ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕ

ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕ

ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕ
ашық дереккөзі
515

Қайшылық жоқ!

Қазақстанда Журналистер этикасының кодексі қабылданды. Қоғамдағы жылт еткен жаңалықты қалт жібермей қадағалайтын тілшілер қауымы оны талқылауға бір кісідей атсалысты. Бұл туралы «Түркістан» газетінің бетінде бірнеше қайта жазылды да. Бүгінгі әңгіме осы құжатта пайдаланылған кейбір түсініктерге қатысты.

Кодекстің прембуласында оның «журналист пен БАҚ қызметкерінің кәсіби іс әрекетінің моральды-этикалық қағидалары мен нормаларын бекіту үшін қабылданғаны» айтылған. Басқаша айтқанда, аталмыш құжаттың заңдық күші жоқ. «Журналист этикасының нормасын сақтамадың деп ешкім де заң алдында жауапқа тартылмайды. Бірақ әлемдік тәжірибеге сәйкес, бір терінің пұшпағын илеп жүрген журналистер қауымы үшін ортақ әрекет ету ережесі, жаппай мойындалған ішкі қағидалар болуы шарт. Мысалы, осы Кодекстің 7.3 тармақшасында айтылған «Журналист өзінің кәсіби міндетін орындау барысында зардап шеккен әріптестеріне көмек көретеді» деген норма ақпарат майданының алғы шебінде жүрген қаламдастарды ауызбірлікке үндесе керек.

Мұндай норманы ақ қағазға нақтылап жазбаса да болар еді. Бірақ қазақ ақпарат кеңістігінде түрлі БАҚ қызметкерлері арасында кәсіби ауызбіршілік бар деп ауыз толтырып айту қиын. Меншік нысанына қарай ақпарат қожайынының ығымен жүретін журналистер кейде тіпті бір-біріне жанашырлық танытып, қолдау білдіруде құнтсыздық танытып жатады. Сондықтан «өгізге туған күн бұзауға да туатынын», оның үстіне «бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы» екенін еске салып қойғанның артықтығы жоқ шығар.

Шындығында, соңғы жиырма жылда Қазақстанда ақпарат кеңістігі меншік нысанына байланысты, тілдік ерекшелігіне байланысты, ұстанған бағыты мен тақырып аясына байланысты түрлі топтарға бөлінді. Билікке қарасты БАҚ пен өзін оппозицияға жатқызатын басылымдар – екі үлкен лагерь сияқты. Екеуіне де жақын жүретін, кейде бірінен шығып, екіншісіне «өтіп кететін» жекелеген тұлғаларды есепке алмағанда, екі «лагерьдің» айтары да, аңсағаны да – екі басқа. Бұлардан бөлек бір-біріне мүдде жағынан қайшы тағы екі топ бар: орыстілді (ресейшіл) және қазақтілді (ұлтшыл). Алғашқысы, Ресеймен Еуразиялық одақ құруды қолдап, кешегі кеңестік жүйені көксеп, Қазақстанда орыс тілі үстемдігінің сақталуын қалайды, бұл басылымдарда жарияланатын мақалалар тақырыбынан да анық байқалады. Ал екінші топ Қазақстанның тәуелсіздік шежіресін жырға қосып, мемлекеттік тілдің мұңын мұңдайды, өзін ұлтшыл партиоттарға қосады. Меншік нысанына байланысты, «ортақ өгізден оңаша бұзау жақсы» деген қағидамен нарықтық заманның ыңғайына көніп, «сарыжағал» басылымдарға ұқсатып газет-журнал шығарып жатқандар да бар. Бұларды көбіне мемлекеттік саясаттың қайда бет түзеп, қалай қарай кетіп бара жатқаны оншалықты алаңдатпайтын сияқты. Қадірді емес, қаржыны ойлаған басылымдар болып тұр олар. Екі адам бірігіп, бір газет шығаратын немесе бір адам салалық он шақты журнал шығаратындарды осы қатарға жатқызуға болар.

Ал осындай түрлі қалып, сан кейіптегі журналистер қауымы ұдайы болмаса да, белгілі бір мәселелер бойынша ауызбірлік сақтай ала ма? Ортақ келісімге келе ала ма?

Келуі тиіс.

Өйткені мемлекеттің мүддесі, елдің қамы, ердің құнына келгенде, айтылар сөз – біреу, қолданар қару – анық, істелер іс – ортақ болуы керек. Қалам ұстаған қауым осындай талап үдесінен шыға алмаса, онда ол мемлекеттің болашағының өзі күмәнді болғаны.

Сондықтан «ұлттық қауіпсіздікті сақтау», «ақпараттық қауіпсіздікті қорғау» ұғымдары меншік нысанына, тіліне және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан барлық ақпарат құралдарына ОРТАҚ әрекет ету қағидасы болуы шарт. Кодексті талқылау барысында туындаған дау біздің мұндай ортақ түсінікке әлі келе қоймағанымызды көрсетіп берді.

Осы құжатты талқылау ақпарат сала­сындағы бір-біріне қабыса бермейтін қарама-қайшы түсініктер мен топтардың бар екенін тағы да бүкпесіз ашып көрсетті. Бір ғана «ұлттық қауіпсіздік» ұғымы айналасында ымырасыз дау туғаны осының дәлелі шығар.

Мәселенің анығына көшсек, құжатты талқылау барысында «ұлттық ақпараттық қауіпсіздік мүддесіне орай жұмыс істеуді» журналист міндеттеріне жатқызу керек пе, жоқ па деген сұрақ қызу талқыға түсті. Қарсы айтылған пікірлерге қарамастан, осы сөйлем Кодекске қаз-қалпында енгізіліп, қабылданып кетті.

Бұл жердегі түйткіл «ұлттық қауіпсіздік» ұғымының аясына не сыятындығына тікелей байланысты.

Шындығында, ұлттық қауіпсіздікке қа­тысты ұғымдар мен оны сақтау жолы «ҚР Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңда айдан анық жазылған. Осы заңның 1-бабында «ұлттық қауіпсіздік дегенге мынандай түсініктеме берілген:

«Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi (бұдан әрi – ұлттық қауiпсiздiк) – адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің серпінді дамуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделерінiң нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйi».

Ал 4-бапқа сәйкес, ақпараттық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің бір түрі ғана: «ақпараттық қауiпсiздiк – елдің орнықты дамуы және ақпараттық тәуелсіздігі қамтамасыз етілетін, ақпарат саласындағы нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен мүдделерiнің, қоғам мен мемлекеттің қорғалуының жай-күйі».

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету нормаларын қамтыған 23-бапта «Қазақстанның ақпараттық тәуелді болуына жол бермеу» туралы жазылған. Бұл заңды анықтап оқыған адамға Қазақстандағы ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті сақтаудың заңды-нормативті ережелері нақты айқындалғаны түсінікті.

Ендеше, бар түйткіл, «ұлттық қауіпсіздік» ұғымының төңірегінде туындағаны анық. Өйткені соңғы жылдары екі тілдік ортаның «ұлттық баспасөз» деген ұғымды екі түрлі қабылдайтыны аңғарылады. Мысалы, қазақтілді орта «ұлттық баспасөз» дегенде «Қазақ» пен «Айқаптан» бастау алатын қазақ басылымдарын меңзесе, мемлекеттік саясат бұл орайда Қазақстанда шығатын, өзге тілдегі (кәріс, ұйғыр, неміс т.б.) газет-журналдарды нақтылайды.

Ал қазақ басылымдары – этникалық ұғым аясынан әлдеқашан шыққан, мемлекеттік деңгейдегі ақпарат құралдары. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанда, сол тілде шығатын газет-журналдардың бәрі – мемлекетқұраушы ұлттың үні, ендеше сол мемлекеттің мүддесін көздеген, ұлттық-этникалық-рулық-топтық категорияларға сыймайтын, сол мемлекеттің дамып, өркендеп, көркеюіне қызмет ететін БАҚ. Мұндай БАҚ қандай жағдайда да, қаржылық-экомикалық қиыншылықтарға қарамастан, психологиялық, сыртқы т.б. қысымдарға мойын бұрмастан ұдайы тек мемлекеттік мүдде тұрғысынан жұмыс істеуі – аксиома. Бұл орайда мемлекеттік мүдде мен ұлттық мүдденің мағынасы бір.

Ендеше, базбір басылымдарды «ұлттық саясатқа қайшы» немесе кейбір азаматтарды ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті қорғамайды деп айыптау – мемлекеттік мүддеге қарсы жұмыс істейді деп кінә тағумен бірдей. Бұл айыптың салмағы ауыр. Өйткені ол жоғарыда үзінді келтірілген ҚР Конституциясы, «ҚР ұлтық қауіпсіздігі туралы» т.б. заңдар аясында жауапқа тартуға негіз болмақ.

Сондықтан алдағы уақытта «ұлттық қауіпсіздік», «ұлттық мүдде» деген ұғымдарды қолдануда абай болайықшы деген базына-тілек бар. ХХІ ғасырдың өркениетті адамына, зайырлы қоғамның көзі ашық азаматына «Бәріміз ана тілімізде сөйлейік!» деп ұран тас­тау – саяси сауатсыздықпен тең. Өйткені қазақ тілі заң жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғалы 22 жылдан асты. Құр дабыра ұрандатуды қойып, ұлты – басқа, өзі – ҚР азаматының әрбірінен «мемлекеттік тілді біл» деп табанды түрде талап етуге құқылымыз.

Сондай-ақ «ұлттық қауіпсіздік ұғымы бүгінгі күнде Тәуелсіз Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік мүддесіне пара-пар екені де анық. Ал оның мемлекетқұраушы ұлт – қазақ халқының мүддесіне сәйкес келуі сіз бен біздің азаматтық белсенділігімізге байланысты.

Осы құжатты қабылдауға мұрындық болған Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бір сөзінде бұл Кодекс негізінен жас журналистерге арналады депті. Солай екені рас та шығар.

Ендеше, ақпарат майданына енді кірген жас тілшілер ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүдде арасынан қайшылық іздеп, адасып жүрмесін.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары