«Халықтық IPO» : ХАЛЫҚҚА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК
«Халықтық IPO» : ХАЛЫҚҚА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК
Халыққа арналған «Халықтық ІРО» бағдарламасы қарапайым азаматтарға қаншалықты тиімді? Қаржылық тәуекелге толы қор нарығына шекесі шылқыған байлар мен «қалтасы тесік» ағайын бірдей қызыға ма?
ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов өткізген Үкіметтің кезекті отырысында «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыру барысы жайлы мәселе қаузалды. Бастысы, «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларын құнды қағаздар нарығына бағыттау болатын. Соңғы жылдары халық арасына кеңінен насихаттала бастаған «Халықтық ІРО» ұғымы аса таңсық емес. Елдің барынша кең құлақтана бастауына еліміздегі ең ірі деген кәсіпорындар акцияларын сатылымға шығару да сеп болған. Үкіметтік отырыста да осы мәселенің жан-жақты талқыға салынуы сондықтан. Әрі аталған бағдарламаның тиімді түрде жүзеге асырылуы, халық пен қатысушы компанияларға тең дәрежеде тиімді болуы, қарапайым азаматтарға арналған бағдарламаны «жұмыртқадан жүн қырқатын» пысықайлардың пайдаланып кетпеуі мемлекет үшін аса маңызды. Осы құжатты іске асыруды ҚР Президенті Н.Назарбаев «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына тапсырған. Осыған орай «Самұрық-Қазына» Қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев үкіметтік отырыста бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқаны жайлы Министрлер кабинеті алдында есеп берді. Оның айтуынша, 2015 жылға дейін жалғасатын әлеуметтік жоба арқылы Қазақстан азаматтары еліміздегі ең ірі кәсіпорындар акцияларын сатып алуға құқылы. Яғни «Халықтық ІРО» бағдарламасы отандастардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға септігін тигізуі шарт әрі отандық құнды қағаздар нарығын дамытуға ықпал етеді. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры 2015-2020 жылдар аралығында барлық компаниялардың акцияларын қор нарығына, оның ішінде халықаралық қор нарығына шығаруды мақсат етіп отыр. Басты мақсат – сырттан қосымша қаражат тарту және отандық кәсіпорындардың тиімділігін көтеру.
«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Өмірзақ Шөкеев отырыс барысында «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде «ҚазТрансОйл» АҚ (ҚТО) акциялар пакетін қор нарығына орналастыру жөнінде, ұлттық компания акцияларын орналастырудың құрылымы, олардың саны мен құны, сондай-ақ, ІРО-ны өткізудің мерзімдеріне қатысты мәселелерді де жан-жақты түсіндіріп берді. Өйткені құнды қағаздар нарығына ең бірінші болып «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары жол тартқалы отыр. Халық арасында арнайы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде аталған кәсіпорын «Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша қор нарығына шығарылуы тиіс алғашқы кәсіпорын ретінде шешілген. Соңғы бір жыл көлемінде жүргізілген дайындық жұмыстары да еңбекті еш кетірмеуге сеп.
Үстіміздегі жылдың 29 қазанында бағдарламаны іске қосу мақсатында «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесі өткізген жиналыста «ҚазТрансОйл» АҚ жариялаған қарапайым акциялар құны, көлемі және орналастыру құрылымы бекітіліпті. Сонымен кәсіпорынның қарапайым акциясының біреуі 700-750 теңгеге бағаланған. Ө.Шөкеевтің мәлімдеуінше, құны халықаралық UBS және «ҚазКоммерцСекьюритиз» халықаралық компанияларының ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырған көрінеді. Аталған екі компания «ҚазТрансОйл» құнын толығымен бағалап шыққан екен. Кеңесшілердің қорытынды есебіне сәйкес, «ҚазТрансОйл» акционерік капиталының 100 пайыздық құнын бағалау 18 пайыздық дисконтты пайдаланғаннан кейін 250 млрд. теңге немесе 186 млн. долларға теңгерілген. Қор басшысы акцяларды сату барысында Қазақстан Республикасының азаматтарына басымдық берілетінін жеткізді: «Инвесторлар арасында басымдық бөлшек инвесторларға беріледі. Яғни, Қазақстан Республикасының азаматтарына. Осыдан кейін Жинақтаушы зейнетақы қорларының өтініштері қанағаттандырылады». Бірақ «ҚазТрансОйл» акцияларын бастапқы орналастыру шеңберінде бөлшек инвесторлармен сатып алу үшін қолжетімді акциялардың көлемі шектеулі болады. Анығырақ айтқанда, бөлшек инвесторлардың өтінімдері шамамен 7 млн. теңге көлемінде қанағаттандырылады екен. Үкіметтік отырыста Ө.Шөкеев акцияларды сатып алуға өтініш кітабын 2012 жылдың 6 қарашасына дейін ашып, 2012 жылдың 5 желтоқсанына дейін жабуды және 12 желтоқсанға дейін есептесуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Акцияның құнына көпшіліктің көңілі толып отыр. Мәселен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаевтың пікірінше, «ҚазТрансОйл» АҚ-ға тиесілі акцияның өз керегінше сатып алу қарапайым халыққа өте тиімді: «Бір акцияның құны 750 теңгеге бағалануы қолайлы баға деп ойлаймын. Үстіміздегі жылдың 6 қарашасынан бастап акцияға жазылу басталады. Сол уақыттан бастап Қазақстанда брокерлік шотыңыз ашық болса, тиісті көлемде «ҚазТрансОйл» АҚ-ның акцияларын сатып алуға жазылу бір ай бойына жүреді. Содан кейін 14 желтоқсанға дейін есептеулер жүреді. Қазақстан азаматтары акция бағасынан басқа брокерлік қызметтер үшін алынатын комиссияның болатындығын назарда ұстағаны жөн. Сондықтан азаматтар өздерінің инвестицияларының сомасын анықтай келе, яғни акцияларды сатып алу кезінде оның тиімділігін ескергені жөн. Мәселен, брокерлік комиссияның ең төменгі ақысы 500 теңге екенін ескергенде, болашақ табыстың есебінен ол шығынды ақтау үшін кем дегенде 5-10 акция сатып алуы қажет». Апта басында, яғни 6 қарашада акция сатып алу процесіне кіріскен белсенді ағайын поштадан шот аша бастады. Осы орайға пікір білдірген «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әркен Арыстанов: «Бүгінде азаматтар «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысу үшін жинақтаушы шоттарды аша бастады. Біз 3 мыңнан 300 мыңға дейін салымшы болады деп жоспарлап отырмыз. Біздің жүргізген сауалдарымызға сәйкес, олардың барлығы «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларын сатып алады деу қиын. Дегенмен олар қызығушылық танытып, компаниялардың нарыққа қашан шығатыны туралы мәліметтерді сұрастырып жатыр», – дейді.
ІРО (ағылшын тілінде InitialPublicOffering) – кез келген бір компанияның акцияларын сату үшін білдіретін ұсыныс. Бұл жерде «бастапқы» сөзі сол компанияның өз акцияларын сатылымға бірінші рет шығаратынын көрсетеді. Ал акция – дивиденттер түрінде акционерлік қоғамға тиесілі пайданың бір бөлігін алуға, сондай-ақ, акционерлік қоғамды басқаруға және компания таратылған жағдайда қалған мүліктің бір бөлігін иемденуге құқық беретін бағалы қағаз. Акция қарапайым және артықшылыққа ие деп екіге бөлінеді. Биржадағы сауда-сатыққа жіберу үшін акциялар листинг рәсімінен өткізілуі тиіс. Акциялар сауда-саттыққа қатысуда ең қолжетімді әрі ұзақ мерзімге қаражат тартуға, компанияның құнын арттыруға, қарыз алу құнын азайтуға эмитентке, яғни, құнды қағаз иесіне мүмкіндік береді.
Мемлекеттің азаматтарға ұсынып отырған «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүргізудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, табысты компаниялар акцияларын иелену олардың дамуы мен өсуінен пайда алуға жағдай жасайды. Бұл акциялардың бағасы ұлғайған кезде де дивиденттер төлеу есебінен де жүреді. Екіншіден, «Халықтық ІРО» қор нарығының дамуына ықпал етеді. Жетекші кәсіпорындардың акцияларын сатып алу мүмкіндігін бере отырып, мемлекет инвесторлар шеңберін кеңейтеді. Акцияларға деген сұраныстың өсуіне сеп болады. Осының нәтижесінде қор нарығының, яғни құнды қағаздар нарығының дамуына оң әсер етеді. Үшіншіден, «Халықтық ІРО» барысында тартылған қаражатты мемлекеттік компаниялар өзінің одан ары дамуына, активтер сатып алуға, өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге инвестициялайтын болады.
Қазақстанда «Халықтық ІРО» бағдарламасына «Самұрық-Қазына» Қорынан 400-ден астам ықтимал деген үміткерлер қарастырылыпты. Қойылған талаптарға сәйкес, бағдарламаға деген дайындықтардан бастап, қаржылық көрсеткіштерін, корпоративтік басқару деңгейі және олардың әр кезең сайынғы кестесінің листингі ескерілген. «Халықтық ІРО» әдетте қаржылық дағдарыс кезінде емес, қолайлы экономикалық жағдайларда өткізіледі. Қазақстанда халықтық ІРО-ны экономикалық өрлеу толқынында өткізу жоспарланып отыр. Біздің еліміз әлемдік қаржы дағдарысы кезеңінен табысты өтті. Халықаралық қаржы қорының болжамдары бойынша, Қазақстанда 2011 жылы Ішкі жалпы өнімнің өсуі шамамен 6 пайызға тең. Бұл көрсеткіш Ұлыбритания, Германия, Жапония немесе Ресейдің көрсеткіштерінен жоғары.
Бүгінгі таңда отандастар акциялар сатып алуға аса құлшынып отырған жоқ. Өйткені арнайы жүргізілген зерттеулер Қазақстан азаматтарының қор нарығында құнды қағаздарға инвестиция құю мүмкіндігі туралы ақпараттардан қажетті деңгейден құлақтанбағанын көрсеткен. Есесіне, адамдар қолдағы артық ақшасын екінші деңгейлі жекеменшік банктерге депозит ретінде салады, жылжымайтын мүлік сатып алады немесе үйлерінде сақтағанды жөн көреді. Әрине, қор нарығы арқылы адамдар пайдаға шаш-етектен кенеледі деп ешкім кепілдік бере алмайды. Үнемі кіріс болады деу де қиын. Өйткені ауа райы секілді мың құбылатын қор нарығы тәуекел мен қаржылық қауіпке толы. Одан мол пайда табу немесе қаржылық тұрғыда шығынға ұшырау да әбден мүмкін. Яғни кез келген бір компанияның акциясын сатып алған инвестор тәуекелге бел бууға мәжбүр – сатып алған акция бағасы өсіп шарықтауға да, күрт төмендеп, арзандауға да бейім. Бұл – «тәуекел түбі – желқайықты» ұнататын қор нарығының заңдылығы. Акциялардың құны бірнеше себептерге байланысты төмендеуі мүмкін. Біріншіден, кәсіпорын өндіретін тауарларға деген тұтынушылық сұраныстың төмендеуі, екіншіден, компанияның тиімсіз басқарылуы, үшіншіден, елдегі саяси ахуалдың тұрақсыздығы, төртіншіден, жер сілкінісі, сел, яғни, табиғи апаттар, бесіншіден, техногендік апаттар… Осылайша себептер тізімі созыла береді. Сондықтан да Қазақстан Үкіметі аталған тәуекелдерді ескере отырып, азаматтарға қаржылық ахуалы тұрақты да, кепілдікті компаниялардың акцияларын ұсынғалы отыр. Айрықша ескеретін жайт, еліміздегі бейбітшілік пен келісім, ұлт пен ұлыс арасындағы татулық, саяси жағдайдың тұрақтылығы, Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы ұлттық компаниялар құнының өсуіне, анығында, «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысуға ниетті инвесторлар үшін мол табысқа қол жеткізуге сеп болмақ.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырыла бастаған «Халықтық ІРО» бағдарламасының негізгі мақсаты – еліміздегі жетекші компаниялар қол жеткізген табыс пен жетістікке қарапайым халықты да ортақтастыру. Басқаша айтқанда, елдің әлеуметтік ахуалының жақсара түсуіне оң ықпал ету. Белгілі бір кәсіпорынның акционері атанған азамат сол компанияның сеніміне кіріп, ондағы кірістің бір бөлшегін өзі иемдену құқығына ие болады. Осының бәрін Үкімет мүшелері алдында тізбектеп берген «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының жетекшісі Өмірзақ Шөкеев аталған бағдарламаның басымдықтары мен артықшылықтарына да тоқталды: «Біріншіден, «Халықтық ІРО» бағдарламасының арқасында отандастарымыз бен зейнетақы қорлары алдыңғы қатарлы компанияларды иеленеді. Экономиканың дамуына үлес қосады. Қор нарығы дамиды. Экономикалық секторды басқару сапасы жақсарады. Екіншіден, «Халықтық ІРО» шеңберінде ұсынылған компаниялар – тұрақты. Оларға өндірістік, инфрақұрылымдық, стратегиялық маңызы бар активтер жатады. Үшіншіден, «Халықтық ІРО» тиімді. Халықтық акционер дивиденд түрінде табыс алады. Сонымен қатар акцияларын сатуға құқылы». Оның айтуынша, жобаға қатысу қиын емес. Тек брокерлік компаниямен шарт жасассаңыз жетеді. Шартты тікелей брокерге барып немесе «Қазпошта» және «Қазақстанның Халық банкі» АҚ бөлімшелерінде жасауға болады: «Ал «Самұрық-Қазына» қоры өз кезегінде жобаны тиімді атқаруға мүдделі».
Үкіметтің отырысты қорытындылау барысында Премьер-министр Серік Ахметов «Халықтық ІРО» бағдарламасының басталуы арқасында отандастарымыздың еліміздегі ең ірі деген қаржылық құрылымдарға қаражат инвестициялауға мүмкіндік алғанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол орталық және жергілікті басқару органдарының басшыларына республиканың түкпір-түкпірінде аталған бағдарламаны кеңінен насихаттауға нұсқау берді: «Бүгін «Халықтық ІРО» бағдарламасын іске қосып отырмыз. Алдын ала үлкен дайындық жұмыстары жасалды. Ұйымдастыру, техникалық, қаржылық жұмыстар жүргізілді. Халықаралық сарапшылар мен кеңесшілердің, қаржы институттарының қатысуымен көптеген мәселелер шешімін тапты. Елімізде мұндай бағдарлама алғаш рет жүргізілгелі отыр. Оның сәтті іске асырылуы халықтық белсенділігі мен үгіт-насихат жұмыстарының дұрыс жүргізілуіне байланысты болмақ. Қазақстандықтар жинаған қаржыларын жылжымайтын мүлікке ғана емес, заманауи қаржы институттарына инвестициялау мүмкіндігіне ие болып отыр».