«ҚАЗАҒЫМ-ҚАНДАСЫМДЫ ЕРКЕЛЕТТІМ»

«ҚАЗАҒЫМ-ҚАНДАСЫМДЫ ЕРКЕЛЕТТІМ»

«ҚАЗАҒЫМ-ҚАНДАСЫМДЫ ЕРКЕЛЕТТІМ»
ашық дереккөзі
1239
(Алғашқы қазақ романының бірі — «Қыз көреліктің» жарық көргеніне 100 жыл)
Әр өңірдің еліне елеулісі, халқына қалаулысы, есімін есінде ұзақ сақтар, еңбегін жыр қылып мақтар ұлдары болады. Ондай «суға түсіп, отқа күйген», сол үшін халқы сүйген сабаздар ел есінен шықпайды, тарих топырағының астында жатпайды. Шындық жеңіп, заман түзеліп, әділдік жетіп арыстары ақталса, олармен халқы қуана қайта қауышады. Міне, бүгінгі мақаламызда солардың бірі – Семей өңірінің түлегі қазақтың алғашқы романдарының бірін жазған Тайыр Жомартбаевтың шығармашылық жайын сөз етпекпіз. Қазақ әдебиетіндегі парасатты прозамыздың салиқалы саласы – роман тарихына тоқталсақ, ол әрине, 1910 жылы жарық көрген Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы. Ал Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романы бұдан екі жыл кейін, 1912 жылы жарық көрді. Романның тұңғыш басылымындағы көлемі – 44 бет. Басылып шыққан жері – Семей қаласы, «Жәрдем» серіктестігінің баспаханасы. Титулдық бетінде «Қыз көрелік» деген тақырыптың дәл астына «Роман» деп жазылған. Тайыр (шын аты Тайлақбай) Жомартбаев 1884 жылы қазіргі Абай ауданы жеріндегі Мұқыр өзені бойында дүниеге келген. Өз әкесі Боқай, үлкен атасы Жомартбай да кезінде дөңгеленген шаруашылығы бар, мал бағып, көп бала өсірген еңбек адамдары болған. Тайыр алғаш рет ауылдағы молдадан оқып, сауатын ашады. 12 жасында Семейдегі бір саудагер дүкенінде қолбала бола жүріп, бос уақытында мектептен дәріс алып тұрады. 20 жасқа келгенде ауылына оралып, бірер жыл бала оқытқан. Тайыр одан әрі оқуын Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде жалғастырды. Бұл оқу орны туралы көптомдық Қазақ Совет энциклопедиясында төмендегідей деректер бар: «Медресе Ғалия» – Еділ бойында, Орта Азия мен Қазақстанда жоғары білімді оқытушылар даярлаған прогрестік бағыттағы оқу орны. Өйткені, «Медресе Ғалияда» Шығыстану пәндері, логика, философия, тарих, география, математикамен қатар орыс тілі, орыс әдебиеті де оқытылған. 19 ғасырдың аяғы, 20 ғасырдың басында «Медресе Ғалияда» көптеген талапкер қазақ жастары оқыды. Солардың ішінен белгілі жазушы Бейімбет Майлин, педагог-ақын Тайыр Жомартбаев сияқты барлығы 1913 жылға дейін 50 бала оқыған» (7-том, 564-бет). Міне, Тайыр осы оқу орнын 1911 жылы ойдағыдай бітіріп, сонда бірге оқыған Адығия деген татар қызына үйленіп, сол кезде Заречная Слабодка деп аталатын Семей қаласының бір жерінде ашылған мұсылман мектебінде мұғалімдік қызметін бастайды. Тайыр мектепте ер балаларға, әйелі қыз балаларға сабақ береді. Шынында кең жазиралы Арқа жерінің өнерсүйгіш сауықшыл Шыңғыс елі Тайырдың бойына ақындық, жазушылық қабілетті ерте ұялатты. Өзінің ұлы жерлесі ақын Абайды рухани ұстаз тұтты. Абайдан нәр алып, тебіндеп өскен егіннің бір көкжелегі – «Қыз көрелік» романы. Себебі, романның үштен бірі өлеңмен жазылған. Романның ішінде аракідік ұлы ақын есімі құрметпен еске алынып, кейбір өлеңдерінен үзінді де пайдаланылған. Романның қысқаша мазмұны төмендегідей: Керей руы ішіне ертеректе келіп қазақ болып кеткен тәшкендік сарт Ғайса деген саудагер байдың баласы болмапты. Бертін келе Ғайса мал беріп, тоқалдыққа кедей Жұбаныш дегеннің қызы Жәкішті алады. Бұдан Ғайникамал деген қыз туады. Бәйбішесі Бәкіжан Ғайникамалды қырқынан шыққан соң өз бауырына салады да, Жәкішті күң есебінде ұстайды. Бір жасқа толмай-ақ Ғайникамалды атастыруға келеді. Бұған әкесі Ғайса қарсы болып, ешкімге уәде бермейді. «Қызым өскен соң теңін өзі тауып алар» деп, сөз салғандарды маңына жуытпайды. Әкесі Ғайникамалға жеті жасынан бастап өз ауылына мұғалім жалдап оқыттырады. Соның арқасында бірталай ауыл балалары да сауатын ашып, хат таниды. Он үш жасқа келгенде Ғайникамал әкесіне: «Мені осы күнімде әрі қарай оқыт» деп қолқалайды. Әкесі Ғайни қызының айтуына көніп, оны Уфа қаласындағы «Дәрілмұғалимат» медресесіне оқуға аттандырады. Жалғыз жібермейді, қасына бәйбішесі Бәкіжанды қосып жібереді. Қызы Ғайникамал Уфаға үйренген соң Бәкіжан елге бір жылдан кейін оралады. Үйіне хатты қыз өлеңмен жазады. Ұл мен қыздың теңдігін. «Сәлем айт маңыңызда жігіттерге, Ғылымға болмас па екен ол да жерік? Қайдағы надандықты қуаттайды, Болғандай надандықпен пайда серік. Ұл мен қыз басқа жұртта бәрі бірдей, Қызды қыз деп кеміткен қазақ һәмен, Айтарым ағайынға келсе шамам» деп жырлап, жерлестерін надандықтан құтылуға, білімге шақырған тілегін жолдайды. Ғайникамал медресені мақтау қағазымен бітіріп, ауылына қайтады. Бойжеткен қыз үйіне келген кезде арғыннан – Әділхан, найманнан – Мұқаш, керейден – Сейітхан деген өздері бай, әрі мырза үш жігіт қыз таңдап жүр екен. Үшеуі де Ғайникамалға сөз салып, оның есін шығарады. Қыз олардың үшеуін де ұнатпайды. Бірақ, үшеуінің де көңілін қалдырғысы келмеген Ғайникамал оларға өлеңмен хат жазып, үйіне шақырады. Хат былайша басталған: «Деп жүрген жас жігіттер қыз көрелік, Таңдап ап сұлу қызды, мал берелік. Мырзалар қыз таңдаған келсін мұнда, Жігітті қыз көретін біз көрелік». Шақыртумен келген үш жігітке қыз: «Дүниеде адам көрмеген сыйлық алып келгендеріңе тием» дейді. Үш жігіт үш жаққа: Әділхан-ағылшын еліне, Мұқаш –герман, Сейітхан – француз патшалығына тартады. Әділхан Лондон базарынан фонарь сатып алады. Бұл фонарьға мініп ұшсаңыз, бір сағатта қалаған жеріңе барады екенсіз. Мұқаш Берлин базарынан дүрбі тәрізді түрікпен сатып алады. Оның ішіне үңіліп қараса, ауылында жүрген Ғайникамалды көреді. Сейітхан Париж базарынан бір ұзын, іші қуыс сыбызғы алады, аузымен үрлесе өлген адам қайта тіріліп кетеді екен. Уәделескен үшеуі қайтарында бастарын Омбыда қосып, Мұқаш алған түрікпеннен қараса, Ғайникамал өліп, оң жақта жатыр екен. Үшеуі Әділхан тапқан фонарьға мініп, Ғайникамал ауылына жетеді. Сейітхан қолындағы сыбызғы-резинкамен Ғайникамалды тірілтіп алады. Енді үшеуі қыз үшін таласқа түседі. Ғайникамал тағы да үшеуінің басын қосып: «Менің мақсатым-малды, бай кісінің қатыны болу емес. Кім де кімнің білген шамалы білімі болып, мақсаты оқымаған, білмеген халықтың көзін ашпақшы болса, сол уақытта мен сол кісінің өмірлік қызметкері болайын. Мен де оқымаған, білмеген әйелдердің көңіл көзін ашсам-ау деген мақсаттамын. Енді, мырзалар, менің обалыма қалмаңдар», – деп жауап береді. Қыздан біржола түңілген үш жігіт бірігіп, оған қастандық жасауға әзірленеді. Дәл осы кезде Семей шаһарында тұратын Тарамбай деген нашарлау адамның баласы Мұхаметқали іздеп келіп, Ғайникамалмен сөз байласады. Бұл да сол «Дәрілмұғалимат» медресесін бітіріп қайтқан жігіт екен. Олар бір түнде Ғайникамал ауылынан Семейге салт атпен аттанып кетеді. «Мұхаметқали еркек балаларды, Ғайникамал қыз балаларды оқытып, екеуі халыққа пайдалы адам болып өмір сүріп тұра бастады» деп аяқталады роман. Романдағы оқиға желісі шағын ғана. «Қыз көрелік» романының алды-артында жарық көрген М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалында» және С.Көбеевтің «Қалың мал» романдарының өрнектері бұдан гөрі күрделірек. Екі романда да ұлы жанрға тән оқиғаның басталуы, өрістеуі, шиеленісуі және шынайы шешілуі бар. Қарама-қарсы тұрған екі жақ, олардың толассыз тартысы бар. Мысалы, С.Көбеевтің «Қалың мал» романындағы Ғайшаның әкесі Итбайдың қызын ақшаға сатып базарға баруы, «менімен сауда жасайтын дүкен бар ма?» деп күпінуі таныс мінездің нанымды көрінісі, өмір шындығы. «Қалың малда» кейіпкерлерді қимыл-әрекетімен, озбырлығымен таныстыру басым болса, «Қыз көрелікте» ертегі стилінде баяндау тәсілі қолданылған. Әділін айту керек, «Қыз көрелік» өзінің құрылымы жағынан романның болған түрі емес, қайта болам деген талпыныс түрі. Оның солай болуы заңды да. Өйткені көш жүре түзеледі емес пе? Ендеше, заман өсіп, ержеткен сайын шығармаға көзқарас та, талғам да өзгеріп, ерекшеленіп, іріктелініп отырады. Көзқарас демекші, 1829 жылы орыс әдебиетінде Ф.Булгарин дегеннің «Иван Выжигин» атты романы жарық көріпті. Осы романның басты кейіпкері Иван Выжигин жасында тұл жетім болып, иттің үйшігін паналап, өсе келе жасауы мол бір қалыңдыққа үйленіп, «аузы аққа тиіп», ақыры арманына жетеді. Қысқа мазмұны осы ғана. Бірақ, бұл орыс әдебиетіндегі тұңғыш роман саналады. Бұл романды кезінде В.Белинский іске алғысыз етіп сынаған екен. Сөйте тұра: «Бұл роман ішкі қадір-қасиетімен емес, жарыққа шыққан мезгілін алғанда Русь романдарының басы болып есептелінеді. Орыс халқының өз өмірінен алынып, орысша жазылған роман сәтті еңбек бола алар ма? деген сұрақ туады, сол сұраққа бірінші жауап берген Ф.Булгарин болды. Міне, бар қасиеті осы-ақ», – дейді ұлы сыншы. Әділінде, әрбір шығарма өз кезеңінің таразысымен өлшеніп танылмақ. Содан кейін оны бүгінгінің биігінен бағалай бер. Жоғарыда «Иван Выжигин» романы орыстың тұңғыш романы екені айтылды. Прогресшіл идеясы жағынан да «Иван Выжигин» романынан анағұрлым жоғары тұрған «Қыз көрелікті» қазақтың тұңғыш романдарының бірі деуге неге болмасқа? «Қыз көреліктің» идеясы адамгершілікті уағыздайды, қадір тұтады, теңдік мәселесін, өнер-білімді насихаттайды. Сол кезде Ғайса әкенің қыз баласын оқыту үшін ауылында мектеп ашуы, оны ауыл балаларымен бірге оқытуы, оған қоса қызын үйінен шет жерге ғылым іздеуге жіберуі, сүйгенін өзіне таңдатып, қалыңмалсыз ұзатуы – мұның бәрі өз кезінде қазақ өмірінде көз көріп, құлақ естімеген жаңалық, тіпті жаңалық емес, адам айтқысыз ерлік болатын. «Қыз көрелік» романының авторы Жомартбаев Абай жолын қуып, оны өзіне ұстаз тұтып, өнерін өнеге тұтқаны келісті көрініп тұр. Абай егіні қылтанақсыз қалмаған. Абайдан нәр алып, тебіндеп көктеген егіннің піскен дәні – «Қыз көрелік». Тайыр Жомартбаев орысшаны да жақсы меңгергенге ұқсайды. Пароход, число, воздушный шар – канон сияқты сөздерді орынды пайдаланады. Ағылшынды «іңгліш» деуі де нақа құралақан кісі емес. Дүниежүзлік картаны да біледі. Арабшадан да хабары мол екені шығармада анық көрінеді. Шығыс халықтарының көбі «Родина» деген орысша атауды «ватан» деседі. Татарда, башқұртта, өзбекте, әзірбайжанда, тіпті түрікте де солай. Ал, біздің қазақ оны «Отан» деп алған. Қазан төңкерісіне дейінгі кітаби шайырлар шығармаларында мүлде жоқ. 20 ғасырдың басында өткен Абай мен Сұлтанмахмұтта да кездеспейді. Ал, қазақ топырағында осы сөзді тұңғыш рет көркем әдебиетке кіргізген Тайыр Жомартбаев екен. Атап айтсақ, «Қыз көрелік» атты романының беташар сөйлемін автор: «Семипалат шаһарының күнбатыс жағын Отан етіп Керей деген қазақтың үш атасының баласы тұрады» деп бастаған. Әрине, бұл контексте «Отан» атауы қоныс, мекен деген сөздердің баламасы. Ал, кеңестік дәуірде «Отан» атты оттан ыстық сөзді төл әдебиетімізде тұңғыш рет Сәбит Мұқанов өзінің 1925 жылы жазылған «Қызыл Арқа» өлеңінде қолданған. (Бұл екі деректі табушы М.Әлімбаев). ХХ ғасырдың басында талпынған, тырбанған қазақ өнершең ойы әр қияға құлаш сермей бастаған-ды тіпті, қазақ романының толғағы Қазан төңкерісінен бұрынырақ басталған. Бұлар нәресте прозалар – «Бақытсыз Жамал», «Қыз көрелік» және «Қалың мал» еді. Әрине, бұлар әлі торсықшеке романның өзі емес. Локомотивтен алғашқы ағылшын паровозының айырмашылығы қандай болса, дәл бүгінгі романнан бұл алғашқы романдардың айырмашылығы да сондай. Бірақ екеуі де «паровоз», екеуі де «роман» деп атала береді. Ендеше, «Қыз көрелікті» де осы логикамен роман деп атауға негіз баршылық. Романға арқау болған оқиға өмірден алынған ба? Автор ең әуелі ауыл өмірін суреттейді. Ғайса тұрмысын баяндай отырып, артынан ертегілік оқиғаны өрбітеді. Жар таңдаған қыздың сынаған жігітін қиынға айдайтыны Шығыс халықтарының, оның ішінде қазақ ертегілерінде де бар сюжет. Айтпақшы, мүмкін автор, мәдениетті мұғалім В.Шекспирдің «Венеция көпесі» атты пьесасын оқыған, шығар. Сонда кездесетін Порцияның үш сандығын өзінше келтіріп тұр ма? Әрине, бұл да зерттелетін шаруа. Ал қыз бейнесі қайдан алынған? Орайы келгенде айта кеткен жөн. Тайыр Жомартбаев пен оның «Қыз көрелік» романы туралы абайлық қарт ақын Шәкір Әбеновтің (1994 жылы 93 жасында қайтыс болды) айтқан мына бір әңгімесі назар аударарлықтай: «Қазан төңкерісі алдында, тіпті одан кейінгі жылдарда да Тайыр романын қолдан түсірмей ыстық ықыласпен оқып, мазмұнын көңілге тоқып өсіп едік», – дейді Тайырдың өзін де көріп, айтқан өлеңдерін де жаттап алып жүрген Шәкең. Амал не, арада өткен 70 жыл бәрін естен шығарды. Сол кездегі зиялы ауыл адамдарының айтуларына қарағанда, «Қыз көрелік» романындағы кейіпкерлер Тайырдың өз замандастары болса керек. Кейде Тайырмен бірге Уфадағы медреседе Семей губерниясынан 12 шәкірт оқуға барған деседі. Солар кейіннен оқуларын бітіріп, әр аймақта мұғалімдік қызмет атқарған. Ғайникамал сол 12 шәкірттің бірі, Семей қаласындағы бір татардың қызы дегенді сол кезде естіген едім. Осыған қарағанда романдағы қыз бейнесі нақты өмірден алынуы әбден ықтимал. Ал, романдағы мұғалім Мұхаметқалидің прототипі Тайыр Жомартбаевтың өзі деуге болады. Бұл пәтуалы пікірді «Абай шәкірттері» атты кітабында («Алаш» баспасы, Алматы, 2005) танымы мол дәйекті деректерімен белгілі ғалым Қайым Мұхаметқанов анық атап өткен. Жомартбаевтың екінші кітабы да сол 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» серіктестігі баспасынан «Балаларға жеміс» деген атпен жарық көрген. Мұнда ол Абай шәкірті екендігі, одан үлгі-өнеге алғанын барынша дәлелдейді. Кітап басынан аяғына дейін елді, жас ұрпақты білімге, оқуға үндеген өлеңдерден тұрады. Бұл кітапта, сондай-ақ, Л.Толстойдың «Әділ билік», К.Ушинскийдің «Мектепке шақыру» әңгімелерін жасөспірімдерге өлең түрінде аударып ұсынады. «Балаларға жеміс» атты өлеңдер жинағын әділінде Т.Жомартбаев жас жеткіншектерге оқулық ретінде шығарған. Жинаққа кірген он тоғыз өлеңнің бәрі дерлік жас буынның сана-сезімін оятып, адамгершілікке, ізгілікке, мейірімді, бауырмал болуға, еңбекке баулып, тәрбие жемісін беруге арналған. Жинақтың бірінші бетінде берілген: «Неге болды кісіде Екі құлақ, жалғыз тіл? Көп естісін, аз сөйлеп, Дегені ғой, соны біл» – деген бір ауыз өлеңнің өзі жас жеткіншектердің сезімін селт еткізіп, көңілін кітапқа аудартатындай. Жинақта берілген «Замандастарға қарап», «Біздің хал» атты өлеңдері сыртқы түрімен ғана емес, тұтас мазмұнымен ұлы ақын Абай ықпалын, Абай өлеңдерінің әсерін сездіреді. «Қарайған көзің, Сөйлеген сөзің Көрінер елге, бос қалмас. Қарыны тойған, Қайғыны қойған, Құлағын жалғыз сол салмас. Еңбек кетпес далаға, Үйретейік балаға» – деп бала тәрбиесіне мән беруге шақырады. Ал, «Біздің хал» атты өлеңінде ақын жалпы халықтың, қоғамның жайын аңдата отырып, тұрмыстағы мәні зор мәселені алға тартады. «Нұрланып, балқып шықты күн, Жерді айналып кетті түн. Оянды шулап мақлұқат, Шықпады жалғыз бізден үн», – дегендегі «күн» – ХХ ғасырдың бас кезінде басқа ұлттардың білімге батыл бет бұруын аңғартса, «шықпайды жалғыз біздің үн» деуі – таза қазақ тілінде оқытатын мектебі жоқтығын алға тартады. Одан әрі: «Күн айналып болды кеш, Үйді жылытты жалғыз пеш. Жабуын білмей жақсақ та, Болды біздің еңбек еш» деп сипаттауы ешбір түсінікті қажет етпейтіндігін ескертеді. Ақын осы өлеңдегі түйінді ойын жастарға арнайды: «Қарғы талап атына, Өрле шығып сатыға, Тауға шықпақ сол мақсат, Кім жүрмейді жатыға. Шырақтан бұл қыл жарық, Пайдалансын аш-арық. Тауанды бол бір іске, Тауды бұз да, тас жарып». Өлең бейнелі сөз тіркестеріне барынша бай. Мысалы, «күн», «түн», «түс», «кеш», «жарық», «таң» сөздері тіке қолданылып тұрғанымен, ауыспалы мағынаға ие болып, оқу-ғылымды, надандық пен қараңғылықты бейнелеп тұрғаны күмәнсіз. Тайырдың «Балаларға жеміс» атты өлеңдер жинағындағы барлық өлеңдері бүкіл болмысымен үгіт-насихат сарынында жазылған. Жомартбаев жинақтың ең соңында: «Сөз қылдым мен тәмам, Сүйретер өзі бұл заман. Асықпасаң байқарсың Нелер жақсы, не жаман», деп қай жолдың дұрыстығын ажыратуды балалардың өз еншісіне қалдырады. Тайыр Жомартбаев кезінде бірнеше пьеса да жазған. «Осы ма, қазақ, өмірің?» пьесасы Зайсан қаласында, «Сарсүйек құда» пьесасы Семей қаласында қойылған екен. Кезінде «Айқап», «Жаңа мектеп» журналдарында Тайыр өлеңдері мен фельетондары жиі басылып тұрған. Жергілікті бай-жуандар Семей губерниясының патша чиновниктеріне жамандап, «Осы ма, қазақ, өмірің?» деген ащы мысқылға толы пьеса жазғаны үшін Тайырды Зайсан жаққа жер аудартқан. Ол жақта Маңырақ болысында үш-төрт жылдай мұғалімдік жұмысын атқарған. 1928-1937 жылдары Тайыр Семей қаласындағы №14 мектептің директоры, Семейдегі мұғалімдер техникумында, ауылшаруашылығы техникумында қазақ тілі мен әдебиетінен, математикадан сабақ берген. Осындай ақжарқын халқына адал қызмет істеген Жомартбаев, амал не, 1937 жылдың құрбаны болып өмірден өтті. Иә, кезінде ойлы өлеңдерімен, көркем пьесаларымен қанықты болған халық мұғалімі Тайыр Жомартбаевтың артына қалдырған әдеби мұрасы аз емес. Соңғы ширек ғасыр ішінде Тайыр Жомартбаев хақында әдеби шолу мақалаларда жол-жөнекей атүсті еске алынып жүр. Арнайы зерттеу, мақала, еңбек жоқ. Рас, «Жалын» баспасы «Алтын сандық» атты сериямен қазақтың ХХ ғасыр басындағы үш романы – «Қалың мал», «Қамар сұлу», «Қыз көрелікті» бір кітап етіп 1982 жылы жұртшылыққа ұсынды. Әрине, бұл құптарлық шаруа. «Қыз көрелік» романының өз оқырмандарымен 70 жылдан кейін қайта қауышуы болса керек. Ендігі жерде: «Өмірді ағартуда еңбек еттім, Шын түзу жолы осы деп нық ниеттің. Мыңдаған жас ұрпақты тәрбиелеп, Қазағым-қандасымды еркелеттім», – деп ақын жырлағандай, оның бар мұрасын жинақтап бір кітап етіп шығарса, оның шығармашылық өмірбаянын жазуды қолға алса деген тілек бар.
Ғабит Зұлхаров, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Серіктес жаңалықтары