БАСТЫ МІНДЕТ — ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
БАСТЫ МІНДЕТ — ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Желтоқсанның 1-2 күндері елімізде Тұңғыш Президент күні аталып жатқан атаулы мереке күндері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Айтулы мереке күні Қарағанды облысына сапар шегудің өзіндік мәні мен маңызы жоғары. Өйткені Елбасының алғашқы еңбек жолы осында, Теміртау қаласында басталған еді. Нұрсұлтан Назарбаев жастық шағы өткен Теміртау қаласының өз өмірінде аса маңызды рөл атқаратынын айта отырып: «Теміртау – менің сүйікті қалам!» – деді. Бұдан кейін «Арселор МитталТеміртау» АҚ комбинатының жұмысымен танысқан ол одан кейінгі сапарын Қарағанды қаласында жалғастырды.
Қарағанды облысын екі күн аралаған Елбасы ресми сапар барысында Қарағанды облысының индустриалды-инновациялық бағдарламалары мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен танысты. Қарағанды халқын еңбекқор деп бағалаған Елбасы өңірдегі жұмыспен қамтудың және әлеуметтік нысандардың жұмысын аса жоғары бағалады. Назарбаев әкімшілік ғимаратында болып, облыстың қоғамдық өкілдерімен кездесіп, бейресми әңгіме өткізді.
– Мемлекет үшін ең басты міндет – халықты жұмыспен қамту. Мемлекет жұмыс жасай алмайтындарды қолдауы керек, ал қалғандары жұмыс істеулері қажет. Біз шикізат ресурстарына тәуелсіз басқа экономиканы құра отырып, елімізде индустрияландыру жүргізудеміз. Қазіргі кезде 550 кәсіпорын іске қосылды, 150 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Негізгі мақсат – 70 миллиард доллар салып, осындай кәсіпорындар санын арттырып, бір жарым миллион жаңа жұмыс орнын ашуды қамтамасыз ету. Соның нәтижесінде біздің экономикамыз 1,5 есе артады, – деді Президент.
Қарағандыда индустриалды орталықтарды аралаған ол «Эргономика» ЖШС-іне ат басын бұрды. Бұл компания бірнеше қажетті инновациялардың бастамашысы.
– Біз тұрғын үй коммуналдық мекемелердің жұмысын жандандыруды қолға алдық. Бұрын бұған қажетті қаржы болмаған еді. Тек биыл ғана 30 мың шақырым коммуникация ауыстырылатын болады. Ең бастысы – ескі үйлерде энергияны үнемдеу. Компания бұл мәселені шешуде инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жол табуда, – деді ол.
Қарағанды биыл 24 индустриалды-инновациялық обьектілерді енгізбек. Ол Қазақстан үшін рекорд болып саналады.
Елбасы үшін инновациялық жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Бұнда ғимарат ішінің температурасына орай, энергия жұмсалатын автоматты жылу беру пунктінің жұмысы таныстырылды. Төлем жұмсалынған энергияға ғана алынады. Сондай-ақ, «Лидос LTD» компаниясының жоғары технологиялы интерактивті құрылғылары, доменді газ қазандығының құрылысы, «Арселор МитталТеміртау» компаниясының конвертті цехта газ тазалау жүйесінің және «Қазақмыс» компаниясы қызметінің негізгі көрсеткіштері таныстырылды.
Елбасы тәуелсіз Қазақстанның даму жолы тар жол, тайғақ кешуден өткендігін мәлімдеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 170 миллиард доллардың инвестициясы тартылған екен.
– Егер бұл қаржы болмағанда, бүгінгі табыс та жоқ еді, – деді Елбасы.
– Еуропа елдерінде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Жоғары дамыған елдердің өзінде зейнетақы, еңбекақы көлемі азайтылып, көптеген адам жұмыстан қысқартылып, алпауыт кәсіпорындар жұмыстарын тоқтатуда. Ал біз, жаһандық дағдарысқа қарамай, ондайға жол беріп отырған жоқпыз. Бұл еліміздің қуаты мен оның мүмкіндіктерін көрсетеді. Қазақстан бүгінде 90 миллиард доллар болатын өнімдерді экспорттайды. Енді біз осы әлеуетті одан әрі қалай арттыруды ойластыруымыз керек. Менің бастамам бойынша Кеден одағы құрылды. Ресей мен Беларусь қазақстандық тауарларды өткізу үшін бірден-бір нарық болып табылады. Бұдан бөлек, Кеден одағының арқасында осында бірлескен кәсіпорындар құрылуда, жұмыс орындары ашылуда, машина жасау саласының өнімдері ұлғаюда.
Мемлекет басшысы ресейлік және беларусьтік кәсіпорындармен бірлесіп, ірі тонна жүк машиналары мен тракторларды құрастыратын «Қазақмыс» компаниясын мысалға келтірді.
– Қазіргі кезде жаһандық жағдайда өмір сүру үшін барлық құрлықта интеграциялық бірлестіктер құрылып жатыр. Қазақстандық компаниялар Ресей мен Беларусьтің нарығын тездетіп игеру үшін Кеден одағы ұсынатын басымдықтарды пайдаланулары керек. Біз ДСҰ (Дүниежүзі сауда ұйымына) ену қарсаңындамыз. Біз әлемге есігімізді аша отырып, индустриямыздан айырылып қалу қаупін ұмытпауымыз керек. Егер біздің тауарларымыз сапасы мен бағасы бойынша шетелдік бәсекеге төтеп бере алмаса, онда отандық кәсіпорындардың тоқтап қалуы мүмкін. Алайда біз оған жол бермеуіміз керек. Қазақстандық тауар өндірушілер Кеден одағында шыңдалып, алдымен осындағы бәсекелестікке шыдаса ғана, кейін әлемдік нарыққа шыға алады. Сондықтан біз шикізат ресурстарына тәуелсіз басқа экономиканы құра отырып, еліміздің индустрияландыру бағдарламасын жүргізудеміз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Есенгүл Кәпқызы