АЛАШҚА ҮЛГІ КӨРСЕТКЕН ҚАЙРАТКЕР
АЛАШҚА ҮЛГІ КӨРСЕТКЕН ҚАЙРАТКЕР
Жас ұрпақтың көбі тарихымызды жетік білмейді.Алаш арыстарының рухын жас ұрпаққа сіңіру үшін бұған мемлекет кешенді түрде келіп, баса назар аударуы тиіс. Ең алдымен, мектеп оқулықтарында жеткілікті көлем берілуі керек. Қазір «Қазақстан тарихы» оқулығында Алаш ардақтылары бар болғаны бір жарым бет қана.
Алаш қайраткерлерінің бірі Жаһанша Досмұхамедұлы 1887 жылы Орал облысы, Жымпиты болысының Бұлдырты ауылында дүниеге келген. 1899 жылы Орал әскери реалдық училищесіне түсіп, оны 1905 жылы алтын медальмен бітіргеннен кейін, 1906 жылы Император атындағы Мәскеу университетінің (бүгінгі М.Ломоносов атындағы МГУ) заң факультетіне қабылданып, 1910 жылы оны да алтын медальға бітірген Ж.Досмұхамедұлы қазақтың тұңғыш прокуроры, әділет генералы.
«Біздің мақсатымыз – ел билеуді, халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты – елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз» деген Жаһанша дербес мемлекет құру ісін барынша жедел қолға алып, 1918 жылы мамырда «Ойыл уәлаяты» деп аталған тұңғыш аймақтық автономияны жариялайды. Үкімет төрағасына сайланған Жаһанша Досмұхамедұлы, премьер-министр және әскери істер министрі қызметін атқарды. Үкімет мүшелері: Халел Досмұхамедов – төрағаның орынбасары; Дәулетше Күсепқалиев – Үкімет кеңесін басқарды; Жанқожа Мергенов – Ішкі істер министрі; Салық Омарұлы – жер шаруашылығы министрі болды. «Мемлекеттік билік әзірше үстемдік құрған кезде, қазақ халқы өзін аман сақтап қалу үшін Мемлекеттік аппаратқа қол жеткізуі тиіс» деген пікірді ұстанған Ж. Досмұхамедұлы мемлекеттік құрылымдарды жасақтап, түрлі министрліктер құрды, банк пен телеграф ашып, бірнеше мың тұрақты әскер ұстады, ішкі тәртіп үшін милиция жасақтады, әскери оқу орнын ашып, іс жүзінде заманауи тұңғыш қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған тарихи тұлға. Алашордашы ретінде 1938 жылы атылып, 1956 жылы ақталады.
Мұның бәрі 2012 жылғы 22 қараша күні Астана қаласында, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Алаш Орда көсемдерінің бірі, белгілі заңгер Жаһанша Досмұхамедұлының 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеште айтылды. Салтантты кеште сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай өткен ғасырдың басында ұлт тарихында еңбек еткен қайраткерлердің еңбегін ерекше атай келіп, жетпіс жыл бойы еңбектерін шаң басқан архивтердің сөрелеріне тығып, шығартпай қойған солақай саясаттың құрдымға кетіп, бүгінгі тәуелсіздік тұсында Алаш ардақтыларының рухы халықпен қайта қауышқанын жеткізді. «Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кеңестік саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қабылдаған батыл шешімі мен салиқалы саясатының арқасы», – деді министр.
Сондай-ақ биылғы жылы қазақтан шыққан алғашқы білікті заңгер Жаһанша Досмұхамедұлының 125 жылдығына арналған әртүрлі дөңгелек үстелдер мен жиындар, оқу орындарында ғылыми конференциялар, басқа да өнер жарыстары ұйымдастырылғанын айта келіп, өткен ғасырдың басында жарық көрген «Ақжол», «Қазақ», «Айқап», «Абай», «Сарыарқа», «Қазақстан» сияқты қазақ баспасөзінің рөліне тоқталды. «Сарғайған парақтарынан қарап отырсақ, Жаһанша Досмұхамедұлының ХХ ғасыр басындағы саясаткер, кәсіби заңгер екеніне көзіміз анық жетеді. Аталған басылымдардағы қайраткердің мақалалары мен қоғамдық саяси қызметінің қыры мен сырын, көзқарастарын оқи отырып, қазақ қоғамына жаңаша жол ашып, білім алып жатқан жастарға стипендия бергізіп, қазақ тіліндегі оқулықтарын көптеп шығаруға үлес қосқан қайраткер екенін аңғарамыз», – дейді Дархан Қамзабекұлы.
Орынбор, Қызылорда, Ташкент қалаларында тәлім-тәрбие беріп, бар қажыр-қайратын жұмсаған ол әдебиет саласында да өнімді із қалдырды. Тәуке ханның «Жеті жарғысын» түркі жұртшылығына дәлелдей білді. Қазақта «Сөздің шешені Жаһанша» деген сөз бар…
Бірнеше тілде жаза білетін Ж.Досмұхамедұлы саясаткер ретінде Батыстың «Ойыл уәлаятын» басқарып, қазақ сахарасында әлеуметтік, экономикалық жағдайды реттеп отыруға күш салды. Шын мәнінде Алаштың бірігуіне, сақтап қалуға және дамуына үлкен еңбек сіңірді. Саясаткер көптеген адамдармен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Халықтарды бір-бірімен топтастыра отырып, бірігу саясатын – түбі бір түркі халықтарын, қазақ, өзбек, қырғыз, башқұрт халықтарының басын қосуға ерекше еңбек сіңірді.
Қазақ өзін аман сақтап қалу үшін аппараттық ұстанымын жария етіп, сол аппараттың қалыптасуына үлкен еңбек етті. Ол өз жылнамасында Президент институтын, жоғары палатаның екі құрылымын көрегендікпен айта білді және жалпы мемлекеттік қызметшілердің, судьялардың адал болуы сияқты құндылықтың қалыптасуына үлес қосты. Үлгі көрсетті, жол сілтеді. Алаш арыстары бірлікті құр сөзбен емес іспен дәлелдеп, Алаш қозғалысын, тәуелсіздік идеясын шын мәнінде түсінген азаматтар. Арада қаншама жылдар өтіп, еліміз Тәуелсіздік алған тұста Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының құрылымын демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде қалыптастырғаны баршаға мәлім. Алаш қайраткерлерінің, оның ішінде Жаһанша Досмұхамедұлының көксеген арманы орындалып, елдің мақсатының бүгінде іс жүзінде асқандығын көріп отырмыз.
Жалпы, Жаһанша Досмұхамедұлын зерттеп, зерделеу әлі жалғаса беруі тиіс. Ол біздің қазақ үшін, қазақтың рухы үшін әлі көп пайдасын тигізеді деп білемін, – деді министр мырза.
Өз кезегінде сөз алған Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шайкенов Жаһанша Досмұхамедұлының кіндік қаны тамған қасиетті туған жерінен ыстық сәлемін ала келгенін, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Алаш қайраткерінің туған-туыстарынан, ел ағаларынан тұратын бір топ делегацияны осы шараға арнайы жіберіп отырғанын жеткізе келіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғыс сезімін жеткізді.
«Өткенімізді іздеп, болашақтан айрылмас үшін екі ортаға көпір жасау керек» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Өткенсіз бүгін жоқ. Батыс Қазақстан облысында Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедұлына арналған үлкен халықаралық конференция өткенін, оған алыс-жақын шетелдерден ғалымдар қатысып, ой бөліскенін айта келіп, Алаш ардақтысының 125 жылдық тойы туған жері Сырым ауданында тойланғанын, Алаш ардақтыларына арналған аллея салынғанын жеткізді. Бұл іс-шараның жалғасы Елордамыз Астанада жалғасын тауып жатқанын айта келіп, осы шараға ұйтқы болған Мәдениет және ақпарат министрлігіне үлкен ризашылық сезімін білдірді.
Кешке танымал өнер жұлдыздары қатысып, «Наз» би театры, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының камералық хоры мен оркестрі өнер көрсетті.
Астана