МҰНАЙ ЭКСПОРТЫНЫҢ ӘУРЕ-САРСАҢЫ
МҰНАЙ ЭКСПОРТЫНЫҢ ӘУРЕ-САРСАҢЫ
Қазан айында «Известия» газетінде «ҚазМұнайГаз» компаниясының мұнай тасымалдау схемалары туралы мақала жарық көргенді.
«ҚазМұнайГаз» компаниясы арқылы Қытайға Ресейдің мұнайы тасымалданып келген. Қазақстан аумағындағы Атасу-Алашанькоу құбыры арқылы экспортталатын мұнай баж салығынсыз жөнелтіліп отырған. Жуырда осы бағытпен тасымалданатын шикізат көлемін ұлғайту туралы ҚР Үкіметінде сөз қозғалды. Міне осы тұста Дума депутаттары мұнайдың Қазақстан арқылы жөнелтілуін тоқтату керек деп сөз сөйлеген. Соның кесірінен Ресей қазынасы қыруар қаржыдан қағылып жатыр деп жазылыпты «Известия» («Россия растаможит нефтяные схемы Казахстана» 08.10.2012) газетінде. Баж салығынсыз кететін мұнай, Ресейдің қазынасына 1 миллиард доллар көлемінде шығын келтіруі мүмкін. «Қазіргі таңда Ресей үкіметінде бұл салықтан қашу схемасының алдын алу туралы шаралар қаралып жатыр. РФ Федералды Кедендік қызметі бұл шешімнің дереу орындалуын қадағалау үшін Қазақстан мен Беларусь шекаралық кеден бекеттеріне өз өкілдерін жіберуге дайын екенін жеткізді», – дейді аталмыш басылымда. Көкейді тескен қомақты қаржы болғандықтан, өз қарсылығын білдірген Ресей билігі Қазақстанның кедендік бекеттеріне өкілдерін жібермекші. Шикізаттай тасымалданатын тауарды бақылауды Ресей өз мойнына алады. Сонда Кедендік одақтағы ортақ шекара, ортақ тасымалдау және тағы да сол сияқты ортақ жайттар қайда қалды? Кедендік одақтың ережелерін, әсіресе шекарадан тауарды импорттау, экспорттау мәселесін талқылауға неше жыл берілді. Арнайы сарапшылар мен ортақ жарғыны жасауға қатысқан өкілдердің назары осындай ұсақ-түйекті неге ескермеді екен, ә? Иә, ескермеді дейміз, ескеретіндей үлкен қателік емес сияқты.
Федерация жыл сайын Қазақстанға 7 миллион тонна мұнай экспорттайды, оның 5 миллион тоннасы Павлодар өңдеу зауытында қайта өңделсе, қалған 2 миллион тоннасы Шымкент МӨЗ-на жіберіледі. Соңғы өңдеу зауытының жартысы қытайлық PetroChina компаниясына тиесілі. Кейбір сыбыстарға сүйенетін болсақ, елімізге өңделуге жіберілген ресейлік мұнайды «ҚазМұнайГаз» компаниясы Қытайға жіберіп отырған. Оңтүстікке келген мұнай «Атасу-Алашанькоу» құбыр желісімен Қытайға тасымалданады деген қауесет те бар. Бұл географиялық тұрғыдан тиімді тәсіл екені анық. Еліміздің билік орындары мұны айырбастау операциясына теңеп отыр. Себебі бұл жүйеден келіп-кетер зиян жоқ. Мұнайдың сапасына қатысты кінәрат болмаса, барлығы бірдей шикізаттық тауар. Алайда солтүстік көршіміздің бұлай ойламайтыны белгілі болды, бұл жағдай керісінше шығыстағы көршімізді қанағаттандырып келген. Айтпақшы, айырбас операциясына балаған билік өкілдері географиялық тұрғыда уақытты үнемдеу жағынан ғана ұта алады. Өйткені Шымкент мұнай өңдеу зауыты еліміздің оңтүстігінде орналасқан. Ресейлік мұнайды еліміздің кең байтақ территориясымен алып жүрмес үшін PetroChina ресейлік мұнайды экспорттап, ал Шымкент өңдеу зауытына жақын маңдағы Құмкөл ошағынан алып барады. Сол сияқты еліміздің оңтүстік облыстарына электр жарығын Қырғызстаннан алса, батыс облыстарға электр энергиясын Астрахань арқылы жеткізеді. Осы арада «географиялық айырбастың» кедендік заңдылықтарды бұзбайтынын, керісінше логистиканың ыңғайлы тәсілі екенін айтып ақталуда. Мұндай технология көптеген мұнайлы елдердің тәжірибесінде таңсық емес.
Шығыс Сібір – Тынық мұхит (Восточная Сибирь – Тихий океан BGTO) құбыр желісімен Қытай, содан ары мұхит елдеріне жіберілетін мұнайдың «Атасу-Алашанькоу» құбыр желісімен тасымалдануы Ресей үшін қыруар қаражатты қолдан ұшыру болып тұр. Себебі өз аумағы арқылы Ресей баж салығын міндетті түрде ұстап қалады. Кейбір сарапшылар «Атасу-Алашанькоу» құбырын BGTO-ның екінші тармағы ретінде, кейбірі бәсекелесі ретінде қабылдайды. Жуырда Пекинде өткен «Энергодиалог Ресей-Қытай» форумында РФ вице-прьемері Аркадий Дворкович Атасу арқылы мұнай сауда-саттығын жүргізуді мақсат етіп отырғанын айтқан. Осыдан көп ұзамай-ақ Владимир Путин Пекинге барған сапарында бұл мәселені біржола теріске шығарды, яғни Қытай жеріне мұнай Шығыс Сібір арқылы ғана тасымалданатын болады деді. Бірақ қаржылық жағынан еліміз арқылы тасымалдау анағұрлым арзанға түседі екен.
Бүгінде мемлекеттер арасындағы сауда экономикалық байланыс жиырма миллиард доллардан асқан. Ресей Федерациясы әлемде мұнай өндіруден бірінші орынға шықты. Жақында ғана «Роснефть» концерні британдық ТНК ВР акцияларын сатып алып, Қиыр Шығыс елдерінің бірталайын, сондай-ақ американдық Exxon Mobil-ды да басып озды. Әрине, Сауд Арабиясынан кейінгі екінші орында тұрақтады. ТНК ВР-ның 100 пайыз егесі атану үшін Ресей 61 миллард долларға шығынданған. Бұл соманың аз емесін көре тұра, Қазақстаннан салық арқылы түсетін қаржыны қимай отырғаны таң қалдырады.
● Қазақстанда өндірілетін мұнайдың негізгі бөлігі экспортқа арналған. Мемлекет ішіндегі жанар-жағармай қолданысына мұнайдың қалған бөлігі өңделеді және Ресейден әкелінген шикізат қолданылады. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың жалпы көлемі 80 миллион тонна. Осы мұнайдың 13 миллион тоннасы зауыттарда жағармай үшін өңделеді. Сондай-ақ осы көлемнен 15 миллион тоннасы Атырау-Самара құбыр желісі арқылы Еуропаға тасымалданады. Ендігі 29 миллионы Каспий құбыр желісі арқылы (Каспий концорциумы) экспортталады.
Оқушы куәлігі табыс етілді
Ауылдан алшақтап кеткен, ат пен атанды айыра білмейтін қала баласының ат жалын тартып мінуі, оның оқу-білім ордасы – мектеп табалдырығын аттап кірген алғашқы сәті болса керек. Баланың алғаш рет мектепке баруы – ең бақытты шағы. Алайда сан түрлі құжат, қағазбен адамдығың да, азаматтығың да айғақталып, куәланатын мына заманда қалқайып, ес жиған кісі болып, адам санатына қосылып, қолыңа қалам алып, қаріп танып, хат танығаныңмен сен әлі де «оқушы» деген атқа ие бола қоймайды екенсің. Жас түлектерге өзінің оқушы екенін дәлелдеп, қаттап беретін ең басты құжат – «оқушы куәлігі».
Алматы қаласының Алмалы ауданындағы әйгілі сатирик-жазушы Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназиясында биылғы оқу жылында алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған жас ұландарға «оқушы куәлігін» табыс ету салтанаты ерекше көңіл тебірентерлік әсерде өтті. Салтанатты жиынды мектеп директоры Атығай Бижанов ашып, мектеп тарихын, сатирик-жазушы Шона Смаханұлының атымен аталудың мәртебесін тұжырымды баяндап, бірінші сынып балаларына ақ жол тілеп, ақ батасын берді. Қолына туымыз түсті, алтын күн мен қас қыран бейнеленген оқушы куәлігін алған балалардың бал-бұл жанған қуанышты жүзінен олардың жан дүниесінің ішкі толқынысы, өмірдің жаңа бір белесіне көтерілген, айдарынан жел ескен көңіл күйлері айқын көрініп тұрды.
Бұл салтанатты жиынға әнші-сазгер Әбиірбек Тінәлиев қатысып, әсерлі әңгіме айтты. Сазгердің Ш.Смаханұлының сөзіне шығарылған «Анамның тілі» атты әнін автормен бірге жүзден астам оқушының кең залды күңіренте орындауы жиынның мәнін онан ары айшықтай түсті. Мінеки, осылай, Алматы қаласының Алмалы ауданындағы әйгілі сатирик-жазушы Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназиясының жас түлектері «оқушы куәлігіне» ие болды.
Б. БУРЫЛАЛТАЙ
Ақниет ОСПАНБАЙ