ЕБЕЛЕК, ҚУАТ БЕРШІ СЕБЕЛЕП

ЕБЕЛЕК, ҚУАТ БЕРШІ СЕБЕЛЕП

ЕБЕЛЕК, ҚУАТ БЕРШІ СЕБЕЛЕП
ашық дереккөзі
576

ҚОРДАЙДАҒЫ

ҚАРЛЫҒАШ

Қордай асуының үсті көзге ыстық. Тек Кенен атамыз ән салғандығынан емес. Құпия заманда кеңестік атом қаруының қажетіне жараған уран шыққандығынан емес. Өміріміздің сол Кеңес армиясына арналған небәрі үш айы осы тау үстінде өткендігінен емес. Байтақ елімізде сан жылдар бойы сөз болған жобаның тұңғыш рет Қордай қырқасында жүзеге асқаны үшін.

Қасымызда сол үш айды бірге өткізген курстасымыз Мейрамбек Төлепберген бар. Қордай асуына шыққанымызда ойға бірден Кенен ата оралған:

Алатау, сағындым ғой самал желін,

Қордайдың көкседім ғой жамал лебін –, дейтін еді ақын ата туған даланың бармақтай жыршы құсына арнаған өлеңінде. Тау үстіне көтерілгенімізде алдымыздан жастық шақтың естелігі емес, жаңа заманның көрінісі жарқ етті. Әскери қалашық қиратылыпты да, одан берірек тұсқа ебелектері айналған жел электр стансасы орнапты. Біріншісінің қирауы – милитарлық империяның келмеске кеткенін білдіреді. Екіншісінің салынуы – Қазақстанның әлемдік үрдіске айнала бастаған «жасыл экономикаға» жасаған алғашқы қадамын аңғартады. Бір-біріне жалғас әрекеттер онсыз да көзімізге ыстық Қордай тауының үстінде іске асыпты.

Не керек, адамзат жаратылғалы жылу мен жарық іздеп келеді. Суықта бойын жылыту үшін от жағуды үйренді. Отқа тамақ пісіруді үйренді. Қаншама заман өткен соң сол жанған отты қуатқа айналдырып, жылуы мен жарығын басқа жаққа жеткізетін өнерді меңгерді. Осылайша тұтас сала: энергетика және оны тасымалдау деген қосалқы сала пайда болды. Оның тарихын тізбелеп, кімнің басын қатырғандаймыз. Бәрібір бастапқы қуаттың қайнар көзі от болып қала берді.

Әлбетте, алғашқы отын – ағаштың қуаты аз еді. Қазақ жағатын қидың қуаты да бір қазанды қайнатып, бір киіз үйді жылытудан аспайды. Ал көмірдің қуатын басқа жаққа жеткізуге болады. Алғашқы электр стансалары көмірмен жұмыс істеді. Одан соң келесі қуат көздері: мұнай мен газ игерілді. Енді қазандықтар көмірге қоса мазут пен газ жағуға көшті.

Астында жамбасының жермай жатып,

Қи жағып өмір бойы өтіп еді, – деген Қадыр Мырза Әли ертеректе ата-бабамыз жайындағы айтулы жырында . Иә, ежелгі қазақтар мұнайды «жермай» деген. Күнделікті ұғым, қарапайым қисын бойынша.

Ақыры, адамзаттың қолында атом қуаты пайда болды. Тек, осының бәрі айналайын Жер ананы бүлдіру, ластау жолымен алынатынын еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін біледі. Оған Қордайдың су толтырылған уран үңгірлерінде сақталған радиация да дәлел.

Қордайдағы әскери қосыннан соң өміріміздің екі жылы Қарағанды қаласында өтті. Журналистік жолдарымыз сан мәрте Екібастұз, Маңғыстауға бағытталды. Сөйтіп, энергетика алудың машақаты мен экологиялық зардаптарын бір кісідей байқағанбыз. Екібастұз аймақтық жылу-электр орталықтарын, жылдам нейтронды Маңғыстау атом-электр кешенін де көрдік. Көмір шығатын Қарағанды даласының үсті астына түсіп айғыздалғанына, мұнай алынған Мақат алқабының тышқан жорғалап, құс қона алмай қор болғанына жанымыз ауырған.

Бірақ мына заманда ешкім қуатты қолданбай тұра алмайды. Басқасын айтпағанда жейтін тамақ, ішетін сусын, киетін киім, жүретін көлік, жағатын шамың түгелімен қуат көзіне тәуелді. Істейтін жұмысың мен алатын ақпаратыңды айтпағанда. Бұл мұнай мен көмірдің арқасында жауды да жеңіп шыққанбыз. Атақты «Мұнайшылар, мұнай бер» деген жыр жолы сол заманның белгісі.

Берідегі атом қуаты да тұтас түбекке жарықпен, жылумен қатар теңіздің ащы суын тұшытып берді. Бірақ оның зобалаңы жер астынан көмір мен мұнай алғаннан мың есе ауыр болатынын бір ғана апат – Чернобыль атом-электр стансасындағы жарылыс айғақтап кетті. Маңғыстаудағы атом-электр кешені халықтың талап етуімен тоқсаныншы жылдар ортасынан тоқтады, білем.

Ал көмір қарқынды қазылып, мұнай тоқтаусыз алынуда. Жер астының қазынасы мәңгілік емес. Бір күні таусылады. Сондықтан, таусылмас қуат көздеріне ертерек көше берген ләзім. Қордайдағы қос ебелекті жел электр стансасын іске қосу арқылы Қазақстан энергетикасының тарихында жаңа парақ ашылды.

Ебелек – бала кездегі ойыншығымыз еді. Қағаздан жасап, таяқтың ұшына шаншып аламыз. Сосын жүгіргенде шыр айналып, өзімізді ұшып жүргендей сезінетінбіз. Бәрі – физиканың заңдылығы. Жүгіргенде алдыңнан ауаның ағысы пайда болады, ол жеңіл қағаз ебелекті айналдырады. Егер таяқтың ішіне өзек орнатып, ол шаншылған қағазбен бірге айналатын болса, одан айналыс шағын генераторға берілсе, бала кезде қолымызда бір-бір жел электр стансасы жүрер еді. Өкініштісі, біздің ойынымыз қағаз ебелек деңгейінен аса алмады. Соның өзінде желдің айналыс берер қуат көзі екенін сездіретін.

Желдың және бір пайдасын бала кезден білеміз. Анамыз бидай қуырып берер алдында, оны ағаш келіге түйгізетін. Сосын түптелген бидайды табаққа салып жерге төселген қанар үстіне себезгілейтін. Сонда бидайдың қауызы желге ұшып, таза дәні қанар үстіне шашылатын. Мұны қазақ «қызылдау» дейді.

Басқа уақытта желден пайда жоқ еді. Зиян шаш-етектен. Жел далада жұмыс істетпейді. Балалардан басқасы үйде омалып отырғандары. «Боранды күні ит пен бала құтырады» деген сөз содан қалған. Қысқы боран, жазғы дауыл тіпті, айтарлықтай апаттарға ұрындырып жатады. Шатырды ұшырып, ағашты құлатып, терезені сындырып дегендей сан түрлі шығын әкелетін.

Енді міне, сол желден елеулі пайда түседі. Оның қуатын пайдалана отырып, әлгі шатырға жабын, терезеге әйнек жасап орнатуға болады. Жас ағашты суаратын суды да осы қуат арқылы Қордайдың етегінен басына қайта шығара аласың.

Қазақстан энергетикасындағы жаңа­лық болып табылатын Қордай жел электр стансасының бірінші кезегі 2011 жылы желтоқсан айында іске қосылды. Мәліметтерге жүгінсек, бастапқыдағы беріп отырған қуаты 1520 киловатт көрінеді. Сонда әрбір ебелек даланың желін 760 киловаттық қуатқа айналдырып тұр. Бірақ болашақта тағы бірнеше ебелек тұрғызылған соң 10 мегаватт шамасына жетеді. Әрбір қалағы 23 метрден асатын ебелек 50 метрлік биік бетон сырыққа бекітілген. Сырықтың салмағының өзі 600 тоннадан асады екен.

