АЯҒАН ЕСКЕ ТҮСКЕНДЕ...

АЯҒАН ЕСКЕ ТҮСКЕНДЕ...

АЯҒАН ЕСКЕ ТҮСКЕНДЕ...
ашық дереккөзі
597

Аяған Шәжімбай! Қазақ киносы тарихына есімін өшпестей етіп жазып кеткен осы бір аяулы есім ауызға алына қалса, ол түсірген «АЛЖИР. Біз куәміз» (сценарийін журналист А.Тасымбековпен бірігіп жазған) екі сериялы деректі-публицистикалық фильмі, «Жансебіл» (сценарийін Ж.Қорғасбек екеуі жазған) көркем фильмі еріксіз еске түседі. Ол сонымен бірге «Бәйтерек», «Әнуар Молдабеков», «Жұмат Шанин», «Толғау» т.б.деректі фильмдердің де авторы. Еңбек жолын журналистикадан бастап, С.Сейфуллин атындағы облыстық Қарағанды драма театрында актерлікке ұластырған, одан кейінгі тағдырын кино өнеріне арнаған ол тірі болса, алпысқа толар еді.

Аяған менің жастық шағымның куәсі. Тазалықтың, адалдық, достықтың әдемі өлшемі. Өмір тау­сылмайтындай ұзақ, ал кәрілік келмейтіндей, алаңсыз жастықтың шуағына бөленіп жүрген сол бір тәтті уақыттар-ай! Аяған қызық жігіт еді. Қандай жағдай болмасын көзі күлімдеп тұратын. Ешқандай қулықтың, арам пиғылдың сызаты жоқ, таза жігіт еді.

Мен 1974 жылы әскери борышымды өтеп келіп, Алматыдағы өнер студиясында оқуымды жалғастырдым. Екі группа, бәрі де әдемі, өрімдей жас қыздар мен жігіттер. Кешке жатақханаға жиналып, төрт жігіт бір бөлмеде тұратын болдық. Қаладағы таныстарымның үйінен заттарымды алып кешкісін қайтып келдім. Курстастарым менің бөлмеме жиналыпты. Өңдерінде қорқыныш бар.

– Не болды? Неге үрпиісіп тұрсыңдар?

– Жоғарғы курстың жігіттері келіп, кешкісін столда мұншама арақ, тіске басар дәм-тұз тұратын болсын. Егер болмаса күл-талқандарыңды шығарамыз деп кетті, – деді олар жамырай сөйлеп.

– Жарайды, келсін, қорықпаңдар, – дедім.

Қараңғылық қоюлана әлгі жігіттер сау ете қалды. Цирк бөлімі, көркемсөз жанрының жігіттері. Содан дәлізге шығып, екі жаққа бөлініп тұра қалдық. Әп-сәтте ұйпа-тұйпасын шығардық. Сонда байқадым, курстасым Аяған басқа студенттерге қарағанда өжет, ештеңеден қаймықпайтын жігіт екен. Ертеңіне олар тағы келді. Біз тойтарыс бердік. Содан қайтып біздің драма студенттеріне ешкім тиіспейтін болды.

Венямин Филиппович Ким деген ұстазымыз бар еді. Сахна қимылы, фехтование, ритмикадан сабақ беретін. Орыс ТЮЗ-інде актер болып қызмет жасайтын. Кезекті сабақ үстінде әртүрлі оқиғаға байланысты адамның ішкі жан дүниесін білдіретін эксперимент жасап жатқанбыз. Кезек Аяғанға жетті. Қуанышты сәттерді әдемі келтіріп жатыр. Ашуланатын мезетте ұстазымыз айқайды салсын:

– Сен неге өзгермейсің, сен рөлді дұрыс сезінбейсің. Неге көзің өзгермейді, неге күліп тұрады? – деп әбден әуреледі. Бір кезде қайтер екен, өзгере ме, жоқ па деген оймен ұстаз Аяғанның жағынан шапалақпен салып қалды. Аяған орнынан атып тұрып, оны ұруға әрекеттенген сәтте Венямин Филиппович күліп жіберді де:

– Таң қаламын, көзі өзгермейтін адамды көргенім осы, – деп отыра кетті. Аяған болса, ашудан дірілдеп кетті. Бір ғажабы, көзі сол бұрынғыша күлімдеп тұр.

Екінші семестр басталған шақ еді. Біз жұптас этюдтар жасап жүргенбіз. Аяған мен Алма екеуі этюд жасапты. Бәрін қимыл әрекетпен көрсетуіміз керек те, соңында ғана бір ауыз сөз айтуға болады. Екеуі бірін-бірі жақсы көретін. Этюд бір-бірін сүйген жандар туралы. Ал Аяған Алмаға өзінің шын сүйетінін білдіре алмай жүрген. Ең соңында Аяған тізерлеп отыра қалып:

– Алма, мен сені сүйемін! – дегені. Бәріміз ду күлдік. Райымбек Сейітметов ағаның екі көзінен жас аққанша күлді.

– Міне, көрдің бе, этюдтің ар­қасында Алманы сүйетініңді шынайы жеткіздің, – деп екеуіне «5» деген баға қойды. Алма Сандуғаш деген тұңғышына аяғы ауырлап, босанып, дипломдық жұмысқа бір-ақ келді.

Кейде Аяған екеуміз күресе­тінбіз. Оның салмағы менен жеңілдеу, ол самбошы, ал мен еркін күреспен айналысқан кездерім болды. Қайратты, қайсар жігіт болатын. Солай, екі жылдың қалай өткенін де сезбей, Аяған екеуіміз Қарағанды театрынан бір-ақ шықтық.

Театрдағы актерлардың көпші­лігі студия бітіріп барғандар. Со­ның ішінен талантымен дараланып тұратыны Аяған еді. Ол С.Жүнісовтің «Тырау-тырау тыр­наларындағы» – Бақыт, ал мен военкомды ойнадым. Ол Қ.Бекқожиннің «Абылай хан» үш актілі тарихи драмасындағы Әмірсананы, ал мен Абылайды ойнадым. І.Есенберлиннің «Ғашықтарында» Аяған мен Алмаға басты рөлдер берілді. Мен Аманжанның рөлін сахнаға шығардым. Қазір ойлап отырсам, бас-аяғы екі жылда сегіздей спектакльде бірге ойнаппыз.

Аяған мен Алма Қарағандының «Юго-Восток» шағын ауданында тұрады. Қыстың боранды күндері екеуі біздің үйде қалып қоюшы еді. Үйіміз жылы. Олардікі керісінше, салқындау болатын. Бір күні таңертең Аяған үйге келіп: «Балташ, мен спортлотоның 5 нөмірін таптым», – деді. Мен: «Неге алтау емес?» – дедім. Үйдегілер оның 5 нөмірді дәл тапқанын растап жатыр. Сол күні Аяған, Алма үшеуміз бригадамен Нұра ауданына кеттік. Ұтыс билеті үйде қалды. Тазалық қой, егер Аяған арамдау болса немесе маған сенбесе, сонша байлықты тастап кете бере ме? Барған жағымыздан сол күні қайта алмадық. Қалың қар жауып тастаған. Үш күннен соң оралдық. Содан не керек, Аяған екі мың сомға ұтыс алды. Сол ұтыстан Аяған: «Балташ, мынау сенің жолыңа» деп, елу сом ақша берді. Содан екі жыл өткен соң, Аяғанды театрға парторг етіп сайламақшы болды. Мен: «Аяған, парторг болған соң, шығармашылық жайына қалады. Кеттік ВГИК-ке» – деп, оны Алматыға бірге алып кеткенмін. Кейін жатақханада 14 жыл тұрды.

– Аяған, маған ренжіп жүрген жоқсың ба? Қарағандыда болсаң, 3-4 бөлмелі үйің болар еді, – дедім бірде.

– Балташ, саған рахмет! Иә, парторг болғанда кеңдеу үйім болар еді, бірақ шығармашылық болмайтын еді ғой. Сол үшін де саған рахмет айтуым керек, – дейтін еді.

Алматыда ол «Қазақфильмде» жатақханада, мен «4-Орбита» шағын ауданында тұрамын. Ортамызда үлкен Алматы өзені ғана бар. Кейде телефон шалып:

– Ей, гүжбан, (мені әзілдеп солай атайды) келсейші үйге, – дейтін.

Барсам, Аяған екі білекті түріп тастап, ыдыс жуып жүр. Алмаға көрсетпей көзін қысып қояды. Бірдеме бүлдіргенде Алмаға жағынып, ыдыс жуып, еден сүртетін әдеті. Содан бір қызығы, оның үйіне барсақ та, біздің үйге келсек те асықпайды ғой. Бәрін баппен ішіп, баппен жеп, баппен әңгіме айтып, не ол мені, не мен оны өзендегі көпірге дейін шығарып салып, үйге қайтатынбыз.

Облыс театрында жүргенде аудандарға қоятын спектакльдер көп болады. Сондай сапардың бірі. Ауылдағы клубтың алдына барып, заттарды түсірдік. Мен дүкенге кеткен едім. Сол арада ауылдың бір бұзығы келіп, бұларға тиісіп әлек салмай ма. «Мен түрмеден келген адаммын, қазір ойран етемін», –дейді. Аузы толған боқтық сөз. Содан Аяған: «Шынымен сескеніп қалдық. Сөйтіп тұрғанда сен көріндің, қолыңда бірдемелерің бар екен. Сосын мен анаған: «Әне, ана келе жатқан сақалдыны көрдің бе? Түрмеде 5 жыл отырған, төбелесте сен секілдіге пышақ салғаны үшін», – депті. Сөйтсе, әлгі ойланып тұ­рып-тұрып, зып беріп жоғалған. Мен келсем бәрі ішек-сілесі қатып, күліп отыр екен. Әсіресе, Аяған екі көзінен жас парлап, әлгі әңгімені әзер айтты ғой. «Жаңағы жындыны сенің сұлбаңменен-ақ сұлатып салдым», – дейді.

Аяған режиссер мамандығына құмар болды. Өзіне деген сенімі де нық еді. Бірнеше фильмдерде екінші режиссер болады. Ол солай тәжірибе жинап та алды. Кейін «АЛЖИР», «Жансебіл» фильмін түсірді. Одан кейін Ж.Қорғасбектің «Қасқыр адам» деген әңгімесінің желісімен фильм түсіруге кірісті. Мен басты рөлді ойнауым керек еді. Аяған екеуміз бірнеше күн үйде отырып, сценарийдің бастан аяқ жобасын ой елегінен өткізіп, қағаз бетіне түсіруіміз керек болды. Бірақ үлгермедік.

Толыққанды сценарий жазыл­маған соң фильм түсірілмеді.

Кейін Аяған өмірден озған соң, Сламбек Тәуекел: «Балтабай, екеуің бастап едіңдер, сен өзің қолға алып, жалғастырарсың», – деді. Бірақ ол сөз жүзінде қалды. Міне, Аяған досым осылайша менің көз алдымда да, санамда да қалып қойды. Кей уақытта Аяғанды, Шакизада Құттыаяқовты, Ерсайын Абдрахмановты сағынамын. Бірақ олар қайтып келмейтін, мәңгі ұйқыға кеткен дос­тар. Түсімде ғана көріп, сырласамын. Аяған: «Балташ, мұнда ішім пысып жүр», – дейді.

Мына жалғанда көп қиындықты басынан өткізген досым 4 бөлмелі пәтердің де қызығын көре алмады. Тірі жүргенде 60-қа келетін еді. Жан досым арманын түгел орындай алмай кетті.

Енді міне, сол Аяған жайында кітап жазып, естеліктерімізді жа­рыққа шығару досым Талғат Айтбайұлы екеу­міздің міндетіміз болып отыр. Бұл біздің міндетіміз ғана емес, парызымыз деп білем.

Қақаған желтоқсан айы болатын. Біздің театрда 1986 жылы 16 желтоқсан оқиғасына байланысты сотталып келген Үсіпхан Сейтімбетов пен әйелі Гүлнәр екеуінің отау құрғанына 15 жыл толуына байланысты той болды. Талғат пен әйелі Нұрбақыт та шақырылған екен.

Ол кезде Талғат Айт­байұлы «Арай» журналында қызмет жасайтын. Желтоқсан оқиғасы жөнінде бірталай материал жазған еді. Той барысында көңіл-күйге әсер ететін әңгімелер айтылды. Сөйтіп, таңға дейін Талғаттыкінде болып, үйге ертесіне бір-ақ қайттық. Осы естелікті жазып отырып та көзімнің жасын бірнеше мәрте сүртіп алдым. Жақсы достардың біразы өмірден озды. Енді осы Талғат досым аман болсын. Өзінің денесі кішкентай болғанымен, жүрегіне бүкіл әлем сиятындай үлкен, кең. Дос деген атқа лайық, қуансаң да, ренжісең де қасыңнан табылады. Енді міне, Аяған туралы естелік кітапқа бел шешіп кірісіп жатыр.

Балтабай СЕЙІТМАМЫТҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Серіктес жаңалықтары