ЖАЗАТЫН ТАҚЫРЫБЫ ТАУСЫЛҒАН ЖАЗУШЫ ЖАРЫЛҚАСЫН БОРАНБАЙ МЫРЗАҒА!

ЖАЗАТЫН ТАҚЫРЫБЫ ТАУСЫЛҒАН ЖАЗУШЫ ЖАРЫЛҚАСЫН БОРАНБАЙ МЫРЗАҒА!

ЖАЗАТЫН ТАҚЫРЫБЫ ТАУСЫЛҒАН ЖАЗУШЫ ЖАРЫЛҚАСЫН БОРАНБАЙ МЫРЗАҒА!
ашық дереккөзі
325

Бұл материалдың бір әрпін де өзгертпей жариялауды жөн көрдік.Оның себебін әрбір көзі қарақты,ойлы оқырман түсінер деген сенімдеміз.

«Түркістан» газетінің бас редакторы

Ш.Паттев мырзаға!

Қолданыстағы заңға сүйеніп менің жауап мақаламды басуыңызды талап етемін. Өйткені орынбасарыңыз Дидахмет БАҚ талабын бұзып сыбайластық әрекетке жол берді.

Менің жоғары оқу орындарында несие жүйесі бағдарламасымен оқитын студенттерге арналып, 2009 жылы басылып шыққан «Қазақстан тарихы» (ХХ және XXI ғасырдың алғашқы жылдарындағы республика тарихының өзекті мәселелері бойынша лекциялар) оқулығымды қаралау үшін сен барлық жазушылық «өнеріңді» салыпсың (Автор – Қуандық Е.С. «Қазақстан тарихы» (Кеңес дәуірі және тәуелсіз Қазақстан). Пікір жазғандар: Н.Мұқаметханұлы – тарих ғылымдарының докторы, профессор. С.Өзбекұлы (марқұм) – ҚР Заң ғылымдары академиясының академигі және президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор, Абай сыйлығының лауреаты).

«Аталған кітап таяуда қолыма түсті» деп (үш жылдан кейін?), «Түркістан» газетінің 2012 жылғы 12-шілдедегі санында «Жалпақшешейлік пе, жауапсыздық па?» тақырыбымен жарияланған мақалаңда өтірікті өршітіп, оқырмандарды әбден шатастырыпсың. Сені бұлай өтірік айтуға Д.Салқынбек деген қазір айтқан сөзінен қазір тайқып шығып: «Мен айтқам жоқ», — дейтін «тарихшы» жерлесің үйретті ме? Жұртшылықты жазушылық «талантыңа» тәнті ету үшін басқа тақырып таппадың ба? Әлде сен үшін маған жала жауып, соңыма түсіп жүргендердің тапсырысы ақиқаттан қымбат болды ма? Қалай болғанда да, өзіңнің «білімпаздық» қабілет-қарымыңды көрсету үшін: «Тарихи оқулық жазуды білмейсің», — деп мені күстаналап, біраз «шеріңді тарқатып», «ақыл» айтып, «жазушымын» деп қол қойыпсың.

Бұдан бір жылдай бұрын сен осы мақалаңды «Жас қазақ» газетіне апарып бастырмақ болғансың, бірақ ондағы журналшы жігіттер БАҚ заңының талабына сай мені шақырып: «Жарылқасын Боранбайдан кітабыңыз туралы мақала түсті, не айтасыз?» — деген соң, осы кітап басылып шыққанда беттерінде объективті пікірлер жариялаған республикалық алты-жеті газет-журнал материалдарын апарып көрсетіп, бұл мақаланың «тырнақ астынан кір іздеп», мені мұқату үшін тапсырыспен жазылғандығына олардың көздерін жеткізген болатынмын. Ал, Боранбайдың сол мақаласы: «Бір студенттің «Қазақстан тарихын» (осы аталған кітапты айтып тұр. – Е.Қ.) қоқысқа лақтырғанына куә болдым», — деп басталған болатын. Ең алғаш маған қарсы материал итернетте, Abai kz сайтында 2011 жылдың 29- наурызында «Сарсен Наурызов» деген жалған автордың бүркеншек атынан шыққан болатын. Сөз саптауы, кітаптан теріп алған фактылары, маған жауып отырған жалалары, барлығы Жарылқасынның аталған мақаласымен бірдей еді, сондықтан мен қазір оның шын авторын таптым дей аламын.

Ал бұл жолы «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары Д., өкінішке орай, «Жас қазақ» редакциясындағы азаматтар тәрізді БАҚ туралы заңға сәйкес мәселенің ақ-қарасын ажыратып алмай, менің құқығымды аяқасты етіп, лауазымын асыра пайдаланған. Тақырыбы мазмұнына сай келмейтін мәселелерді бықсытқан автордың онысымен қоймай, «ананы неге жазбадың?», «мынаны неге жазбадың?» деген «білгіштігін» қолдағаны, меніңше, Боранбайдың мақаласын шығаруға Д-ның мүдделі болғандығын, тамыр-таныстыққа жол бергендігін көрсетіп тұр. Оның орнында болсам мен Боранбайға: «Ақиқатқа жету үшін сотқа жүгін», — деген кеңес берер едім. Өкінішті бір жағдай, менің оқулығыма оң пікір жазған абзал азамат Сәкен Өзбекұлы жұмбақ жағдайда кенет қазаға ұшырады, ал ол тірі болғанда, Сәкенді «досым еді» дейтін редактордың орынбасары оның бетіне қалай қарар еді?

Енді, «сынықтан сылтау, тырнақ астынан кір іздеп», маған «ата жауын» көргендей шүйліккен Боранбай мен қызғанышпен ауырған Салқынбекке, мені мұқатуда алдына жан салмайтын жазушының тағы бір жерлесі – Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің сезікті жолмен кездейсоқ проректор креслосына топ ете түскен Сәрсен Жүсіпбековке айтарым мынау.

Сен, Боранбай, менің кітабыма қатысты: «Жоғары оқу орындарында несие жүйесі бағдарламасымен оқитын студенттерге арналған оқулық па, әлде Жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарға, тарихшы-оқытушыларға және жоғары оқу орындарына түсуші-талапкерлерге арналған оқу құралы ма»? — деп өзіңше мұқата сұрақ қойыпсың. Бұған менің айтарым – оқулық осы аталғандардың барлығына арналған. Оны кімдер өзі үшін қажет деп есептейді, солар оқиды. Менің түсінбегенім – айдаладағы сен бұған неге соншама бүліндің? Жұртқа нені оқу, нені оқымау керектігін айтатындай сен кім едің? Ешкім ешкімді «оқулықты оқы» деп зорламайды. Мәселен, шет елдерде де тәртіп сондай – әр профессордың өзінің лекциялар курсы болады, студенттер мен магистранттар содан қалағанын оқиды.

Сен бопса мақалаңды «Білім министрінің назарына» деп жазыпсың, сондағы мақсатың – кітапты шығартпау ма? Есіңде болсын, Боранбай, бұл оқулықты мен өз қаражатыма шығардым, сұраныс болса – тағы да шығарам, сенен рұқсат сұрамаймын. Егер сен керемет «сарапшы» болсаң, оқулықтың сапасына жаның ауырса, кезінде мен сынаған ҚазҰТУ-ің тарихшылары – К.Чатыбекова, Ч.Мусин, Г.Канның бірнеше мыңдаған данамен жарық көрген «Қазақстан тарихы» оқулықтарын неге сынамадың? Білгің келсе, ол оқулықтар жастарға рухани зиянды мағлұматтар берсе, менің кітабым отансүйгіштікке баулиды. Сондай-ақ, менің оқулығымда талданған тарихи оқиғаларға қатысты ғылыми айналымға алғаш енген әдебиеттер мен дерек көздеріне 560 сілтеме жасалған, оның 70 пайызынан астамы – тарихи «ақтаңдақтарды» қалпына келтірген мұрағат деректері.

Ал «оқулық» пен «оқу құралы» туралы айтқаныңа келсек, «Оқулық – ұлт кітабы» деп, «жаңалық» ашыпсың! Ұлттар көп, сонда бұл қай ұлттың оқулығы? Қазақта «төл» деген жалпылама ұғым бар, оған «қозы» да, «лақ» та жатады. Сол секілді, «оқу құралы» да – жалпылама ортақ ұғым. Сондай қарапайым ақиқатты білмей тұрып «сын» айту – надандықтың белгісі.

Оқулықтың құрылымына соқтығып, «неге бәрі бірдей көлемде емес?», «ішек секілді шұбатылған ұзақ» деген мін тағыпсың. Тағы да есіңе салайын – тарихи оқиғаларды мен жасағам жоқ, ал, өткен ғасырдың 20-30 жылдар оқиғалары (барлығы 20 жыл мерзімді қамтиды) бұрындары аз зерттеліп, көбі қызыл идеологияның ықпалымен жасырылып, «ақтаңдақ» болып келді. Сондықтан, ол кезеңдегі Қазақстан тарихының өзекті, маңызды проблемаларын жас ұрпаққа бүгінгі уақыт талабына сай толық түсінікті етіп жеткізу үшін, Боранбай айтқандай шағын бет арнап қана атап өту мүмкін болмағандықтан, олар жан-жақты қамтылды. Жалпы тарихи оқиғалардың көлемі мен маңызы да әртүрлі екендігі, соған орай оларға арналатын материалдар көлемі де әрқилы болатындығы «боранбайлардан» басқалардың барлығына өзінен-өзі түсінікті. Демек, Боранбай мен оның жерлестерінің «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» әдісімен бықсытып отырған негізсіз «сынын» да, «неге барлық тарихи оқиғаға бірдей бет арнамадың» деген шолақ «ақылсымағын» да олардың өздері оқулық жазған кезде пайдалануына кеңес берер едім. Бар білгендері сол болса, ешқандай таласым жоқ, өздері «инкубатордың балапанындай» етіп, бәріне бірдей бет арнасын.

Ал, Боранбай мырза «ішекше шұбатылған» деп айдар тағып, мұқатқан кезеңдегі тарихи оқиғалардың жазылу ретіне көз жеткізу үшін, кітаптың мазмұнынан үзінді ұсынамын. Және оны Жарылқасын үшін емес, оқырманның өзі бағаласын деп беріп отырмын.

3-тақырып:

1.3. Кеңес өкіметінің елдегі жүргізген алғашқы саяси шаралары.

Жалпықазақтық екінші съезд. Алашорданың құрылуы.

2.3. Қазақстанның азамат соғысына тартылуы. «Әскери коммунизм»

саясаты /1918-1920жж./

3.3. Автономиялық Қырғыз (Қазақ) Советтік Социалистік

Республикасының құрылуы (ҚазАКСР). Қазақ жерлерінің

ҚАКСР-ің құрамына бірігуі.

4.3. Жаңа экономикалық саясат (ЖЭС). 1921 жылғы ашаршылық.

Жер-су реформасы.

5.3. КСРО-ның құрылуы. Орталық Азияның ұлттық-мемлекеттік

межеленуі.

4-тақырып:

20-жылдарың ІІ-ші жартысы мен

30-жылдардағы Қазақстан

1.4. Қазақстанда жүргізілген “Кіші Қазан” бағыты және ауылды

жаппай кеңестендіру.

2.4. Дәстүрлі шаруашылықты жаппай күштеп ұжымдастыру.

Шабындық және егістік жерлерді қайта бөлу, жерге

орналастыру саясаты. Ірі қазақ байларын тәркілеу.

3.4. Индустрияландырудың Кеңестік нұсқасы. Түрксіб.

4.4. Ауылдың таптық жіктелуі. Ашаршылық нәубеті.

5.4. Мәдени құрылысты идеологияландыру және байырғыландыру

(коренизация) саясаты.

6.4. «Интернационализм» негізінде жүргізілген ұлт саясаты.

7.4. Комсомол-жастар мен әйелдер арасындағы саяси жұмыстар.

8.4. Тоталитарлық жүйенің халықты жаппай қуғын-сүргінге

ұшыратуы. Оппозицияны саяси «ауытқушылыққа» айыптау

науқандары. Бұқара және оның саяси құқығы.

Осы аталған тақырыптар Ұлы Отан соғысы жылдарына дейінгі 20 жылдан астам мерзімді қамтиды. Ал, оқулықтағы бұл жоспар Білім министрлігі бекіткен бағдарламаға сәйкес жасалды. Тек сұрақтардың аталуы ғана қажетіне қарай түрлендіріліп, негізгі мән-мағынасына орай ғылымиландырылып берілді.

«Тәуелсіздіктің 18 жылына айтар тұшымды пікір болмаған ба?» — деп, жөн- жосықсыз тиісесің маған, мені бір Тәуелсіздікке қарсы адам ретінде көрсетуге тырысып. Тәуелсіздік жылдары болған оқиғалар, біріншіден, баршамыздың көз алдымызда болып жатыр, екіншіден, ол жөнінде аз жазылып жатқан жоқ, үшіншіден, оны толық, жан-жақты зерттейтін Астанада арнайы ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеуде. Ал мен, тағы да есіңе салам, кеңес заманында зерттеуге тыйым салынып, уақыт шаңына көміліп қалған «ақтаңдақтарды» шамам келгенше ашуға тырысып жүрген адаммын. Тарихшыға бәрін бірдей қамту міндет емес, әрқайсысының зерттейтін өз тақырыбы бар, ал менің қазіргі зерттеп жүрген негізгі тарихи салам осы.

Мақаладағы «Әлде «Қазақстан тарихының» ең шешуші сәті осы ма?» — деген қотыр сөйлемді қалай түсінеміз? Шешуші кезең болады, ал шешуші… сәт дегенің – тіпті жазушы үшін де сауатсыздық қой.

Боранбай мырза, тұңғыш Президенттің ана сөзін, мына сөзін жазбадың деп, мен бейне бір президенттің тұңғыш екенін білмейтіндей шағыстыра, жағымпаздана жазыпсың. Оқулықтың мән-мағынасына қарай нені жазам, нені жазбаймын, өзім білем, онда сенің шаруаң болмасын. Осы мақалаңмен мені қаралап, білім министрілігіне, тіпті Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөліміне дейін арыз айтып шағынғандағы арам мақсатың – екі араға от жағып, оларды маған қарсы қою ғой. Ішің қызғаныштан күйіп бара жатса, «тұз жала». Қазір плюрализм заманы, сен аңсап отырған нұсқаумен тарих жазғызатын кеңес дәуірі келмеске кеткен. Әлде сен мұны білмейсің бе?

Бұл жерде жазушы Боранбай: «Біздің Сіздерден сұрайтынымыз, дәл осы тұжырым біздің мемлекеттік саясатымызбен қабысады деп айта аласыздар ма?» — деп жазғанда, кімнен сұрап тұр, соны білгім келеді. О дүниелік болып кеткен белгілі ғалым Сәкен Өзбекұлынан ба? Ол азаматтың аруағын мазаламай-ақ қой, жауапты өзім берем. Қойып отырған сұрағыңда «біз» депсің, оларың кімдер? С.Жүсіпбеков, Д.Салкынбек секілді жерлестерің бе? Боранбай мырза, өткен заманда тарихи оқиғалар жөнінде саясаттың пәрменімен жазылғанын білесің, ал өркениетті елдер, керісінше, тарихқа жүгініп саясат жүргізеді. «Саясат» сөзін қолдана отырып, осындай қарапайым ақиқатты білмеуің қалай? Менің бұл пікірім саясат туралы Елбасының пікірінен бөтен емес. Яғни, шырылдаған шындықты халқымыз тек тәуелсіздік алған сәттен бастап қана оқып, білуге мүмкіншілік алды. Сондықтан бүгінгі таңда өткен тарихымызды жан-жақты зерттеп, зерделеп, білудің, одан тәлім-тәрбие, сабақ алудың келешек үшін маңызы зор екендігі – айқын ақиқат. Бұрынғы кезеңдер тарихи оқиғаларының маңыздылығы туралы өзінің «Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын» деген еңбегінде Елбасы Н.Назарбаев: «Яғни, өткенімізді тұтас күйінде, ешқандай боямасыз, қоспасыз, қаз-қалпында қабылдағанымыз ләзім. Ал өткен жылдар шежіресін үнемі әрі бұрмалаусыз зерделеп отырудың жөні бөлек. Мұның өзі өткендегі тәжірибенің жақсысынан үйрену үшін, ескі қателіктерді қаулата бермес үшін, жаманнан жирену үшін қажет», — деген болатын.1

Міне, сондай көкейкесті шытырман оқиғаларға, саяси науқандарға толы тарихи заман – ол ХХ ғасыр, соның ішінде – Кеңестер Одағында социализм құру бағытында орын алған санқилы оқиғалар кезеңі. Тарихшы ғалымдардың осы кезеңді жан-жақты зерттеп, одан тағлым алып, бүгінгі және келешек ұрпақ игілігіне жарататын құнды жаңалықтар ашуға талпынулары да – заңды құбылыс. Өйткені бұл кезеңнің тарихи маңыздылығы–оның тәуелсіз Қазақстанның өткендегі, бүгінгі және алдағы тағдырымен тікелей байланыстылығында. Өзге жұрттың бәрі білетін осы шындықты сен неге білмеуге тиіссің, Боранбай мырза?

Сталиндік тоталитарлық билік моделінің Кеңестер Одағында үстемдік құруы, ондағы халықтарды қорқытып-үркітіп, үрейлендіріп, ұлттардың табиғи бет-бейнесін жоюға тырысқан казармалық социализмді өмірге әкелген болатын. Жалған интернационалистік қағидалармен қаруланған әміршіл жүйе өз саясатын жүргізуге лайықты, оны қолдап-қолпаштайтын жасанды идеологияға сүйенді. Билік басындағыларға халық мұңын жеткізу мүмкіндігі болмады. Шындық бұрмаланды. Тарихтағы сол бұрмалаушылықтар зардаптары күні бүгінге дейін біздің халқымыздың қоғамдық даму жолына зор зиянын тигізіп келеді.

Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттері аз болмаған, ол туралы, тағы да есіңе салам, Боранбай бырза, қызыл идеологияның дәурені жүріп, дәуірлеп тұрған кезде ашық айтылмады, бәрі де бүркемеленіп көрсетілді. Айтуға, жазуға талпынғандар жазаланды. Кеңестер дәуіріндегі әкімшіл-әміршіл жүйенің билігі кезінде тарихи оқиғаларға, қоғамға, сол кездегі тіршілікке, басшы қызметкерлердің іс-әрекеттеріне, кісілікке, көсемдікке, әділдік пен зорлыққа берілетін баға кесіліп-пішіліп, өңі айналдырылып, өзгертіліп берілгендігі бүгінде ешкімге құпия емес. Міне, сондай теріс тәжірибені аңсап, соның ізімен Білім министріне, Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөліміне менің үстімнен арыз айтқанда, Жарылқасын, сен мені мұқата алар ма екенсің? Үлкен күмәнім бар. Неге десең, бұл кітапты оқығандардың басым көпшілігі, оның азын-аулақ кемшілігіне мән бермей, жақсы жағынан бағалауда.

Сен: «Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанын білмеген адам қандай тарихшы?» — деп ділмәрсіпсің. Ал бұл жердегі бар проблема – мәтін компьютерге терілген кезде «қазан» айы «желтоқсан» болып техникалық қате кеткен. Ал, мені түзетпек (мұқатпақ) болған өзің неге оқырманды шатастырасың? Әубәкіровтің ғарышқа ұшқан күні, сен айтқандай, 10-қазан емес, 2-қазан болатын, ал 10-қазанда ол ғарыштан жерге қайта оралып қонды. «Ұшу» мен «қонудың» айырмашылығы бар шығар, жазушы мырза?

А.Байтұрсынов жөнінде: «Ауыл мектебінен сауат ашып, Торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесін үздік бітіріп, одан соң Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны 1895 жылы тәмамдаған», — деген сөйлемде «…одан соң Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны» деген сөздер басылмай, түсіп қалған. Осы типографиялық қате үшін де «қырағы» Боранбай мырза мені сөгіп, «біраз жерге апарып тастапты».

Одан әрі: «Бір ғажабы, автор халқымыздың тарихындағы ірі тарихи оқиғаларды, тұғырлы тұлғалардың өмір тарихын, ерлік істерін де нақты білмейді», — деп, жазушылық қиялға беріліп, айдалаға лағып жазумен бірге, маған жала жапқан. Оның дәлелі – Бауыржан Момышұлы туралы көлемді мақала. «Нөмір бірінші «ұлтшыл» атанған қазақ» («Жұмадағы жүздесу» қоғамдық саяси, көркем–әдеби тәуелсіз басылым», 15.10.2010, №41 (591); «Үш қоңыр», №20, 01.12.2010); «Әкеңнің бар ма менде қалған құны?», («Общественная позиция», №38 (75), 27.10.2010 г.) деген тақырыптармен аталған басылымдарда жарық көрген материалдарды оқыңыздар, сонда Боранбай айтқан сөздердің маған еш қатысы жоқ екендігіне, яғни, маған жапқан жала екендігіне көздеріңіз жетеді.

П.А.Столыпин «Министрлер кеңесінің төрағасы болған. Оны «премьер-министр» деп шатастыруға болмайды» деп «білгішсінуіне» қарағанда, Боранбайдың саясаттың әлемдік тәжірибесінен, саяси сауатсыз өрессінің қандай екенін, саяси терминоглогиядан мүлде мақұрым екендігін байқау қыйын емес. Басқа айтарым жоқ.

Жарылқасын: «Тарихшы Е.Қуандық осы фотосуреттің ізімен келе жатады да, Е.Күзембаевқа келгенде шындықтан шығындап шығып, Е.Күзембаевты алып тастап, Хасен Қожа Ахметті қосқан», — деп айыптапты. Ал бұл да – кітапты компьютерде терген адамның Күзембаевты байқаусызда қалдырып қойған қателігі, және оның авторлық қате емес, техникалық ақау екенін Боранбай мырзадан басқа кез-келген сауатты оқырман бірден түсінеді. Екіншіден, Боранбай мырза, Күзембаевтың есімі, сен жазғандай, «Е» әрпінен басталмайды, өйткені оның есімі – Қайыркелді. Үшіншіден, сен айтқан суреттегілер «бесеу» емес, төртеу.

«Алаш Орда» үкіметінің өмірде болғандығы туралы сен білмесең де, бұл мәлімет барлық тарихи оқулықтарда жазылған. Жалпы, үкімет мемлекеттің негізгі басқару құрылымы екенін және мемлекетсіз үкімет болмайтынын да ұмытпағаның дұрыс болар еді.

Кейкі батырға екі рет ажал құштырған – сенің тарихи надандығың. Ақпарат көзінде оны комиссар А.Токарев атып өлтірді делінген. Енді сол Кейкі батыр қаза болған соң жаулары оны қолын бұтарлап, басын кесіп алғандығына сенімсіздік білдіруге қандай негіз бар? Ал, аңдығандар оны 1923 жылдың наурыз айында Жыланшық өзені бойындағы Жалаулы жайлауында қапыда қолға түсірді деген ақпараттың, екі дерек көзі қатар кетуі салдарынан, қате кеткендігін мойындаймын. Ол қате түзетілді.

Ал, газетте суреті басылған Ж.Қасымбаевтың оқулық кітабын мен ешқашан қолыма ұстап көргем емеспін. Егер мен, сен айтқандай, 180-197 беттердегі мәліметтерді көшірген болсам, неге оқырманның көзі жететіндей етіп сол көшірілген жерлерін салыстырып жазбағансың?

Жалпы алғанда, осындай «сын мақала» жазбас бұрын сен, Боранбай мырза, менің: «Оқулыққа енбей қалған материалдар, толықтыруды қажет ететін тақырыптар, дәлелдей және нақтылай түсуді керек ететін тұстары әлі де жетерлік…», — деп, оқырман алдынан өткен сөйлемімді неге оқымағансың? Әлде, оқи тұра осындай жымысқа қадамға бардың ба? Сірә солай болар. Тапсырыспен жазылған мақалалар көбінесе осылай жазылады…

P.S. Мен бұл мақаланы мамыр айында-ақ жазбақ болғанмын, тіпті, негізін жазып та қойғанмын, алайда түрлі кедергілер, әсіресе, маған қарсы менің «достарым» ашқан «сот майданы» салдарынан ол ниетім ұзаққа созылыңқырап кетіп, іске асқаны осы болды.

Алматы қаласы,

2012 жылдың 22-қазаны.

Есенғазы Қуандық,

тарих ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор» медалінің иегері

Серіктес жаңалықтары