Бұған дейін Ебі тынбай соғатын Жоңғар қақпасына немесе Арыстанды-Қарабас айналып соғатын Қаратау өңіріне жел-электр стансасын салу сөз болған. Бірақ «су аяғы құрдымның» кері келетін. Өйткені мұндай станса тұрғызу қымбатқа түседі. Сондықтан, ешкімнің шығын шығарғысы келмейді. Не республикалық, не жергілікті бюджет, тіпті жеке инвестор «аш пәледен – қаш пәле» дегендей, мұндай жобаға жоламайтын.

Қордай асуындағы алғашқы жел электр стансасының салынуының бірнеше объективті және субъективті себептері бар. Қордай тауы – қысы-жазы жел аңырап тұратын өңір. Оны сонау Қызылорда мен мынау Алматы арасындағы жолаушылардың бәрі біледі. Екіншіден, іргедегі Алматы да, қайта дамып жатқан Жамбыл облысы да электр энергиясына зәру.

Субъективті себептерге келсек, Қазақстан энергетикасының білгір маманы Қанат Бозымбаев мемлекеттік KEGOC акционерлік қоғамының президенті қызметінен Жамбыл облысының әкімі қызметіне барды. KEGOC-ты басқарған тұстағы арманы болған жел электр стансасын салғызу тетігі енді қолына тиді. «Құланның қасуына – мылтықтың басуы» демекші, үкіметтің жаңа жобаларды қолдауы, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Қорының «Қазақстан: жел энергетикасы нарығын дамыту бастамасы» бағдарламасының қабылдануы – Қордайдағы жаңа бастаманың іргетасына айналды.

Облыс әкімдігінің сенім артуымен отандық «Изен-Су» компаниясы 370 миллион теңге инвестиция бөліп, мына қос ебелекті станса салынды. Құрылыс кезінде 40 адам жұмыс істепті, енді станса жұмысын 9 адам қарайды.

Жамбылдың іскер әкімі үшін Қордай бірінші баспалдақ сияқты. Болашақта Қаратау қойнауы мен Шоқпар асуында және екі жел электр стансалары салынбақшы. Жаңатас жел электр стансасының қуаты 400 мегаваттқа, Шоқпар жел электр стансасының қуаты 200 мегаватқа тең болмақ. Бұл туралы ниет еткен хаттамаға қол қойылды. Оған Жамбыл облысының әкімдігі, KEGOC акционерлік қоғамы, «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС және инвестор «Central Asia Green Power» компаниясы қосылған. Инвестордың мұндай стансаларды Еуропа мен АҚШ-та іске қосқан тәжірибесі баршылық.

Жобаның құны 1 миллиард доллар көрінеді. Жамбыл облысының «жасыл экономикаға» қаншалық құлаш сілтеп отырғанын осыдан аңғарыңыз. Айтпақшы, алдағы уақытта Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің басты тақырыбы да «жасыл экономика» төңірегінде болмақ. Оған дейін мына екі станса Қордайдың қатарына қосылып, қуат беріп тұрады. Бәлкім, шағын үлгілерін шетелдік меймандар сол көрмедегі Қазақстан павильонынан тамашалайтын да шығар.

Тағы бір жаңалық, болашақта Қазақ­стан шағын жел электр стансаларын өзі шығармақшы. «Samruk-Green Energy» компаниясы германиялық әріптестермен осындай келісім жасаған. Ол генераторлардың қуаты 300 ватт пен 7 киловатт арасын қамтиды. Сонда таудағы малшы мен даладағы егінші соққан желге қынжылмай, қайта қуанатын болмақ. Тіпті, бұл желдің күші селеу басын қозғайтындай, яғни секундына 2 метрге ғана жетсе да, отандық жел электр стансалары оның қуатын алып қалуға қабілетті болмақ.

ДАНИЯДАҒЫ ДАУЫЛПАЗ

Швеция мен Дания арасындағы жол көзге таңсық көрінген. Екі елді бөліп жатқан бұғаздың жағалауына дейін барып, су астына кіріп кететіндігінен емес. Осы заманғы инженерлік жетістіктердің айғағындай тоннельдің мұнтаздай тазалығынан емес. Су астына кіріп кетер тұста айдын үстінде сансыз ебелектер айналып тұрғаны үшін.

Теңіз бетіндегі жел электр стансаларына әдетте, офшорлық деген анықтауыш қосып айтады. Ондай стансалардың бірнеше тиімділігі бар. Біріншіден, қара жерге үнем. Әсіресе, Атлант, Солтүстік мұзды мұхиттарының жағалауындағы тоқымдай жерге тығылысып тұрған Батыс Еуропа, Скандинав түбегіндегі мемлекеттер жер қадірін жете түсінеді. Екіншіден, алып ебелектер айналғанда айтарлықтай гуіл шығады. Теңіз үстіндегі гуілдің елді мекендерден аулақ екені түсінікті. Үшіншіден, теңіз үстінде ертелі-кеш әрлі-берлі тынбай жел соғады. Соны неге пайдаланбасқа. ХХІ ғасыр басталған тұста әлем бойынша офшорлық жел стансалары 530 мегаватт электр қуатын өндірсе, соның 492 мегаваты Данияға тиесілі.

Бірақ қазақ «алмақтың да салмағы бар» демей ме. Біз қара жерге жел электр стансасын тұрғызуды қымбат деп жүргенде, теңіз бетіне ондай станса салудың шығыны еселеп өседі. Сөйте тұра, алақандай Дания соншалық шығынға түсе отырып, жел екпінін электр қуатына айналдыра білген. Бастапқы бір жолға кететін шығын біртіндеп үздіксіз келе беретін пайдамен жабылуда.

Еуропа халықтары жел екпінін ежелден бидай тартатын диірменге пайдаланған. Он алтыншы ғасыр ортасында дүниеге келген испан жазушысы Мигель Сервантестің классикалық «Дон Кихот» романының осы аттас бас кейіпкері жел диірмендер тобын көз алдына жасақты жау әскері деп елестетпейтін бе еді. Олармен жөн-жосықсыз айқасқа кірісіп, жеңіліс таппайтын ба еді. Демек, сол заманда Еуропа қаз-қатар жел диірменге толып тұрған. Айтпақшы, осы серінің әрекетінен соң әлемге «жел диірменмен айқасу» деген қанатты сөз тарады. Ойдан шығарылған кедергілермен күресушілерді солай келекелейді.

Он тоғызыншы ғасыр соңында электр энергиясы жаңалық ретінде ашылған соң «жел диірменнің бидай үгітетін тасының орнына неге генератор қоймасқа» деген идея пайда болады. Сөйтіп, 1890 жылдардан Данияда алғашқы ізденіс басталған. 1895 жылы бұл елде бірінші жел электр стансасы қуат бере бастайды. Арада он жыл өткенде аядай мемлекетте 120 жел электр стансасының ебелектері тынымсыз айналады. Әрқайсысы шамасына қарай 5 киловатттан 25 киловатқа дейін электр қуатын өндіреді. Сол тұстағы ең ірі төрт қалақты ебелектің аумағы 23 метр болған. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында желден алынатын электр қуаты 2,5 мегаватқа жеткізілген.

Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдары Израиль мен Араб елдері арасында соғыс басталды. 1973 жылы Араб елдерінің одағы осы соғыста Израильді жақтаған Батыс елдеріне мұнай сатуға эмбарго жариялады. АҚШ, Жапония және көптеген Батыс Еуропа мемлекеттері мұнайсыз қалды. Жанармай бағасы аспанға шарықтап, әлемде бұрын-соңды болмаған дағдарыс басталды. Әр ел өзінше жол іздеді. АҚШ автокөлік жылдамдығын сағатына 55 мильден асырмайтын заң қабылдағаны есте.

Осы қымбатшылық қалпына келетін қуат көздерін пайдалануға мұрындық болды. Соған дейін жанармайдың 99 пайызын сырттан алып келген Дания жел екпінімен жұмыс істейтін өнеркәсіптік турбиналар жасауға кірісті. Ебелек пен турбинаның айырмасын сезіну үшін Кеңес Одағы кезінде қазақтың барлық қаласының арасына қатынаған «АН-24» және «ТУ-154» ұшақтарын көз алдыңызға елестетсеңіз жетеді. Бірінде ебелек, екіншісінде турбина қозғағыш қойылған.

Хош, Дания 1976 жылы бірінші жел электр турбинасын іске қосты. 2007 жылға дейін мемлекет аумағында 5267 жел электр турбинасы жұмыс істеп, 3136 мегаватт электр қуатын өндірді. Сөйтіп, ішкі үйлесіммен еңбек ететін ел бір жағынан табиғаттың қалпына келмейтін қуаттарынан бас тартса, екінші жағынан өз ауасын бүлдірмей сақтауға қол жеткізді. Астанасы Копенгагенде Премьер-министрден бастап бүкіл тұрғыны велосипед тебетінін бұған дейінгі бір мақаламызда жазып кеткенбіз. Табиғатпен үйлесімнің не екенін ауасы тап-таза, топырағы пластик қалдықсыз, ағашы шабылмаған, аңдары үрікпейтін, суы тұп-тұнық, құстары қиқулап жатқан осы мемлекеттен көрдік.

Ел үкіметі өткен ғасырдың сексенінші жылдары ауаға тарайтын көмірқышқыл газын азайту бағдарламасын қабылдап, шығарылатын түтінді жаппай кемітті. 1988 жыл мен 2008 жыл арасында көмірқышқыл газын шығару 25 пайызға төмендетілді. Біздегі Қарағанды мен Теміртаудың, Павлодар мен Екібастұздың, Өскемен мен Риддердің алып адамның темекі тартқандай бұрқылы еске түскенде Данияда жүріп өз-өзімізден ұялғанбыз. Айтпақшы, Кеңес Одағын әбігерге түсірген Чернобыль атом-электр стансасындағы жарылыстан соң Дания үкіметі АЭС құрылысына тыйым салыпты.

Бұл салада үлкен жетістікке жеткен мемлекет енді желден электр энергиясын алу технологиясын сатуға кірісті. Бір кезде жел қуатын пайдалану жолында үлкен шығын шығарса, енді одан пайда түсіреді. Осы саладағы нақты жылдық табыс 3 миллиард евроға жеткен. Осы орайда Дания парламентінің депутаты Свенд Аукеннің «Біз өмір салтымыздан бас тартпаймыз. Тек қазіргі қалпымыздағыдан гөрі ақылдырақ бола түсуіміз керек» деген сөзі елдегі әрбір азаматтың көкейіндегіні тап басады.

Жел электр стансалары технологиясын жасау мен дамыту саласында 20 мың жұмыс орны ашылған. Бүкіл халқы 5,5 миллион адамнан аспайтын мемлекет үшін бұл да елеулі көрсеткіш. Келесі көрсеткішті айтсақ тіпті, ғажап. Дат үкіметі жел екпінін былай қойып, енді Күн, теңіз суының толқуы және биоотын технологиясын жасауға 1 миллиард доллар бөлген. 2025 жылы тұтынылатын қуаттың 75 пайызы желден, қалғаны Күн, теңіз суы мен өсімдіктерден алынбақ. Сөйтіп, бұл ел мұнай мен газ, көмір мен торф жаққанды мүлде ұмытады. Мемлекеттің Премьер-министрі Андерс Фог Расмуссеннің «Біз болашақта Данияны мұнай, газ және көмірден тәуелсіз етеміз әрі таза энергетика саласындағы әлемдік жетекші орнымызды нығайта түсеміз» дегені – көпірме қызыл сөз емес, нақты, негізді байлам.

Аумағы біздің бір облыстан аспайтын мемлекет жел электр стансаларының бүкіл қуаты жағынан әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді. Сол стансалардың төрттен үші кооперативтерге біріккен жеке инвесторлардың меншігі. ХХІ ғасыр басталар тұста-ақ жел электр стансаларын салған және оны иеленіп отырған екі мыңнан астам кооператив тіркелген. Әлгі бес жарым миллион тұрғынның 100 мыңы осы салаға өз қаржыларын салған. Ұрпағының табиғаты таза, тұрмысы көркем елде тұруы үшін.

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚЫРАН

Қытай Халық Республикасының солтүсті­гіндегі Ляонин провинциясы амалсыз бас шайқатқан. Зауыттары BMW мен GM, Mitsubishi мен Nissan маркалы автокөлік­тер шығарып жатқандығынан емес. Осы провинциясының астанасы Шэньян қаласында әлемнің 45 ірі корпорациясының, оның ішінде BASF-тың өкілдігі ашылғанынан емес. Бұдан бірнеше жыл бұрын Қытайдағы ең лас провинция аталатын Ляониннің қазір ең таза аймақтың біріне айналғанынан шығар.

Ондай жетістікке түрлі технологиямен қатар жел электр стансаларын салудың үлесі болған. Қазір бір аймақта ғана емес, алып елде желден қуат алу – жедел дамып жатқан сала. ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығын қорытындылағанда әлемдегі желден алынған қуаттың 16 пайызын Қытай өндіріпті.

Арғы тарихты қопармай, беріге көз салсақ, жаңа ғасырдан бастап бұл ел «жасыл экономикаға» бет бұра бастады. Ғасырлар тоғысындағы таласта Қытайдың астанасы Бейжің қаласы Олимпиада өткізу болу құқығын Австралияның бас қаласы Сиднейге беріп қойған. Жеңілістің сыры Қытайдағы, оның ішінде астанасындағы экологияның нашарлығында, тыныс алар ауаның құрамы нашарлығында жатқан. Халықаралық Олимпиадалық комитеттің және басқа түрлі Халықаралық экологиялық ұйымдардың шыбыртқысы Қытай үкіметінің жанына қатты батты. Бүкіл ел түтін мен тозаңға қарсы күресті бастады. 2005 жылы ақпан айында «Қалпына келетін энергетика» туралы заң қабылданды. Үш жылдан соң 2008 жылы Бейжің Олимпиадасы таза ауалы қалада өтті.

Таза ауа жолындағы күресте туған «Қалпына келетін энергетика» туралы заң Қытайдағы жел электр стансаларының алдынан ақ жол ашты. 2007 жылдың өзінде оған 16 миллиард юань, яғни 2 миллиард доллар қаржы бөлінді. Дереу осы салада жұмыс істейтін инженер-мамандар даярлау қолға алынды. Заң қабылданған жылы желден алынатын қуат бүкіл елде өндірілген энергияның 0,17 пайызын құраса, 2008 жылы бұл көрсеткіш 1,3 пайызға көтерілді.

Сол 2005 жылдан кейін басталған он бірінші бесжылдықты жел электр стансаларының дәуірі деуге болады. 2006-2010 жылдар арасында қуаттары 100 және одан көп мегаваттық 30 ірі станса салу жоспарланса, ол асыра орындалды. Ұлттық даму жоспары бойынша Қытай 2020 жылы желден өндірілетін қуат көлемін 30 мың мегаватқа (немесе 30 гигаватт) жеткізуі тиіс еді. Елдің қарқынды дамығаны соншалықты, әлгі межеге он жыл бұрын жетіп келді. Испания, Германия бұл жағынан артта қалды. Бірер жылдан соң 40 000 мегаватт өндіріп, жел генераторларының қуаты жағынан АҚШ-ты басып озып, әлемде бірінші орынға шықты. Ең соңғы деректерге жүгінсек, 2011 жылы жалпы қуаты 18 гигаватт болатын жел қондырғылары орнатылды. Бүкіләлемдік жел энергетикасы қауымдастығының баяндамасына қарағанда, сол 2011 жылы іске қосылған жел электр стансалары қуатының 43 пайызы Қытайдың қанжығасында. Сонымен 2012 жыл басталғанда бүкіл ел бойынша жел электр стансалары 63 гигаватт электр энергиясын өндірген. АҚШ бірнеше жыл бұрынғы деңгейінде қалып қойды.

Бұған дейін АҚШ пен Қытай арасында жеке стансаның қуаты жөнінен жарыста Күншығыс елі кенжелеп келген. Тіпті, ебелектің жеке қалақтары, жалпы аумағы бәсекелес елден қалыңқы еді. Ақыры, Қытай бұл жағынан да алға түсті. «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, елде 2009 жылы 8 тамызда құрылысы басталған алып жел электр стансасы бір жылдан соң іске қосылған. Оның бастапқы қуаты 10 гигаватт болса, кейін 40 гигаватқа жеткізіледі. Салыстырып көрсеңіз: жер бетіндегі ірі су электр стансаларының бірі Саян-Шушеннің беретін қуаты 6,7 гигаватт. Жобаға қытай үкіметі 17,6 миллиард доллар қаржы бөлген. Осыдан кейін ешкім де Қытайды кекетіп-мұқата алмас.

Айтпақшы, бұл жел электр стансаның атауы да ерекше. Жалпы, Қытай мемлекеті ат қойғанға өте шебер. Олардың алғашқы ұшырған зымыранға, суға түсірген алғашқы ұшақ алып жүретін әскери кемеге қойған аттарының символдық мәні ерекше. Мынаны «Әуедегі үш шатқал» атапты. Өйткені, бұл мемлекеттің Янцзы өзеніне «Үш шатқал» аталатын әлемдегі ең үлкен су электр стансасын салғаны күні кеше. Соның әуедегі нұсқасы дегенді білдіреді мына жаңа атау.

Әлбетте, мұндай стансаны кез-келген аймаққа орнату мүмкін емес. Міндетті түрде жел соғып тұратын жер керек. Жаратушы бұл жағынан аждаһа елін кенде етпеген. Қытай климатты ғылыми-зерттеу институтының деректері бойынша, барлық жел қуатының 40 пайызын Ішкі Моңғолия өлкесі бере алады. Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы екінші орында. Онда әрбір шаршы шақырымнан жылына 1 миллиард киловатт-сағат электр энериясын өндіруге болады екен. Үшінші орында біз болған Ляонин, одан кейін Хэбэй, Шаньдун провинциялары.

Бір ерекшелігі, Қытай өлшемі бойынша Ішкі Моңғолия мен Тұрпан ойпаты халық аз тұратын аймақтар санатында. Өндірілген қуатты сол жерде тұтынатын ірі қалалар мен алып өндірістер аз. Бірақ, үкімет алдымен қуат алатын стансалар салынса, сосын қала тұрғызу мен басқа өндіріс ашудың қиындығы жоқ деп санайды.

Ал, Ляонин провинциясында шойын қорытып, болат балқытатын, көмір қазатын кәсіпорын жеткілікті. Шетелдің автозауыттары салынғанын жоғарыда айттық. Оның сыртында дәрі-дәрмек, құрылыс, авиация, химия, электроника өндірісі жеткілікті. Оның кейбірін бізге көрсеткен. Демек, бұл аймақтың жел қуаты қазірдің өзінде өндіріс үшін пайдаланылып жатыр. Бұл провинцияның астанасы Шэньян небәрі жиырма жыл бұрын әлемдегі ең лас он қаланың бірі атаныпты. Кейін өндіріс орындарының түтіні мен тозаңын тұтып қалуға, көмір мен мазут жағатын электр стансаларын жаңартуға және жел электр стансаларын салуға 4 миллиард юань бөліп, қоршаған ортаның ахуалын айтарлықтай жақсартқан.

Тұтас ел бойынша экологияға келсек, 2010 жылы жел энергиясы 30 миллион тонна көмірді үнемдеуге мүмкіндік берді деп хабарлаған Қытайдың Ұлттық энергетика әкімшілігі. Осы ықпалды мекеменің Цзилинь провинциясының орталығы Чаньчунь қаласында өткізген мәжілісіне қатысқан «Жэньминь жибао» газеті тілшісінің хабарлауына қарағанда, 1 киловатт-сағат қуат өндіруге 350 грамм шартты отын жұмсалса, енді жел арқылы 63 гигаватт қуат өндірген Қытай елі ауаға көмірқышқыл газын таратуды 55 миллион 620 мың тоннаға, күкірттің қышқылы қоспасын таратуды 280 мың тоннаға азайтқан. 2020 жылы жел генераторлары арқылы алынатын қуат 150 миллион киловатт (демек 150 гигаватт) болады депті Ұлттық энергетика әкімшілігі. Онда залалды түтін мен тозаң қазіргіден де үш есе азаймақшы. «Қыза-қыза келгенде, қыз ернінен сүйдірген» демекші, әлгі ақпараттың соңында Қытай үкіметі жел энергетикасына 2050 жылы 2 триллион доллар инвестиция құятыны хабарланыпты.

Тағы бір қызғылықты жәйтті естен шығармайық. Данияға қарағанда жел соғатын жері жеткілікті болса да, Қытай да офшорлық жел стансаларын салуды бастап кеткен. Иә, бұл мемлекеттің оңтүстік-шығыс бетін Тынық мұхит шайып жатқанын ұмытпайық. Алғашқы офшорлық жел стансасы 2009 жылы Шанхайда салынды. Ол Үлкен Дунхай көпірін жағалай, бір шақырымдық су бетін алып жатыр. Әзірге 100 мегаватт электр қуатын өндіреді. Болашақта ебелектері бұдан да көбейіп, екі жарым есе артық қуат бермекші. Жалпы, офшорлық жел электр стансалары 2015 жылы 5000 мегаватт электр қуатын бермек.

Бұл ел де жел генераторларын жасайтын жаңа технологияға ие болды. Алып стансалармен қатар көше шамдарының бағанасының үстіне шағын ебелек орнатып, түнгі көшені сонымен жарық етеді. Біздің саудагерлеріміз іргедегі Үрімжіден талай көрген шығар, қала аллеяларының шамдары жел ебелектері мен күн батареялары арқылы жанатын болған.

Енді өзінде қуат өндірумен қатар, өзгелерге бұл технологияны сатудан пайда түсіріп отыр. Бүкіл дүниежүзілік жел энергетикасы қауымдастығының мәліметінше, 2011 жылы Қытай жел генераторларын экспорттаудан әлемде бірінші орынға көтерілген. Мұны, қазақ «екі жеп, биге шықты» десе керек.

Әлемде жел қуатын кәдеге жаратуда сонымен Қытай көш бастады. Одан кейін АҚШ, Германия, Испания, Үндістан сынды ірі мемлекеттер тұр. Дания осы жері үлкен елдерден кейінгі орында. Жер аумағы демекші, бұл орайда басқалардың бәріне шаң қаптыратын Ресейдің желден өндірген қуаты оймақтай Латвияға қарағанда бір жарым есе аз көрінеді.

Не керек, 2011 жылдың соңындағы дерек бойынша 86 мемлекет жел қуатын пайдаланған. Сол жылы қатарға Венесуэла, Гондурас және Эфиопия қосылыпты. Венесуэла мұнайға өте бай ел болса да, «жел клубына» кіруі тегін емес. «Жасыл экономика» сәнге емес, өмір талабына айналды. Онсыз болашақ ұрпақтың амандығына зор қатер төнгенін барша адамзат сезінеді.

Енді 2012 жылы бұл сапқа Қазақстан да қосылды. Қордайда Қанат Бозымбаевтың табандылығымен тұрғызылған қос ебелектің арқасында!

Қайнар ОЛЖАЙ

Қордай-Копенгаген-Ляонин

Серіктес жаңалықтары