ӘКЕ БОЛСАҢ, ОСЫНДАЙ БОЛ!
ӘКЕ БОЛСАҢ, ОСЫНДАЙ БОЛ!
Бүгін мына кітапты оқып шыға сала, әлқиссасын «Қазаққа қажет кітап» деген сөзбен бастауымызға не себеп? Өйткені бұл кітап – бүгінде басшыларының да, қосшыларының да бүкіл мінез-құлқы, бүкіл қам-қарекеті күнделікті күйкі тірлікке, ең әрі кеткенде бір күнгідей болмай зу етіп өте шығатын осынау алдамшы, жалған дүниеде қатын-баласына қараормандай мол байлық жинап беруге бағышталған, бірақ ұлттық сана, ұлттық намыс, ұлттық болмыс дегеннен күннен-күнге алыстап бара жатқан толып жатқан қазақтар сол қу тірліктен сәл басы босағанда күндіз қолтығына қысып жүріп, түнде жастанып жатып оқитын кітабы деуге тұрарлық.
Не десеңіз о деңіз, бүгінгі қазақ не туған тілін, не ата-баба дәстүрін, небір ғажайып ұлттық ерекшеліктерін әлі де қалпына келтіре қойған жоқ. Әзіл-шынын араластырып айтсақ, қазекем асхана, дәмханаға барып та өзінің ұлттық тағамын тауып іше алмай ходдог, омлет, котлеттерге өз жерінің бидайы мен ұнынан пісірілсе де «московский», «бородинский», «полтавский» деген нан қосып, жеп алып, «шүкір, елімізде тыныштық!» деп шығып келе жатады. Ондайлар, ұлтымның, ұрпағымның ертеңі қалай болар екен дегенді ойлауға да қабілетсіз. Ал қазақтың ислами зерде мен ислами мәдениеттің, жалпышығыстық тағлым тәрбиенің небір ғажайып үздік үлгі-өнегелерімен ұштасқан ұлттық тәрбиесі, ұлттық педагогикасы әлемнің осы күні өздерін ең озық деп санайтын, біздің биліктегілер бас иетін батыстық елдердің тәрбиесінен қай жағынан да артық десек те қателеспейміз. Оны салыстырып, дәлелдеп отыру өз алдына бөлек әңгіме. Оған ең әуелі Киелі Құрандағы «… ең әуелі анаңа жүгіріп бар» деген жолдар мен қазақтың «әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «ата тұрып ұл сөйлегеннен, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген сияқты толып жатқан қанатты сөздері-ақ нақты дәлел бола алар еді. Әңгімені осылайша ұлтымыздың бүгінгі ой-санасы мен өмірлік көзқарасындағы солақайлау өзгерістерден бастауымызға да Қанатбай Елеусізұлының «Сағыныш» атты кітабын оқып шығуымыз басты себепкер болды. Оның өз ұлына айтқан: «Әуелі ұлтыңа қызмет қыл, қызмет қыла алмасаң, оған зияныңды тигізбеуге тырыс» деген әкелік ақылы қазақтың бүгінгі ұрпағына бәріміз айтуымызға тиісті аталық ақыл дер едік.
Кітап әдебиет тарихында бұрыннан да бар хат жазысу, хат арқылы тілдесу, пікірлесу, ойласу, ақылдасу, көзқарас білдіру тәсілімен (эпистолярный жанр дейміз ғой!) жазылған. Бұл кітапты әкенің ұлына айтар үлгі-өнегесі, әкелік ақыл-кеңесі арқылы ұрпағын ұлтын сүюге, қазағын сүюге тәрбиелеудің бір тәсілі десек те болады. Тіпті, қазір мектептерде жүргізіліп жатқан «тәрбие сағаты» пәніне бұл кітапты қосымша оқулық ретінде оқытса да артық болмас еді.
Арман айдап шет жұртқа оқуға кеткен ұлына арналған 22 хаттан тұратын бұл кітап Қанатбайдың тек ұлына емес осы күні шетелде де, өз елінде де оқу оқып, еңбек етіп жүрген әр қазақ жеткіншегіне арналған үлкен дүние тақілетті. Бұл кітаптың «Байыңдар! Байлыққа ұмтылыңдар!» деген көргенсіздік ұран тасталған бүгінгі қоғамнан да, соны ту қып көтерген «кәсіпкерлік» шығармалардан да озықтығы сол, мұнда азамат-әке Қанатбай ұлына ең әуелі өз ұлтыңның, қазағыңның кем-кетігіне ортақтасатын, қайда жүрсең де ұлтың үшін ұдайы жаның сыздап жүретін азамат бол дейді! Ол үшін…
Иә, ол үшін кім-кімге де арғы-бергі тарихтағы озық ойлы данагөйлерден, ақылы асқан абыздардан қалған, солардың ғасырлар бойы адамзаттың жансусынына айналған асыл сөздерін білудің маңызы аз емес. «Сағынышты» оқи бастағанда әуелі, несін жасырайық, автор бүкіл адамзаттың Алла жіберген бірегей ақылманы, пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) бастап, әл-Фараби, Аристотель, Конфуций, Анахарсистің, өзге де ғұламалар мен данагөйлердің, олардың бер жағындағы Абай, Шоқан сияқты даңқты ілім-білім иелерінің өмірі туралы белгілі-белгілі жағдаяттар мен деректерді неге қайталаған деген дүдәмал ойға берілген сәттеріміз де болды. Сөйтсек, олардың өмірінен келтірілген деректер мен сол ғұламалар айтқан әр сөздің астарында әрбір ойлана білетін ұрпақтың өзі мәнісіне терең бойлап барып түсінетін баға жетпес қазына жатқанын көруге болады екен. Және мұнда келтірілген сол мысалдардың, әрқайсысын адамның да, тұтас бір халықтың да әртүрлі іс-әрекетімен, мінез-құлқымен шендестіріп, салиқалы оймен тұжырымдап бере білгені де анау-мынау қаламгердің қолынан келе бермейтін шеберлік-ау деп қалдық.
Ең бастысы, бұл – ұлттық болмыспен біте қайнасқан дүние! Осы ретте кітаптағы «Төртінші хаттан» сәл үзінді келтірейік. Хат әл-Фараби бабамыздың өмірін мысалға ала отырып (29-бет): «Таңғаларлық жағдай, адам баласының шын ниеттенсе білмейтіні, қолынан келмейтіні жоқ екен. Ал біздің қазіргі замандағы жаңа қазақтар өз тілінде сөйлеуді ар санайды, тіпті менсінбейді, үйренгісі де келмейді. Оларға неге ана тіліңде сөйлемейсің десең, көзі аларып: «сізге бәрібір емес пе, кімді түзеймін дейсіз» деп ожырайып, орысша жауап қайырады. Осындайда Абайдың «Ит маржанды неғылсын» дегені еріксіз еске түседі. Иә, бұл дегеніміз барып тұрған жетесіздік, намыссыздық, мәңгүрттік. Сондай-ақ қазақта кемтар, дімкәс, мылқау, ақыл-парасаты кем, санасы мүгедек деген сөздер бар. Ол адамның тек дене мүшелеріне ғана емес, сана-сезіміне де байланыстыра айтылған. Сондықтан өз ана тілінде сөйлемейтін намыссыздарды санасы мүгедек демей, кім дейміз. Сол жетесіздер жеке бастарын емес ұлт намысын, халық тілін қорлап, тілдің жойылуына ессіз әрекет жасап жүргенін сезбейді, тіпті сезінгісі де келмейді. Бұдан өткен қандай ақылсыздық болуы мүмкін? Білмедім.
Сондықтан, Нұрханжан, ұлтым ұлықтансын, өркендесін десең, есейе келе өз ұлтыңның өкілі есебінде ұлтыңа бар хал-қадарыңша қызмет жаса. Тіпті, қызмет жасау қолыңнан келмесе, оған зиян жасама! Ұлттың киесінен сақтан, ана тіліңді ұмытпа, қадірле. Қайта қазақ деген халықтың тілі дүниядағы ең бай тіл деп мақтан!» дейді Қанатбай шетелде оқып жүрген өркені Нұрханына! Тебіренбей, толқымай көріңізші! Дәл осылай әке арманын ұлт арманына айналдыра отырып, ұлтым деп еңірегенде етегі толып қай министр, қай шенеунік, қай әкім шетелдегі баласына хат жазыпты? Оны кітап қып шығарып па? Жоқ!
Қанатбай күні кешеге дейін бірнеше басшы қызметте болған, Ақтөбенің екі ауданын басқарған әкім десең әкім, шенеунік десең шенеунік. Ол қазір де мемлекеттік қызметте үлкен бір мекеменің тұтқасын ұстап отыр. Әсілі, «тегінде бар тек тұрмас» деп дана қазақ айтқандай егер сенің ата-бабаң арманы асқақ, рухы биік, өркеуде, ержүрек болған болса, ол қасиет талай ғасырлар өтсе де сенің қаныңда тулап жатады екен-ау.
Осы кітапты оқи отырып: әсілі, балаңа берер тәрбиені оған ең әуелі ата-баба дәстүрін сіңіруден бастау керек екеніне көзіміз жете түскендей болдық. Әлгінде бұл кітапта ұлттық тәрбиенің сан-саласы қамтылған дедік. Шығыстың бір ойшылы былай деген: «Алла бұйыртып, бір азамат бүкіл әлемнің үніне, бүкіл әлемнің азаматына айналса, ол бұл абырой-атаққа әуелі өз ұлтының үні, өз ұлтының тілі, ең әуелі өз ұлтының азаматы болу арқылы ғана жете алады» депті. Осындайда жұрт не десе, о десін, Елбасымыздың ең әуелі қазақ тілінде таза сөйлейтіні, күмбірлетіп домбыра тартып, қоңырлатып халық әндерін орындайтыны, сөйтіп-ақ бүгінде әлемге әйгілі үлкен саясаткер болғаны есімізге орала береді. Қанатбайдың бұл кітабында да ұлын, ұрпағын ең әуелі әлгі шығыс ойшылы айтқан ұлы қағидамен тәрбиелейтін мысалдар, қысқа оқиғалар өте жиі кездеседі. Тек үлкенді сыйлау, ата-ана сыйлауға келгенде исі мұсылманның, қазақтың ұлттық тәрбиесіне тәрбие жетпейтініне кітапты ет жүрегің езіле отырып оқығанда тәнті бола түсесің. Сосын «Қазақ ықылым заманнан бері мың өліп, мың тірі қалып келе жатқанда осынау ұлы да ұлағатты ұлттық тәрбиенің тәртібін берік сақтау арқылы ғана аман қалып келді-ау» деген ойға кетесің. Өйткені, бүгінде ұлттық тілден де, ата-бабаның салт-дәстүрінен де, қазақы тәрбиеден де махұрым болған, шетелдің азғындық фильмдері мен небір жабайылық үрдісімен көзін ашып, тілі орысша шыққан жас ұрпақты көріп, өз ұлтыңның ертеңі не боларын ойлағанда зәре-құтың қалмай қорқасың. Қара уайымға батасың. Сонымен «Сағыныш» кітабында Қанатбай шетелдегі ұлына өз анасы айтқан мына бір естелікті мысалға келтіреді.
Кішкентай Қанатбайды әкесінің ер баласы жоқ бауыры шаңыраққа ие болады деп екі жасында сұрап алып кетеді. Бермейін десе, ата салтынан аттауға қорқатын, әрі үлкендердің бетіне келіп, қарсы сөйлемейтін екі жастың сәбиін өз еркімен болса да басқа біреуге беріп жібергелі тұрғандағы қимастық сезімі кітапта оқырманның жан-дүниесін алай-дүлей күйге түсіреді. Анасы байғұс: «Көз алдымнан ұзап, сені алып бара жатқан аттылы, түйелі ата-енеме қарап: «Қош бол, енді құлыным! Сен де менің құшағымнан ұшып барасың ба? Енді сенен айрылдым ба? Мені шынымен тастап бара жатырсың ба, ботам?» – деп, көз жасын төгіп-төгіп жіберіп, күбірлеп қала береді. Одан әрі анасы «Ата-ененің қарғысына қалма, алғысын ал» деген ұлағатты тәрбиемен өскен бізге не шара дейді. Ақыры, екі жасында алып кеткен Қанатбайды кейін олар өз үйіне қайтарады. Келін – ата-ененің, ұл – әке-шешенің ырқына қарсы келмейтін, үлкеннің алдын кеспейтін ұлттық үрдісті қатаң ұстанған қос жұбайдың тәрбиесін көрген Қанатбай міне, осылайша бүгінде ел азаматы, ел басқарған азамат атанып, ұлттық рухына берік ұл-қыз тәрбиелейтін дүние жазып отыр. «Сағыныш» атты кітаптың осы бір тұсындағы «Әркімнің әулиесі – ата-анасы!» – деген сөзді осы күнгінің «өркениетті адам», «абыз ақсақал» атанып жүргенінің ешбірі айтқанын естіген емеспіз. Біз бүгінгі ұрпағымызға елді, Отанды, ұлтты сүюді ең әуелі осы бір «Әркімнің әулиесі – ата-анасы» дегеннен бастап үйретсек те қателесе қоймас едік.
Қарап отырсақ, біз ұл-қызымыздың болашақ жар таңдауы да олардың өздерінің де қандай тәрбие-тәліммен көгеріп-көктегеніне тікелей байланысты екенін естен шығарып алдық. Атам қазақ «анасына қарап қызын ал» дейді. Қазіргі қазақ жастары ата-анасының байлығының көлеміне қарап үйленеді. Оның көбінің «арты қайырлы» болып жатқаны да шамалы. Болашақ шаңырақ иесі – ұлының өзіне өмірлік серік таңдауына ең әуелі әкесі мен анасы жол көрсетіп, жөн сілтеп отырса, одан пайда болмаса, зиян келмейді. Әке-Қанатбай ұлына жазған хатында мұның айна-қатесіз үлгі екенін жеріне жеткізе, нақты мысалдар келтіре отырып дәлелдейді. Ұлағат айтады. Болашақ жарың сенің пейіліңе лайық ата-ана тәрбиесін көрген текті қыз болсын дейді. Егер нақты дәйекпен, дәлелмен өрнектемесең, бұл да бір құрғақ ақыл болар еді. Ал ел басқарған Қанатбай, ұстаз-әке Қанатбай осының бәрін небір ұлттық тәрбие-тәжірибелерден, ата-бабалар өмірінен, өзінің көрген-білгенінен мысалдар келтіре отырып тағлимат етеді. Мұндағы «сенің жарың Бөртедей, Мөңке бидің анасы Сұлудай, Айғанымдай, Зередей, Ұлжандай, болса екен деп тілеймін» деген ататілекті қай қазақ өз ұлына тілемес?!
Жоғарыда ұрпақ тәрбиесінің санап бітпестей сан-салалы екенін айттық. Соның бірі – ию-қию жықпылы, иір-шиыр сүрлеуі мол тіршілікте жабықсаң– жаның жалау болатын, жадырасаң – жарқырата түсер жарығы мол жолдас, дос таба білу. Және өзіңді адамдар арасында ұстай білу. Осы орайда кітаптағы: Аллаһтағаланың айрықша артық жаратқан пендесі Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамның өз сезіміне өзі ие бола білуіне байланысты «Досыңды да соншалықты құлай сүйме, күндердің күні болғанда ол да дұшпаның болып шығуы мүмкін. Дұшпаныңмен де қатты жауласпа, күндердің күні болғанда ол сенің досыңа айналуы мүмкін» деген хадисіндегі өсиет сөзді ескеріп жүрсең орынды болмақ. Мұны досыңа да айтып қой, мүмкін ол оны да ойландырар» деген хат жолдарының өзі неге тұрады!
«Сағыныштан» бұдан әрі мысал келтіре бермей-ақ қоялық. Ұрпағына ұлттық тәрбие берем дегендер қазақ бұл кітаптан оның талайын тауып, кәдесіне жаратарына сөз жоқ. Бар айтарымыз: ататілек деп те, ұлағатнама деп те атауға әбден лайық бұл еңбек ұлттық тәрбиенің арғы-бергі үлгілерін өз ұлына хат арқылы өзгеше бір өнегемен ұғындырған ұлтымызға, өте қажетті де қастерлі дүние екені ғана. Және бүгінде қоғамдық өмірімізге, мемлекетімізді нығайтуға өте қажетті бола тұра елеусіз қалған, ұрпағымызды көпұлттылық деп аталатын қолдан жасалған қойыртпаққа батырудан аман сақтайтын қазақтың ұлттық тәрбиесін паш ететін мұндай дүниені билік тізгінін ұстаған азаматтардың ешбірінен естімесек, солардың ішінде Қанатбай Елеусізовтей ұлтым дегенде жүрегін жалау етіп беруге дайын жігіттердің аз да болса бар екендігіне қуанамыз. Көңілге медет тұтамыз. Ол мемлекеттік қызметінің алғашқы жылдарында комсомол, партия, Совет органдарында жауапты, басшы қызметтер атқара жүріп те осынау ұлтжанды-азаматтық ұстанымынан бір сәтте ауытқымаған еді. Ал еліміз өз алдына отау тігіп шыға салысымен Шалқар аудандық кеңесінің төрағасы, Шалқар қаласының әкімі, аудан әкімінің бірінші орынбасары, Ойыл ауданының әкімі, Ақтөбе облыс әкімінің аппарат басшысының орынбасары және өзге де лауазымды қызметтер атқарды. Қазір Ақтөбе облыстық мұрағаттар мен құжаттар басқармасының бастығы. Ел тарихын, ұлт тарихын тереңнен түйсінуді өзіне де, өзгеге де басты талап ретінде қоя білетін жігіттің бұған дейін «Жазушы» баспасынан қазақтың әулие Мөңке би, Тілеу батыр, Көтібар батыр сияқты тарихи тұлғалары туралы деректі-танымдық-көркем туындылары жарық көрген.
Баяғыда шығыстың ғұлама ақыны Жалаладдин Руми: «Құраннан– Алланың исі, Хадистен–пайғамбарымыздың исі шығып тұрады. Ал біздің әр сөзімізден, әр ісімізден өз халқымыздың исі шығып тұруы керек» – деген екен. Ал Қанатбай Елеусізұлы «Сағыныш» атты кітабында Джавахарлал Нерудің: «Біз ұлтымыздың әу бастағы ұлттық санасын өзіне қайтарып беруіміз керек» – деген ұлағатын келтірген екен. Иншалла, қазақта ұлттық тәрбиенің уызына жарыған Қанатбайдай ұлт зиялысы, ұлттық тәрбиенің кәусарынан сусындаған ұрпақ көбейе түскей.