«АСТАНА – ЕСІРТКІСІЗ ҚАЛА»

«АСТАНА – ЕСІРТКІСІЗ ҚАЛА»

«АСТАНА – ЕСІРТКІСІЗ ҚАЛА»
ашық дереккөзі
353

Бабаларымыз «Аурудың алдын ал, жаудың алдын ал, қайта көтерілген даудың алдын ал» деген екен. Ғасыр дертіне айналған есірткі және оны тұтынудан аулақ болу, кеселдің алдын алу қажеттілігі бүгінгі күн тәртібіндегі ең басты өткір мәселелердің бірі болып отыр.

Соңғы он жылда еліміздегі нашақорлық көбейіп, оның ішінде балалар арасындағы есірткіге құмарлық қатары 13 есе өскен екен. Соның ішінде есірткі дертіне шалдыққандардың көбінің жасы отыз жас­тан жоғары емес. Бұл жағдай күннен-күнге есірткі пайдаланушылардың «жасарып» келе жатқандығын дәлелдейді. Талай жеткіншек нашақорлықтың құрбанына айналып, ата-анасы мен туған-туыстарына қайғы бұлтын үйіруде. Осыған орай Елбасының «Астана – есірткісіз қала» атты аса маңызды бағдарлама қабылданғалы, арқа төсіндегі алып шаһардан бөлек, еліміздің бірқатар аймақтарында есірткімен күрес мықтап қолға алынды. Ақ ұнтақ үшін арын сатуға баратын есірткі саудасына қарсы тұру жұмыла көтерер маңызды іс. Бүгінде бір елдің ғана қаупі емес, әлемді жайлаған бұл дертке әркімнің айтар ойы мен қосар үлесі сан жақты.

Өткеніміз бен бүгінімізге көз жүгірт­сек,­ адамзат тарихындағы қаншама қан­ды оқиғаның себепшісі де, түрлі зұлымдықтардың да бастаушысы дәл осы нашақорлық. Біреулер есірткі таратып, ен байлыққа кенеліп, белшесінен батып жүрсе, ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшуда. Өз басымызда болмаған соң, өзгенің ісіне жүрегімізді де, жанымызды да ауыртқымыз келмейді. Адам баласы алдында не күтіп тұрғанын білмейді, артымызда қаншама ұрпақ өсіп келеді. «Не істеу керек? Жастарды оның құрығынан қалай құтқарамыз?» – деген сауалдар адам жанын мазалайды. Бүгінгі күні жасөспірімді қызықтыратын орта аз, қала баласы түнгі клуб, би алаңдарын айналдырса, ауыл баласы көше тоздырып, арақ-шарапқа әуес болып жүр. Бұған себеп бала тәрбиесінің дәрменсіздігі. Жасыратыны жоқ, көптеген ата-ана баласымен тек материалдық тұрғыда ғана әңгімелесумен шектеледі. Осы орайда «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, тәрбие тізгінінен шығып, бетімен кеткен жасөспірімдер, азғындаған бұзақылар үшін есірткі заты бағалы ермек болып отыр. Бүгінгі таңда салауатты өмір сүруге кері ықпалын тигізіп отырған қауіпті дерт – нашақорлық құлашын кең жаюда. Елбасының «Қазақстан – 2030» стратегиялық жолдауының төртінші тарауында жат қылықтарға қарсы күрес туралы, денсаулықты сақтап, жақсарту туралы бас­ты мақсатымызды айқындап береді. ХХІ ғасырда қоғам тек жалаң адамдар тобынан ғана емес, сонымен бірге денсаулығы мықты, рухани дүниесі бай, жаны мен тәні кіршіксіз таза, ерекше тұлғалардан тұруы тиіс. Себебі, еліміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайының өрге басуы тек материалдық байлықты молайтуға ғана емес, сонымен бірге, сол игілікті жүзеге асыратын адамдардың денсаулығы мен рухани өмірінің салауаттылығына тікелей байланысты. Сондықтан, «Уа, досым ояншы, саған айтам, жаман дерттен арылып, адамдыққа шақырам! Жаңа өмірге, асқақтатып есік ашам!».

Талшын ҚАНАТОВА,

Еуразия Ұлттық университетінің

2-курс студенті

Астана қаласы

Серіктес жаңалықтары