ТАБЫС КӨЗІ — ТАЛАПШЫЛДЫҚТА

ТАБЫС КӨЗІ — ТАЛАПШЫЛДЫҚТА

ТАБЫС КӨЗІ — ТАЛАПШЫЛДЫҚТА
ашық дереккөзі
144

Соңғы жылдары Сыр өңірі ерекше қарқынмен дамып келеді

Қазіргі кезде облыс аумағындағы аудандар мен қалалар да замана ағысына ілесіп, ел экономикасын өркендетуде айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп жүр. Солардың бірі – облыс орталығы, Қызылорда қаласымен іргелес жатқан Сырдария ауданы.

Ғизат Майданұлы Әбілтайдың аудан тізгінін ұстағанына көп уақыт болмаса да, іскер азаматтың аудан экономикасы мен мәдениетін көтеруде қажырлы еңбек етіп келе жатқанын аңғару қиын емес. Осы өңірдегі атқарылып жатқан игі іс-шаралар жөнінде, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Сыр өңірін дамытуға ерекше ықылас танытып, Үкіметіміздің соңғы кездері жүзеге асырып жатқан реформалары туралы әңгімелесіп, оны «Түркістан» газетінің оқырмандарымен бөліскенді жөн көрдім.

– Қазан айының ортасында ауданда Қалжан ахун Бөлекбайұлының 150-жылдық мерейтойы облыстық деңгейде аталып өтті. Бұл айтулы мәдени шараға біз де қатысып, ұйымдастырылуының ойдағыдай болғанына риза болдық. Білуімізше, бұл шараның өткізілуіне Қазақстан Үкіметі де ерекше назар аударған көрінеді…

Қалжан ахун өз дәуірінің ғұлама ға­лымы, ақыны, дінтанушысы болған адам. Кеңес заманында мұндай адамдардың есімі жасырын болып келді ғой. Кезінде халқына еңбек сіңірген азаматтарымызды қайта тірілтіп жатқанымыз да тарих алдындағы парызымыз, Тәуелсіздігіміздің нақты жемісі.

Қалжан ахун ерекше бабаларымыздың бірі. Құдай қолдап, той өткізген күні күзгі табиғаттың тамылжып тұрғанына бүкіл халық болып қуандық. Тойымыз Қызылорда қаласында Қалжан ахунға көше атын берумен басталды. Одан соң өзінің туған ауылында, Тереңөзек аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Бұл мәдени іс-шараларға облыс әкімі Болатбек Қуандықов арнайы қатысып, сөз сөйледі.

– Ауданның негізгі айналысатын шаруашылығы – күріш өсіру ғой. Биылғы меже қандай еді, әр гектардан қанша центнерден өнім алдыңыздар?

– Қазақстанда күріш дақылымен шындап айналысатын Сыр өңірі ғана. Жыл сайын межелеген күрішімізді аламыз. Күріш дақылы адам ағзасына пайдалы ас бола тұра бағасы тым арзан. Өзінің өсіру құнын ақтай алмайды. Соңғы кездері дихандарымыздың жиі дабыл қағып жатқаны да сондықтан болар. Күн ыстық болса, күріш соғұрлым жақсы өседі. Биылғы жылы аудан бойынша 31958 гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын ектік: оның ішінде 18915 г. күріш, 732 г. жаздық бидай, 2323 г. жаңа жоңышқа, 50 г. мақсары, 1400 г. картоп, 780 г. көкөніс, 780 г. бақша өнімдері. Күзде осылардың барлығынан ойдағыдай өнім алынды.

– Ғизат Майданұлы, мемлекетіміз жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше мән беріп отыр. Сіздің ауданда бұл саясат қалай жүргізілуде?

– Шынында да, біз кейде өрекпіп алға жүгіре бермей, бір сәт артқа да қарап қоюымыз керек шығар. Өйткені сенің өкшеңді басып келе жатқан жас ұрпақ қандай дәрежеде, қалай өсіп келеді, кімдерден үлгі-өнеге алуда дегенге қатты мән беруіміз керек. Ата-аналар үйде, ұстаздар мектепте тәрбиені босаңсытып алған жоқ па? Оған не себеп? Әрине, әртүрлі себептер болуы мүмкін. Бала тәрбиесі жөнінде қандай себеп болса да ақталуға болмайды ғой. Біз ұлан-байтақ жерімізді ұстап тұра алатын, оны жаугершілік заманда қорғай алатын нағыз жігерлі, отансүйгіш, нағыз патриоттық сезіммен қаруланған табанды жастарды тәрбиелеуіміз керек. Бүгінгі заман бізден осыны талап етеді. Біз осы мәселені терең түсініп, бұл салаға айрықша мән беріп отырмыз. Өйткені болашақ жастардікі!

Ауданда 44 білім мекемелері (17 мектеп, 15 балабақша, 2 әуез мектебі, 1 оқушылар үйі, 8 шағын орталық және 1 «Жалын» тынығу лагері) жұмыс істейді және онда 1136 мұғалім оқушыларға тәлім-тәрбие береді.

Аудан бюджетінен жаңа оқу жылына орта мектептерді оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге 19442 мың теңге қаржы бөлініп, игерілуде. Сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелерге электронды оқулықтар алынып, аудандағы барлық орта мектептер интернет желісіне қосылған.

Аудан орталығындағы 1200 орындық мектеп оқушыларын тасымалдауға арнайы автобус бөлінген, мектеп жанынан логопедиялық пункт ашылып, қажетті құрал-жабдықтар алу үшін барлығы 1878 мың теңге бөлініп, игерілді.

Алдағы уақытта мемлекеттің қол­дауымен жеке балабақшалар және аудан орталығындағы № 35 орта мектеп-лицейін интернатқа ыңғайластырып, дарынды оқушыларды бейімдеп оқытатын кәсіби орталығын ашу көзделіп отыр.

– Жас мемлекет болсақ та, әлем халқының назарына ілігіп, тереземіз тең түсіп отырғанына мақтаныш сезіммен қараймыз. Бұл жәйден-жәй келе салған абырой емес. Ол ең алдымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі, сонан соң біздің байтақ республикамызды мекендеген халықтардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жемісті еңбек еткенінің нәтижесі, береке-бірліктерінің мызғымас беріктігінің ұтымды үлгісі болса керек. Осы тұрғыда аудан еңбеккерлерінің бойынан қандай жақсы қасиеттерді байқадыңыз?

– Тәуелсіз мемлекетіміздің аз ғана уақыт ішінде осындай дәрежеге жетуінде біздің аудан халқының да тамшыдай болса да үлесі бар деп ойлаймын. Өйткені негізі қаланғанына сексен жылдан астам уақыт болған ауданның өзіндік қалыптасқан дәстүрі мен өзіндік жолы бар.

Біздер демократия саясатын ұстап, халықтың ой-пікірімен санасуға қалып­тасқанбыз. Менен бұрынғы әкімдер де, мен де осы үрдісті ұстанып келеміз. Өйткені халықтың деңгейі жоғары, ойы биік.

Мен көбіне мекеме басшыларымен, кәсіпкерлермен, түрлі қоғамдық ұйым төрағаларымен бас қосқанда айтатын негізгі мәселем – ел тұтастығын сақтау, жұмыла еңбек ету, тату-тәтті өмір сүріп, бір ананың баласындай келісімпаздықпен күн кешу. Аудан халқы бұрынғыдай емес, бәрі де сауатты, әрбір істі ойланып-толғанып қолға алады. Кежегесінен кейін тартып тұрған ешкімді көрмедім, қайта шетінен патриот, алға ұмтылып, жұмыс істегенді тәуір көреді. Маған аудан халқының осы қасиеті ұнайды.

– Өзіңіз білесіз, бұл топырақта халқымызға белгілі көптеген ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері дүниеге келген ғой. Аудан халқы оларды әрдайым мақтаныш ететін болар?

Ол кісілер аудан, облыс емес, бүкіл рес­публика халқының мақтанышы емес пе? Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов әдебиетіміздің негізін қалаушылардың қатарында болғаны біз үшін зор мәртебе. Ал, Әбіраш Жәмішев, Әбілмәжін Жұмабаев, Сейфолла Оспанов, Төлепберген Тобағабылов әдебиетіміздің дамуына зор үлес қосқан жерлестеріміз. Осындағы әдебиет ұйымының есебіне жүгінсек, Тереңөзек топырағынан 12 Жазушылар одағының мүшесі шыққан екен. Бұл сан жағынан республика бойынша бірінші орында екенбіз. Ал сазгерлеріміз бен әншілеріміз, әртістеріміз бен суретшілеріміз қаншама? Жалпы, топырағы құнарлы аудан қай жағынан болса да облыстағы алдыңғы қатарлы аймақтың бірі. Алладан тек жалғасы үзілмесін деп тілейік.

– Адам – қоғамның негізгі байлығы дейміз. Адамдардың ақыл-ойы арқасында қол жеткізген табыстарымыз­ бен игіліктерімізді тек адамдар арқылы ғана өмірге енгізіп жатқан жоқпыз ба? Сондықтан дамыған елдерде адам ден­саулығы бірінші орынға қойылған. Біз де Тәуелсіздік алғалы денсаулық саласына көбірек көңіл бөле бастағанымыз байқалады. Ауданда осы саланың қызметкерлерінің еңбегі өз дәрежесінде бағалана ма? Оларға билік тарапынан қан­дай көмек көрсетілуде?

– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»,– дейді дана халқымыз. Ауырмаудың негізгі амалы өз қолымызда екенін көбіміз біле бермейміз. Құдайға шүкір, қазір халқымыз 100 пайыз сауатты деп айтуға болады. Ендеше, неге өзімізді-өзіміз қолға алмасқа? Таңертең 10-15 минут денешынықтырумен айналысып, дұрыс тамақтанып жүрсек, жақсы денсаулықтың кепілі деп айтар едім. Адамның тағдыры ең алдымен Алланың құзырында, содан соң ғана дәрігердің қолында. Аудандық денсаулық сақтау саласында 17 аудандық, ауылдық емдеу, алдын алу мекемелерінде 1000-ға жуық адамға медициналық қызмет көрсетеді.

Саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2006 жылы типтік жобадағы туберкулезге қарсы диспансерінің ғимараты, 2010 жылы Жетікөл медициналық бекетінің, 2011 жылы О.Мәлібаев фельдшерлік-акушерлік бекеттерінің ғимараттары салынып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Үстіміздегі жылы С.Сейфуллин фельд­шер­лік-акушерлік бекетін, 2013 жылы аудандық емхана, Іңкәрдария, Айдарлы, Бесарық және Шіркейлі елді мекендерінде дәрігерлік амбулаторияларын, 2014-2015 жылдары Н.Ілясов, Ақжарма, Амангелді, Шаған және Қоғалыкөл ауылдарында дәрігерлік амбулаторияларын салу облыс әкімі Болатбек Қуандықов мырзаның қаулысымен бекітіліп, облыс аумағында салынатын әлеуметтік нысандардың тізіміне енгізілді.

Денсаулық саласындағы реформаларға сәйкес қысқаруға жобаланған Аманкелді, Шаған ауылдарындағы тұрғындардың ұсыныстары бойынша «Ауылдық аурухана» статусын сақтап, тұрғындардың аудан орталығына қатынамай, ем алуына толық жағдай жасалғанын атап өту қажет.

– Жас мамандарға қамқорлық қалай?

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы ұлан-байтақ республикамыздың барлық жерінде кеңінен қолдау табуда. Шынында да, ауылдық жерлерде жас мамандар тапшылығы қатты сезіледі. Оқу бітірген жастарымыз қызығы мол қалалық жерлерде жұмыс істегісі келеді. Міне, осы мәселені шешу үшін мемлекетіміз осындай бағдарламаны өмірге енгізді. Биылғы жылдың 6 айында республикалық бюджеттен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 48 маманға көтерме жәрдемақыға 5 млн. 400 мың теңге, 12 маманға тұрғын үй сатып алуға 24 млн. 300 мың теңге қаржы берілді.

Ауданға келген 48 маманның 5-і денсаулық сақтау, 1-і спорт, 42-сі білім саласының мамандары. Олардың 17-сі аудан орталығында. Қалғандары ауылдық округтерде жұмыс істейді.

– Сырдария ауданы облыстағы шаруа­шыл­ықтары шалғай орналасқан аудандардың бірі. Тіптен, кейбір ұжымшарларын Сырдария өзені бөліп жатыр. Аудан орталығынан ол шаруашылықтарға қатынау қысы-жазы қиындық туғызып келеді. Осы уақытқа дейін автокөлік те, адамдар да дариядан паром арқылы өтіп жүр. Осы өзенге көпір салу керек екендігі туралы бұдан жиырма жылдай бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет етіп жүргенде журналист Нұрдәулет Ақышев екеуміз талай рет мәселе көтерген болатынбыз. Кеңес дәуірінде қаржы тапшылығына байланысты жыл сайын кейінге қалдырылып келген. Биылғы жылы Тереңөзек – Шаған автожолындағы Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысы басталған екен. Бүкілхалықтық қуаныштарыңыз құтты болсын!

– Рахмет! Көптен күткен қуанышымыз еді. Шариғатта көпір салған үлкен сауап екен. Кеңес заманында бұл сөздің мағынасы ескерілмеді ғой. Дегенмен, жақсылықтың ерте-кеші жоқ, маңызы өте зор көпір құрлысының адамзаттық қуанышы ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді деп ойлаймын.

Мемлекеттік маңызды стратегиялық нысан құрылысын Қазақстандағы ең мықты көпірлерді салып келген тәжірибелі, жеңімпаз мердігер компания «А.В.Рязанов атындағы МО-25» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы сметалық құны 2552,713 млн. теңге тұратын бұл құрылысқа 2012 жылы 550 млн. теңге қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары наурыз айында бас­талып, 2013 жылдың соңында аяқталып, көпірді ел игілігіне беру жоспарланып отыр.Көпірдің республикалық бюджет есебінен салынып жатқанын айта кеткен жөн.

– Әңгімеміз құрылыс жайында болған соң аудан көлеміндегі құрылыс, яғни тұрғын үй салу жұмыстары туралы да айта кетсек. Өйткені бүгінгі өркениет заманында әрбір отбасының өз баспанасы болуы керек.

– Жылдағыға қарағанда биылғы жылғы құрылыс саласына аудандық бюджеттен бөлінетін қаражат мөлшері көбірек қаралып отыр. Соның нәтижесінде 4509.1 шаршы метрге тұрғын үй салынды. Сондай-ақ 2012 жылы Тереңөзек кентінде үш тұрғын үй құрылысына 21 млн. теңге қаржы қаралып, одан басқа 18 және 24 пәтерлі тұрғын үй құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын жасауға тиісті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілуде. Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен көшелерді күрделі жөндеуден өткізу, автомобиль жолдарын да қалпына келтіру, елді-мекендердің ішкі көшелеріне «жол қауіпсіздігі» жол белгілерін орнату жұмыстары да белсенділікпен атқарылып келеді. Биылғы жылы аудан көлеміндегі елді мекендерді жарықтандыру жұмыстары ерекше қолға алынды. «Жарықсыз бірде бір көше болмасын» деген ұранмен ауыл-аймақ түгел жарықтандырылып, оларды күтіп ұстау шығыны бюджет есебінен шешілген.

– Кәсіпкерліктің дамуы қалай, оларға әкімшілік тарапынан қолдау көрсетіліп тұра ма?

– Мемлекетіміздің қарқынды дамуына шағын және орта бизнестің де көмегі ұшан-теңіз. Қазір ауданда тіркелген 1386 кәсіпкерлік субъектілерінің ішінен 1269-ы жұмыс істейді. Белсенді бизнес орталықтары ауданның 5000 халқын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Биылғы жылдың 6 айы ішінде бұл сала бойынша өнімдер шығару 435 млн. теңге көлемінде болып, бюджетке 28 млн. теңгенің төлемдері түсті.

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін несиелік ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында микрокредиттік ұйымдар, кредиттік серіктестік және екінші деңгейлі банк филиалдары арқылы 87 кәсіпкер 111 млн. теңгенің несиесіне қол жеткізді.

Аудан әкімшілігі шағын және орта бизнес өкілдеріне ұдайы қамқорлық жасап отырады. Өйткені дамуымыздың бір ұшы осы салада жатыр емес пе? Мемлекет пен жеке меншік арасындағы әріптестік байланыс ше?

Ауданда мемлекет пен жеке меншік арасындағы әріптестікті қолдау қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде Н.Ілиясов және Бесарық ауылдары көркейіп, қала деңгейіне жетті. Н.Ілиясов елді мекенінде болған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл іске ризашылығын білдірді.

Биылғы жылға Сырдария ауданы­ елді мекендерінің инвесторларының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру және арттыру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында аудан инвестор-кәсіпорындар есебінен өңірлерді дамытуға 193,5 млн. теңге қаржының бөлінуіне қол жеткізілді.

«Шаған жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаражаты есебінен Шаған ауы­лын көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қомақты қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылуда.

– Жуырда ғана Астанада Қазақстан Республикасының Пре­зиденті, «Нұр Отан» халықтық-демо­кра­тиялық партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қа­на­тының ІІ Съезі болып өтті. Жиында делегаттар «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылға дейінгі «Жастар – Отанға» стратегиялық бағдарламасын қабылдады. Айтулы бұл жиынға аудан жастарының атынан делегаттар қа­тыс­қан шығар?

ІІ Съезде Елбасы Н.Ә.Назарбаев алдағы онжылдықта қазақстандық жастарға қатысты назар аударылатын негізгі басымдықтарды белгілеп берді.

Жалпы елдің ертеңгі тұтқасы жас­тар екенін ешқашан естен шығармаған жөн. Сондықтан мемлекетіміз өзінің өркенді ұрпағына барынша қызмет етіп келе жатқанын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Біз де бұл маңызды мәселеге ерекше көңіл бөліп, бұл жиынға ауданнан 3 делегат жібердік.

Ауданда жастар саясатын жүйелі түрде жүргізу, жастар белсенділігін арттыруда және тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді. Ауданда жастардың басын қосып, тәрбие жұмыстарын жүргізетін жобалар жасалып, іске асырылуда. Сондай-ақ жұмыссыздарды есепке алу, салауатты өмір салтын қарастыруда мәдени, спорт шараларына қатыстыру – жастар алдындағы негізгі міндетіміз болып табылады.

Ал жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудан бойынша 19 аула клубына – 620 бала, 131 спорт секцияларына 2849 жасөспірім, 48 спорт алаңдарына – 2100, 19 спорт залдарына – 380, кітапханаларға – 1484 және концерт залдарына 1835 жасөспірім тұрақты келіп тұрады. Жастар болашағының жарқын болатынын осыдан-ақ аңғаруға болады.

– Сіздің ауданға әкім болып келгеніңізге де бір жылдай уақыт болыпты. Не істеп, не тындырғаныңыз аудан халқының көз алдында. Алғашқы жылы жүзді кездесуімізде, ақын-жазушыларды, жалпы өнер адамдарын жақсы қадірлейтініңіздің куәсі болдым.

Алдағы уақыттарда аудан халқымен бірге атқарар істеріңіз туралы айта кетсеңіз.

– Біздің жұмысымыз уақытпен санаспайды ғой. Кейде жанұяң бар екенін де ұмытып кетесің. Ерте кетіп, кеш келеміз үйге. Өйткені жауапты жұмысты жан-тәнімен түсіну – Отан алдындағы, ел алдындағы абыройлы міндетің.

Алдағы уақыттарда аудан орталығындағы орталық алаңға су бұрқақ, мұнара сағат, 1 телеэкран, үш түрлі бағытта көрсететін түрлі-түсті 3 экран, «Сыр сұлуы» композициясы, «Әйтек» каналының жағалауын, орталық демалыс паркі мен Дендробақты абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, жолаушылар үшін аудан орталығында 10 аялдама салынатын болады.

Сырдария ауданы биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша облыста бірінші орынға ие болды.

Бұл көрсеткіштер негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі, тұрғын үй салу, салықтық түсімдер көлемінің ұлғаюы, аудан кірісінің өсуі, халық санының артуы, тұрғындардың сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі және кіші бизнестегі белсенді мекемелердің көбеюінен орындалып отыр.

Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыс­тар жалғасын тауып, жоғарғы нәтижелерге қол­ жеткізу бағытындағы жұмыстар ұйым­дастырылатын болады.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Әңгімелескен

Қайырбек АСАНОВ,

Сырдария ауданының

құрметті азаматы

Серіктес жаңалықтары