ЖИЫРМАҒА ТОЛҒАН «ТАҢШОЛПАН»
ЖИЫРМАҒА ТОЛҒАН «ТАҢШОЛПАН»
Қазақ телевизиясының көш басында – «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тұр. «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, қазақ жеріне хабарлары түгелге жуық тарайтын бірегей телеарнаның орны бөлек. Сондықтан да, Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл телеарнаны дамытуға айрықша ден қойып, ақпараттық кеңістігімізде алар орнын айшықтай түсуге мүдделі. Міне, әр таң сайын ұлттық арнаның шымылдығын ашатын «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасына биыл – 20 жыл толып отыр. Осыған орай, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Мерекелік кештің шымылдығы өнер жұлдыздарының орындауындағы «Таңшолпанның» Гимнімен ашылды. Кеште алғаш болып сөз алған «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы Акционерлік Қоғамы басқармасының төрайымы Нұржан Мұхамеджанова: «Осыдан 20 жыл бұрын «Қазақстан» телерадиокорпорациясын басқарған, Қазақстан Халық жазушысы Шерхан Мұртаза осы бағдарламаны ұйымдастырған еді. Таңның хабаршысы болған бұл бағдарлама көрерменмен бірге жасап-жаңарып, өсіп-өніп келе жатыр. Дәстүрлер сабақтастығы деген осы емес пе? Қазақ көрермендерінің көзайымына айналған «Таңшолпан» ұлттық арнаның брэндіне айналды», – деп баға берді.
Таңның хабаршысына айналған бағдарламаның мерекесімен құттықтауға келген өнер жұлдыздары әннен шашу шашты. Қазақстан Халық әртістері Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова, аты алты алашқа мәлім «Дос-Мұқасан» ансамблі, Мәдина Сәдуақасова, Меруерт Түсіпбаева, Медеу Арынбаев сынды ән әлемінің майталмандары мерекелік кештің сәнін келтірсе, адуынды айтыскер ақындар Айнұр Тұрсынбаева мен Бақыт Жағыпарұлы бағдарламаға деген ақ тілектерін жырмен жолдады.
«Таңшолпан» бағдарламасының бірінші жетекшісі Иманбай Жұбай: «Тәуелсіздік алған уақыттан бері «Қазақстан» ұлттық арнасы талай белестерден өтті. Тәуелсіздік жылдарында ұлттық арнада бірнеше бағдарламалар жасалған болатын. Бірақ солардың ішіндегі 20 жылдық мерейтойға жеткен бір ғана бағдарлама бар. Ол – «Таңшолпан» бағдарламасы. Халықтың қуанышына айналған бұл бағдарлама ұзақ жасай берсін!», – деп игі тілегін арнады.
Мерейтой қарсаңында бағдарламаның шығармашылық ұжымы барша көрерменнің қатысуына мүмкіндік беретін бірнеше байқаулар ұйымдастырған болатын. Атап айтсақ, «Флешмоб», бұқаралық би, бұқаралық оркестр, бұқаралық спорт, «Тележүргізуші болғым келеді» байқауы. Бұл байқауға 18-25 жас аралығындағы қыз-жігіттер қатысып, тікелей эфирде бақ сынайды. «Таңшолпан есімді арулар» байқауында бағдарламамен аттас қыздар «Кім жылдам?», «Кім тапқыр?», т.б. айдарлар бойынша зияткерлік және спорттық сынға түседі. «Торт» деп аталатын байқаудың басты мақсаты – «Таңшолпан» бағдарламасына арналған тәтті тағам әзірлеу. Бағдарламаның логотипіндегі түстерді пайдалану, күн бейнесінде жасау, атауын таң мезгіліне қатысты қою деген сияқты бірнеше талаптарға сай келуі шарт. Аталған байқаулардың жеңімпаздары мерекелік концертте марапатталды. Сонымен қатар, бағдарламаның тұрақты көрермендері де кәдесіз қалмады.
20 жылдық мерейтой құрметіне арнап шығармашылық топ қысқаметражды фильм түсірген екен. Бұл фильм Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетілетін болады.
Өткен жиырма жылда «Таңшолпан» бағдарламасы әр кезеңде түрлі атаумен көрерменге жол тартты. «Таңшолпаннан» кейін «Арай», Жаңа күн», «Таң сәрі», «Оян, қазақ!», «Көңілашар», «Қайырлы таң, Қазақстан!», «Ассалаумағалайкум, ағайын!» деген атпен шығып, 2008 жылдан бастап «Таңшолпан» атауын қайта иеленді. Атауы өзгергенмен, бағдарлама өзінің алдына қойған мақсат-мұратынан ешқашан ауытқыған емес. 20 жыл бойы бағдарлама қоғамның маңызды мәселелерімен халықты құлақтандырып отырды. Қазақ халқының салт-дәстүрі, ежелгі дүниетанымы турасындағы бейнетүсірілімдері көрерменнің ерекше ықыласын аударды. Әдебиет, өнер, мәдениет, руханият, ғылым мен білім, саясат және әлеуметтік тақырыптарға кеңінен тоқталып, қазіргі қоғамның айшықты тұстарын қалт жібермеуді мақсат етті. «Таңшолпан» бағдарламасы 1992 жылдың 14 желтоқсанында дүйсенбі күні, сағат 7.00 мен 9.00 аралығында тұңғыш эфирге шығып, көрерменге қазақ тілінде хабар таратқан еді. Хабарды жүргізу тізгіні Иманбай Жұбай мен Лаура Юсупжановаларға сеніп тапсырылған болатын. Осы сәттен бастап, әрбір таң сайын қазақ елінің әр шаңырағына шаттық пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған бағдарламаның тізгінін Тыныс Өтебаев, Иманбай Жұбай, Бақытжамал Ерманова, Гүлмира Дайрабаева, Ләззат Танысбай, Дана Нұржігіт, Әйгерім Шәймерден, Айнұр Қамысбекқызы, Назира Бердалы, Алтынбек Рахметов, Мақсат Әділхан, Жанар Шәмел, Нұрлан Албан, Нұрлан Әлімжан, марқұм Рүстем Есдәулет пен Руслан Бөлебай сияқты танымал журналистер мен өнер адамдары ұстады.
Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Таңшолпан» бағдарламасы қазақ жұртына әр таң сайын қуанышын сыйлай берсін дегіміз келеді.