ШЕКАРАШЫЛАРҒА КЕСІЛГЕН ШЕКТЕН ТЫС ЖАЗА

ШЕКАРАШЫЛАРҒА КЕСІЛГЕН ШЕКТЕН ТЫС ЖАЗА

ШЕКАРАШЫЛАРҒА КЕСІЛГЕН ШЕКТЕН ТЫС ЖАЗА
ашық дереккөзі
257

Биыл Қазақстан Республикасы шекарасында орын алған оқиғалардың бірі – әскери қызметін тастап қашқан «Терісайрық» шекара заставасындағы 11 сарбаздың оқиғасы. Үш айға созылған тергеу құжаттары сотқа жіберіліп, таяуда бұл істе айыпты деп есептелген үш азаматтың әрекеттері ешқандай дәйектермен дәлелденбесе де, өкінішке қарай, сот оларға айрықша қатаң үкім шығарды.

Семей гарнизоны әскери сотының 18.10.2012 жылғы үкімімен Хамитов Әнуар, аға лейтенант, 2017 әскери бөлімінің «Терісайрық» заставасының бастығы, ҚР ҚК-нің 381-бабының 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылып, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге жазаланды.

Каженов Жігер Оразханұлы мен Тұрдығұлов Ербол Үсенғазинович ҚР ҚК-нің 380-1-бабының 2-бөлігінің «а» тармағымен кінәлі деп танылып, әрқайсысын 7 жыл мерзімнен бас бостандығынан айыруға, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге жазаланды.

ҚР ҰҚК ШҚ 2017 әскери бөлімінің «Терісайрық» шекара заставасының бастығы Хамитов Әнуарға тағылған айып төмендегідей: қоластындағы келісімшарт негізінде әскери қызметтерін атқарып жүрген аға технигі-топ бастығы Каженов Жігер мен заставаның сигнализация және байланыс бөлімшесінің командирі, кіші сержант Тұрдығұлов Ербол қатардағы сарбаздарды себепсіз жүйелі түрде соққыға жығып, ауырсыну мен жеңіл дене жарақаттарын келтіруге, қорлық көрсетуге жол беріп, әскери қызметшілердің шағымдарын елеп-ескермей, қылмысты жасырып және 11 сарбаздың қызмет орнын өз беттерімен тас­тап кеткенін жасырып, өз қызметіне селқос, енжар қараған деп айыптаған.

ҚР ҰҚК ШҚ 2017 әскери бөлімінің «Терісайрық» шекара заставасында келісімшарт негізінде қызмет атқарып жүрген Каженов Жігер Оразханұлы мен Тұрдығұлов Ербол Үсенғазиновичке тағылған айып төмендегідей: Олар лауазымды адам бола тұра әскери тәртіпті өрескел бұзып, жүйелі түрде, ешқандай себепсіз, қатардағы сарбаздарға ұрып ауырсыну және жеңіл дәрежелі дене зақымдарын келтіру арқылы, өздерінің қызметтік өкілеттіктерін асыра қолданып, яғни күш қолдану арқылы аталған әскери қызметшілердің құқығы мен мүдделерін және әскери қызметпен мемлекеттің заңды мүдделерін елеулі бұзылуына әкеп соғатын қылмыс әрекетін жасаған деп айыптаған.

Қылмыстық іс 11 сарбаздың заставаны тастап қашып кеткенінен және қашып жүрген кезде Ағзамовтың әкесіне ұялы телефонмен хабарлама жіберіп, «өзінің құлағы естімей қалғаны және санчасқа жібермей қойғаны», осыған байланысты оның әкесінің Атыраудағы жергілікті әскери полицияға хабарлағаны және осы ақпараттың теледидарда КТК каналынан мәлімет берілуі негіз болған.

Сотталғандардың қылмыстық әрекетін әшкерлейтін бірде бір дәлел сот мәжілісінде анықталмады. Қылмыстық айыптаудың өзі тек қана сарбаз Ағзамовтың алғашқы берген жауабының негізінде құрылған, атап айтқанда, алғаш тергеу басталғанда Ағзамов құлағы естімегендіктен жылдам госпитальға кетуі керек болып, одан жауап алып және оны айыпкерлермен беттестіргендегі бір сарынды жауап себеп болған.

31.05.2012 жылы сарбаздарды таңғы сағат 04-те дабыл көтеріп сапқа тұрғызғанда сарбаздар Ашировты, Ағайдаровты Каженов соқты және РГП-ға шыққанда Назархан мен Ағайдаровты соққыға жықты деген жауабы бойынша одан әрі барлық сарбаздар осы жауапты негізге алып, бәрі біртектес жауап­тар берген, ал ол жауапта көрсетілмеген, өз алдарына жауап бергендер, атап айтқанда Сембиев, Төлепбергенов, Худайбергенов т.б. өздерінің әскери қызметтеріне байланысты ескертпелер алған кездеріне сәйкестендіріп, сол тұста соққы алдық деп жауап берген, оны Каженов сотта берген өз жауабында бекітпеген.

Егер ойлап қарайтын болсақ, сарбаздарда бұдан басқа жауап болуға тиіс емес, себебі басқа жағдайларда олар өздері қылмыстық жауапкершілікке тартылар еді.

Жәбірленушілердің жауаптарына сүйенетін болсақ, оларды теуіп немесе қылқындырып, бастарын дуалға соғатын болса, неге олардың денелерінен дене жарақаттары табылмаған.

ҚР Жоғарғы сотының 11.05.2007 жылғы №1 «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстарды саралау туралы» Нормативтік қаулысының 31-бабына сәйкес адам денесі талшықтарының анатомиялық тұтастығын құқыққа қарсы бұру не органдардың зақымдануына немесе олардың қауіпті жұмыс істеуін бұзуға әкеп соққан өзге де әрекеттерді адам денсаулығына келтірген зиян деп ұғыну керек. Денсаулыққа келтірген зиянның ауырлығы сот-медициналық сараптама жүргізу жолымен айқындалады делінген.

М.Ағзамовтың алған дене жарақатына байланысты тағайындалған сот-дәрігерлік сараптаманың 20.07.2012 жылғы №50 қорытындысы негізінде Ағзамовтың атына берілген дәрігерлік құжаттар бойынша оның денесінде дене жарақаттары немесе оның іздері анықталмаған.

Ағзамовқа қайталап тағайындалған ҚР ҰҚК ОӘГ-да берген сараптама қорытындысы бойынша оның бұрыннан созылмалы құлақ ауруымен ауыратындығы, соның негізінен құлақ естуі төмендегені, оның денесінен соққының іздері табылмағаны көрсетілген.

Ағзамов өзінің берген жауаптарында бұл жағдай 10.06.2012 жылы бақылау пункітінде өзін Тұрдығұлов сол жақ иығынан, иегінен автоматпен, сол жақ құлағынан радиостанциясымен ұрғанын, сол күні нарядтан келгенде командир Ә.Хамитовке хабарлап айттым деп көрсетсе, өзімен бірге әскери қызметте болған сарбаздар Ахметбаев пен Сембиевке болған оқиғаны 09.06.2012 жылы айтып баяндаған, сонда Ағзамов оқиғаның болатынын алдын ала бір күн бұрын білген бе?

Ағзамовтың айтқан соққылардан дене жарақатын алмағаны сот дәрігерлік сараптамасымен бекіген, яғни оның «дене жарақатын алдым» дегені өтірік болса, «командирге де хабарладым» дегені өтірік, себебі оның Хамитовқа баяндағаны ешқандай дәлелдермен бекімеген, баяндап тұрғанын бірде-бір сарбаз көрмеген және естімеген, болған оқиғаны сарбаздар тек оның айтуынан естіген және де оны Тұрдығұловтың соққыға жыққанын да ешкім көрмеген, осы жағдайларды растайтын бірде-бір куә жоқ.

Дене жарақаты табылды деген Ағайдаров та сол қолтығының кеуде тұсының қанталауы түріндегі «жеңіл» дәрежелі дене жарақаты болған, ал оның кеудесінің осы тұсына ешкім ұрып-соқпаған, өзінің берген жауабына сәйкес оны Тұрдығұлов бетінен 4 рет жұдырықпен ұрған, белінен бір рет аяқпен тепкен, сонда оның кеудесіндегі осы жарақат қайдан пайда болған?

Егер олардың соққы алғандары рас болып, әлімжеттік көріп жүргендері нақты дейтін болсақ, олар неге қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, басқа органдарға немесе басшыларға, заставаға барған адамдарға, қашып шыққан кезде қыстақтағы адамдарға хабарламаған.

Тіпті заставадан қашып шыққан кезде де неге сарбаздар қолдарында ұялы телефон бола тұра ешқайсысы (Ағзамовтан басқасы) ата-аналарына хабарламаған.

Іс құжаттарында С.Исламғалиұлының анасы Құлжымырова Гүлдәрі Қаржауқызы 19.06.2012 жылы берген түсініктемесінде баласының 18.06.2012 жылы сағат 13.50-де ұялы телефонмен хабарласып, өзінің аман-есен екенін, әскери бөлімді тастап кеткені және таяқ жегені туралы ештеңе айтпағанын баяндаған. Сонда Исламғалиұлы анасымен сөйлесіп тұрып болған жайды қалай баяндамаған. Сот тергеуінде Исламғалиұлы өз анасын айыптап: «Менің анам өтірік жазған», – деп жауап берді. Сонда Исламғалиұлы өз анасын айыптаудан да бас тартпағаны ғой.

Бұл сарбаздар ант қабылдағанда, әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарына табандылықпен төзуге ант берген, алайда олар осы әскери қиыншылықтарға төзбей, өздерінің қашу себептерін басқаға аударып, жоғарыдағы үш азаматты кінәлап отырғаны таңқалдырады. Олардың өте әлсіз, денелерінің шынықтырылмағаны, тіпті Ағайдаровтың бір рет те турникке тартыла алмайтынын сот мәжілісінде комендант майор Шаймардановтың өзі растаған. Әскери өмірдің қиындығына төзбеудің өзі сарбаздардың азамат атына сын емес пе? Бұлай бола берсе, нағыз патриоттарды қалай тәрбиелейміз?

Негізі осы «қылмыстың» орын алды делінуіне және қылмыстық істің қозғалуына себепкер болған бір ғана Ағзамов, себебі ол таяқ жемесе де «таяқ жедім» деп сарбаздарға айтып, «Хамитовқа баяндадым» деп сарбаздарды ойларынан адастырып, оларды ұйымдастырып, заставадан қашуға мәжбүрлеген.

Неге олар не қыстаққа, не дүкенге телефонды азық-түлікке айырбастауға барған кезде болған жайды хабарламаған, немесе әскери жасақтар өздерін іздеп тікұшақпен барған кезде шығып, өздері туралы белгі бермеген. Керісінше қашып, ұсталмауға тырысқан.

Сонда бұлардың ойында не болған?

Осы әрекетті ұйымдастырған Ағзамовтың жеке басына тоқталатын болсақ, басқа сарбаздардан төрт жас үлкен, төрт жылды өткізіп әскери борышын өтеуге келген, құлағының бұрыннан созылмалы түрде ауыратынын біген.

Сот мәжілісіне осы әрекеттің түйіні шешілетін кезде өзінің бұзылған құқығы мен мүддесін қорғап, өзіне келген материалдық және рухани залалды өндіртіп алудың, осы істі аяғына дейін жеткізудің орнына, жүзін көрсетуден қорқып, жауапкершіліктен қашып, тек қана істі өзінің қатысуынсыз қарауды өтінген және алдын ала тергеуде берген жауабым дұрыс деп арыз жазумен ғана шектеліп отыр. Сонда Ағзамов кім, оның ойында не бар, қандай мақсатпен шекара аймағына әскери борышын өтеуге келген, ол жағын ешкім тексермеген.

Сонда неге бәріміз Ағзамовтың сөзін сөйлейміз тергеушілер де, сарбаздар да, прокурорлар да, соттар да?!

Немесе бұл әрекет «Арқанкерген» оқиғасынан кейін ушығып, олардың қылмыстық әрекеті дәлелденбесе де, олардың қатаң жазалануға тиістігі жөнінде арнайы нұсқау бар ма, сонда бұл азаматтар жалған саясаттың құрбаны болғаны ма?

Әрбір облыстың әскери комисариаты шекара қызметіне сарбаздарды жіберерде қатаң тексеруден өткізіп, денсаулығы мықты, төзімді дегендерді ғана жібереді. Сонда әскери қызметтің ауыртпалығына шыдамай, кез келген сәтте бір-бірімен ақылдасып, бірінің өтірігін екіншісі қуаттап қашып кетіп, шекараны тастап кете беретін болса, келешегіміз не болмақ? Егер әрбір сарбаз болымсыз нәрсеге бола қашып кетіп, ешқандай қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болса, онда бұл басқа да сарбаздарға осындай жол ашар еді.

