ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ – ЖЕДЕЛ КӨМЕК
ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ – ЖЕДЕЛ КӨМЕК
Өнімді еңбек – өрісті өркендеудің басты кепілі. Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында осы мәселені де баса атап өткен еді. Қазақ елі егемендікке қол жеткізген күнінен бастап, сапалы білім алу мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, жаңа технологияның тілін меңгеру қажеттігі туындады. Осы орайда күллі республика көлемінде шағын және орта бизнесті өркендетуге оң қадам жасалды. Экономикалық әлеуетіміз артып, байтақ елдің әр тарабында бой көтерген жаңа нысандар халық игілігіне айналды.
Қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі бірнеше шағын қалада ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту комитеті мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарын ашты. Бұл отандық бизнестегі оң қадам саналары сөзсіз.
Мұнайлы Атырау өңіріндегі аталмыш орталықтың да бұл бағытта атқарған ісі сан алуан. Үстіміздегі жылдың көрсеткіші бойынша, жалпы саны 900-ге тарта адамға ақыл-кеңестер беріліп, жеке бизнесін бастауына біраз қолдау көрсетілген. Бұл санатта кәсіпкер боламын деген адамдар да шаруасын дөңгелентіп отырған жандар да бар екенін айта кетелік.
Көмек сұрап, қолдау танытуға өтініш айтқандарға ақыл-кеңес беретін қызметкерлер де жан-жақты білімді, даярлау, біліктілік арттыру курстарынан өткен тәжірибелі мамандар. Олар кәсіпкерлікке ынтасы бар азаматтарды мемлекеттік бағдарламаларға молынан тарту, ақпараттық-консалтингтік қызметтер ұсыну мақсатында жұмыс атқарады. Орталық мамандары ұсынып отырған кешенді қызметтер өз бизнесін ашудан бастап, оны қалай басқаруға болатындығына дейінгі толық үдерісті қамтиды. Кәсіпкерлер үшін заңдық көмек көрсетіліп, жұмыскерлер жинау, бухгалтерлік және салықтық мәселелер бойынша кеңестер беріледі.
Маркетингтік зерттеулер жүргізу, кәсіпкерлер үшін курстар мен тренингтер ұйымдастыру, кешенді қолдау жұмыстарын жүргізу арқылы отандық бизнестің лайықты дәрежеде дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруына жағдай жасау – орталықтың көздеген негізгі мақсатының бірі. Аудандарда бой көтерген кәсіпкерлерді қолдау орталықтарымен де қоян-қолтық араласып, бір салада өнімді іс атқаруда. Мемлекеттік бағдарламалардың қарапайым азаматтарға қандай тиімділігі бар екенін егжей-тегжейлі түсіндіру де – Орталық қызметкерлерінің міндетіне жатады.
«Даму» қорының өңірлік
филиалы жанындағы
Кәсіпкерлікті қолдау
орталығының жетекшісі
Атырау облысы