КҮРКЕТАУЫҚТЫҢ КҮНІ ТУЫП ТҰР
КҮРКЕТАУЫҚТЫҢ КҮНІ ТУЫП ТҰР
Оңтүстікте:
Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында ел экономикасына басты серпін беретін, қозғау салар саланың бірі – шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру мәселесін назарынан қалыс қалдырған емес. Биылғы Жолдауында да қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру жолында халықтың кәсіпкерлікпен айналысуы маңызды екенін қадап айтып, елдегі жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлес салмағы 40 пайызға жетуі қажет деген болатын.
Еліміздің агроөнеркәсіптік кешені жақсы дамыған Оңтүстік Қазақстан облысында дәл осы кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге жақсы жағдайлар жасалып келеді. Тексерулердің азаюы мен салықтың төмен болуы кәсіпкер азаматтардың аяқтан тез тұрып кетуіне септігі тигізуде.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында бағы ашылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сан түрлі ассортименттерін елге ұсынып келе жатқан, оңтүстікте үлкен беделге ие болып қана қоймай, халыққа ұсынған сапалы өнімінің арқасында алыс-жақын шетелге де танымал бола бастаған «Ордабасы құс» ЖШС – сондай бағы ашылған серіктестіктердің бірі.
«Ордабасы құстың» негізгі өнімі – күркетауық еті. Кешен Ордабасы ауданындағы Бадам ауылында орналасқан республиканың агроөнеркәсiптiк кешенiндегi күркетауық өсiру бойынша алғашқы жоба болып табылады. Заманауи кәсіпорын тұйық өнеркәсіптік цикл ретінде құрылған, құс өсірумен, құрама жем өндірісімен, ет өңдеумен шұғылданады. Бұл iс елiмiздiң Индустрияландыру картасына енгiзiлген және «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржылай қолдауымен iске асырылуда. Құс фабрикасының жалпы құны – 3 млрд. 622 млн. теңгенi құрап отыр. Биыл жазда өткен «Қараөткел-2012» жәрмеңкесінде «Ордабасы құс» ЖШС осы күркетауық өнімінің 15 тоннаны құрайтын 35 түрлі ассортиментін астаналықтар назарына ұсынған болатын.
Бүгіндері аталмыш бағытта еліміздегі алғашқы жоғары технологиялы құс кешені өндірісін одан әрі ұлғайтпақ ниетте. Бүгінгі таңдағы өндірістік қуаты 5000 тонна болса, кешен ұлғайған жағдайда жылына 8110 тонна күркетауық етін даярлап, саудаға шығармақ. «Ордабасы құс» ЖШС-нің бұл бастамасын «ҚазАгроҚаржы» АҚ жан-жақты зерттеу үстінде. Табысты бастама деп тапса, өндіріс көлемін арттыруға мол қаражат бөлмекші.
Биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша кәсiпорын 2000 тоннаға жуық ет өндiріп үлгеріпті. Күркетауық етін ОҚО-дан өзге Алматы, Астана мен еліміздің басқа да қалаларына өткiзуде. «Ордабасы Құс» ЖШС-нің директоры Мұрат Тағаев «қазiргi кезде құс фабрикасында өндiрiлетiн өнiмнiң 35 пайызы мәскеулiк рыноктарға экспортталады. Бұл ретте, ресейлiк серiктестер өнiм сатып алу көлемiн барынша ұлғайтуға әзiр екенiн мәлiмдеп отыр. Алайда біздің басым мiндетiміз – отандық рынокты күркетауық етiмен қамтамасыз ету», – дейді. Сонымен бірге еттi солтүстiк бағыттан өзге, Өзбекстанға, Ауғанстанда орын тепкен НАТО әскерлерiне жеткiзу туралы келiссөздер жүргiзiлуде. Бүгіндері құс фабрикасында 320 маман еңбек етеді. Өндiрiстi ұлғайту жүзеге асырылған жағдайда тағы да 180 адам жұмыспен қамтылмақ. Компанияның кешендi жоспарына сәйкес 2017 жылға дейiн өндiрiсiнiң қуатын 25000 тоннаға жеткiзу көзделіп отыр екен. Бүгiнгi таңдағы негiзгi мiндеттердiң бiрi – өзiнiң меншiктi азықтық базасын құру. Бұл бағытта өнiмдiлiгi жоғары жемшөп зауыты тұрғызылып, iске қосылған.
Әлемдік тәжірибеде құс шаруашылығы аграрлық сектордың ішіндегі аса тиiмдi және табысты салалардың бiрi болып табылады. Деректерге сүйенсек, еліміздегі құс фабрикалары отандық нарықты толықтай қамтамасыз етіп отыр екен. Дегенмен, құс етiне келгенде әлi де болса импортқа деген тәуелдiлiк сақталған.
Мұрат Тағаев, «Ордабасы-Құс”
ЖШС-нің бас директоры:
«Елбасының сарабдал саясаты арқасында 2000 жылдан бері құс шаруашылығына деген көзқарастар өзгеріп, жалпы еліміз бойынша өндірісті дамыту қолға алына бастағаны белгілі. Бірақ, соған қарамастан қиындықтар бар болатын. Өйткені нарықтың талабы жеңіл емес. Шет елдерде болып, сондағы әріптестермен етене араласа келе бұл саланы қалай дамытуға болады деген сауалға жауап іздеумен жүрдік. Көп нәрсені көрдік, бәрін зерделеп-зерттеп, ақыры үлкен еуропалық компаниялардың басшыларымен байланыс жасай отырып, күркетауық өндірісін дамытуды қолға алу идеясы туындады. Ол кезде бізде 3 күркетауық етін шығаратын фабрика бар болатын. Мен бұрындары бройлер фабрикасында басшылықта жүргенде, сол фабрика аумағында күркетауық өсіруді де ұсынған едім. Алайда, біздің израильдік әріптестер Кеңес уақытында салынған ғимараттардың заман талабына, кәсіптік-технологияға сай еместігін, оған кететін шығын көлемін көрсете отырып, мұның нәтижесіздігін маған дәлелдеп берді. Содан біз екіжақты келісіп, жаңа фабрика салуға жер таңдадық. Жұмыс басталып, бизнес жоспар жасалынды. Алғашқы кезде қаржының жетіспеушілігінен шағын 2 құсханамен ғана жұмыс жүргізуді жоспарлаған болатынбыз. Сол кездері Елбасының Жарлығы шығып, соның нәтижесінде Ұлттық қордан ауылшаруашылығын дамытуға қыруар қаржы бөлінді. Осыған сәйкес «ҚазАгро» ұлттық холдингімен еншілес «ҚазАгрофинанс» АҚ-ның конкурстық таңдауынан өтіп, біздің мекеме мемлекет тарапынан қаржыландырыла бастады. Осылайша Қазақстандағы, тіпті Орта Азиядағы ең үлкен, күркетауық етін қазіргі еуропалық үлгіде халықаралық стандарттарға сай, түрлі ассортиментте өндіретін кешен пайда болды».
Әлемдегі алдыңғы қатардағы израильдік технология негізінде бой көтерген кешенге жетекші халықаралық кәсіпорындардан алынған құрал-жабдықтар пайдаланылған. Жоба технология жағынан барлық халықаралық стандарттарға, ветеринарлық және биоқауіпсіздік талаптарға толықтай сәйкестендірілген. Жобаның ішіне инкубация, құсты өсіру, құрама жем, бордақылау және етті тереңдетіп қайта өңдеу бөлімдері кіреді. Сонымен қатар, өндірілген өнімдердің толық циклда қалдықсыз өндірілуін жобаның басты ерекшелігі деп айтуға болады.
Күркетауық етінің басты ерекшелігі – дәмділігі жоғары, адам ағзасына пайдасы өте күшті, майлылығы төмен. Сондықтан да болашақта шұжықтың ішіне қосылатын шошқаның етін бірден-бір алмастырушы осы күркетауық еті болып табылады.
Оны өсіру технологиясына келер болсақ, балапанды инкубаторда небәрі 28 күн ұстайды, содан кейін 4-5 сағаттың көлемінде балапан өсіру аймағына көшіріледі. Ол жақта 42 күндей болатын құс балапандары келесі кезекте бордақылау аймағына жіберіледі. Ең соңғы этапта, яғни сою аймағында дайын өнімдер әзірленеді. Тиісінше, нағыз халал өнім дастарханның үстінен орын алуға аттанады. Ислам дінін берік ұстанатын елімізде осындай нағыз халал өнімдер дүкен сөресінен осылайша табылуда.
Қазақта «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар, яғни әр кәсіпті өз маманы атқаруы керек. Осыны негізге алған серіктестік басшысы мал дәрігерлері мен құс мамандарын бұл саладағы тәжірибелері мол шетелдерге арнайы жіберіп, түйетауық өсіру және оны күту технологиясын үйреніп қайтыпты. Ал кешендегі жабдықтар Бельгия, Словения, Израиль, Ресей мен Қытайдан әкелінген екен.
Оңтүстік Қазақстан облысы