5,6 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ АКЦИЯСЫ САТЫЛДЫ

5,6 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ АКЦИЯСЫ САТЫЛДЫ

5,6 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ АКЦИЯСЫ САТЫЛДЫ
ашық дереккөзі
206

«Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша “ҚазТрансОйл» компаниясы акциясын сатылымға шығарған болатын. Қазірдің өзінде қарапайым халық арасында акция сатып алуға ниеттілер саны артып келеді екен. «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысушылардың 10 мыңға жетіп жығылғанын және 5,6 млрд. теңге көлемінде акция сатылғанын қуана жазыпты.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев Астанада «Қазпошта» АҚ-ның бірнеше бөлімшелерін аралап, «ҚазТрансОйл» акционерлерінің трансфер-агент және брокер қызметтерін көрсету деңгейімен, сондай-ақ, пошта қызметкерлерінің кәсіби дайындығымен танысты. Брокерлік қызметтің келісімшартын толтыру үшін жеке куәлік және СТН қажет. Келісім шарт толтырғаннан кейін Орталық депозитаридан Қазақстан қор биржасымен (KASE) мәміле жасау үшін шот ашылады. Ал шын мәнінде, қарапайым халықтың жаңа бастамаға деген көзқарасы қалай? Бұл сауалға «Қазпошта» АҚ басшысы Аркен Арыстанов «Күніне орта есеппен әрбір бөлімшеге 50-60 адам келеді, өтініш беруші әрбір тұлғаға қызметкерлеріміз жарты сағат көлемінде қызмет көрсетеді. Қазір ел тұрғындарының белсенділігі жоғары. Белгіленген мерзім аяқталғанға дейін тағы да көбейе түседі деген сенімдемін», – деп жауап берді. Оның айтуынша, Қазақстан бойынша «Қазпошта» бөлімшелері 1-3 желтоқсан – демалыс күндері де халыққа қызмет етуді жалғастырады. Өйткені бұл күндері халық нөпірі 2-3 есеге артуы мүмкін.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеевпен бірге «Қазпоштаға» келген Парламент депутаттары да 6 қарашада бас­талып, 5 желтоқсанда аяқталатын «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында «Қазтрансойл» АҚ-ның акцияларын шама-шарқынша сатып алуға кірісті. Олар бүгінге дейін акция сатып алуға өтініш берген 2500 адамның қатарын еселемекші. Сонымен бірге брокерлік компаниялардың шоттарында 20 мыңнан астам адамның өтінімдері жатқан көрінеді. Бұл тұрғыда Ұлттық қордың жетекшісі Өмірзақ Шүкеев: «Брокерлік шоттарда қыруар өтінімдердің сақталып тұрғанына қарағанда, біздің болашақ инвесторлар соңғы күндерді күтіп отырған сияқты. Бұл дұрыс емес. «Қазпошта» бөлімшелері де, брокерлер саны да шектеулі. Сондықтан инвесторларды соңғы күндерді күтпестен, қазір рәсімдеуге шақырар едім. «Халықтық IPO» бағдарламасының акцияларын сатып алу барысында брокерлік шоттарды ашсаңыз, соның өзі жетіп жатыр. «Қазпошта» брокерлік қызметтермен қатар трансфер-агентімен де қызмет көрсете алады, ол дегеніміз шот ашуға көмектесу және брокерлік компанияға тапсырыс беру», – деген Өмірзақ Шүкеев халықты бағдарламаға қатысуға шақырды.

«Қазтрансойлдың» акцияларын екі апталық сату аралығында 3 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. «Қазпошта» мекемесі «Халықтық IPO»-ға брокер және трансфер-агент ретінде қатысуда. Оның барлық бөлімшелеріндегі жауапты мамандар арнайы дайындықтан өтіп, материалдық-техникалық құралдармен толық жарақтандырылған. Бағдарламаға қатысушылармен сөйлескен топ өкілдері, жүргізілген жұмыстарға көңілдері толатындықтарын жеткізді.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысында «Халықтық ІРО» бағдарламасының шеңберінде 200-ге жуық адам «ҚазТрансОйл» компаниясының халықтық акционері атанды. Құнды қағаздарды сатудағы брокерлік қызметті өңірде барлығы 254 пошта бөлімшесі ұсынған. Құжаттарды рәсімдеу және акцияларды алу жөніндегі келісімшарттарды бекіту жұмыстарымен 29 трансферттік-агенттік пункт айналысады. «Аудандар мен ауылдағы ағайынның белсенділігі аса жоғары емес. Көбінесе мұғалімдер мен зейнеткерлер ғана. Әрине, олар өздеріне, ағайындарына болмаса да, кейінгі ұрпағына қор қалдырып кетейін деген мақсатпен акция сатып алуда», – дейді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директоры Ербол Көбентаев. Мамандардың мәлімдеуінше, 6 қарашадан бастап, бүгінге дейін облыста брокерлік компаниялар арқылы 829 жеке есепшот ашылған. Алайда ол шот иелерінің бәрі акционер атанған жоқ. Қазіргі күні 200-ден астам адам ғана Ұлттық компанияның акциясын нақты сатып алыпты. «Халықтық ІРО» бағдарламасына негізінен Өскемен және Семей қалаларының тұрғындары қатысуда.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары