ЖОҢҒАР ҚАҚПАСЫНЫҢ ЖОЙҚЫН МІНЕЗІ

ЖОҢҒАР ҚАҚПАСЫНЫҢ ЖОЙҚЫН МІНЕЗІ

ЖОҢҒАР ҚАҚПАСЫНЫҢ ЖОЙҚЫН МІНЕЗІ
ашық дереккөзі
371

Өткен аптада Алматы облысында «ЕвроАзияЭйр» акционерлік қоғамының жоғалған тікұшағы табылды

Бір аптаға жуық жалғасқан іздеу жұмыстарының нәтижесінде, 30 қарашада Алматы облысы Алакөл ауданындағы Ырғайты учаскесіндегі 16-темір жол разъезінің маңынан 24 қарашада жоғалған тікұшақтың қалдықтары табылды. Апат салдарынан тікұшақтың экипажы мен әуе кемесінде болған жолаушылар, барлығы 8 адам оқиға орнында опат болған. Енді оқиғаның мән-жайын рет-ретімен баяндайық.

«2012 жылғы 24 қарашада, түскі сағат бірде Департаменттің кезекші бөліміне Алматы облысы Алакөл ауданы «Қазақстан»ауылы маңындағы №11 ұшу алаңынан таңертеңгі 8 сағат 30 минутта «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбырын әуеден бақылау мақсатында «ЕвроАзияЭйр» акционерлік қоғамынан жалға алған тікұшақ Достық станция­сы бағытында ұшып шыққан, бірақ белгіленген уақытта әуе кемесі межелеген жерге бармаған», – деді Алматы облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Жанат Сембаев.

Суыт хабар алған Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы жедел штаб құрып, дереу іздестіру жұмыстарына кіріседі. Тікұшақты іздеушілер төрт топқа бөлінді: шекара қызметінің отряды, «Семсер секьюрити» ЖШС-і күзет агенттігінің күзетшілері, «КазТрансОйл» қызметкерлері және Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары. Әр топ өзіне тапсырылған аймақта іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ іздестіру жұмысына төрт тікұшақ тартылды. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің, «Казавиаспас» акционерлік қоғамының тікұшақтарымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің екі әуе кемесі, барлығы төрт тікұшақ аймақты әуеден бақылап, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар іздестіру жұмыстарына 10-нан астам автотранспорт тартылды. Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Мират Қабылов төтенше жағдай орын алған аймаққа шығып, іздестіру жұмыстарын үйлестіретін штаб жұмысына жетекшілік жасады. Күнделікті штаб мүшелері атқарылған жұмысты қорытындылап, келесі күнге тапсырмалар дайындап, іздестіру жұмыстарын үйлестіріп отырды. Осы арада жоғалған тікұшақтың бортында болғандардың аты-жөні белгілі болды. Сонымен тексерілген мәліметтер бойынша әуе кемесінің бортында бес экипаж мүшесі және үш жолаушы болған. Олар: экипаж командирі – Рауль Хабибуллин; пилот – Нұрлан Есенәлиев; борт­механик – Владимир Ким; инженерлер: Константин Максаев, Виктор Радомский, жолаушылар Нұржан Шоқпаров, Алмаз Сарсембаев, Кенжебай Сабиров болған.

27 қараша күні іздестіру жұмыстарына су құтқарушылары кірісті. Жоғалған тікұшақты іздестіру жұмысы нәтиже бермегендіктен құтқарушылар әуе кемесі Алакөлге батып кету мүмкін деген жорамал жасады. Сөйтіп, қажетті жабдықтармен қаруланған су құтқарушылары катерлермен жағадан 50 метр жердегі аймақты тексерді. Сондай-ақ бұл күні, яғни 27 қарашада Дружба көлік прокуратурсы Қазақстан Рес­публикасы Қылмыстық Кодексінің 295-бабы «Темір жол, әуе немесе су көлігі қозғалысы мен оларды пайдалану қауіпсіздігінің ережелерін бұзу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қылмысты іс бойынша тергеу амалдарын жүргізу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көліктегі ішкі істер департаментіне тапсырылып, осы факты бойынша тергеуді жүргізу аталмыш департамент тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Дмитрий Малаховқа жүктелді. Ал еліміздің Бас көлік прокуратурасы еліміздегі тікұшақтар паркіне жаппай тексеріс жүргізетіндігін мәлімдеді. Осы арада еліміздің Көлік және коммуникация министрлігі су түбіндегі жұмыстарды жүргізу үздік дамыған елдердің бірі Франциядан көмек сұрады. Ал бұл уақытта іздестіру жұмыстары өз кезегімен жүріп жатты. Сөйтіп, 29 қарашада түс қайта ақпараттық агенттіктер, дәлірек айтқанда ҚазТАГ жоғалған тікұшақтың табылғандығын хабарлады. Көп ұзамай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Ырғайты учаскесінде орналасқан 16-темір жол разъезі маңынан апатқа ұшыраған тікұшақ қалдықтарының табылғаны туралы ресми ақпарат таратты. «Тікұшақ апат салдарынан елеулі зақымға ұшыраған, әуе кемесінің тек артқы бөлігі аман қалған», делінген ресми хабарламада. Араға біраз уақыт салып, апат болған жерден жеті адамның денесі табылғаны туралы хабар да келіп жетті. Ал 30 қарашада апат орнынан сегізінші адамның да денесі табылды. Сенбі күні тиісті сараптамалар жүргізіп, табылған адамдардың қаза болған себебін анықтау үшін мәйіттер Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың мәйітханасына жөнелтілді. Жексенбі күні қажетті сараптамалар аяқталған соң қаза болғандардың мәйіттері олардың туысқандарына берілді. Көліктегі ішкі істер департаменті қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, «экипаж мүшелерін – Рауль Хабибулин, Нұрлан Есеналиев, Владимир Ким, Виктор Ходомский, Константин Маскаевтің сүйектерін «Евро­АзияЭйр» акционерлік қоғамының өкілдері олардың тұрғылықты жері Жезқазған қаласына жеткізіп, мерт болғандардың отбасыларына тапсырмақшы екен. «Ал «Казтрансойл» компаниясы Алмаз Сарсенбаевтың денесін оның тұрғылықты жері Алакөл ауданының Бұлақты ауылына жеткізсе, қаза болған Кенжебай Сабировты Алматыға, ал Нұржан Шоқпаровты Павлодарға жөнелтуге олардың туысқандарына көмектесуде», – дейді көліктегі тәртіп сақшылары.

Сонымен жоғалған тікұшақ табылып, қаза болған экипаж мүшелері мен әуе кемесінде болған жолаушылардың денелері соңғы сапарға шығарып салуға олардың туыстарына берілді. Алайда іс осымен бітпеу керек сияқты. Құзыретті органдар еліміздегі тікұшақтар мен ұшақтар паркін мұқият тексеріп, олардың ахуалдарын анықтап, әуе кемелерін заманауи құрал-жабдықтармен жасақтауға көңіл аударса, болашақта мұнда қайғылы оқиғаларға жол берілмес еді. Мәселен, жоғалған тікұшақты іздеу жұмыстары бір аптаға жуық созылды. Мамандардың айтуынша, тікұшақ радиомаяктармен жабдықталмағандықтан іздестіру жұмыстары ұзаққа созылған. Бұл әлі күнге оралымсыздықтан арылмағанымызды танытады.

Қайрат МАТРЕКОВ,

журналист

Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары