жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жастар мәселелеріне қатысты тапсырмалары, Жастар ісі жөніндегі комитеттің құрылуы, сонымен қатар қоғам тарапынан жастар саясаты заңы мен тұжырымдамасына қызығушылық таныту – осының бір айғағы. Нұрбол Бакиров, «Жас Отан» ЖҚ Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық филиалының атқарушы хатшысы: – Үстіміздегі жылдың 16 қарашасында Астана қаласында Елбасының қатысуымен «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ ІІ Съезі өтеді. Съезд жұмысы барысында «Жастар-Отанға» атты 2020 жылға дейінгі «Жас Отан» ЖҚ стратегиясы қабылданады. Маңызды құжат қабылданған сәттен бастап мемлекеттік жастар саясатының одан әрі кең етек жаюына ықпал ететіні сөзсіз. Алдағы уақытта «жасотандықтарды» серпінді жобалар мен нәтижелі жұмыстар күтіп тұр. Ел дамуы жолында жастар аянып қалмайды деп білемін. Съезд жұмысына сәттілік тілеймін.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары