ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАДІРІН ТҮСІНГЕН ӘКІМ
ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАДІРІН ТҮСІНГЕН ӘКІМ
Жыл сайын желтоқсан жақындағанда, қала көшелерінің бәрі қызылды-жасылды оранып, «жаңа жылдық» безендірумен өрнектеле бастайтын. Жыл сайын осыған орай БАҚ беттерінде «Жаңа жылды бір-екі ай бұрын бастамаса қайтер екен?!», «16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі Жаңа жылдың тасасында қалып кететіні несі екен?» деген сияқты сын айтылып келеді. Бұлай мәселе қозғау тіпті, әдеттегі қалыпқа айналып барады. Тіпті, тілші қауым Григориандық күнтізбе бойынша, 1 қаңтар Жаңа жылдың басталған күні болғанымен, қазақ халқының әдет-ғұрпына сай, негізгі Жаңа жылы көктем келіп, жер-әлем жаңарып, жасаратын кезбен тұспа-тұс келетін Наурыз мерекесі екенін де айтудан жалыққан емес, әсте. Алайда баспасөзде айтыла-айтыла жауыр болған бұл сыннан әзірге нәтиже шыға қоймаған.
Алайда бұл қатып қалған үрдісті өзгертетін де жандар бар екен. Биыл сол сеңді бұзуды Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастап отыр. Облыс әкімі шенеуніктерге Тәуелсіздік мерекесі өтпейінше, «жаңа жылдық» безендіруге жол бермеу жөнінде тапсырма беріпті. Демек, 17 желтоқсанға дейін бұл өңірде қызылды-жасылды безендірулер болмайды деген сөз. Өңір басшысының бұл қадамына жергілікті жұртшылық та риза болары сөзсіз. Жұртшылықтан қолдау тауып отырған бұл бастамаға өзге облыс басшылары қалай қарар екен? Осынау ізгі дүниені қолдай ма екен, әлде?!
Тәуелсіздік мерекесін ұлықтауды бұл өңірдің осындай игілікті дүниемен бастағаны көңіл сүйсінтеді. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз хатшысы Берік Уәлиге бірер сауал тастаған едік.
– Берік мырза, облыс әкімінің бұл бастамасы халық тарапынан да қолдау табады деген сенімдеміз. Бұны оңтүстіктің Тәуелсіздік мерекесіне құрметі деп қабылдағанымыз жөн шығар. Қалай ойлайсыз?
– Әрине, облыс әкімі Асқар Мырзахметов мырзаның осынау игілікті ісі өзге облыс басшылары тарапынан қолдау табады деп үміттенеміз. Өйткені қазақ халқы үшін Тәуелсіздік күнінің мән-маңызы айрықша. 16 желтоқсан – еліміздің егемендік алған, халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткізген күні. Алайда елімізде Мемлекетіміздің тәуелсіздік алған күнінен әлдеқайда көп бұрын Жаңа жыл мейрамына қатысты шыршалар безендіріліп, жарнамалар мен құттықтаулар түрлі ғимараттарға іліне бастайды. Мұндай көріністер, өкінішке қарай, жылда барлық облыста белең алады. Бұл, әрине, өз кезегінде ең ұлық мерекеміз Тәуелсіздік күнінің мән-маңызын төмендетіп, мерекенің бұқаралық сипат алуына барынша кедергі келтіреді. Сол себепті биыл облыс басшысы «Тәуелсіздік мерекесі жаңа жылдық шыршаның тасасында қалмасын» деп нақты тапсырма берді. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысындағы барлық аудан, қала әкімдері және басқарма басшылары осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Тәуелсіздікке деген құрмет, мерекені ұлықтау осындай игі бастамадан бастау алса керек.
– Ең бірінші болып сіздер бастаған екенсіздер. Бұл бастаманы өзге облыстар қолдайды деп ойлайсыздар ма?
– Соңғы кездері еліміздегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары «А.Мырзахметовтің бастамасы басқаларға үлгі бола ма?» деп жазудай-ақ жазып жатыр. Осының әсері болса керек, еліміздің солтүстігінен ақжолтай хабарды естіп қуанып отырмыз. Күні кеше «Қамшы.kz» сайты Асқар Мырзахметовтің игі ісін Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов қолдайды деп жазыпты. Яғни сең қозғалды, бастамаға қолдау басталды деген сөз. Шынын айту керек, алдымен Тәуелсіздік, содан кейін барып жаңа жылдық мерекенің тойлануы заңды емес пе?! Солай болуы міндетті де. Бұл тек Оңтүстік Қазақстан мен Қостанай облысына ғана керек емес, барша Алаш жұртына қажет дүние. Осыны өзге әкімдер де жете түсінсе екен деймін. Ал егер құптап, қолдап жатса, біз тек ел болып қуанамыз.
Сонымен, сең қозғалды. Бұл сеңді ары қарай жылжыту өзіміздің қолымызда. Жаңа жылды тойлауға Тәуелсіздік мерекесінен кейін де уақыт жетеді. Қызыл-жасылмен өрнектелген Жаңа жылды емес, керісінше, Наурызды ерекше дайындықпен күтіп алғанымыз жөн шығар.
Гүлзина Бектасова