ҰЛТ ҮШІН КҮРЕСКЕН ҰЛДАР

ҰЛТ ҮШІН КҮРЕСКЕН ҰЛДАР

ҰЛТ  ҮШІН КҮРЕСКЕН ҰЛДАР
ашық дереккөзі
313

Өткеніне құрметпен, келешегіне үмітпен қараған елдің ғана ертеңі – жарқын. Күні ертең 95 жылдық мерейтойы тойлануы тиіс Алаш партиясы мен Алашорда Үкіметін құрған азаматтардың ұлт пен ел үшін жасаған игі істерін қаншалықты қастерлеп жүрміз?

Соңғы екі аптада мәжілісмендер аса белсенді. Бірінен кейін бірі Үкімет жетекшісіне депутаттық сауал жолдап жатқан олардың көтеретін түйткілдері де сан алуан: елдің дамуы, аймақтардың өркендеуі, орталықтан шалғай жатқан Үшарал қаласынан ұшақ қатынасын орнату т.б. Ал мәжілісмен Нұрлан Жазылбеков бір айдан кейін 95 жылдық мерейтойы тойлануы тиіс Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің тағдырын сөз етті. Ахметовке жолдаған хатында ол: «Биылғы желтоқсанда Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына 95 жыл толады. Ал Алаш идеясын жаңғырту – «Ақ жол» партиясының басты бағыттарының бірі болып келеді. Өйткені Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Ендеше біз, әрбір азамат осы жүз жыл бұрынғы ұлттық ұлы идеялардың бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да негізі ретінде берік орнығуына мүдделі болуға тиіспіз. Өйткені Алаш идеясы – ұлттық идеология! Ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді» дей келе, ұлт тағдыры үшін күрескен азаматтардың тарихи кезеңдеріне тоқталады: «Озық ойлы қазақ зиялылары 1917 жылы 21 мен 26 шілде аралығында Орынборда І «Жалпықазақ» съезін өткізді. Осы құрылтайда қазақ елінің мүддесін қорғайтын «Алашорда» үкіметі құрылды. 1917 ж. желтоқсанның 5-13 аралығында Орынборда 2-ші бүкіл қазақ құрылтайы өткізілді. Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесің (Үкімет) құру мәселелері болды. Құрылтай делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтардың өмір сүруінің өзін күрделендіріп жіберген анархия (тәртіпсіздік) жағдайында елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру (төрағасы Ә.Бөкейханов, Ұлт Кеңесі құрамына 25 адам кірді), сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Алаш астанасы — Семей қаласы кейін Алаш-қала атанды», – деп жазды.

Қазақстан Президенті Н.Назарбаев: «Алаштың» басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді… Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті… Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады», – деп тебіренгені де халықтың жадында. Бодандықтан арылуды аңсаған, бостандық жолында күрескен қаншама арыс «ұлтшыл», «халық жауы» атанды, тағдырлары тәлкекке түсті.

Ұлтының тәуелсіздігі жолында бастарын бәйгеге тіккен арыстардың тағдыры аянышты. Бар күнәсі мен кінәсі – олар ел мен ұлт үшін отаршыл империямен жан аямай күрескен еді. Осыны көлденең тартқан халық қалаулысы: «Қазақ тарихында Алаш идеясы, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы әлі де бағасын ала алмай келеді. Алаштың алғашқы астанасы Орынборда өткен бұл құрылтайдың Қазақ тарихындағы маңызы аса зор. Ел тағдыры таразыға түскен сын сағатта Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер бастаған ұлт зиялылары қазақтың болашағы үшін шешуші қадам жасап, ұлы мұрат жолында ұланғайыр қайрат көрсетті. Қазақ тарихында Алаш идеясы, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы әлі де бағасын ала алмай келеді. Алаштың алғашқы астанасы Орынборда өткен бұл құрылтайдың Қазақ тарихындағы маңызы аса зор. Ел тағдыры таразыға түскен сын сағатта Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер бастаған ұлт зиялылары қазақтың болашағы үшін шешуші қадам жасап, ұлы мұрат жолында ұланғайыр қайрат көрсетті», – дейді.

Сауалнамасында «Қазақ халқының 20 ғасыр басындағы ең ауыр кезеңінде, толыққанды саяси партия мен үкімет құрып, елді құрып кетуден аман алып қалып, болашаққа бастаған Алаштықтардың еңбегі орасан. Біреуін ғана, ең бастысын айтсақ, 1920 жылы қазақтың Жер декреті бекітіліп, шекарамыз алғаш заңды күшіне ие болды. Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановтан екі-ақ мысал келтіре кетсек. Ахмет Байтұрсынов «Біз бай, білімді, әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін – кәсіп, білімді болу үшін оқу керек. Ал күшті болу үшін – Бірлік керек», – дейді. Ал Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов «қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім болып, әрбір темірі өзіне түйме болуы тиіс» деп, нарықты экономикаға негізделген мемлекет қана өркендейді дейді. Бұл арманын да бүгінгі Қазақстан бейнесінен көруге тиіспіз. Ендеше, біз бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған, елімізді алғаш ұлттық санаға көтерген Алаш арыс­тарын ардақтауды неге кешіктірудеміз», – деп мәлімдеген Н.Жазылбеков алаш­ордашылардың еңбегін бүгінгі және келешек ұрпаққа насихаттаудың жолдарын ұсынады: «Алаш арыстарының рухын жас ұрпаққа сіңіру үшін, бұған мемлекет кешенді түрде келіп, баса назар аударуы тиіс. Алаштың 90 жылдығы жергілікті деңгейде ғана аталды. Ал алдағы 95 жылдықты үкіметіміз қалай атап өткелі отыр? Өйткені Алаш жеке ұйымның немесе жеке партияның ғана меншігі емес, Алаш – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастауында тұрған алғашқы толыққанды үкімет пен саяси партия. Біріншіден, ең алдымен мектеп оқулықтарында жеткілікті көлем берілуі керек. Елімізде Алаштың ескерткіштері орнатылуы тиіс. Кітаптар мен фильмдер көптеп шығарылып, мектептерді қамтамасыз етуі керек. Жоғары оқу орындарында Алаш идеясын оқыту жүйеге айналуы керек. Алаш оқулары жолға қойылып, еліміз бойынша қанат жаюы тиіс. Алаштың ордасы болып, Алашқала аталған қазіргі Семейдегі Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Алашорда үкіметі мен Алаш партиясы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, ол үйді мұражайға айналдыру кезек күттірмейтін мәні зор мәселе. Қорыта айтқанда, Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс».

ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовке жолданған депутаттық сауал соңында «Ақ жол» ХДП парламенттік фракциясының бірнеше депутаты қол қойыпты: «Баяндалған мәселелерге байланысты, алдағы Алаштың 95 жылдықты үкіметіміз қалай атап өткелі отырғаны туралы хабарлауыңызды сұраймыз».

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары