ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕ, ТИІМДІ ФОРУМ

ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕ, ТИІМДІ ФОРУМ

ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕ, ТИІМДІ ФОРУМ
ашық дереккөзі
322

«Жетісу инвест – 2012»:

Қазір республиканың бірқатар облыстарында халықаралық инвестициялық форумдар өтуде. Осындай ірі көлемдегі «Жетісу Инвест – 2012» 1 Халықаралық инвестициялық форумы 29 қарашада Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы Жастар спорт сарайында өтті. Бұл аса маңызды жиынды Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен Алматы облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы және «PR Agency Business Promotion» ЖШС ұйымдастырды. Форум жұмысына министрліктер мен Сауда-өнеркәсіп палатасының, салалық комитеттердің өкілдері, дипломатиялық өкілдіктер мен Корея, Түркия, Жапония, Қытай және басқа да шетелдік компаниялардың делегациялары, сондай-ақ облыстағы бизнес саласының өкілдері қатысты. Форумға қатысушылар үшін облыста жүзеге асырылып жатқан 32 инвестициялық жобадан мағлұматтар беретін көрме ұйымдастырылды. Жер жаннаты Жетісудың мәйегі болып саналатын Алматы облысы табиғи ресурстарға бай, инвестиция тартуға аса қолайлы аймақ.

Форумды Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов ашты. Ол өз сөзінде облыстың инвестициялық мүмкіндіктерінің бірнеше бағытына тоқталып өтті. Біріншіден, облыстың трансшекаралық өңірде орналасуына байланысты мүмкіндіктерді ауызға ала келіп, осы орайда «Жетіген-Қорғас» теміржол желісі, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығының маңызын ашып берді. Республика Президентінің жарлығына сәйкес «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ құру жобаларын дамыту арқылы транзиттік жүк тасымалдау, көліктік-логистикалық кешендерді, инженерлік-техникалық инфрақұрылымдарды, өндірістік-өнеркәсіп аймағын, сондай-ақ жаңа тұрғын үй аймағы мен жұмыс орындарының құрылуына зор үлестерін қоспақ.

Облыс әкімі экономикалық өсу барысын қалыптастыру, яғни индустриалдық аймақтарды құру мен дамытуға да ерекше көңіл бөлді. Олардың қатарында Қапшағайдағы «Арна», Іле ауданындағы «Боралдай», облыс орталығындағы «Талдықорған» индустриалды аймақтары да бар. Сол секілді Алматы қаласына төрт серіктес қаласы Джи-Фо-Сити құрылысы экономиканың түрлі салаларында жаңа жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасайды. Ол сонымен бірге ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқынын арттыру мен өнімдерді тереңнен қайта өңдеуді облыстың басым бағыттарының бірі ретінде атап көрсетті. Бұл Алматы маңындағы азық-түлік белдеуі аясында келешекте аймақаралық кооперацияны одан әрі дамытуға ықпал ететінін тілге тиек етті. Ол тоқталған тағы бір маңызды сала – туризм. Бұл күндері қолға алынған «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» жобасының шеңберінде «Жібек Жолы» әлемдік брендін қайта өркендету, Қапшағай демалыс аймағындағы «Жаңа-Іле» халықаралық туристік орталығының құрылысы, Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалауларында инфрақұрылымдары дамыған аймақ құру, Қаскелең және Текелі қалаларының маңайында тау-шаңғы кешендерін құру жоспарланған. Облыс басшысы Аңсар Тұрсынханұлы осындай игі істерге тоқтала келіп: «…Электр энергетикасының әлеуетін тиімді пайдалану аймақтың индустриалдық-инновациялық даму резерві болмақ. Мойнақ ГЭС-і 300 МВт, қуаттылығы 269 МВт 23 шағын ГЭС, Жоңғар қақпасының ауданында және Шелек жел дәлізінде қуаттылығы 5-тен 300 МВт-қа дейінгі жел станциясы, қуаттылығы 1320 МВт Балқаш ТЭС құрылысын жүзеге асыру есебінен 2016 жылға дейін өз өнімдеріміздің тапшылығын жабуды жоспарлап отырмыз», – деді.

Көрмеге қатысушылардың бірі – «Қазақстан желэнергетикалық технологиясы» ЖШС. Бұл компанияның өздері ойлап тапқан электр қуатын беретін үш түрлі қондырғысы бар екен. Солардың құбыр тәрізді шағын көлемдегі қондырғысын келушілер назарына ұсынуда. Ұзын төрт қанаты бар. Оны тікесінен тұрғызады. Қондырғы секундына екі метр­ден елу метрге дейінгі жел жылдамдығына арналған. Желдің жылдамдығы секундына екі метрден тұратын болса, оның қанаттары толық ашылады да 2 КВт энергия қуатын береді. Желдің жылдамдығы көтерілген сайын қанаттары жабыла түседі. Сондай-ақ жел қай жақтан тұрса да қондырғы жұмысына әсер етпейді. Бәріне бейімделіп жасалынған. Бұл қондырғының 1 КВт электр қуатының өзіндік құны 4 теңгені құрайды екен. Жалпы құны 900 мың теңгені құрайды. Негізінен қондырғы алыстағы малшылардың пайдалануына өте қолайлы болса керек. Қазір Жамбыл облысының Шу ауданында екеу, Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында біреуі, Алматы облысының Лепсі аймағында бірі, Ақадырда бірі істеп тұр.

«Қайнар» зауытының маркетологы Арай ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ:

Біздің зауыттың негізі 1975 жылы қаланған. Зауыт содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Тәуелсіздік кезінде ішкі құрал-жабдықтары мен қондырғылары толық жаңартылды. Оларды Австрияның «ВМ» компаниясынан алдық. Солардың арқасында Қазақстан темір жолына аса қажетті аккумулятор-батарея шығарып жатырмыз. Біз бұл өнімдерімізге бес жыл кепілдік береміз. Зауытта 800 адам үш ауысымда еңбек етеді. Жұмысшыларды зауытқа өз автобусымызбен тасимыз. Оларға түстік тамақ та зауыт бюджеті есебінен беріледі. Биылғы жылы әр түрлі көлемдегі бір миллион төрт жүз мың дана аккумулятор шығаруды жоспарлап отырмыз. Олардың қуаттылықтары да әрқалай. 500-ден 1300-ге дейін ампер-токқа есептелінген. Оның жетпіс пайызы шетелдерге экспортталды. Атап айтар болсам, Қытайға жуырда ғана бес вагон өнімдерімізді жібердік. Сондай-ақ Польша, Түркіменстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғыз республикасы, Украина, Белоруссия және Ресейдің тапсырыстарын орындау үстіндеміз. Қазір Біріккен Араб Әмірлігімен де келіссөздер жүріп жатыр. Рес­публика облыстарында он алты филиалымыз бар. Солардың бәрінде соңғы жылдары инновациялық технология негізінде шыққан «Bars» пен «Kainar» аккумулятор-батареясы сатылуда. Былтыр «Алтын сапа» белгісін жеңіп алдық. Біз алдағы 2013 жылы үш миллион аккумулятор шығаруды қолға алып отырмыз. Біраз халықаралық көрмелерге қатысып, өз өнімдерімізді жарнамаладық. Нәтижесі жаман емес. Мамандарды шетелдерге жіберіп, тәжірибеден өткізіп алдық. Кейде олардан бізге келіп тәжірибе алмасып жатады. Алдағы жылдары Жапонияның «Тойото тушо» компаниясымен бірлесіп жаңа өнім шығаратын боламыз.

Кореяның «Dome Hause» компаниясының қызметкері

Айжан ҚАСЕЙІНОВА:

–Біз биылдан бастап осы компаниямен бірге жұмыс істеуді ұйғардық. Жуырда ғана олар біздің «Қазақстан» фирмасымен келісім-шартқа тұрды. Жапонияның ғалымдары жаңа құрылыс материалын ойлап тапқан. Ол материалдың құрамында ағаш, металл, бетон және полестал деген шикізаттар бар. Өте қатты әрі отқа жанбайды. Бұл материалдан түрлі пішіндегі үйлер, жылыжайлар, қоймалар, тіптен балабақшалар да салуға болады. Бұлар жоғары баллдық жер сілкіністеріне төтеп бере алады. Корея­да сынақтан өткен. Енді бізде де кеңінен қолдануға болады. Әсіресе жер сілкінісі қаупі бар аймақтардың құрылыстарына өте қажет-ақ.

«Қазақстан» фирмасының техникалық директоры

Марат КЕЛЕРБЕКҰЛЫ:

– Кәрістердің осы фирмасымен бірлесіп жұмыс істей бастағанымызға небәрі үш-ақ ай болды. Алдымызға қойған мақсат көп. Осы жаңа құрылыс материалдарымен Кореядағыдай дөңгелек пішінді тұрғын үйлерден жаңа ауылды өмірге әкелсек пе деп отырмыз. Үйлер біздің киіз үйлерге өте ұқсас. Олардың іші мен сырты өз қалауымызша сәндей аламыз. Отбасылардың санына қарай үйлердің көлемін үлкейтіп, кішірейтуге де болады. Ең бастысы 9 баллдық жер сілкінісінде де қабырғалары мен төбелері сол мықты қалыбын сақтайды.

«НК «СПК «Жетісу» АҚ қызметкері Әйгерім АҚАШЕВА:

– Біз энергия қуатымен айналысамыз. Қазір үш жобаны жүзеге асырдық. Гидро­электр станциясы, жел энергиясы, күн энергиясы. Тағы басқа да жобаларды 2014 жылы іске қосамыз. Мысалы мына қуаттылығы 50 МВт күн энергиясы стансаны Алматы облысының Іле ауданында бірігіп салу үшін жуырда ғана Египеттің «United Group for Alternative Energy» компаниясымен келісім-шартқа қол қойдық. Атқарылатын жұмыстар орны Қапшағай қаласының күнбатыс жағынан жиырма шақырым жерде. Жүз гектар жерге күн сәулесін өзіне тартып, электр қуатын беретін осындай пластинкалар орнатамыз. Оған жұмсалатын жалпы шығын 80 миллион долларды құрайды. Қазір мұнда күннің потенциалына зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге біз Қытайдың «Синогидро» корпорациясымен бірлесіп, осы Алматы облысының Көксу ауданынан қуаттылығы 40 МВт-тық су электр стансасын да салатын болдық. Оның жалпы жобасы 70 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр. Ал жақын болашақта біздің қолға алған бұл ісіміз өндіріс орындарына да қажет болатыны анық. Ал басында пәресі бар жел электр стансасы Алматы облысының Шелек және Еңбекшіқазақ аудандарында салынады. Бұл жөнінде биылғы жылы «Самұрық-энерго» АҚ мен Алматы облысы әкімшілігі жел электр стансасын салу жобасы бойынша өзара тиімді келісім-шарт жасасты. Ал жобаны жүзеге асыру 2014 жылдан басталады. Компания басшылығы алғашқы жылы қуаттылығы 60 МВт-тан бастап, 300 МВт-қа дейін жететін станса салуды ұйғарып отыр.

Қарғалы шұға комбинатының директорының орынбасары

Мұрат ОТЫНШИЕВ:

– Біздің комбинаттың тарихы әріде жатыр. Міне, биыл құрылғанына жүз екі жыл толды. Соңғы екі жылда қаражат тапшылығына байланысты жұмысы тұрып қалды. Енді комбинатты қайта іске қосу үшін 10 миллион доллар инвестиция іздестіріп жатырмыз. Италиада серіктесіміз бар. Болашақта өнімдерімізді бірлесіп шығарайын деп отырған жайымыз бар. Олар бізге жүн өнімдерін өндіретін қондырғылар беретін болды. Ал біз комбинаттың бүгінгі күн талабына сай келетін үлкен жайын салуымыз керек. Бізде шикізат жеткілікті. Облыстағы қой мен түйенің жүндері біздің қажеттілігімізді толық өтей алады. Былтыр сол жүндерден Италияда үй құрылыстарына арналған жылытқыштар, тоқыма фабрикаларына аса қажетті аппақ жүн орамдарының біраз түрлерін шығарып көрген едік. Әсіресе қалыңдығы 12 см. жылытқыштарға Еуропа елдерінде сұраныстар көп екен. Өйткені оларда қыс жұмсақ келеді. Құрылыс компаниялары осындай жылытқыштарды пайдаланып, пеші жоқ, экология жағынан тиімді үйлер салса, үкімет құрылысқа жұмсалған шығынның 37 пайызын өздеріне қайтарып береді. Облыс әкімшілігі комбинатқа инвестиция тарту жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесі жаман емес. Келер жылы комбинатта өнім шығаратын да шығармыз.

«Кормовик» ЖШС-нің жауапты қызметкері Ербол ИМАНБЕКҰЛЫ:

– Біздің серіктестік 2006 жылдан бері ауыл шаруашылығындағы малдар мен құстар жемдеріне қосатын қоспалар шығарады. Зауытымыз осы Алматы облысының Іле ауданы орталығынан орын тепкен. Негізінен біздің өнімдердің көбісі құс өсіру шаруашылығына арналған. Өнімдер концентраттар мен примикстер болып табылады. Примикстер құрамында қажетті белоктардың, микроэлементтердің барлығы қосылған. Жемнің құрамын байыту арқылы бордақы малының салмағын қысқа мерзімде арттыруға, сауын малдарының сүт өнімділігін көбейтуге, жұмыртқа өнімдерін барынша молайтуға болады. Өнімдеріміз әр малдың, әр құстың жасына қарай дайындалған. Ауыл шаруашылығын дамытуда бұл өнімдердің маңызы өте жоғары екені даусыз. Біздің қоспа өнімдеріміз республиканың барлық облыстарына тарайды. Кейде көрші Қырғыз республикасының сондай-ақ Ресейдің бірқатар облыстарынан шаруашылық өкілдері келіп, тапсырыстар беріп жатады. Өнімдеріміз еуротехнологиямен шығарылады. Сондықтан да өнімдеріміз еуростандарт талаптарына сәйкес келеді. Өйткені біздің басты технологымыз Бельгияның Герд деген азаматы. Ол сол елдегі ең жетекші маман. Зауыт сағатына бес мың тонна өнім шығарады. Ал тұтынушыларымыз жылдан-жылға көбеюде.

«DOLCE-PHARM» компаниясының операторы Әлия НҰРАДИЛОВА:

– Біздің зауыт Іле ауданындағы Ынтымақ елді мекенінде. Біз медицина саласында бір рет қана қолданылатын заттарды шығарамыз. Маскалар, акушерлік киімдер, резина қолғап түрлері, хирургиялық халаттар, белсендірілген көмір (активированный уголь), медициналық бас киімдердің түрлері біздің цехтарда жасалынады. Қолғаптың екі түрі бар. Бірі – тіс дәрігерлеріне, ал екіншісі – хирургтерге арналған. Зауытта екі жүз адам жұмыс істейді. Медициналық қолғаптарымыз бүкіл Қазақстанға тарайды.

