ЖЕР АСТЫНДА ЗУЛАҒАН...

ЖЕР АСТЫНДА ЗУЛАҒАН...

ЖЕР  АСТЫНДА  ЗУЛАҒАН...
ашық дереккөзі
202

Метрополитен 1 жылда

6 миллион жолаушы тасымалдады

Республикамызда тұңғыш метро желісі іске қосылып, оның ашылу салтанатына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын. Елбасы өз сөзінде: «Бұл – біздің республикамыз – Қазақстанда тұңғыш жіберіліп отырған метрополитен. Дүниежүзінде 200–ден артық мемлекет бар. Соның қырқында ғана метро бар. Біз сол қырықтың санына кірдік. Бастысы – республикада жаңа транспорт мәдениеті қалыптасады», – деген-ді.

Метроның құрылысын бас­тау мәселесі Алматыға Брежнев келген 1980 жылы шешіліп, 1988 жылы басталған жұмыс тоқтап қалған болатын. Міне, сол аралықта 23 жыл өтсе де соңғы 4–5 жылда ғана жұмыстың үлкен бөлігі жасалды. Қиындыққа, дағдарысқа қарамастан, жұмыс та, қаржыландыру да тоқтаған жоқ. Өйткені тәулігіне 300 мың, ал жылына 110 миллион адамды тасымалдайтын метро – Алматы мен Қазақстанның қандай екенін әлемге танытатын бірегей мысал. Алматы метросы – экологиялық тұрғыдан таза, оның бекеттері – көркем өнер туындылары. Жер сілкінісі және өзге де апаттарға төтеп бере алатын қауіпсіз. Ол 300 автобус маршрутын қысқартады. «Біз Мәскеудің, басқа елдердің метросын көріп, таңғалып жүрсек, басқалар енді бізге кеп таңғалатын болсын. Бұл – біздің елімізге тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы үлкен сыйлығымыз!» деп ашылу салтанатында айтқан болатын Нұрсұлтан Әбішұлы. Жолаушы тасымалдауға кірісіп кеткен метрополитенге бүгінде – 1 жыл толды. Осы жыл ішінде қандай өзгерістер болды, жолаушы тасымалы қандай деңгейде және қала қозғалысына қалай әсер етті? Осыған орай, «Метрополитен» МКК басшысы Қыдыралы Бегасильевпен сұхбаттасқан едік.

– Қыдыралы Базаралыұлы, метро желісі іске қосылып, өз жұмысын бастағалы бері қанша жолаушы тасымалдап үлгерді?

– Біздің мәліметтеріміз бойынша, 2011 жылдың 1 желтоқсанынан бастап осы жылдың 1 қарашасына дейін, яғни 11 ай ішіндегі Алматы метрополитенінің жолаушыларды тасымалдау көрсеткіші 5 млн. 537 мың 86 адамды құрады. Жұмыс күндері метрополитенге орташа есеппен 19–21 мың жолаушылар келеді, ал демалыс күндері бұл сан көрсеткіші екі есеге кемиді және тәулігіне жолаушылар санының көрсеткіші 9–12 мың адамға тең. Жалпы алғанда Алматы метрополитені шамамен 25 пайызға жұмыс істеуде.

– Метрополитен жүйесі іске қосылғаннан бастап қанша жетондар мен смарт карталар сатылымға түсіп үлгерді?

– Алматылықтар және қала қонақтары көбінесе жетондармен жол ақысын төлегенді жөн көреді, ал смарт–карталармен төлеу әзірше халық арасында сұранысқа ие бола қойған жоқ.

Жекелей алғанда 2011 жылдың 1 желтоқсанынан бастап, 4 млн. 502 мың 414 жетон сатылса, оның ішінде балалар жетоны – 241 мың 257 тал сатылды. Смарт–карталарды сатып алған жолаушылардың саны – 29 мың 564 адамды құрайды.

– Жоспарларыңызда метро­политеннің жұмыс жасау кестесіне және жол жүру ақысының бағасына өзгерістер ене ме?

– Метроның жұмыс кестесі қала әкімдігімен келісе отырып жасалынады және қазіргі уақытта жолаушылардың талабы басты назарда. Вагонның қозғалыс қауіпсіздігін, түнгі жұмыстар мен қызметтер көрсету, жөндеу және басқа да іс-шараларды ескере келе жасалынған. Оған қоса қазіргі жолаушылардың ағымына қарай, қозғалыстың жиілігін арттырудың маңызы жоқ. Қарбалас уақыт кезінде (7:00–9:00 және 17:00–19:00) адам санының көбеюіне байланысты ара қашықтық 10 минутқа қысқарады. Ал қалған уақыттарда құрамдар бекетке әрбір 13 минут 20 секунд сайын келіп тұрады. Ал жол жүру ақысы жайында айтатын болсақ, жол ақысын қымбаттату жоспарда жоқ. Керісінше, автобустар мен метроға ортақ төлем картасын жасауды қарастырып жатырмыз. Жерүсті және жерасты көліктерінің бағасы бірдей екені баршаға мәлім, ендеше ортақ төлем жүйесін енгізу халыққа қолайлы болар еді.

– Метрополитенде жұмыс істейтін қызметкерлер арасында лаңкестік іс-әрекеттерін болдырмау туралы іс-шаралар өткізіліп тұра ма?

– Метрополитенде бұл мәселе бойынша Ішкі істер басқармасы және Алматы қаласы Төтенше Жағдай департаментімен тіисті шаралар қарастырылған. Әрдайым оқу-жаттығулар мен нұсқаулар жүргізіліп отырады. Сонымен қатар метрополитеннің жалпы қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында бақылау және басқару жүйесі енгізілген. Күзет дабылдамасы бөгде адамдардың рұқ­сатсыз кіргенін қызметкерлерге жеткізіп отырады. Сондай-ақ онлайндық режимде жұмыс істейтін бейне бақылау параллельді түрде болып жатқан іс-әрекеттерді дискке жазып отырады. Барлық бекеттерде 27-30 бейне бақылау камералары орнатылған, түсіріліп жатқан бейнекөріністерді бекеттегі кезекшілер мен полиция қызметкерлері монитордан бақылай алады.

– Жерасты метрополитенінде отырғыштар мен дүнгіршектерді орнату жоспарларыңызда бар ма? Метрода телефон байланыстарының сигналдарын қабылдау туралы не айта аласыз?

–Қазіргі таңда әр бекеттің архи­тектуралық-көркемділігіне сай отыр­ғыштардың дизайндік түрі жасалуда. Сауда орындары мен дүңгіршектер келесі жылдан бастап жаяу жүргіншілер өтетін жерден ашыла бастайды. Телефон байланыстары метрода болмайды, келісілген шарттарға байланысты жолаушылардың қауіпсіздігі үшін рұқсат берілмейді.

– Жолаушылар метро мүлкіне қаншалықты мұқият қарайды? Жалпы алматылықтардың жер асты көлігімен жүріп-тұру мәдениетін қалай бағалайсыз?

– Өзіңіз білетіндей, Қазақстан Республикасының Президенті біздің еліміздің тарихындағы тұң­ғыш метрополитен ашылуында алматылықтар мен қала қонақтарын метрополитенді ұқыптылықпен сақтауларын сұраған, сондықтан жолаушылар арасында бұзақылық жасап жатқандар тіркелген жоқ. Жылдық қорытынды бойынша орындықтардың қаптауларын бүлдіру, вагондардағы ішкі жұмыстардың бүлінуі байқалмаған. Дегенмен де жолаушылар көбіне экскалаторды пайдалану ережесін бұзып жатады, көрсетілген платформадағы линияны басып кетеді. Сондықтан жолаушылардың баспалдақтан түсуін кезекшілер бақылап отырады.

– Алдағы келе жатқан 2013 жылға қандай іс-шаралар мен жос­пар-жобаларыңыз бар?

– Қазіргі уақытта екі бекетте құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Біреуі батыс бағытта, көбінде жұмыстар Қалқаман бағытында жалғасуда. 2013 жылдың соңына қарай метрополитеннің екінші бағытын қосу жоспарға енгізілген. «Сайран» бекеті – Абай даңғылы мен Брусиловскии көшесінің қиылысында, ал «Мәскеу» бекеті – Абай даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында орналасады. «Сайран» бекетін безендірудің арнайы жобасы жасалған. «Мәскеу» бекетін әрлеуі мәскеулік метрополитенге ұсынылды, бірақ ол жақтан әзірге жоба түспеді. Бір айтарым «Алма-Атинская» бекетінің безендірілуі қандай нақышта болатынын Мәскуде біз шешетін боламыз.

– Қыдыралы Базаралыұлы, метрополитеннің құрылысы екі кезеңнен тұруына байланыс­ты, қосымша поездар сатып алу жоспарларыңызда бар ма?

– Ия, ондай нұсқаулықтар жоспарымызда бар. Көбіне ол жолаушылар тасымалдау легіне, желінің аралығы мен бекеттердің санына, тағы да басқа факторларға байланысты. Қорыта айтқанда, осы есептеулерге сүйене келе қажетті вагондардың құрамы анықталады.

Метрополитеннің 1 жылдығына ұйымдастырылған «Метро балалар көзімен» қалалық байқауының жеңімпаздарын марапаттауға қала әкімі Ахметжан Есімов келді. «Осыдан дәл 1 жыл бұрын 1 желтоқсанда көп жыл салынған метро құрылысы аяқталып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп ашқаны баршаңызға мәлім. Бірінші күннен бастап тұрақты түрде қала тұрғындары мен қонақтарының шаһар ішінде жүруіне қызмет көрсетіп жатыр. Қазірдің өзінде оның қызметін 6 миллион жолаушы пайдаланды», – деді А.Есімов.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары