КІРПІК ҚАҚПАЙТЫН БЕЙНЕКАМЕРАЛАР

КІРПІК ҚАҚПАЙТЫН БЕЙНЕКАМЕРАЛАР

КІРПІК ҚАҚПАЙТЫН БЕЙНЕКАМЕРАЛАР
ашық дереккөзі
243

жол полицейлеріне көмектеседі

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өңірлерге жасаған сапарларында, Индустрияландыру күніне арналған телекөпір кезінде, сондай-ақ өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында әлеуметтік маңызы зор бағдарламалардың жүзеге асырылуының қоғамдық бақылауын күшейтуге аса көңіл бөлу қажеттілігін үнемі назарда ұстап келеді.

Бір сөзінде Президент қоғамда «көз бояушылық» тенденциясының белең алып, жеткен жетістіктерді боямалап көрсетудің көбейіп кеткендігіне ашынып еді. Бұл әсіресе, кейбір салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілген нысандардан табылатын кемшіліктерді қайта түзету жұмыстарына қатысты. Соған қарамастан, еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі – жемқорлықпен барлық деңгейде күресу болып табылады. Тіпті жемқорлықты түп-тамырымен құрту бойынша арнайы мемлекеттік бағдарламаның да жүзеге асып жатқаны белгілі.

Президент «Нұр Отан» ХДП кезектi ХII съезiнде сөйлеген сөзiнде: «…Iшкi партиялық тәртiп деңгейiн көтерiп, партиялық бақылау комитетiнiң жұмысын күшейту керек…» деген болатын. Мiне, осы жүкті арқалаған «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы жанындағы Жемқорлықпен күрес жөнiндегi қоғамдық Кеңес меморандумға сәйкес, жемқорлыққа қарсы әрекеттерде сындарлы күштердiң бiрiгуiне ықпал етуде. Нәтижесінде жемқорлықпен күрес және оның алдын алуға бағытталған шаралардың тиiмдiлiгi артып келеді. Жемқорлықпен күресуге азаматтық қоғам институттары да – сая­си­ партиялар, үкіметтік емес ұйымдар қосылды. Жемқорлықты жою бойынша жүйелі және мақсатты жұмыстарды «Нұр Отан» ХДП да іске асыруда. Партияның аудандық филиалдарында жемқорлықпен күрес аясында Жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Қоғамдық кеңестер құрылып, белсенді түрде қызмет атқаруда. Жақында ғана «Нұр Отан» ХДП-ның Алматы қалалық филиалының Төрағасы А.С.Есімовтің басшылығымен «Жаңғырту жолында жемқорлыққа жол жоқ!» атты Жемқорлыққа қарсы форумның өтуі соның айғағы.

Бұған дейін өткен «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалында Жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi қоғамдық кеңестiң кезектi отырысында «Алматы қаласы Iшкi iстер департаментiнiң Жол полициясы басқармасындағы жемқорлықпен күрес» мәселесi қозғалып, өз қызметін асыра пайдаланған және сыбайластыққа жол берген полиция қызметкерлерін әшкерелеген болатын. Арнайы түсірілім тобы ақша үшін басқа аумаққа қармақ салған жол сақшыларын көліктерінің нөмірі арқылы бастықтарына паш еткен.

Бір өкініштісі, жемқор полицейлердің бұл әрекетін дәлелдеу оңай емес. Қарапайым халық қанша арыз түсірсе де, жол инспекторлары өздерінің пара алғандығын мойындай қоймайтыны белгілі. Оған дәлел де, куәгер де табу қиын. Міне, сол отырыста бассыздық әрекеттерге тоқтау салу үшін Алматы қаласы көшелеріне интеллектуалды бақылау камераларын көптеп орнату қажеттігі тілге тиек етілген болатын. Бұл қондырғы қызметкер мен жүргізуші арасындағы байланысты, адами факторды азайтады. Ал қазіргі таңда Алматы Жол полициясы басқармасындағы 150 автокөліктің 40 шақтысында GPS орнатылса да, бірақ ешқайсысында интеллектуалды бақылау камера жоқ екен.

Жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне арналған жиында Алматы қаласының әкімі А.Есімов алып шаһардың жемқорлық бойынша алдыңғы қатарда екендігін баса айтты. «Полиция қызметкерлерiнiң ақшаға қызығушылығын жою мақсатында бiз жол ережесiнiң бұзылуын қадағалайтын бейнекамераларды орналастыру жобасын қолға алдық. Қалада 800-ден астам бейнебақылау посты құрылмақ. Бүгiнгi таңда олардың 25-i жұмыс iстеп тұр. Осы қондырғылар 70 мың жол жүру ережелерiн бұзу оқиғаларын (ЖЖЕ) түсiрiп алған. Бұл – 500 млн. теңгенiң айыппұлы. Бұған дейiн Жол полициясы басқармасы жылына 228 млн. теңге айып-пұл жинап келген», – деді әкім.

Бұдан бұрын қала әкiмi Алматы IIД басшылығына жол полицияларының жол бойында жасырын түрде жүргiзушiлердi «аулау­ды» доғаруын тапсырып, қала қауiпсiздiгiн көлiкпен жүрiп қадағалау керектiгiн ескерткен. Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күрестi учаскелiк инпекторлар мен патрульдiк қызмет арасында да күшейту назардан тыс қалмады. Кеңестiң жергiлiктi және аумақтық мүшелерiнiң қатысуымен жемқорлыққа қарсы әрекеттер жалғасып, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқығы мен заңды мүдделерi қорғалды. Бұл ретте қоғамдық тыңдалымдардың маңызы ерекше болды. Аталған мәселелердi партияның қалалық және аудандық филиалдары, партиялық бақылау комиссиялары мен бекеттерi, жемқорлықпен күрес жөнiндегi қоғамдық кеңес бақылауға алған. Жасалған меморандумдарға сәйкес, Алматы қаласының құқық қорғау органдары (прокуратура, Iшкi iстер департаментi, Қаржылық бақылау инспекциясы, Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментi), мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi басқарма бiрлесiп, әрiптестiгiн одан әрi нығайтты.

Форумда Алматы қаласының Әкiмi А.Есiмов «Қаламызда барлық қат-қабат шаруаны реттеуде сыбайлас жемқорлықпен бүкiл халық жұмылып күресуi керек», – деп мәселенi төтесiнен қойса, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнiндегi қоғамдық кеңестiң төрағасы Рахман Алшанов: «Сыбайлас жемқорлықпен күресу оңай шаруа емес. Бұл мәселенi жан-жақты қарау қажет. Қоғамдық кеңес қаладағы бiрқатар департамент пен басқармада көрiнiс берген жемқорлықтың жолына тосқауыл қойды. Жол полициясы басқармасы және Жер қатынастары басқармасында жемқорлық белiгiлерi орын алғаны анықталды», – дедi. Ол сондай-ақ Алматы қалалық көшi-қон басқармасының сырттан келiп-кетiп жатқандарды жiтi бақыламайтынын бетке басты. Көшi-қон полициясының өзге құзырлы органдармен бiрiгiп жұмыс iстей алмай отырғанын мәлiмдедi. Мәселен, Қытайдан 400 адам Алматыға әлдебiр конференцияға келiптi-мiс. Мұны да көшi-қон полициясы жiтi бақыламаған. «Iшкi iстер департаментi мен шекара, салық және консулдық қызметкерлерi бұл ретте бiрiгiп жұмыс жасауы тиiс», – дедi кеңес төрағасы.

Аталған форумда Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Ә. Аманбаев мемлекеттік қызметкерлерге қатысты сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмыстық істер бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ, Департамент бастығы өз баяндамасында мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлесуімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты шаралар қолдану қажеттілігі туралы бірқатар ұсыныстар жасады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары