ҰЛЫС ДЕГЕН – ҰЛЫ СӨЗ

ҰЛЫС ДЕГЕН – ҰЛЫ СӨЗ

ҰЛЫС  ДЕГЕН  – ҰЛЫ СӨЗ
ашық дереккөзі
994

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан тәуелсіздігі: Тарих тағылымдары және қазіргі заман» атты баяндамасында: «Қазақстанның тәуелсіздік тарихы әппақ парақ бетіне күні кеше түсе қалған жоқ, оның көне дәстүрлері бар. Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек», – деген еді.

Заман өзгеріп, дәуір ауысып, қоғамдық қарым-қатынастар жаңаланған сайын ұлттың қалыптасқан дәстүрлі ұғымдарында да жаңғыру үдерістері жүріп отырады. Бұл арада біз қоғамдық бірліктер – ұлт, халық, этносты саяси-әлеуметтік жағынан тұтастай басқаратын құрылым мемлекет, ұлыс, рес­публика туралы сөз қозғағалы отырмыз. Мәселен, стан, республика, мемлекет қатарлы атаулар қазақ тіліне Қазан төңкерісінен кейін, ХХ ғасырдың басқы ширегінде енді. Арғы түбі әр тараптан, әр түрлі тілдерден алынған кірме сөздер. Анау арабтікі, мынау латын, гректікі, пәленшесі парсыдан деп олардың шығу тегі мен түп тұқиянын қазбаламаймыз, этимологиясын тәптіштеп талдап жатпаймыз. Оның бәрінің басы ашылған нәрселер. Ал осы атаулардың түркі тілінің байырғы аумағы мен экономикасы тұрақтанған, саяси-әлеуметтік қоғамдық құрылымы жасақталған ұлтты жұмылдыратын Ұлы(қ) Ұстың – Ұлыстың (Ұлыс – ұлы(қ) + ұс) орынын басқандығы назар аудартады. Бұл қазіргі қолданыстағы кейбір саяси терминдерге де айналып соғу қажеттілігі туындағанын көрсетеді.

«Ұлы», «ұлық» сөздерінің мағыналары әр қазаққа мәлім. Ал «Ұс» қандай мағына береді? Махмұт Қашқари «Ұс»-ты бүркіт бас­ты, арыстан денелі құс (гриф) мағынасында түсіндіреді. Жалпы «Ұс» – көне түркілердің Көк тәңірінің жердегі бейнесі» деп жазған біздің ғалымдар. Жер бетіндегі Ұлы Күш иесі – мемлекет деген ұғым. Ұлы Абайдың «Сонымен бұлар өзін-өзі де, өзге жұрттар да «қазақ» атап кетіпті, бұрын өздерін «ұлұс» дейді екен де жүре береді екен» дегенінде де «ұлыс» сөзінің «хассақ, нағыз сақ, хас мықты, ер жүрек» деген ұғымдардан туындаған деп айтылатын «қазақ» атауымен де астасып жатқандығын көреміз. Яғни, Ұлы Ұлыс.

Уикипедия – ашық энциклопедиясы: «VІ ғасырда Ұлыс мекен, қала мағынасында қолданылған. Көне түркі қолжазбаларында “халықтан халыққа, ұлыстан ұлысқа, елден елге жүрдім” деген сөз бар» деп жазады. ХІ ғасырда тағы да Махмұд Қашқари “Диуани лұғат әт-түрк” атты еңбегінде ұлыс (улс, улус) атауын арабтарға мемлекет деп түсіндірді. ХІІІ ғасырда Шыңғыс хан Ұлы империясын Қамұқ Моңғол Ұлұс (Ұлы Моңғол Ұлысы) деп жариялады. Осы Шыңғыс есімінің әр елдің тілінде Чин-Шың-Жен, Чен болып әр түрлі айтылатын басқы компоненті нағыз, биік, аса, хас, ұлы деген сөздермен синонимдес келеді. Ал, соңғы «Ұс»-ты Ел деп отырмыз. Ендеше, Шыңғыс – Шың+Ұс қазіргі біздің Елбасы деген ұғыммен сәйкеседі. Шыңғыс ханның Моңғол Ұлұсынан кейін Жошы Ұлысы бар. Шағатай ұлысы. Ноғай ұлысы, он сан ноғай ұлысы. Әйгілі Жоңғария – Жоңғар Ұлысы. Сонда мұның бәрі мемлекет емес пе? Қазіргі қарапайым түсінікпен айтсақ бұл ұлыстар да республика еді. Ол ұлыстардың белгілі аумағы, халқы, діні, тілі бар, бір адамның қолына шоғырланып ұрпақтан ұрпаққа жалғасып беріліп отыратын басқару формасы бар еді. Демек мемлекетке тән шарттардың барлық түрі бар деген сөз. Осының өзінен-ақ Ұлыс қандай бір халық, ұлт, этнос емес, керісінше соларды басқаратын саяси құрылым екенін көрсетіп тұрған жоқ па. Ендеше гәп басқада. Отаршылдар құрамына еркімен емес, басқыншылықпен зорлап енгізілген ұлттардың өз атын өзіне қимағанымен қоймай, оның мемлекеті, мемлекеттілігі барлығын жадынан жою мақсатында осындай жасанды әрекеттер жасалынды. Қазақ Ұлысы десе, оның арғы жағындағы жаңағы аталған тамырымен жалғасып жатқан Ұлы Мемлекеттер жарқырап шыға келері сөзсіз. Мәңгі үзілмейтін Ұлы жалғастық жаңарып көктеп, адамдардың санасында да сол ұлы сезім жаңғырған болар еді. Өйткені Ұлыс деген – Ұлы Сөз ғой. Республика, мемлекет деген ұғымдардың көне мағынасы. Кеңестік жүйенің сойылын соққан гуманитарлық ғалымдар (шындығында солай болса) ұлыстай үлкен сөздің үстем мәртебесін түсіргені сонша, оның мемлекет деген ұғымын жойып, рулық бірлестік деңгейіне дейін төмендеткенімен қоймай «население», «народность» – халық, тұрғын түрінде түсіндірді. Онымен қоймай, қазақтілінің 2008 жылы шыққан түсіндірме сөздігінде де Ұлыс атауын «көне рулық бірлестік, әулет» деп қана атүсті түсініктеме бере салған. Сонда жоғарыда аталған әлемге ат-атағы асқан Ұлыстар жай бір «көне рулық бірлестік, әулет» ғана болғаны ма? Ақылға сыймайды. Шоқан Уәлиханов «Ұлыс – тайпалар одағы» деген. Шоқанның тайпалар деп отырғанын сол дәуірдің Ірі хандықтары деп түсінген абзал. Қазақ Ұлысының өзі ірі-ірі хандықтардан құралып отырған жоқ па? Кеңестер Одағы деген сықылды. Иә, бір ауыз сөз жүректі жібітіп, бір ауыз сөз бүкіл бүтін елге кесел әкеледі. ХХ ғасырдың басында-ақ, Ақаң – Ахмет Байтұрсынұлы, «Сөзі жоғалған елдің ‒ өзі де жоғалады» депті. Ендеше біз жалқы болса да, жалқының бірегейі, сөздің атасын «Ұлыс» атты Ұлық сөзді жоғалтып отырғанымыз жоқ па? Бұны өз мағынасында, өз дәрежесінде қалпына келтіруге бола ма? Ондай бұрын-соңғыда үлгі тұтарлық тәжірибе болып па? Болыпты. Жоғарыда аты аталған Моңғолияда 1921 жылы халық төңкерісі атанған Мәскеулік коммунистік билік жеңіске жетеді. Билікті қолына алған қызылдар бірден Моңғолияның атын өзгертуге (яғни жадын жаңылдыруға) кірісіп Елді МХР – Моңғол Халық Республикасы атайды да, астанасы Да Хүрээ – Үлкен Орданы Ұланбатыр – Қызылбатыр деп өзгертеді. Осы ат-атауды моңғолдар жетпіс жылға жуық малданып келді. 1989 жылы коммунистік билік құлап, ел демократиялық даму жолына бет бұрғанда жаңа билік бірден Елдің ежелгі есімін қайтарды. МХР бұдан былай Моңғолия – Монгол Улс (Моңғол Ұлыс) аталатын болды. Сөйтіп, жер бетінде бір Ел – бұрынғы түркі-моңғол империясының төлтума атауын тарих көшіне қайта әкеліп қосты. Бұған қамұғ-ты қоссаңыз баяғы Шыңғыс ханның Ұлы державасы (Хамуг Монгол Улус) шыға келгелі тұр ғой. Демек елдің кеткен есесін қайтаруға болады екен.

Олай болса кейбір мәні зор терминдерді қазіргі заманауи ахуалға (саяси, мәдени, экономикалық, әлеуметтік және рухани) орай қоғам талабына, өркениет өлшемдеріне сай сәйкестіріп, қайталай зерделеп, ежелгі мәртебесін қайтару міндеті туындайды. Соның бірегейі біз сөз етіп отырған Ұлыс атауы болмақ.

Шынтуайтында Ұлыс этнос емес, ұлыс – қоғамды басқаратын саяси құрылым. Алайда кеңестік ғалымдар «Ұлыс – ұлт, этнос, жергілікті, автохтонды этнос, титулды этнос, этноұлтшылдық, этнопатриотизм, ұлт мәселесі, этникалық мәселе, ұлтаралық қатынастар, этносаралық қатынастар, ұлттардың өз тағдырын өзі шешуі, ұлт саясаты, т.б. негізгі парадигмалардың бірі» деп сол бұрынғы әләулаймен «бұлжымас анықтама» береді. Мұның астарында көзге көрінбей келген мақсат – ұлттың өзегіндегі мендік, мемлекетшілдік сананы жою болғаны бүгінгі таңда саналы жанның әрбіріне түсінікті шығар. Сөйтіп Ұлыс атауының мемлекеттік ұлы іс мағынасы әлсіреп, рулық құрылым деңгейіне түсіп, өз кезегінде ұлттық санаға әсер етуі, біз ұлт болып ұйыса алдық па, жоқ па, бұрын бізде мемлекет болған ба, болмаған ба деген екіұшты солқылдақ сұрақтардың тууына дем берді. Дем беріп қана қойған жоқ, осы сұрақ төтесінен қойылып, ғалымдарымыз оған жауап іздеп әуре-сарсаңға түсіп жүр. Осы тақылеттес ұлтқа рух беретін киелі сөздердің қолданыстан шығып қалуы ұлттың өзіне деген сенімділік түйсігін босаңсытып жіберді. Ұлт іні болып иілгіш, ләппай тақсыршыл, жалтақ, жасқаншақтық дертіне ұшырады. Қылышқа қалқан емес, қылша мойынын тосуға әзірленді. Мен дейтін салтанатты тәкаппарлық абыройынан айырылды. Ұлттық жазуы, ұлыс таңбасы, мемлекеттік рәміздері, ұлысы – ұлы ісі болғанын да ұмытты. Оның есесіне құлдық психологияны қабылдауға, соған мойын ұсынуға мәжбүр болды. Бәрі де Шәкәрім айтпақшы «мұтылған». Бәрін шыт жаңа бастау керек. Басқарушы машина халықты зорлықтың күшімен осыған иліктірді. Көнсең иіл, көнбесең көретінің көр дегенге келтірді. Ұлыс атауының байырғы мағынасын қайтарып, ғалымдарымыз кеңестік кезіндегі кеткен ғылымдағы жаңсақ берілген ескі түсінікке түзету енгізулері керек дейтініміз сондықтан. Жуықта фейсбукке – facebooкке (30.11.2012ж.) Дархан Қыдырәлі жазыпты. «Хандықтың негізін қалаған Жәнібек ханды ел «әз» атап, ерекше әспеттеген. Өйткені ол ұлыстың атасы (ерекшелеген – Б.Б.) елдің іргесін, мемлекеттің негізін қалаған тұңғыш хан» деп. Әз Жәнібек мемлекет құрған адам. Ендеше Д.Қыдырәлі Әз Жәнібекті «қазақ хандығының атасы» деп мемлекетті «ұлыс» деп ескі сөзді жаңғыртып, одан әрі Әз Тәуке туралы айтқанда оны «халық сол үшін де оны ұлыстың ұстынына балады» деп ұлыс пен халық атауларын ажыратып тамаша қолданған.

Ұлыс деген – ­Ұлы Сөз. Оның қадірі мен қасиетін жадымыздан алып тастағандықтан әлі сезіне алмай жүрміз. Сөз деген – ең қуатты құрал. Тіл. «Тілін білмеген, – дейді Ғабит Мүсірепов,– түбін білмейді». Ұлыс – түпке жетелейтін, тереңнен тамыр тартатын сөз еді. Оны ұмыту, оны биік сахнадан, төрден ысырып, шығарып тастау арқылы бойға қуат, болмысқа күш беретін асыл құралдан көз жазып, түбімізден тамыр үзіп, жадымызға қаншама нұқсан келгенін енді байқап отырмыз. Өйткені бір сөз тұрмақ, бір дыбыс, бір әріп бір ұлттың болмысын өзгертуге ықпал ете алады. Осы орайда мына бір жайды еске алғым келеді. Мен 1981 жылы ақпанның басында Қостанай облысы Рузаевск ауданына Ленинградтан (Санкт-Петербург) келдім. Рузаевскінің кәсіптік-техникалық техникумында бір туысым оқып жүрген-ді. Соның жай-күйін білейін, сол сылтаумен Атажұрттың бір пұшпағын болса да бауырыма басып, топырағына аунап қайтайын деген мақсат еді. Сол жолы моңғолиялық бір топ студенттің тәрбиеші-басшысы Пүрэвдорж деген ұлты қалқа азаматпен жолығып, әңімелесіп отырғанда, сөз Қазақстан жайына ауысқан бір сәтте ол: «Мынау Қазақ Ұлысын (Хасағ Улс) орыстың он бес республикасының бірі ғана деп жүрсем, Ұлы держава екен ғой» дегенінде менің бойымды «осындай Ұлы Елдің ұлымын» деген мақтаныш сезімі билеген еді. Егер де ол «Қазақ Ұлысы – Ұлы держава» деп айтпағанда менің жан жүйемді тербеген сондай әсерлі, қасиетті сезім қайдан тусын. Кейінде мен моңғолдардың Қазақстанды «Хасағ Улс» деп атайтынын жиі ұшыраттым. Қазақты тұңғыш рет «Ұлы қазақ халқы» деп Кеңес кезеңінің классик жазушысы, Тоңның (Донның) казагы М.Шолохов атағаны жөнінде З.Қабдолов өзінің «Менің Әуезовім» атты кітабында тебірене жазған еді. М.Шолоховтың осы бір ауыз сөзі үшін Мұқаң – Мұхтар Әуезов оған деген бүкіл қынжылыс-ренішін жойыпты. Киелі сөздің құдыреті деген осы болса керек.

Амал нешік, Ұлыс сөзінің құндылығының арзандауы қазақтың кейбір мақалдарында берілген ұғымдарды теріс түсінуге де жол берді. Дұрыс сөйлеп, бұрыс ұғу үрдісі қалыптасты. Мысалы, қазақтың «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» дейтін мәйекті мәтелі көп жылдар бойы көмулі жатқан себепті оның үлкен мағынасы ұмытылып, жыл басы – Наурызда ғана айтылатын сөз ретінде ғана түсініп, қолданып қалдық. «Ұлыс» сөзі бұл жерде ел-жұрт, бұқара, халық мағынасында деуден гөрі (олай да болсын) саяси салмағы басым мағынаны – мемлекеттің көзқарасы дұрыс, төрі түзу, үкіметі үрейсіз, билігінің көзі қарақты болсын деген елдік, мемлекетшілдік ұғымды жинақтап тұрған ту көтерген мәртебелі сөз. Ал «Ұлыстың ұлы күні» десек «наурыз мейрамы» еске түседі. Шын мәнінде елдің ел болған күні ғой бұл. Қазіргі түсінік бойынша – «Тәуелсіздік күні». Қазақ Елінің бос­тан Мемлекет болған, тәуелсіз Республика болған, Ұлық Ұлыс болған күні.

Төлтума сөздің мән-мағынасы күлбіл­те­ленбей, көмескі тартса да аршысаң күміс­тей жарқырап, айналасына нұрын шашып, жүрекке жылы қабылданып жатады. Егер ол (сөз) қан-тегіңе, сүйегіңе қатысты, ұлтыңмен ұласып, ұлысыңа жалғасып жатса оның күш-қуаты тіпті арта түсері сөзсіз. Мынау жаһандану дәуірінде мендік мінезіңді танытып, басқадан ажыратып, басыбайлы емес ел екеніңді аңдатып тұруға да оның қосар үлесі зор асыл сөз. Жаһанданудың бір аты еуропалану ғой. Сол еуропаның да ескіргенін есті жұрт біледі. Еліктейтіндей озып тұрған ештеңесін де көріп отырғанымыз шамалы. «Еуропа мәдени-мәденимін деп мақтанғанымен мәденилігі ұсталықта ғана, мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ» деп ескерткен Әлихан Бөкейханның сөзін де есте ұстағанымыз жөн. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан республикасы атауындағы «стан» сөзін жатсынбасақ та, республика терминінің кірмелігі (лат. res publica) тайға таңба басқандай. «Патшасын жұрт сайлап уақытша қойған елді республика дейді» (Әлихан Бөкейхан). Ал соның орнында мағынасы мәйекті төл тумамыз Ұлыс орнықса ше? Түсінік те, ұғымда, болмыс та түбірімен өзгерері шүбәсіз. «Ұлыс» сөзінің түбін қусаң түлеп, ұлы іс болып құлпырып шыға келеді. Міне, бұл өздік қасиеттің өскелең өнімділігі болса керек. Мұндай ықпалы зор әсерлі ұғымдар, рухы күшті киелі сөздер кейінгі ұрпақты қаршадайынан елшіл, елжанды етіп қалыптастырушы тылсым сырлы болып келеді. Адам балсының бойына Арды да, Әруақты күшті де Сөз дарытады. Сондықтан қазақтың тарихшылары мен тілші ғалымдары «Ұлыс» атауының беретін ұғымының мәні «стан», «республика» терминдерімен бірдей, тең дәрежеде екенін жан-жақты дәлелдей отырып парламентке ұсыныс енгізіп, жоғары билік орындарына талап-тілек қойып, Ұлы Сөздің Ұлық мәртебесін қайтаруға күш-жігерлерін жұмсаса Тәуелсіз Елдің жадын жаңғыртқан бұл да бір үлкен іс болған болар еді.

Кеше, 1991 жылы Кеңестік кеңістіктен бөлінген уақытта ұлттық, ұлыстық рәміз, нышандарымыздың барлығы алдымыздан андағайлап дүркіреп шыға келді. Оның көбісін қабылдаудың өзінен күдіктендік. Жасқандық. Қазақ ұлт емес, ендеше ол мемлекет бола алмайды деген күмәнді сұрақтар ұлтты өз атымен Қазақ Республикасы, дұрысы – Қазақ Ұлысы деп атауды кейінгі келер ұрпақтың мойнына жүктеді. Қазақ та емес, Қазақстан Республикасы атандық. Содан бері де біраз заман өтті. Ел болып, етек жеңімізді жидық. Енді қазақ елін, қазақ жерін, оның мемлекеттік құрылымын өз атымен атау күн тәртібіне қойылатын көкейтесті мәселе екені күдік-күмән туғызбаса керек-ті. Біз мемлекетті төлтума ресми атпен атауын тарихи әділеттілікті қалпына келтіру деп ойлаймыз. Сонда ғана ұлттық құндылықтарымыз бен ұлыстық (мемлекетшілдік) сананы да қалпына келтіре бастаймыз.

Елбасы «Тарих толқынында» атты кітабында тәуелсіздік күнін – “Қазақ халқының тарих тол­қынында өзінің ұлттық “МЕН” дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет мүмкіндік алуы” деп сипаттаған екен. Сол ұлттық «МЕН»-ді жаңғырту жағынан әлі де кемшін түсіп келеміз. Соның бірі – осы «Ұлыс» ұғымын ұлық мағынасында айналымға енгізе алмай отырғанымыз болса керек.

Бақытбек БӘМІШҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары