765
САУМАЛ ҚЫМЫЗ САПЫРЫП...
САУМАЛ ҚЫМЫЗ САПЫРЫП...
«Қымыздан дәмді ас бар ма?» – деп данышпан бабаларымыз қалайша дәл тауып айтқан десеңізші?! Бірде Қазығұрт ауданындағы Шарапхана елді мекенінің жанынан өтіп бара жатып, қаз-қатар орналасқан қымызханалардың біріне бас сұқтық. Бізге ұсынған қымыз сол ауылдан алдырылған болып шықты. Бүкіл ауыл бойынша бие байлап, қымыз сапырып отырған жұртшылықтың ісі бізді қатты таңғалдырды. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген – міне, осы! Жұмыс іздеп қалаға сабылмай, аядай ғана ауылда кәсіпті нәсіп еткеннің көсегесі көгеріп, қазынасы артып отыр. Ал дәмі бал татитын қымызымен оңтүстікке ғана емес бүкіл елге танымал бәйдібектік шаруалар бұл кәсіпті неге жаппай дамытпай отырғандығы біраз ойларға жетелейді.
2007 жылы ұлттық сусынымызды насихаттайтын облыстық «Саба» қымыз фестивалінде Бәйдібек ауданына қарасты Көктерек ауыл округі, Бірлік ауылынан барған биенің сүті барлық жағынан жоғары бағаланып, сарапшылар шешімімен бас жүлдені жеңіп алған болатын. Сол кезде қымыз өндірісімен мықтап айналысатын Төлеби Қазығұрт, Сайрам секілді аудандардың кәсіпкерлері Бәйдібектен апарылған бие сүтінен ауыз тиіп, дәмділігіне таңдай қағып, еріксіз мойындаған. Әрине, олардың таңданып, тамсанатынындай бар. Себебі таудан аққан өзеннің мөлдір суын ішіп, дәрілік өсімдіктер дермене мен жусанды, киікоты мен изенді қорек еткен жылқы сүтінің дәмі мен емдік қасиеттері басқадан айтарлықтай ерекшеленеді. Ал жаңа сауылған сүт қымызды киікотымен ысталған күбімен піссе, дәмділігі одан әрі тіл үйіріп шыға келетіні айтпаса да түсінікті.
Қазіргі таңда Бәйдібек ауданында ұлттық сусын қымыздың жайы қалай? Көңіл көншітпейді. Бұрында әр ауыл тұсынан киіз үйлерде біраз қымызханалар ашылып, жолшыларға, тұрғындарға бірер жыл қызмет атқарғаны есімізде. Содан көп ұзамай «дала көркіне сән берген көшпелі киіз үйлер» саны қожырап, бірте-бірте олардың барлығы «санитарлық нормаларға сәйкес емес» делініп, басқа да әртүрлі сылтаулармен жабылған. Аудан орталығы Шаян ауылында да арнайы «қымызхана үйі» болатын. Бүгінде оның орнына сыраханалар мен спирттік ішімдіктің мол түрі кездесетін кафелер, тойханалар етек жайды. Қазір сол қымызханаларда шөлдеген жанға сыра ұсынған даяшының табысы артып тұр. Әттеген-ай дейсіз, сырттан келген қонақтарды қымызханаларымызға ертіп барып, ащы сусын орнына халал ас беріп, қымыз, шұбатпен сусындатып, қысы-жазы қазақтың ұлттық тағамдарымен күтсек, несі ерсі?
Бала кезімізде үлкендер жағы жайлауға жол түсе қалса, үйір-үйір жылқыны, көгенде байлаулы құлындарды көріп: «Құлын байлап, бие сауған берекелі үй екен, соғып қымыз ішелік», – деп ат басын бұрып, сәлем беріп, әңгіме-дүкен құра отырып, сусын қандыратын. Ал, қазір ауылдағы сол бір жақсы салт көмескіленіп, жылқы ұстап отырса да, бие сауып, қымыз ішпейтін халге жеткеніміз өкінішті. Әйтпесе жылқы шаруашылығымен айналысып отырғандар Бәйдібекте жеткілікті. Ресми мәліметтерге көз жүгіртер болсақ, «Аманбол-К» мен Тасқұдық ЖШС-і және «Ақбақай», «Қарабала», «Шоңай» шаруа қожалықтарында асыл тұқымды 1800 мал басы бар екен. Оның ішінде аналығы 618 бас. Міне, осындай шаруашылықтар қымыз өндірісін қолға алса, қалаға тонналап қымыз тасымалдауға болар еді. Біз тек шаруашылықтарды мысалға алдық. Әйтпесе, жекелеген шаруа иелері қаншама. Аудан бойынша жылқы саны 15 мыңға жуықтайды. Оның үштен бірі аналық бас деп есептесеңіз, бұл салада айтарлықтай табысқа қол жеткізуге болады. Бұл мәселеде бізге керегі – бір жүйеге түсу, қымызға көңіл бөлу. Сол қымыздың адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін біз осы күнге дейін жалпы жұртқа жеткізе алмай, ішкі нарыққа енгізе алмай жүрміз.
Тағы бір әттеген-ай дегізетіні, экспорттау барысында арнайы күтімді, сақтауды қажет ететін қымызды тасымалдау барысында елеулі қиындықтар туындап, бұл мәселе жөнді шешімін таппай отыр. Осыны жақсы білген ғалымдар қымыз бен шұбатты тасымалдауда әлемде кеңінен қолданылатын сублимациялық тәсіл арқылы, яғни ұнтақ немесе таблетка ретінде тасымалдауды ұсынды. Егер бұл ой үкімет тарапынан қолдау тауып, өнімді сублимациялық тәсілмен экспорттық тауарға айналдыра алсақ, құба-құп болар еді. Расында, осылайша қымыз бен шұбатты қалаға, мүмкін шетелге шығарып, одан шаруаларымыз пайда тауып жатса, қанеки?!
Басқа аудандарда бұл бағытта қандай іс атқарылуда? Мысалы, Шымкентте Диханкөлдің қымызын іздеп жүріп ішеді. Бір ғана Төле би ауданы облыс орталығының қымызға деген қажеттілігінің басым бөлігін ақтап отыр. Сондай-ақ, Созақ ауданында да шұбат өндірісі қарқынды дамыған. Тек шұбатпен ғана айналысатын шаруашылықтардың саны көп. Ал, Бәйдібекте табиғаты жылқы малын өсіруге ыңғайлы, қалаға жақын ауылдардың шаруашылықтары қымыз өндіруді құнттай алмай келеді. Мүмкін, облыс әкімінің алдына қымыз бен шұбат өндірісін кластерлік жүйеге енгізуді мәселе ретінде қойып (мәселен, сиыр сүті өндірісі кластерлік жүйеге жатады), жылқы мен түйе өсіруді қолға алған шаруашылықтарға мемлекет тарапынан бірер жыл дотация берген жөн болар? Халқымыздың ұлттық сусыны – қымыздың емдік қасиетін айтпағанның өзінде олардың салауатты өмір салтын қалыптастырудағы орны ерекше. Бие сүті мен саумалдың емдік қасиеттері жайлы мәліметтерді қарапайым халық көп біле бермейді. Сондықтан, көпшілікке арналған әртүрлі ойын-сауық, мәдени іс-шараларда қазақтың ұлттық ойындарымен бірге ұлттық сусындарымызды дәріптейтін шараларды дәстүрге айналдыру керек сияқты. Түптеп келгенде, бұл бағытта көпшілік болып ойласар мәселе әлі де жетерлік.
Б.КЕРІМЖАН,
Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауыл округі әкімінің орынбасары:
«Кезінде әр аудан жоспарлы түрде облысқа сүт пен қымыз өткізетін. Қазір ондай талапты шаруашылықтарға қоя алмайсың. Бірақ, менің ойымша, аудан орталығынан бір «қымыз орталығы» ашылса. Барлық кәсіп иелері бие сүтін осы орталыққа тапсырса, ал оның сапасын тиісті мекемелер тексеріп отырса, құба-құп болар еді. Сонда қымыз іздегендер ауыл-ауылды аралап кетпейді. Сондай-ақ басқа қалаларға да осы орталықтан жөнелтуге жеңіл болады. Ертеректе қымыз әрбір үйде болатын. Соңғы жылдары қолдарында біраз жылқысы болса да, бие байлап, қымыз сапырып отырған бірді-екілі ғана шаруалар бар. Олар да ауыл ішіндегі сұранысқа сай қызмет істейді. Ал, былайша тонналап қымызды қалаға жөнелтіп отырған ешкім жоқ. Бие сауып бас ауыртқаннан гөрі мал бордақылағанды тиімді санайтындар көп. Алайда жол бойына киіз үй құрып, өткен-кеткенге бал қымыздан дәм татыратын орындардың көбейгені қуанышты жағдай. Сұраныс пен бәсеке бар жерде қымыз өндірісінің өркендеп, бір жүйеге түсері сөзсіз».
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы