БАЛҚАШТЫҢ ДАМУЫНА ТҰРҒЫНДАР ДА ЖАУАПТЫ

БАЛҚАШТЫҢ ДАМУЫНА ТҰРҒЫНДАР ДА ЖАУАПТЫ

БАЛҚАШТЫҢ ДАМУЫНА ТҰРҒЫНДАР ДА ЖАУАПТЫ
ашық дереккөзі
164

Данияр МАНАНБАЕВ, Балқаш қаласы әкімінің орынбасары:

Балқашқа таңғы сегіздер шамасында жеттік. Айнала әппақ. Қар толассыз жауып тұр. Ерсілі-қарсылы ағылған жұрт жұмыстарына асығады. Мектептеріне барар жолда бір-біріне қар атып ойнаған балалар да мәз. Бәрінен де жып-жинақы қаланың тазалығына сүйсіндік. Негізі айналаның, қоршаған ортаның таза болуына жергілікті билік қана емес, тұрғындар да жауапты екені айқын. Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Данияр Мананбаев мырзамен өткізген сұхбат барысында ол балқаштықтардың қала дамуына қосатын үлесі мен қол жеткізген жетістіктерімен және келешектегі жоспарларымен бөлісті.

– Данияр Серікұлы, Қазақстан Президентінің еліміздегі шағын қалаларды дамытуға байланысты Үкіметке тапсырма бергені мәлім. Бұл Балқаш сияқты шағын қалалардың дамуына сеп. Осы орайда, аталған бағдарлама шеңберінде атқарылып жатқан шаруалар жайлы айтсаңыз?

– Сіз айтып отырған бағдарлама үстіміздегі жылы басталды ғой. Мемлекеттен ақша бөлінген кезде Балқаш қаласына 302 млн. теңгеге жуық қаражат тиді. Осы қаржыны біз көшелерді абаттандыруға жұмсадық. Абаттандыру екі бағдарламаға сәйкес жүргізілді: біріншісі, аулаларды абаттандыру болса, екіншісі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту. Сонымен қатар көшелерден қоқыстан тазарту, жарықтандыру, 11 жарым шақырымдық жылу жүйелерін изоляциялау т.б. жұмыстар қоса жүргізілді. Ағаштар мен бұталардың күйі және Балқаш қаласы аймағындағы климаттық жағдай көгалдандыру жұмыстарын үнемі жүргізу және арттыруды қажет етеді. Қалада 73 гектар жерге егілген ағаш пен бұта бар. Жыл сайын қала көшелеріндегі бұрын отырғызылған ағаштарды жасарту, қураған бұтақтарын кесу, бұталарды қырқу және қураған ағаштарды алып тастау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар №3 шағын аудан тұрғындары тұрғынүй-коммуналдық жаңғырту бағдарламасына қосылғанда олардың аулалары да абаттандырылды. Осындай кешенді жүргізілген жұмыстың нәтижесінде үйлер күрделі жөндеуден өткізіліп, аулаларының шырайы кіріп қалды. Бұл қаланың басқа тұрғындарына үлгі болып, адамдар аталған бағдарлама шеңберінде бірігіп жұмыс атқаруға, сол бағдарламаға енуге өздері мүдделілік таныта бастады. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы осы бағдарламаны қолдануға 13 үй өздері ұсыныс жасады. Үйлердің шатырларын жөндеу, лифтілер мен подъездерді ретке келтіру мәселелері қолға алынды.

– Негізі осы мәселеге орай, бүкіл респуб­лика бойынша жиі шу шығады. Мысалы, «шатырдан әлі су ағады», «қабырғалар қақырап кетті», «жөндеу жұмыстары жөнді жүргізілген жоқ» деген сияқты. Сіздерде мұндай кемшіліктер кездеспей ме?

– Жоқ, мұндай кемшіліктер кездеспейді. «Горкомхоз» ЖШС-не аударамыз. Аталған бағдарлама бойынша біз осы жауапкершілігі шектеулі серіктестікті КСК-лармен келісімшартқа отыруды міндеттедік. Жөндеуден өткізілетін үй тұрғындарының 67 пайызы келісім берсе ғана бағдарлама күшіне енеді. Оның үстіне, біз қоғамдық пікірді басты назарда ұстаймыз. Жұрт бағдарламаның пайдалы екендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана өздері ұсыныс білдіріп, аулаларды абаттандыру, тұрғынүй-коммуналдық кешеніне жөндеу жүргізу сияқты мәселелерге назар аудара бастады. Тұрғындар тарапынан білдірілетін мұндай белсенділік Балқаш қаласының гүлденуіне, дами түсуіне сеп. Республикалық ақпарат құралдарында көрсетіліп жатқан тұрғынүй-коммуналдық кешендерін жаңғырту төңірегіндегі түрлі дау-дамайлар балқаштықтардың да көңіліне алаң кіргізіп, күдіктендіруі мүмкін. Бірақ біз атқарылып жатқан нақты істеріміз арқылы ондай күдіктерді сейілтіп, керісінше, адамдардың «біз де осы бағдарламаға қатыссақ» деген құлшынысын оятудамыз. Мысалы, Балқаш қаласы шағын ғой, шындыққа көз жеткізгісі келген тұрғындар №3 мөлтекауданға барып, жөндеуден өткізілген үйлерді көріп, көңілдері орнына түскесін ғана бағдарламаға сенім артуға көшті. Бұған дейін әкімдік тарапынан әр үйге кіріп, бағдарламаның мақсаты мен міндетін, одан келетін пайданы қала тұрғындарына жеке-жеке түсіндіріп, қара терге түсетінбіз. Қазір бәрі керісінше. Адамдар бағдарламаға қатысуға өздері мүдделі.

– Халықты жұмыспен қамту – күн тәртібіндегі мәселе. Балқаштағы жұмыссыздықпен күрес қалай жүргізілуде?

– Жұмыспен қамту мәселесі туралы айтсақ, былтыр желтоқсан айында «Сары қазына» мекемесі арқылы 120 адамға жаңа жұмыс орнын ашты. «Қоңырат» кен орнындағы отвалдарды өңдейтін, мыс шығаратын зауыт салынған. Бүгінде жылына 10000 тонна катодты мыс шығарады. «Профеликс» ЖШС сол комбинаттың сыртынан шлактарды, қалдықтарды өңдейтін фабрика салып жатыр. Сондай-ақ, жылына 3000 тонна мыс алатын жаңа цехты іске қосуды жоспарлап отыр. Біз аталған цех 80 адамды жұмыспен қамтиды деп есептейміз. Қазір фабриканың құрылысын салуға 30 адам тер төгуде. 2013 жылы фабрика іске қосылса, нысанның негізгі бөлігі сол жылдың қыркүйе­гіне қарай аяқталады.

– Балқаш қаласындағы жалпы жұмыссыздар саны қанша?

– Біздегі жұмыссыздар саны аз. Негізі Балқаштағы «Жұмыспен қамту» бағдарламасы ерекше қарқынмен жүргізілуде. «Қоңырат» қыстағында 5000 адам тұрады. Сол жердегі босап қалған 4 қабатты оншақты үйдің біреуін қайта қалпына келтіріп, жөндеуден өткізілген 48 пәтердің кілтін осы күзде Ақтоғай ауданынан, Саяқ қыстағынан көшіп келген адамдарға табыс етіп, оларды жұмысқа орналастырдық. Аталмыш бағдарлама бойынша 45 отбасы Балқаш қаласында салынып жатқан көпқабатты тұрғынүйге көшіп келуге дайын отыр. Бұйыртса, желтоқсан айында оларға жаңа пәтердің кілтін табыстамақпыз.

– Балқаш туралы сөз қозғалса, міндетті түрде экологиялық ахуал бірге айтылады. Бүгінгі Балқаштың экологиясы қай деңгейде?

– 2007 жылы «Балқаш мыс комбинаты жаңа цехты іске қосты. Осы сәттен бастап пештерден бөлінетін күкіртті ангридитті 92 пайызға дейін сүзіп алуға қол жеткізді. Бұған дейін адамдар газдың улы исінен көшеде жүре алмайтын, қоршаған ортаға келетін зиян да көп еді. Енді комбинат газды экспортқа шығарып отыр. Келешекте газды 100 пайызға дейін аулап алу үшін комбинаттың әкімдігі арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істеуде. Бұл Балқаш қаласының экологиясына үлкен әсер етері анық.

– Үкімет шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударып отыр. Балқаштықтардың бизнеске деген көзқарасы қандай?

– Республиканың барлық аймағындағы секілді Балқаш қаласында да кәсіпкерлікпен айналысу жақсы жолға қойылған. Мысалы, «Жол картасы» бойынша елдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға игі ықпал ететін құжаттың мақсаты мен маңызы туралы халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Кейбіреулер бағдарламаны дұрыс түсінбеуі мүмкін ғой. Қала бойынша Үйлестіру кеңесі құрылған. Жуырда жобалар бойынша жұмысы тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта іске қосуды қарастырудамыз. Мысалы, гранит өндірумен айналысқан «Недро Балқаш» деген кәсіпорынды қайта қосу үшін 80 млн. теңге көлемінде инвестиция қажет. Егер аталған өндіріс орны жұмыс істей бастаса, құрылысқа керекті бірқатар затты қаламызда-ақ өндірер едік. Сонымен қатар «Балқаш Нан», «Балқаш Сүт» кәсіпорнына тиесілі құрал-жабдықтар әбден тозығы жетіп, ескірген. Оларды заманауи технологияға ауыстырып, модернизациялауды мақсат етіп отырмыз. Өйткені ескі құрылғылар электр жарығын да өте көп қолданады, қазіргі заман талабына сай емес. Егер жаңа технологиялар мен құрылғылармен жабдықтасақ, біз өндіріс орындарына көмектесумен бірге тұтынушыларға сапалы өнім ұсынуға ықпал етеміз.

– Билік бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін қамтамасыз етумен қатар қымбатшылықпен күресуде. Қалаңыздағы инфляцияны ауыздықтау мәселесі қалай?

– Азық-түліктің халық көп тұтынатын 30 түрін қымбататпауды қатаң қадағалауда ұстаймыз. Ол үшін үздіксіз мониторинг жүргізіп, арнайы зерттеулерді үзбейміз. Бұл дегеніңіз маркетинг қой. Тізімдегі 30 тауарды тасымалдайтын өндірушілермен, ірі және орташа делдал кәсіпорындармен кездесіп, келісімдерге қол қоюды мақсат етеміз. Өйткені егер бақылауда ұстамаса, өндірілген тауар тұтынушыға жетем дегенше баға еселеп артып, құны шарықтап, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіреді. Сондықтан нан, сүт, ұн сияқты азық-түліктің адамдар күнделікті қолданатын түрлерінің бағасы өспес үшін «Балқаш Нан», «Балқаш Сүт» сияқты кәсіпорындарға ұнды арзан бағаға жеткізуге көмектесеміз. Сонымен қатар апта сайын жәрмеңке ұйымдастырамыз. Әр сенбіде өткізілетін жәрмеңкеге шамамен 5-6 мыңдай адам жиналады, ет, сүт, ауыл шаруашылығы өнімдері, қант, жұмыртқа т.б. өнімдер базардағы бағадан 15-20 пайызға арзанға сатылады. Сағат таңғы жетіден бастап, түскі он екіге дейін әкелінген тауарлар түгел сатылып бітеді. Қаладағы дүкендермен меморандумға қол қойғанбыз. Бұл құжат 30 тауарды қымбаттатпауға септігін тигізеді.

– Кейде дүкендер келісімге келгенмен, артық пайда табуды көздеп, бағаны көтеруге кетары емес. Қымбатшылыққа жол бермес үшін үздіксіз қадағалап отыру қажет. Сіздерде арнайы бөлім бар ма?

– Бөлім емес, бірақ он адамнан құралған бағаны бақылайтын жұмыс тобы бар. Олардың әрқайсысына бірнеше дүкен бекітілген. Егер меморандумда көрсетілген тауар түрлерінің құны белгіленген межеден жоғары болса, біз дүкен қожайынымен әңгімелесеміз. Заң бойынша тауар өндірушілерді қадағалайтын құзырлы орган – Бәсекелестікті қорғау агенттігі, монополияға қарсы комитет. Қаладағы қымбатшылықпен күресті әкімдік өз бетінше жүзеге асыруда. Бірақ жақын күндері сол құзырлы органдардың көмегіне жүгінбекпіз. Өйткені қыс айларында бағаның өсіп кетуі мүмкін. Халықтың қалтасына алыпсатарлар салмақ салмас үшін қымбатшылықты қатаң қадағалап отыруға міндеттіміз.

– Қаладағы қылмыстық ахуал қалай?

– Өкінішке қарай, қылмыстық деңгей бізде жоғары. Көбінесе арақ ішіп алып, заң бұзу, ұрлық-қарлық, бұзақылық сияқты қылмыстар жасалады. Қылмысты азайту үшін қалалық ішкі істер басқармасы көшелерге бейнекамералар орнатуды ұсынып отыр. Бұл орайда түнгі мезгілде көшелердің жарық болуы да қылмыстың азаюына сеп. Осы себепті біз әсіресе шағын аудандардың 70 пайыздан астамын жарықтандырып үлгердік. Енді қаладағы әр ауданға бейнекамера орнатсақ, үлкен жұмыс атқарар едік. Халықтың саны – 77 мың 193 адам. Кейде тұрғындар арасында әкімдік тарапынан халықтың игілігі үшін жасалып жатқан істердің қадірін білмейтіндігі қынжылтады. Мысалы қалаға жаңадан 23 аялдама орнаттық. Қалаға көрік берген сол жаңа аялдамалардың бірнешеуін біреулер сындырып кетіпті. Оларды ауыстыру үшін қанша қаражат керек. Оның үстіне, аялдамалар салық түрінде шыққан халықтың өз қаражаты. Сырттан келген жау жоқ, бүлдіргендер арамызда жүр. Осы оқиғаға орай жүргізілген сауалнамада тұрғындардың көпшілігі «бұзақыларға қатаң жаза қолдануы керек», «халыққа тиесілі мүлікті бүлдіруге жол берілмесін» деген пікірді жиі айтты. Соңғы кездері қаланың қай жерінде бұзақылық болса, соны газет беттеріне шығарып, халықты құлақтандыратын болдық. Мектептерде балаларға арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

– Мүмкін бұл тұрғындар бойында қалаға тиесілі заттардың қожайыны ретінде сезіне алмауынан шығар? Жалпы адамдар бойындағы масылдық психология жойылды ма?

– Балқаш қаласының әкімдігінде 2005 жылдан бері қызмет етіп келемін. Ол кездерде халық «бізге мынаны жасап беріңдер», «әкімдік жасауға міндетті» деген міндетсу, бұйыру, уәж айту сияқты әдеттерге жиі бой алдыратын. Бірақ біз «су құбыры ескірді», «жылу мен жарық жоқ» т.б. нарызылық танытқан тұрғындарға «ал Балқаш қаласын дамыту үшін сіз қандай үлес қостыңыз?» деген қарама-қарсы сұраққа олар тосылып қалатын. Қаланың дамып, гүлденуі, адамдардың әлеуметтік ахуалының деңгейі халықтың өзіне тікелей байланысты екенін түсіндіру мақсатында әкімдік үздіксіз жұмыс жүргізді, түрлі шаралар ұйымдастырды, тұрғындармен кездестік, қиындықтарды ашып айтып, шешетін жолдарды бірге қарастырдық. Осының арқасында бүгінде тұрғындардың санасы өзгерген. Көбінесе қаланы абаттандыруға көңіл бөледі. Абаттандыру жұмыстарына қатысты ұсыныстарды жиі айтады, керісінше, «пәтерімізде неге су жоқ», «жертөлеге су толып кетті» деген сияқты сөздер аз айтылады. Биыл Қарамеңді би көшесіндегі саябақтан Қарамеңде бидің ескерткішін орнаттық. Қалада 3 су бұрқағын аштық. 2013-2015 жылдарға арналған кешенді жоспарымыз бар. Қала бюджетін ірі кәсіпорындарға тәуелсіз ету үшін экономикамызды дербестендіруге көңіл бөлудеміз. 2020 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыта отырып, туризм мен балық шаруашылығына көңіл бөлу ойымызда бар. Сонымен қатар еліміздегі басты қалаларды Балқашпен жалғастыруда арақашықтықты қысқартуға мүмкіндік беретін 4 жолақты магистраль қолға алынып, жергілікті шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға сеп болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нәзия Жоямергенқызы

Балқаш қаласы

Серіктес жаңалықтары