«ҚАЗАҚЫЛЫҚТЫ САҚТАУ – АЛАШТЫҢ АСЫЛ АРМАНЫ»
«ҚАЗАҚЫЛЫҚТЫ САҚТАУ – АЛАШТЫҢ АСЫЛ АРМАНЫ»
Алашорда қайраткерлері Қазақ халқының ұлттық болмысын сақтау, азаттық алу, бодандық бұғауынан босау, сауатты да білімді болу жолында күресті. Ұлттық құндылықтар жолында бастарын бәйгеге тіккен азаматтардың бүгінгі ұрпақ үшін атқарған еңбегі орасан зор. Бірақ оның қадірін біз біліп жүрміз бе?
Алаш қозғалысын құрған арыстар тәуелсіздікті аңсады. Келешек ұрпақтың құлдық бұғауын кимегенін қалады. Қазақ сауатты, білімді, яғни көкірек көзі ашық болса деді. Ұлтты ұйыстыра отырып, әлемдегі ең күшті халық қатарынан көріну үшін, отаршыл империяның астамшыл саясатына құрбан болмауы үшін күресті. Бір сөзінде ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Алаштың» басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді. Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады», – деп мәлімдеген. Елбасы ұлты үшін күрескен ұлдардың еңбегін елге лайықты деңгейде насихатталуы керектігін ескертуді де ұмытпады. Биыл Алаш қозғалысының 95 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар шара өткізу жайлы Қазақ Үкіметіне арнайы тапсырма берген Н.Назарбаев Алаш арыстарының еңбегін өскелең ұрпақ мақтан тұтса, өнеге алса дейді. Алаш қозғалысының игі істерін насихаттайтын дүниелердің бірі – жуырда жарыққа шыққан «Алашорда» фотоальбомы. Кітаптың тұсаукесер рәсімінде біз бүгін ұлттық құндылықтар туралы жиі айтып жүрген азаматтар қатарындағы Ерлан Қарин мен Айдос Сарымды әңгімеге тартқан едік.
Ерлан ҚАРИН, “Нұр Отан” ХДП хатшысы:
«Алаштықтар ұлтқа да, досқа да адал болды»
– Ерлан, биыл Алашорда қозғалысының құрылғанына – 95 жыл, ал бес жылдан кейін – 100 жылдық мерейтойы. Сіздіңше, Қазақ қоғамының дайындығы қалай?
– Бес жылдан кейін амандық болса, Алашордаға 100 жыл толады. 2007 жылы мамыр айының ең соңғы күні 90 жылдық мерейтойын әрең дегенде бекіттіріп, қалған жарты жылда кітапханаларда кездесулер, дөңгелек үстелдер т.б. шараларды ұйымдастыруға әрең үлгерген едік. Онда да Берік Әбдіғали сияқты шағын ғана мүдделі топтың арқасында. Қаржылық тұрғыда аса көп шығын да болған жоқ. Сол белсенді топ мүшелері ақшаны өздері тапты. Сонымен қатар Дина Аманжолованың осы тақырыптағы кітабын шығаруға үлес қостық. Осы себепті 100 жылдық мерейтойды өткізуге қазірден бастап дайындала берейік деп бастама көтеріп жатырмыз. Бес жыл дегеніңіз көз ілеспес шапшаңдықпен өте шығады, ал ұлт көсемдерін лайықты деңгейде ұлықтауға тыңғылықты кірісуіміз керек. Бәлкім «Алаштың 100 жылдығы» деген ұйым құру да қажет шығар. Үкіметке білдіретін ұсыныстарымызды бекітіп, 2017 жылды Алаштың 100 жылдығы ретінде атап өткен жөн. Үкімет Алашқа қатысты жоспарды, ұсынысты қабылдайтыны анық. Алайда белсенді топ барлық жауапкершілік жүгін билікке артып қойып, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Әйтпесе сол баяғы қасаң конференция не түрлі жиын шеңберінде өте шығады. Бір қызығы, Мәмбет Қойгелді сияқты тарихшыларымызбен үстел басына жиналамыз да, бір бірімізге Алаш туралы әңгіме айтамыз. Мұның қажеті аз. Алаш қозғалысына қатысты мәселелердің барлығы кең ауқымда, қарапайым халық арасында насихатталуы тиіс. Білім ошақтарында сынып сағаттары, ашық сабақтар ұйымдастырылып, мектеп оқулықтарында Алашордаға қатысты тақырыптар қамтылуы керек. Деректі фильмдер мен фотоальбомдарды шығару да назардан тыс қалмағаны абзал. Сонда ғана өскелең ұрпақ бойындағы патриоттық рух күшейіп, жастар Алаш құрамында ұлт пен ел үшін күрескен тұлғаларды мақтаныш тұтады. Екіншіден, Алашорда жайлы кеңінен мағлұмат беретін www.alashorda.kz сайтын ашуды қолға алғалы отырмыз. Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі сайтта әртүрлі айдарлар бойынша кітаптар, мақалалар, құжаттар, суреттер т.б. маңызды нәрселерді орналастырсақ, Алашорда қозғалысын білмекке ұмтылған отандастарға пайдалы болары анық. Бұл оқушылар мен оқытушыларға да пайдалы.
– Алаш қозғалысына қатысы бар әр тұлғаның тағдырына үңілсеңіз, астарында үлкен қасірет жатыр. Деректі фильмдер түсіру барысында олардың әрқайсысы туралы жеке-жеке туынды жасалса, жақсы болар еді.
– Бұл – менің үлкен арманым. Егер мүмкіндігім болса, фильмдер түсірумен айналысар едім. Біз қашанғы жоңғарлармен күресіп, аттан түспей шаба бермекпіз? Тарихымыздың бертіндегі бедеріне жақындайық та. Бір кісілер Ұлы Отан соғысының 70 жылдығын тойлауға ұсыныс жасауда. Біз оған әсте қарсы емеспіз. Бірақ мемлекет пен ұлтымыз үшін аса маңызды Алашорданың 100 жылдығына неге жұмылмаймыз? Төл тарихымыздың халыққа боямасыз жеткізілуі әрі одан көпшілікті хабардар ету – бүгіннің еншісіндегі міндет. Ұлтшылдарымызды арнайы сериалдармен көрсетуге болады ғой. Қазір Ресейде Александар патша туралы, Николайдың тұсындағы мәселелер, эсерлердің тарихы, тіпті Колчакқа дейін сериалдар түсірілуде.
– Әрі мұның бәрі қоғамға игі әсер ететін идеология ғой?
– Әрине! Осындай ұлағатты істердің барлығын жүзеге асырып, халыққа көрсетуіміз керек. Біз Әлихан Бөкейханұлының 145 жылдығының құрметіне орай конференция ұйымдастырып, кітап шығарып, деректі фильм түсіргенбіз. Халық көрсін деп оны Интернетке орналастырдық. Сол сияқты алашордашылардың әрқайсысы жайлы деректі фильмді жеке-жеке түсіру қажет. Бізде ұлт көсемдері туралы көркем шығармалар жоқтың қасы. Менің таңғалатыным, Алаш белсенділері халыққа қажетті әрі пайдалы кез келген шаруаны еңсерген. Мысалы Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханұлы сияқты тұлғалардың өміріне, тағдырына тиесілі қаншама қызықты детальдар бар. Соларды біздің жазушыларымыз шығармаларына неге арқау етпейді? Мұндай туындылар жас ұрпақтың бойындағы ұлтын сүю, қадірлеу сезімдерін күшейтіп, ұлт үшін күресуге деген құлшынысты арттырар еді. Қазір Қажығали ағамыз Сырым Датұлы туралы «Тар кезең» романын шығарып жатыр. Еңбекке қажетті дүниелерді 20 жыл бойы Жер шарының түкпір-түкпірінен іздеді. Ал Алашорда қайраткерлері жайлы деректер көп қой. Олардың суреттері бар, тіпті кейбірінің артында қалған ұрпағының да көзі тірі. Ендеше жазушы ағайын неге сол мүмкіндікті пайдаланбайды? Бұл орайда Тұрсын Жұртбай ағамыз Алаш қайраткерлеріне ұйымдастырылған сот процестерін жариялады. Мақалалар – бөлек әңгіме, біздің айтып отырғанымыз тергеушілердің алашордашылардан алған сұрақ-жауаптары. Жаһанша мен Әлихан 1937 жылға дейін, яғни атылу жазасына кесілгенге дейін байланыстарын үзбеген. Кейбіреулер «Шығыс Алашорда, Батыс Алашорда болып бөлінді» деген пікірлер айтып қалады. Бұл жаңсақ пікір. Алашордашылар арасында ешқандай бөлінушілік болмаған. Әскери жағдай орнаған кезде оңтайлы басқару тәсілін енгізу үшін Алаш қайраткерлері солай келіскен. Тергеулердің бірінде Жаһаншадан тергеуші: «1935-37 жылға дейін Әлиханмен хабарласып тұрдыңыз. Не туралы айттыңыздар?», – деп сұрағанда ол: «Жай анекдоттар айтып, қалжыңдасатынбыз» деген. Әлихан мен Жаһанша сынды ұлт үшін күресті, жанкештілікті ұстанған ұлы тұлғалардың кездескенде анекдот айту үшін бас қосуы мүмкін бе? Ел басына күн туған шақта қара басының қамын ойламаған, мақсаты мен арманы бір адал досты сатпаған олар! Екеуінің арасында 20 жас айырмашылық бар. Жаһанша – үлкен ғұлама кісі, бірақ кішіпейілділігі мен досқа адалдығы сол, Әлиханды тергеушіге ұстап бермеген. Егер жазушылар көркем туынды жазса, қайраткерлер арасындағы сыйластық, достықтың өзі бөлек бір тақырып болар еді. Маңғаздығы мен сырбаздығы талайға үлгі болған Мағжан жайлы да деректер көп. Ұлт тағдыры, мемлекет тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткерлердің жүйелі сөзге тоқтай білуі, ортақ мақсатқа жетуде келісімге келе білуі, мәдениеттілігі, сауаттылығы жайлы әңгіме мен деректер мол. Мұстафа Шоқайды Түркістан Үкіметінің премьер-министрі етіп тағайындаған кезде Әлихан: «Қазір маңызды нәрсе билік емес, қазір қазақтың мәселелерін шешіп алатын кез. Білем, түркі бауырлардың барлығының басын қосу қажет. Бірақ біз қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауымыз керек», – деген. Сонда Мұстафа республиканың премьер-министрі деген атаққа қарамастан, Ұлттық кеңестегі он бес мүшенің бірі болуға келіскен. Ұлты үшін, халқы үшін тақтан, мансап пен биліктен өз еркімен бас тартқан.
– Меніңше, Алаш қайраткерлерінің білімге деген құштарлықтары да үлгі алуға тұрарлық. Осы қасиеттері туралы да аз айтылатын сияқты?
– Иә, білсем деген, білімге деген құштарлықтары зор болған. Кеше ғана мектеп бітіргендер білікті маманға, білім айдынындағы жол нұсқаушы шамшыраққа айналған. Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мәметов – Алашорда қайраткері, танымал журналист, білікті дәрігер болған кісі. Ұлт тұлғаларының барлығы да сол сияқты жан-жақты, сегіз қырлы, бір сырлы болған. Бәрінің мақсаты бір – ұлтқа қызмет ету, ұлтқа пайда әкелу, ұлт үшін жанын қиюға даяр болу. Бүгінгі ұрпаққа өнеге ретінде ұсынарымыз да – ұлт қайраткерлерінің өмірі, қызметі мен еңбегі, ұстанған қағидалары. Өкінішке қарай, қазіргі қандастарымыз жазушы болса, мінезсіз, ақын болса, күрескер емес, ғалым болса, ағартушылық, қайраткерлік қасиет кемшін… Әйтеуір, бір кем дүние.
– Бұл мүмкін қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманның әсерінен шығар?
– Бейбіт заманда өмір сүрсек те азаттық жолындағы күресті тоқтатпау керек. Ұлт келешегі үшін күресті күн сайын күшейте түссек, тіпті жақсы. Осыдан он жыл бұрын көтерілген мәселелер қазір мүлде басқаша. Ұлттың ертеңіне қатысты жаңа қатерлер туындап жатады. Олардың алдын алып, ұлттық мүдделерді сақтап қалу – бүгінгі ұрпақ мойнындағы міндет. Келесі жылы «Қазақ» газетінің 100 жылдығы. Оны атап өту не үшін қажет? «Қазақ» газетінің сол қиын-қыстау кезеңде қандай интеллектуалдық қызметті атқарғанын көрсету, орасан зор ағартушылық ықпалға ие болғанын насихаттау үшін. Бүгінде саяси қайраткерлеріміз Джеферсонның, басқа да шетелдік тұлғалардың сөздерінен үзінді келтіре отырып, сөйлегенді ұнатады. Меніңше, қазақ ұлтшылары олардан асырып айтпаса, осал түспеген. Жуырда маған қоғамдық қызметте жүрген, либералды бағыттағы жас толқынның бірі ақыл сұрай келді: «Жұмысымызды қалай ұйымдастыруға болады?». Мен: «Ештеңені ұйымдастырудың қажеті жоқ. Алаш қайраткерлерінің тарихына қараңыз, әрқайсысы – жеке-жеке тұлға, бәрі де білімді. Бірақ қалай ымыраға келе білген. Қызу пікірталас ұйымдастыра отырып, ортақ шешімге қалай келген? Ұлтқа қалай қызмет еткен? Дайын схема, дайын сілтеме. Тіпті керек болса, ұлт қайраткерлерінің өмірден озғанына 60-70 жылдан астам уақыт өтті. Бірақ олар ұлтқа әлі де қызмет етуде, ұлттық проблемаларға келгенде ұлт тұлғаларының әруақтары бізді қамшылаудан тынбай келеді. Олар көзі тірі кезде де қазақ үшін күресті, көз жұмғаннан кейін де қазіргі ұрпаққа шамшырақ болып қалуда», – дедім.
– Әңгімеңізге рахмет!
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
Азаттыққа деген құлшынысты оятты
– Айдос, «Алашорда» фотоальбомының ұлттық мүддеге қосатын ұлесі қандай?
– «Ғылыми корпус» деген ұғым бар. Ол ірі монографиялар, тарихи-әдеби, ғылыми-танымдық сияқты әртүрлі деңгейдегі еңбектерден құралады. Бірақ фотоальбом деген бөлек жанр. Бүгінгі аудиовизуалдық өмірде, заманауи технологиялық заманда тіршілік ету кез келген нәрсені көз алдыңа елестетуді талап етеді. «Алашорда» фотоальбомын қарап отырсаңыз, алашордашылардың 17-19-дағы қылшылдаған жас кездегі суреттері берілген. Олардың түрлері арамызда жүрген кейбір жастарға қатты ұқсайды. Демек, үлгі етуде бет-бейненің ұқсастығы да үлкен рөл атқарары анық.
– Өкінішке қарай, кеңестік империяның бойымызға күштеп таңып берген құлдық психологиясынан қазіргі жастардың өзі арыла алмай жүр. Не істеу керек?
– Осы кезге дейін оқулықтар сапасын сынға алдық, идеологиялық мәселеде кемшін түсетін жайттарды айттық. Шын мәнісінде Алашорда қайраткерлері қазақтың шынайы зиялысы еді. Олар ұлт үшін күресе жүріп, қазақ тілі, әдебиеті, математикасы, психологиясы т.б. оқулықтарын түгел жасап беріп кетті. Алаш қозғалысы қудалауға ұшырағанда ұлтшылдар алдында екі жол тұрған. Бірі, Мұстафа Шоқай сияқты шет ел асып, ұлт үшін күресті шекара сыртында жалғастыру. Екіншісі, елде қалып, ұлт-азаттық жолындағы жанкешті еңбекті тоқтатпау. Мұстафа жат елдерде жүріп газет шығарды, қудалауға ұшыраса да, насихат жұмыстарын тоқтатпады. Негізі бұл алашордашылардың кез келгеніне тән қасиет. Көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты әрі білімді, білікті маман, кем дегенде 3-4 тілде еркін сөйледі. Егер қара бастың қамын күйттесе, ешқайсысы далада қалмас еді. Бірақ ұлттық идеологияға берік болғандықтан, өз ұстанымдарынан айнымады. Өйткені сол кезде тағдыры тәлкекке ұшыраған елдің жағдайы қиын еді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, адам қолымен жасалған бірінші аштық, одан кейін екінші аштық адамдарды баудай сұлатып, талайды қыршынынан қиған, мамыражай тірлікпен баршылықта өмір сүріп отырған елді тоз-тоз еткен. Сол кезде іргесі қаланған Алашорда қозғалысының белсенділері елдің ертеңі, келешек ұрпақтың жарқын өмірі жолында тер төкті. Ұлтты бодандықтан құтқарып, тәуелсіз елдің шаңырағын құруды аңсады, өскелең ұрпақтың сауатты болуын армандады. Өз мақсаттарына жетуде Алашорда қайраткерлерінің 70-80 пайызы саналы түрде әдебиетке, баспасөзге, ғылым мен білім саласына жұмылды. Ресми билікке араласуға қауқарсыз болғандықтан, елге ықпал етудің тиімді жолдарын осылайша тапты. Олардың өзара ымыраға келе отырып, ғылым саласына қосқан үлестері қомақты. Мысалы Әлихан Бөкейханов астрономия мен жағрафияны, Мағжан Жұмабаев педагогиканы, Халел Досмұхамедов анатомия мен зоологияны, Жүсіпбек Аймауытов психологияны, Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Нәзір Төреқұлов тіл білімін, Мұхтар Әуезов әдебиетті жазса, ал Міржақып Дулатов, Сұлтанбек Қожанов, Әлімхан Ермеков математикаға ден қойған. Математиканың ішіндегі күрделі пән «Алгебра» Қаныш Сәтпаевқа жүктелген. Іргетасы жаңадан қаланып жатқан қазақ мектептерінің бүкіл азығын жасап берді ұлтшылдар.
– Алаштықтардың қазақ тілін дамытудағы еңбегін қалай бағалар едіңіз?
– Меніңше, бүгінде қазақ азаматтардың Шыңжаннан бастап Астрахань аймағына дейін созылып жатқан аумақта бір-бірімен қазақша емін-еркін араласуы – «Алашорда» қозғалысының арқасы. Сол кездегі «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті сияқты басылымдарды оқып отырсаңыз тілдік ерекшеліктерді байқайсыз. Ұлт қайраткерлері осындай айрмашылықтарды жайлап жоя отырып, ортақ бір әдеби тілді қалыптастыруға ықпал етті. Мысалы түбі бір түркіні алыңыз. Түркі халықтарының әрқайсысы өзгешелікке ие. Қырғыздың өзінде 3-4 диалект бар. Татарларда да солай. Олар тіл мәселесінде «нағыз тіл – біздікі, сендердікі таза емес» деп жиі тартысады. Есесіне, қазақтарда тілдің шынайылығы жайлы туындайтын келіспеушілік жоқ. Бұл – Алаш қайраткерлерінің ерен еңбегінің арқасында қол жеткізген жетістік.
– «Ұлтшыл» деген айып тағылған ұлт қайраткерлерінің шығармашылығына КСРО кезінде тыйым салынғаны белгілі. Бұл тыйым адамдардың Алашорда туралы білсем деген ұмтылысына кедергі болды ма?
– Жоқ, болған жоқ. Тарихқа көз жүгіртсеңіз, 1940-50 жылдарға дейін «Алаш қозғалысын насихаттады», «Алашорданың сойылын соқты», «Алаштың контрабандасын жасап жүр» деген айыптаулар толастаған жоқ. 1940-1970 жылдар аралығында Алаш қозғалысы қайраткерлерінің әдеби шығармаларын, өлеңдерін оқып өскен буын бүгінгі Қазақ әдебиетінің классикалық нұсқасын жасап шықты. Мысалы Тұрсын Жұртбай сияқты басқа да ағаларымыз 20-30 жастарында Мағжанның, Міржақыптың т.б. азаматтардың қолдан жазылған өлеңдерін жасырын оқып, бір бірінен көшіріп алып, билікке білдірмей насихаттап жүрген. Қылышынан қан тамған коммунистік партияның атағы дүркіреп, дақпырты шарықтау шегіне жеткен шақта да Алаш идеясының қазаққа оң ықпал еткенінің айғағы көп. Кеңестер Одағының кезінде де тарихшы ғалымдарымыз архивтерге кіріп, Алаш қайраткерлерінің бар екенін білді, жасырын түрде ақырындап зерттеуге кірісті. Бұл қазақтардың бойындағы тәуелсіздікке деген, азаттыққа деген құлшынысын, ерік-жігерін күшейтіп, оның соңы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына, одан кейін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне ұласты.
– Сіз Алаш қозғалысының 100 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйым құруға ұсыныс білдірдіңіз. Оның мақсаты қандай?
– Бізде мынадай жаман үрдіс қалыптасқан. Мемлекет пен ұлт үшін аса қастерлі даталарға келгенде ісіміз мардымсыз. Яғни мереке аяқталуға 2-3 ай қалғанда немесе жылдың басында «атап өтіпті, тойлапты»-ның ырымын жасаумен шектелеміз. Бұл Кеңес заманынан қалған науқаншылдық дерті. Үкімет қаулы қабылдайды, оның ішіне 4-5 бап қосады, конференция өткізеді, оқиға болған немесе мерекеге қатысы бар тұлға туған жерге барып шағын ғана ескерткіш қояды, бітті! Алайда Алаш қозғалысының 100 жылдық мерейтойында мұндай науқаншылдық болмауы тиіс. Ұлты үшін күрескен алашордашыларға қатысты мерекеде барша отандасты аяқтарынан тік тұрғызып, барлығын осы киелі мерекеге жұмылдыруымыз керек. 2017 жылды Алаш қозғалысының жылы деп бекітіп, оған дейінгі бес жылды Алашорданы кеңінен насихаттауға арнасақ, мемлекеттің келешегі, елдің ертеңі, ұрпақтың өнеге-тәрбиесі үшін ұтарымыз көп.
– Ұлт үшін күрескен ұлдарды ұлықтауда көше аттарын, мектептер мен түрлі мемлекеттік нысандардың атауын беру аса маңызды. Сіздіңше, ономастикалық мәселелер түбегейлі шешілген бе?
– Әзірше шешілмей отыр. Сол себепті еліміздің түкпір-түкпіріндегі қалаларды аралап, ол жақтардағы көше аттарын Алаш қайраткерлеріне беруге ықпал ету қажет. Мысалы Астананың өзінде Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлының есімдері қаланың сыртындағы елеусіз, кішкентай көшелерге берілген. Көптеген қалаларда тіпті жоқ та. Осындай олқылықтардың орнын толтыруға күш салуымыз керек.
– Айдос, түптеп келгенде, мұның барлығы идеологияға байланысты. Ал біз 20 жылдан асты, «Қазақстанға ұлттық идеология керек пе, жоқ мемлекеттік пе?» деген сауалдармен бас қатырып жүрміз…
– Ұлт пен мемлекет – егіз ұғым. Оларды бір бірінен ажыратуға, бөле қарастыруға болмайды. Өкінішке қарай, кеңестік заманнан бері «ұлттық» сөзінен барынша аулақ болуға тырысатынымыз жасырын емес. Бұл – біздің ғылыми тұрғыда жіберетін қателігіміз. Мұндайда басқа жолдарды қарастыруға болады. Мысалы егер еліміздегі әр қаладан Алаштың ұлдарына арнап көшелер берілсе, арыстардың азаттық туралы ұлттық идеялары, еңбектері, қазаққа жасаған әр жақсылығы барынша кең ауқымда насихатталса, мұның өзі идеология. Азаматтар бойындағы патриоттық сезімді күшейтуде мұның ықпалы өте зор. Сонда ғана «Мен – қазақпын!» деп шынымен мақтанатындар қатары көбейе түседі.
– Мемлекет пен ұлт келешегі үшін аса маңызды мәселелерде неге біз үнемі «басқа жолдарды» іздеп, қара терге түсеміз? Сонда басты кедергі не?
– Енді оның бірнеше себебі бар. Бастысы, Алаштың жолы біз ұстанатын даңғыл жолға айналған жоқ. «Алаш жолы» дегеніміз – азаттық пен тәуелсіздікке, еркіндік пен егемендікке ұмтылған ұлттық идея. Осы жолдың әлі күнге бұралаңы көп, біз даңғыл етуге жасқанамыз. Бұл – қазақтың қазіргі ұрпағына сын. Мысалы «Алашорда» фотоальбомындағы қайраткерлердің кейпіне қарасақ, қамауға, тергеуге дейін көздерінде қайсарлықтың ұшқыны тұр. Ал абақтыдағы суреттерінде сан тергеу мен қорлау, қысым жасаудан шаршаған жүздері жабырқау. Бірақ кеңестік империяның ұрдажық саясаты олардың ешқайсысының жігерін құм ете алмады. Ұлт үшін күрескен басты мақсаттарынан айныта да алмады. Бастарын ажалға тіге жүріп, кейінгі ұрпаққа өнеге болар талай игі істі атқарып кетті. Олардың барлығы да ерте ме, кеш пе, ажал тырнағына ілінетіндіктерін білді. Бірақ ұлт үшін жандарын қиюға саналы түрде барды. Мұндай жанкештілік талай зорлық пен зомбылықтан, тағдыр тәлкегінен, аштық пен қудалаудан құрып кетуге сәл-ақ қалған Қазақ ұлтының келешегі үшін керек еді. Мысалы Алаш қайраткерлерінің бірқатарына «ұлтшыл» деген айып тағылып, Мәскеуге пойызбен әкеткенде Әлихан вагон сыртында тұрып: «Әй, жігіттер! Сендер ел үшін құрбандыққа шалындыңдар! Жасымаңдар, жігерлі болыңдар! Біздің күніміз туатын кез келеді әлі!» деп оларды жігерлендірген кезі бар. Бұл Бөкейханұлының әңгімесінде жазылған. Былай қарасаңыз, кішкене сауаты бар, көзі ашықтардың бәрін түрмеге тоғытып, қудалап, қысым жасап, «үштіктің» арандатуымен атып, асып жатқан заман. Құдды Ақырзаман туған сияқты. Бірақ алаштық арыстар ұлттың азаттығы жолында өздерін құрбан етуге бел буды. Мартин Лютер Кинг деген Америкадағы қара нәсілділердің мүддесі үшін күрескен азаматтан біреу: «Егер Ақырзаман болады десе, не істер едіңіз?» деп сұрағанда ол тал егетінін айтыпты. Қазір біз М.Әуезов атындағы мұражайда тұрмыз. Алғашқы еңбек жолым да осы мекемеден басталған. Осы жердегі Мұхтар ағамыз өз қолымен егіп кеткен екі жаңғақ ағашы бүгінде жемісін беруде. Алаш қайраткерлері атқарған қыруар шаруа да, яғни Алаш идеясы да сол жаңғақ ағашы сияқты: өздері жемісін жей алмады, есесіне, талдың қызығын бүгінгі ұрпақ көруде.
– Арыстар тиелген вагонға келіп, оларға дем берген Әлиханның бойындағы оптмистік сезім бүгінгі қазақтың бойында бар ма? Егер болса, ұлттық құндылықтарға қатысты мәселелердің тәуелсіз Қазақстан тарихында әлі күнге шешімін таба алмай отырғаны қалай?
– Бұл, шынын айтсақ, инерция, қоғамдық инерция. Билік айналып келгенде қоғамнан, қоғамдық пікірден аса алмайды. Егер қоғамдық пікірдің 90 пайызы Алаш идеясымен «ауыратын» болса, билік екі күннің ішінде абайшыл, алашордашыл боп шыға келер еді. «Көп қорқытады, терең батырады» деп бекер айтылмаған ғой.
– Әңгімеңізге рахмет!
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