Алдын ала тергеу тек бір жақты жүргізілген, яғни сотталушыларды айыптау мақсатында ғана жүргізілген. Атап айтқанда 31.05.2012 жылы сарбаздарды плацқа таңғы сағат төртте шығарып, сапқа тұрғызғанын көрдік деген бірде-бір куә жоқ. Мысалы үшін сол күні солдаттармен бірге болған Бекеновтен, бастықтың орынбасары Қасымовтан, Ниетбаевтан, тағы басқа офицерлер мен келісімшарттағы қызметшілерден, техникалық жұмысшылардан жауап алынбаған. Тіпті сол заставаға келген Юсупов пен Красниковтардан да жа-уап алынбаған. Және осы сарбаздардың қатарында болған Бекеновтен де жауап алынбаған.

Осы заставада бұрын әскери борышын өтеген сарбаздардан ешқандай арыз-шағымдар түспеген. Ол алдын ала тергеу кезінде анықталған. Бұрын Хамитов ешқандай тәртіптік жауапқа тартылмаған, ешқандай ескертпе алмаған. Керісінше үздік іскерлігі, міндеттеріне адал қызметі үшін бірнеше рет марапатталған. 2012 жылдың өзінде ғана Хамитов төрт рет марапатталған, өте жағымды мінезделеді. Оны сот мәжілісінде жауап берген Фирсов та, Шаймарданов та айтып отыр.

Ә.Хамитов пен басқарған «Терісайрық» заставасы құрамы аз уақыттың ішінде екі рет шекара бұзушыларды құрықтаған. Осы қызметтері үшін Ә.Хамитов сержант Ж.Каженов екеуі жоғары басшылар тарапынан марапаттарға ие болған. Осы тұста Шығыс Аймақтың Басқармасында бес шекарашылар отряды, оның әрқайсысында 20-дан астам застава бар екенін, соншама зас­та­валарда мұндай қырағылық тіркелмегенін айта кетуге тиіспіз.

Қарауында анасы мен студент інісі бар, әкесі Бейбіт 2007 жылы 44 жасында жүрек ауруынан қайтыс болған, анасы қан қысымымен есепте тұрады, жанұяның барлық ауыртпашылығын Әнуар көтеретін, артынан ерген інісінің де тәрбиесі соның мойнында болған.

Ж.Каженовтің қарауында сексен төрт жаста ауыратын қарт әжесі, үш жаста ұлы, жұмыс істемейтін әйелі бар, көршілері және жұмыс жағынан өте жағымды мінезделеді. Қызметтік мінездемесі бойынша өз ісінің маманы. Іскерлігі және адал еңбегі үшін бірнеше мәрте марапатталған.

– Асыраушымыз да, сүйенішіміз де осы Жігерім еді. Енді біздей үш мұңлықтың жай-күйіміз не болмақ? Сексен төртке келгенде көрерім осы болды ма? Адам баласына қылдай қиянаты жоқ баламды үйге қайтарыңдаршы, – деп аңырап отыр 1928 жылы туған қарт ана Шәмшібану Қожанова. Ерболдың туған-тумалары да «үмітсіз – шайтан ғана» деп, қайта әділ сот боларына, сөйтіп жазықсыз жазалағандардың азаттық аларынан үмітті.

Сот мәжілісінде жәбірленушілер де кешірім беріп, сотталушыларға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.

Осы жағдайлардың бәрі есепке алынбай, Хамитовтың, Каженовтің, Тұрдығұловтың әрекеттері ешқандай дәйектермен бекімесе де, өкінішке қарай, сот оларға өте қатаң жаза тағайындады. Соңдарына аңырап жылап аналары, кішкентайынан мұңлық күй кешкен балалары қалды…

Сондықтан Қазақстан Республикасының заңдары адам тағдырына, олардың құқығы мен мүдделерін сақтауға негізделген деп, түбінде бұл жағдай әділетті түрде шешіліп, шындық жеңеді деп сенеміз.

Қали ЖОЛДАСОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Серіктес жаңалықтары