ҚАЗАҚСТАН ӘДЕБИЕТІ ҚЫТАЙ ТІЛІНДЕ
ҚАЗАҚСТАН ӘДЕБИЕТІ ҚЫТАЙ ТІЛІНДЕ
Қазақстан әдебиеті (бұл арада Қазақстан әдебиеті деп Қазақстандағы негізгі тұлға – қазақ ұлтының әдебиетін айтып отырмыз) сонау ХХ ғасырдың 40-жылдарында Қытай тіліне аударылып, еліміздің оқырмандарына кеңінен таныстырыла бастаған. Айталық 40-жылдардың соңын ала әйгілі жыр алыбы, ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың (1846-1945) шығармалары Қытай тіліне аударылып жарияланған. (Төменде аталатын шығармалардың аттары Қытай тілінен аударылғандықтан, түпнұсқадан парықты болуы мүмкін). Қытай Халық Республикасы (КХР) құрылғаннан кейін, оның «Мемлекет қорғанысы халық коммисариатына мадақ», «Даңқыңды жырлаймыз», «Алғадай туралы әрбір ой», «Жамбылдың халық үшін қалған жасы», қатарлы өлеңдері «Кеңестер одағының Ұлы Отан соғысына арналған өлеңдерден таңдамалылар», «Бейбітшілік туын көтеруші» сияқты аударма жинақтарына енгізілген және «Аударма» кейін «Әлем әдебиеті», «Поэзия журналы» қатарлы беделді басылымдарда жарық көрген. Бұл арада мынаны ерекше ілтипатпен атап өткіміз келеді: Жамбыл Жабаевтың «Алғадай туралы әрбір ой», «Жамбылдың халық үшін қалған жасы» сияқты өлеңдерін еліміздің әйгілі шетел әдебиеті маманы, заңғар аудармашы, атақты ғалым, профессор Гы Баучуан мырза аударған. Гы Баучуан мырза және Жамбыл Жабаевтың «Мен жүз жасаған бәйтерекпін» деген туындысын аударған. Бұл шығарма ең әуелі «Аударма» журналының 1957 жылғы 11-санында жарияланып, кейін, яғни 1982 жылы Сычуан халық баспасы шығарған. «Шетел прозаларынан таңдамалылар» атты жинаққа енгізілген. Жамбыл Жабаевтың өлеңдері елімізде жеке жинақ та болып шыққан: 1952 жылы «Мәдени өмір баспасы» Жамбыл Жабаевтың «Сталин үндегенде» атты өлеңдер жинағын басып шығарған. Ал, Шаңхай «Әдебиет-өнер біріккен баспасы» 1955 жылы Жамбыл Жабаевтың бұл жинағын тағы басып шығарған.
1950 жылы көрнекті жазушы Ғабиден Мұстафинның (1902-1984) «Миллионерлер» деп аталатын романы Қытай тіліне аударылып Халық әдебиеті баспасы, «Дәуір баспасы» және «Мәдени өмір баспалары» жағынан жарық көрген. Оның тағы бір туындысы «Ашық аспан» 1951 жылы Шаңхай «Дауылпаз» баспасынан шыққан.
1954 жылы еліміздің «Балалар-жасөспірімдер баспасы» әйгілі жазушысы Сәбит Мұқановтың (1900-1973) «Өткен күндер» атты шығармасын басып шығарған. 1958 жылы, оның «Тыңдағы толқындар» атты кітабы «Халық әдебиеті баспасынан» жарық көрді. 1958 жылы көрнекті ақын әрі ғалым Әбділдә Тәжібаевтың «Жамбыл» атты кітабы «Өнер баспасынан» басылып шықты.
Жалпы Қазақстан әдебиеті туралы сөз қозғағанда, ұлы жазушы, ғұлама ғалым, әйгілі драматург, талантты аудармашы, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) туралы тоқталмау мүмкін емес. Қазақстанның ХХ ғасырдағы жалпы мәдениет құрылысында Мұхтар Әуезовтің ұстайтын орны тым ерекше. Ол Абайтану ғылымының ірге тасын қалаушы әрі оны тың белеске көтеруші, сонымен бірге ол әдебиет сыны, әдебиет тарихы, «Манас» тану т.б.салаларда еңбегі ұшан-теңіз, шын мәніндегі ғұлама ғалым. Ал, оның әдеби шығармашылық саласындағы еңбегі мен қол жеткізген табысы тіпті қомақты. Әдеби шығармашылықта Мұхтар Әуезовтің уәкілдік шығармасы 4 кітаптық роман-эпопея – «Абай жолы». Бұл шығарма Қазақстан әдебиетіндегі классикалық туынды, ол әлемде көптеген тілдерге аударылған. Бұдан сырт, Мұхтар Әуезов көптеген аса құнды, үздік, көркем әдеби шығармалар жазған: Мысалы, «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу», «Қилы заман», «Қараш-қараш уақиғасы», «Көксерек» т.б. Мұхтар Әуезовтің басты шығармасы, әлемдік даңққа ие роман-эпопея – «Абай жолы» 2004 жылы қытай тіліне аударылып жарық көрді. Бұл кітапты Қытай тіліне аударған аудармашы Қабай мен Гау Шүнфаң, кітапты «Ұлттар баспасы» басып шығарды. Бұл – Қытай мен Қазақстан екі ел арасында мәдениет алмасу тарихындағы елеулі уақиға, аса маңызды жұмыс болмақ. 50-жылдары еліміз газет-журналдарында және басқа беделді жинақтарда Мұтар Әуезов туралы таныстырулар және Мұхтар Әуезовтің өз шығармашылығы туралы жазылған мақалалары жарияланған. 1959 жылы 16 маусымда «Гуаңжоу күнделік газетінде» Ли Йуй-дің «Әуезов – 1959 жылғы Ленин әдебиет-өнер сыйлығының иегері» атты мақаласы жарияланды. Мұхтар Әуезовтің өзінің әйгілі тарихи роман-эпопеясын қалай жазғандығы жөнінде сыр шертетін. «Менің тарихи романым» атты мақаласы «Кеңестер одағы жазушыларының шығармашылық тәжірибелері туралы» атты жинаққа енсе, қаламгердің «Менің тарихи романым «Абай» және «Абай жолы» туралы» деген мақаласы «Әдебиет теориясы кітаптар тізбегінің екінші бөліміне енген.
1954 жылы, еліміздің «Балалар-жасөспірімдер баспасы» «Қазақтың халық ертегілері» атты кітапты, 1959 жылы «Гүлдер әдебиет-өнер баспасы» Қазақ халық ертегілері» атты кітапты шығарған, 1958 жылы «Шинжяң халық баспасы» көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Адам жөнінде жыр» деп аталатын кітабын шығарған.
1978 жылы желтоқсанда Қытай реформа жасау, ашылу дәуіріне өткеннен кейін, Қазақстан әдебиетін аудару, таныстыру жағында да көп ілгерілеушілік болды. Әрине, бұл жұмыстар соңғы жылдарға дейін, яғни Кеңестер одағы ыдырағанға дейін біртұтас әдебиет деп қаралып келгендігі, бұрынғы Кеңестер одағы әдебиетін аудару, таныстыру және зерттеу жұмысы шеңберінде жүргізіп келгендігі белгілі. Енді осы барыста Қытай тіліне аударылған туындылар тізіміне тоқталайық.
«Орыс-Совет әдебиеті» атты әдеби журналдың 1981 жылғы 3 санында көрнекті жазушы Дүкенбай Досжановтың «Асуда» деген әңгімесі, Ланжоу қаласында шығатын «Фей-тян» журналының 1982 жылғы 7-санында белгілі жазушы Қалдарбек Найманбаевтың «Көңіл» атты әңгімесі, «Бянсай» журналының 1984 жылғы 2-санында талантты жазушы Сайын Мұратбековтің «Қонақ» атты әңгімесі, Қытай жазушылар одағының басқаруындағы «Аз ұлттар әдебиеті» журналының 1984 жылғы 5-санында белгілі ақын, жазушы Аманжол Шамкеновтың «Шапақ» атты әңгімесі, «Іле айдыны» журналының (қытай тіліндегі) 1988 жылғы 2-санында жазушы Дүкенбай Досжановтың «Бұлақ бойында» деген әңгімесі, «Аз ұлт жазушылары» журналының 1986 жылғы 5-санында белгілі жазушы Оралхан Бөкеевтің (1942-1993) «Көк тайынша» атты әңгімесі, осы журналдың 1986 жылғы 2-санында жазушы Қанат Жойқынбековтің «Сатиралық әңгімелері», «Аз ұлт жазушылары» журналының 1990 жылғы 5-санында көрнекті жазушы Сәтімжан Санбаевтың «Ақ ару ана» атты тамаша әңгімесі жарияланды. Бұл жерде мынаны ерекше атап өтуге тиістіміз: «Аз ұлт жазушылары»журналының 1991 жылғы 2-санында әйгілі ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бір топ өлеңі қаламгер жөніндегі қысқаша таныстырумен қоса жарияланған. Осы журналдың 1992 жылғы 2 санында Қасен Қожахметовтың «Жарияланбаған бір шағын туынды» деп аталатын сатиралық шығармасы, осы журналдың 1986 жылғы 3 санында К.Баймұқановтың «Соққы» атты детективтік повесі, 1986 жылғы 4 санында әйгілі жазушы Тахауи Ақтановтың «Түйе сауған аңызы» деп аталатын әңгімесі, «Батыс Қытай әдебиеті» журналының 1998 жылғы 11 санында жас жазушы Алдан Смайыловтың «Бұлақ» атты әңгімесі, Ляу-ниң өлкесінің орталығы Шыняң қаласында шығатын «Маңжұң» атты әдеби журналы 1992 жылғы 8 санында әйгілі жазушы Сайын Мұратбековтің «Қылау» атты әңгімесі, (аударған Шәріпқан Әбдәлиұлы) «Луй-жоу» журналының 1996 жылғы 6-санында Дидахмет Әшімхановтың «Тана көзін сүзгенде» деп аталатын әңгімесі «Қонаққа шақыру» деген атпен жарияланды.
Бұл арада ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлы шығармаларының елімізде аударылып, таныстырылуы жөнінде тоқталмаса болмайтыны түсінікті. «Аударма» журналының 1955 жылғы тамыз айындағы санында Мұхтар Әуезовтың «Абайдың халықтығы және реализм» деп аталатын ғылыми мақаласы жарияланды. Бұл мақаланың қытай тілінде шығатын беделді басылымда жариялануының маңызы ерекше зор. Журналда Абайдың «Ескендір» поэмасы қоса жарияланған, оны аударған Сібе ұлтынан шыққан аударушы Қабай, 1958 жылы «Халық әдебиеті баспасы» «Абай поэмаларын» басып шығарған, аударушы Қабай. 1982 жылы «Шинжяң халық баспасы» «Абай өлеңдерінен таңдамалыларды» шығарды. Бұл кітаптың да аударушысы Қабай. 1984 жылы «Шинжяң халық баспасы» Абайдың «Ақылиясын» басып шығарған, ал 1993 жылы «Ұлттар баспасы» «Абай шығармаларының толық жинағын» басып шығарған, бұл кітаптың аударушысы Қабай.
1993 жылы ЮНЕСКО 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерей тойын атап өту жөнінде шешім шығарғаны баршаға аян. Бұл – ұлы Абайдың бүкіл әлемге ортақ ұлы ақын, ойшыл ретінде танылуы еді. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 150 жылдық мерей тойына байланысты еліміздің бас газеті «Халық газеті» (1994 жылы 30 қараша) және «Сәуле газеті» (1994 жылы 2 сәуір), сондай-ақ «Қытай мәдениет газеті» қатарлы басылымдарда арнаулы мақалалар жарияланып, Абай шығармашылығы, оның еңбектерінің мәні мен құндылығы, ЮНЕСКО-ның Абайдың 150 жылдық мерей тойын өткізу шешімі туралы кеңінен тоқталған. 1995 жылы Қытай тілінде шығатын «Іле айдыны» журналы танымал жазушы Әкпәр Мәжитұлы аударған Абай қара сөздерінің бір тобын жариялаған. Ал осы жарияланған Абай қара сөздерінің ықшамдалған бір бөлімі беделді, елімізде оқырманы ең көп басылымдардың бірі «Дужы Уынжай» («оқырман талғамы») атты журналдың 1995 жылғы 11 санында жарияланған. Ал «Ұлттар баспасы» ЮНЕСКО-ның қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, танымал ағартушысы, қазақтың таяу заман жазба әдебиетінің ірге тасын қалаушы Абай Құнанбайұлының дүниеге келгендігінің 150 жылдығын еске түсіру қимылына атсалысу үшін «Абай ақылияларының» қытай тіліндегі нұсқасын түпнұсқасымен қоса шығарған. «Бұл кітапты алдымен еліміздің Дұң ұлтының жазушысы, аудармашы Су Жоу-шиұң мырза орыс тілінен аударды. Одан соң еліміздің әйгілі қазақ жазушысы, аудармашы Әкпәр Мәжитұлы қазақша түпнұсқасына сай аударып бекітті және түсіндірмелер берді. Бұл аударма түпнұсқаға адалдығымен, дәлдігімен, тілінің қуатты да көркемдігімен, жатық та әсемдігімен бірден көзге түседі. Абай шығармаларының (қара сөздерінің) өзіндік ерекшелігін беру, түпнұсқаның терең ойлылығы мен айшықты да бірегей стилін біршама жақсы жеткізе алған деп айтуымызға толық негіз бар. Осы тұрғыда, бұл кітаптың жарық көруі Қытай мен Қазақстан арасында мәдениет алмасу тарихындағы елеулі уақиға әрі еліміз аударма тарихындағы бірегей жұмыс деуге болады. Демек, бұл арнайы зерттеуге, үлкен әңгіменің тақырыбы болуға татитын өрелі аударма.
Көркем әдебиет пен мәдениеттің әр ел, әр ұлт халқының бірін-бірі жете танып түсінісуі үшін ұлы дәнекер әрі көпір болып келгендігі бесенеден белгілі. Өйткені, ол жалпы адамзатқа ортақ рухани байлық болып табылады. Сондықтан онда шекара болуға тиісті емес. Күннен-күнге ашылып бара жатқан, әрі күннен-күнге кішірейіп бара жатқан мына әлемде, бұл мәселе барған сайын көрнектіленіп барады. Қазақстан Республикасы – Қытайдың тату көршісі, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін, Қытай мен Қазақстан арасындағы достық барыс-келіс күшейе түсті, екі ел арасындағы мәдени ауыс-күйіс те анағұрлым жиіледі. Осы барыста, Қазақстан әдебиетінің аударылуы, таныстырылуы және зерттелуі тың дамуларға ие болады деп сенеміз.
Шәріпқан ӘБДӘЛИҰЛЫ,
жазушы, аудармашы
Үрімші қаласы, ҚХР