«КаzSilicon» металлургия компаниясының маркетологы

Жандос НҰРПАДИЛОВ:

– Біздің компания металл кремнийлерін шығаратын Орта Азиядағы тұңғыш кәсіпорын. 2006 жылдан бері Қазақстан рыногіне өз өнімдерін таратып келеді. Жылдық жобалық қуаты 5000 тонна. Қазір біз жүз пайыз «НАК «Казатомпром» АҚ құрамындамыз. Біздің өнімдерден күн энергиясын өндіретін панельдер жасалады. Өзіндік құн бойынша компания әлемдік әріптестерімен бәсекеге түсіп, жақсы жағынан танылып келеді. Бұл Кремнийге деген сұраныс жылдан-жылға өсе түсуде. Облыста табиғи қоры 50 жылға жететін кварц шикізаты кен орнының Үштөбе қаласы маңындағы Сарыкөлден табылуы басқа да сұраныстарды қамтамасыз етуге толық жетеді. Мұндағы қор 1,74 млн. тонна. Сондай-ақ кварцтың химиялық құрамы өте таза. Комбинат Үштөбе қаласында орналасқан. Біз кремнийден басқа да жылына екі мың тонна «Микросилика» деп аталатын бетондық қоспалар да өндіреміз. Қоспа бетон сапасын арттырады. Кварц кремнийіне алыс, жақын шетелдер – Ресей, Франция, Жапониядан сұраныстар көп. Қазіргі уақытта «НАК «Казатомпром» АҚ «KazPV» жаңа жобасын жасау үстінде. Сол жобада көрсетілгендей алдағы уақытта француз компаниясымен бірлесе отырып, күн батареяларына қажетті панелдерді осында жасап шығару. Үштөбеде өндірілген кварц кремнийін Өскеменде тағы бір рет өңдеп, Астанадағы зауытқа жібереді. Сол жерде күн батареясына арналған панельдер шығарылатын болады. Қазіргі уақытта ол зауыттар салыну үстінде. Алдағы жылдың мамыр айынан бастап Астанадан шығарылған панельдерді көретін боламыз. Компания басшылары әу баста осы өнімді өндіруді үш кезеңге бөлген еді. Бұл күндері соның екеуін ойдағыдай жүзеге асырды. Енді міне, үшінші кезең металл кремниийін өндірудің жоғары технологиясына қол жеткізе отырып, әлемдік сапа деңгейінде өнім шығару жолында еңбектенудеміз.

Алматы маңындағы Байсерке елді мекеніне орналасқан «SONIK» ЖШС компаниясы 2006 жылдан бері металлдан әрқалай көлемдегі құрылыс материалдарын жасап шығарады. Қазіргі уақытта зауыттың бірінші құрылыс жүйесі салынып бітіп, өнімдер шығаруда. Ал жалпы жоба құны 1285 млн. теңгені құрайды. Зауытта жаңадан 60 жұмыс орны ашылған. Екінші құрылыс жүйесі іске қосылған кезде мұндағы жұмыс орны 120-ға дейін өседі. Жұмысшылардың айлық табысы орта есеппен 60-70 мың теңге. Зауыт өнімдері құрылыстың барлық салаларына аса қажет.

«Қайнар АКБ» ЖШС қорғасын аккум­уляторлар өндірісінің директоры Е.ӘЖМАҒАМБЕТОВ:

–Мен бүгін өтіп жатқан форумға өте қуаныштымын. Бұл біз үшін түйінді мәселелерді шешудің ең тиімді мүмкіндігі. Біз осыған дейін жүк тасымалы контейнерлері жөнінде көп мәселе қозғап келдік. Қытайдан бізге мың контейнер жүкке толып келеді де, солардың 950-і бос қайтады. (Осы сәтте Альберт Рау: «Әжмағамбетов мырза, мұны біз министрлікте талқылауды ұсынамын»,– деп сөзді негізгі мәселеге қарай бұрып жіберді.) Әжмағамбетов сөзін қайта жалғады. – Біз Үкіметтің қолдауы арқасында соңғы жылдары елеулі табыстарға қол жеткіздік. Осыдан төрт-бес жыл бұрын жылына бар-жоғы 200 мың аккумлятор шығарушы едік. Ал осы жылы 2 миллион өнім шығарып отырмыз. Демек, өнімдеріміз он есеге өсті. Осы жылы аккумляторларымызды Қытайға да шығара бастадық. Ал Қытай рыногіне шығу әрине оңай емес. Өткен аптада ғана зауыттың сауда жөніндегі директоры Қытайдан келіп, онда келер жылы биылғыдан әлденеше есе көп аккумуляторға тапсырыс бергендерін жеткізді. Шынын айтсақ, біздің өнімдер әзірге неміс және жапон аккумляторларымен салыстырғанда сапа жағынан кемшін түсіп жатыр. Сондықтан да өз өнімдеріміздің сапасын жетілдіре түсу үшін Еуропаның ірі компанияларымен тәжірибе алмасып келеміз. Тіптен бірлесіп шығаруды да қолға алып отырмыз. Ал бұған уақыт керек. Осыдан екі жыл бұрын жапондармен келіспекші болып әрекеттер жасап көргенбіз. Бірақ олар бізді ұзын арқан, кең тұсауға салып қойған салдарынан уақыттан ұтылдық. Алайда үздіксіз ізденудің арқасында оның есесін Германия компанияларымен келіссөзге келу арқылы қайтарып отырмыз. Олар екі жыл бойына біздің технологияны жетілдіруге уәде беріп, өз мамандарын жіберетін болды. Сонымен бірге біздің мамандар сонда тәжірибеден өтіп келеді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Қазақстанның географиялық, стратегиялық тұрғысынан орналасуы өте ыңғайлы. Шығысымызда Қытай. Олардың аккумляторға сұранысы жылына 45 миллионға жетіп отыр. Ал теріскей беттегі Ресейдің жыл сайынғы қажеттілігі 25 миллионға жетуде. Ресей жыл сайын 8 миллион ғана шығаруда. Қалғандарын шетелдерден сатып алуда. Қытайда қазір жағдай басқаша. Бұрын оларда 1,5 мың аккумлятор шығаратын зауыт болған. Қазіргі уақытта солардың 350-і ғана жұмыс істейді. Басқаларын экология талаптарына орай жауып тастаған. Біздің өнім сапасы оларды қанағаттандырғандықтан және оны уақыт өткен сайын жақсарта түсетінімізге сенім артып, жылдық тапсырыстарын үстемелеп отыр.

Форум қорытындысы бойынша әлеуетті инвесторлар жалпы сомасы 300 млрд. теңгеге жуық жобаларға қатысты құжаттарға қол қойды. Олардың қатарында Мәскеу қаласының МРТ компаниясының Қапшағай қаласында шағын ұшақтар құрастыратын кәсіпорыны, «КазГидротехэнерго» ЖШС-нің Райымбек ауданының Шелек өзеніндегі ГЭС каскадының құрылысы, «Терра Нова» ЖШС-нің алкогольсіз сусындар шығаратын кәсіпорны, Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек жел дәлізінде «СамұрықЭнерго» АҚ мен «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ-ның қатысуымен жел электр стансасының құрылысы, «Алина Про-Лесная сказка» туристік базасын құру және т.б. бар. Барлық жобалар саны 20-дан асты.

Форум жұмысына ҚР индустрия және жаңа технология вице-министрі А.П.Рау қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

1 Халықаралық инвестициялық форум – «Жетісу Инвест – 2012» өз жұмысын табысты аяқтады десек те, көзге көрініп қалған бір кемшін жағдай – көрмеге қатысқан отандық өндіріс орындарының «Қайнар АКБ» ЖШС секілді бірен-сараны болмаса, басқаларының атаулары өзге тілдерде қойылған.

>Алматы облысы,

Талдықорған қаласы

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары