АУҒАНСТАНДА БОЛҒАН АРДАГЕР ҰСТАЗ

АУҒАНСТАНДА БОЛҒАН АРДАГЕР ҰСТАЗ

АУҒАНСТАНДА БОЛҒАН АРДАГЕР ҰСТАЗ
ашық дереккөзі
215

Ұзын дәліз бойымен қолында үлкен қара портфелі бар, ақ басқан жұқа шашын артқа қайырған, сұңғақ бойлы ұстаз асығыс жүріп келеді. Оның кішкене көз шарасынан әлі де талай шәкіртті білім нәрімен сусындатуға жетерлік мол қайрат-жігер, құлшыныс айқын сезіледі. Бұл жетпіс бес жылдық ғұмырының жартысынан көп бөлігін университет аудиториясында шәкірт тәрбиелеуге арнаған жаны жайсаң ұстаз, ғалым Жасұлан Садықұлы Садықов болатын. Күні бүгінге дейін ұстаздық қызмет пен ғылыми еңбек жолында қатар келе жатқан ағаның өмір тарихына көз жіберсек, өзгеге үлгі-өнеге боларлықтай тұстары жетерлік.

Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан қазақ солдатының ұлы 1954 жылы бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факуль­тетінің математика бөліміне оқуға түседі. 1959 жылы университетті үздік тәмамдаған Жасұлан Садықұлы факультетке жас маман ретінде қалдырылады.Сол уақыттан бастап елу төрт жыл бойы қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үздіксіз, әрі жемісті еңбек етіп келеді.

Еңбек жолын математика факультетінің жоғары геометрия және оқу әдістемесі кафедрасында оқытушылықпен бастаған ол сол факультеттің деканының орынбасары, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.Осы уақыт аралығында аналитикалық, дифференциалдық және сызба геометриясы, жоғары математика, геометрия негіздері, математиканы оқыту әдістемесі, мектептегі математика курсының негіздері, проективтік геометрия және математика тарихы пәндері мен арнаулы курстарынан дәрістер оқыды.

1973-1976 жылдары Қазақ телевизиясының тікелей эфирінде Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттерінің жоғары оқу орындарының студенттері, сонымен қатар оқуға түсуге талаптанған талапкерлерге арналған мектеп математикасы және жоғары математика пәні бойынша жүзден аса дәрістер оқыды.

50-80 жылдары университет қабырғасында талай шетелдік азаматтар білім алатын. Сол кезде шетел азаматтарына математика пәнін француз тілінде оқытатын мамандардың қажеттілігі туындады. Жасұлан Садықұлы Мәскеу қаласындағы М.Торез атындағы шет тілдерінің мемлекеттік институтында бір жылдық француз тілін үйрену курсынан өтті.

Осыдан екі жыл бұрын Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев Ауғанстан Ислам Республикасына гуманитарлық қолдау көрсету мақсатында мемлекетаралық келісімге қол қойған болатын. Содан бері еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарында, атап айтсақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде жүзге жуық Ауғанстан жастары мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда.

Оқу орнында алыс және таяу шетелдерден келген жастарға математикадан дәріс беріп келген тәжірибелі ұстазға ауған жастарының тілі, дүниетанымы аса таңсық бола қойған жоқ.Оның үстіне ол сексенінші жылдардың басында кешегі КСРО-ның Жоғары Білім министрлігінің ұйғарымымен Ауғанстан Демократиялық Рес­публикасы, Мазере-Шариф қаласындағы Тау-мұ­най техникумында математикадан дәріс оқыған еді.

Жасұлан Садықұлының өмірі мен қызметі шетел азаматтарын және қазақ диаспорасы өкілдерін жоғары оқу орнына дайындайтын осы факультетпен, үлкен ұжыммен тікелей байланыс­ты болды. 1985 жылы ашылған факультетте доцент қызметін атқара жүріп, университеттің халықаралық бөлімін басқарды. Одан кейінгі уақыттарда шетел азаматтарымен жұмыс істейтін жалпы университеттік декан қызметін, жалпы білімдік кафедра меңгерушісі, факультет деканының орынбасары, факультет деканы қызметтерін абыроймен атқарды.

Ардагер ұстаздың талай тер төккен тынымсыз еңбегі елеусіз қалған жоқ. КСРО-ның Жоғары Білім министрлігінің «Жоғары білім саласындағы ерекше жетістігі үшін», 2009 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгілерімен, «Еңбек ардагері» медалімен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойына орай «Университеттің дамуына сіңірген ерекше еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

ҚР Президентінің жарлығымен соғыс жүріп жатқан ауған жерінде ұзақ уақыт ұстаздық миссиясын атқарған Жасұлан Садықұлына «Ауған соғысының ардагері» статусы берілді.

Жасұлан Садықұлы ұстаздық, басшылық қызмет атқара жүріп, ғылыми зерттеу ісімен де айналысты. Оның қаламынан отызға жуық ғылыми мақалалар, 15 оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді. Көргені мен көңілге тоқығаны мол ұстаз дәріс беретін оқытушының студенттерге дайын оқулық тарауларын оқумен шектелер болса, онда оның ұстаздығының ешқандай қасиеті болмайтындығын өзінен кейінгі жастарға өнеге, ақыл ретінде айтып отырады. Университет аудиториясында әр оқытушы студенттерге өз ақыл-ойымен тапқан білімін беруі шарт. Ол үшін оқытушы жатпай-тұрмай ізденуі, зерттеуі тиіс. Міне, бұл ұстаз ағаның берік ұстанымы.

Н.Ә. АЛДАБЕК,

филология ғылымдарының

кандидаты

Серіктес жаңалықтары