ФЛЕШ-МОБ ӨТТІ БІРАҚ...
ФЛЕШ-МОБ ӨТТІ БІРАҚ...
Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік іс-шаралар жер-жерде өткізіліп жатыр. Саны көп, сапасы күмән туғызады. Тұңғыш Президент күні әлемнің дамыған мемлекеттерінің көпшілігінде аталып өтетін мереке, бірақ деңгейі анағұрлым жоғары. Сондықтан «атап өттік» деп атүсті қарау маңызды мерекенің беделін кетіруде.
Қарашаның 27-де Алматы метрополитенінің М.Әуезов театры бекетінде тұңғыш Президент күніне орайластырған жиын сағат 10.00-де басталуы тиіс еді. Бірақ баспасөз конференциясына келген журналистер қауымы екі сағаттан кейін ғана ұйымдастырушыларды көре алды. Баспасөз конференциясы өтеді деп жиылған көпшілік дағдарып біраз отырды. Қолында баспасөз хабарламасы да жоқ ұйымдастырушылар шараның кешіктіріліп жатқанына кешірім сұраудың орнына «бармен базар» деп баспасөз конференциясын бастады. Онда да «Метрополитен» МКК директоры Қыдрал Бегасылов мырза бірнеше сұраққа жауап беріп үлгерместен ұйымдастырушылар флеш-моб тамашалауға асығыс шақырып кетті. Себебі жастардың бұл қойылымы сағат 12-ге белгіленген екен, оларды кешіктіруге, сірә болмайды. Тұңғыш Президент күніне орайластырылған шараға қала әкімі Ахметжан Есімов мырза келуге уәде берген екен, бірақ шұғыл істермен келе алмайтынын жиын соңында естідік. Әгәрәки әкім мырза келсе, ол да екі сағат күтіп қалар ма еді?
Жиылған қауымның назарына Метрополитенге – 1 жыл және тұңғыш Президент күніне орай флэш-моб ұсынылды. Бір сәтте екі мыңға жуық жастар әнұран орындады. Міне, флеш-моб баршаның көңілін аулады.
Ал баспасөз конференциясында журналистер сұрағына жауап берген директордың сөзінен метрополитеннің бір жылғы жұмысынан хабардар болдық. Алматы метрополитені құрылысының ұзаққа созылғаны белгілі, бірақ бір жылдың ішінде 6 миллион 60 мыңға жуық жолаушы тасымалдаған. Жерасты көлігімен күніне 20-21 мың адам қатынайды екен. Бұл вагондағы орындардың 25 пайызын құрайды. Әуелде қоғамдық көліктердің бағасы 80 теңгеге көтеріліп, метро билетінің бағасымен теңескенде, халық метроны көптеп пайдалана бастайды деп жоспарланған. Бірақ үміт ақталмады. Оған себеп жерасты қозғалысы мен бағытының қысқалығы. «Болашақта жолдарды ұзарту жоспары қандай?» деген сауалға Қ.Бегасылов 2013 жылы екі бекеттің іске қосылатынын хабарлады. «2013 жылдың 1 желтоқсанында жаңадан екі бекет қосылады. Олар – Сайран және Мәскеу бекеттері. Мәскеуде тиісінше Алматы бекеті ашылады. Олардың 2,8 ұзындығы шақырым», – деді директор мырза. Естеріңізде болса, жыл басында мәскеуліктер «Братеево» ауданындағы метро бекетін «Алма-Атинская» деп атауға қарсылық білдіріп, түрлі акциялар ұйымдастырған еді. Бірақ Мәскеу қалалық Басқармасының 2011 жылғы бұйрығы бойынша, «Братеево» станциясы «Алма-Атинская» болып өзгерді. Мәскеудегі метро бекеттерінің бірін «Алма-Атинская» деп атау туралы ұсынысты Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұрысбеков былтыр ұсынған болатын. Ендеше жаңадан қосылатын бекеттердің бірі – Мәскеу болмақ.
Қазіргі таңда бекеттерге орындықтар орнату және жарнама қою жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. «Мультимедиасервис» компаниясы әр бекеттің орындығын бекет өрнектеріне келістіріп, дизайнын түрлендіріп жасауда. Метрополитенде жарнаманы орналастырудан Алматы қаласының бюджетіне бір жылда 107, 5 млн. теңге түседі және ол қаржыны станцияларды дұрыс ұстау барысында үнемдеуге де болады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі. Жарнама және сауда алаңдарын жалға беру бойынша жүргізілген тендерде «МультиМедиа Сервис» ЖШС жеңімпаз атанды. Оның бір жылға ұсынып отырған сомасы – 107 515 335 теңге. Бұл іске кіріскен компания пайда тапқанына немесе таппағанына қарамастан бюджетке тиесілі соманы құюы тиіс.
Жерасты көлігі жолдары елімізде жаңа сала болғандықтан, тиісті заң жобалары қарастырылмаған. Сондықтан қазір Заң жобасы әзірленуде. Баға мәселесіне келер болсақ, таяуда билет құны көтерілмейді. Керісінше автобусқа және метроға да ортақ бірыңғай төлем картасы жүйесі әзірленіп жатыр. Жуырда барлық қоғамдық көліктерге бірдей төлем картасы жүретін болады, – деді Кыдрал Бегасылов.
Осы жиында О.Таңсықбаев атындағы көркемсурет колледжінің студенттері көрмеге қолөнер бұйымдарын қойды. Зергерлік бұйымдар мен көркем туындылар халықтың көңілінен шығып, тіпті сатылып та жатты. Жас зергерлер мастер-класс өткізіп, сол жерде әсем әшекейлер жасай бастады.
Ақниет ОСПАНБАЙ