ҰЛЫ МӘДЕНИЕТІМІЗ ӘР УАҚЫТТА ЖӘРДЕМГЕ КЕЛЕДІ

ҰЛЫ МӘДЕНИЕТІМІЗ ӘР УАҚЫТТА ЖӘРДЕМГЕ КЕЛЕДІ

ҰЛЫ  МӘДЕНИЕТІМІЗ  ӘР  УАҚЫТТА  ЖӘРДЕМГЕ  КЕЛЕДІ
ашық дереккөзі
250

Мәдениет және ақпарат министрлігі бұған еш күмәнданбайды

Мәдениет және ақпарат министрлігі соңғы кезде қоғамның рухани дүниеден қол үзбеуіне жіті көңіл бөлуде. Бұл орайда кітап шығару және тарату мәселесі, отандық фильмдер түсіру, мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру сияқты түйткілді мәселелер жиі талқыға салынып, көпшілік тарапынан қолдау тауып келеді. Бір қуантарлығы, былтыр «Мәдени мұра» ұлттық бағдарламасы аясында 73 тарихи және мәдени ескерткіштер толықтай қалпына келтірілсе, 30-дан астам ғылыми-қолданбалы және 40 археологиялық зерттеу жүргізілген. Бұл да болса, барымызды бағалап, жоғымызды түгендеудің бір амалы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында: «Мәдениет – қазіргі заманғы адамды қалыптастыру мен дамытуға ықпал ететін әлеуметтік жаңғырудың маңызды бөлігі болып табылады», – деп атап көрсеткен болатын. Осы бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігінің алдына бірнеше стратегиялық тапсырмалар қойылып, бүгінде оның игілігін халық көре бастады. Десек те, еліміздің мәдениеті мен әдебиетін көтеруде жемісті еңбек етіп жатқан министрлікті алда мың-сан шаруа күтіп тұрғаны анық. Өткен аптада Астанада ұйымдастырылған кеңейтілген мәжіліс бір жағынан, бүгінге дейін атқарылған істерге жан-жақты баға берсе, екіншіден, болашақта жүзеге асуы тиіс жаңа, тың жобаларды тағы бір таразы талқысынан өткізді. Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мырза төрағалық еткен басқосудың маңыздылығы сол, қалың бұқара мәдениет пен руханият әлеміндегі игі шаралардың бел ортасында жүргенін іштей сезінді.

Әсіресе, министрлік қоғамда көптің көңіліне кірбің салатын мәселе – кітап оқылымының нашарлап кеткендігіне баса көңіл бөлген еді. Осыған орай еліміздегі баспагерлер мен зиялы қауым өкілдерін бірнеше мәрте жинап, кітап шығару және тарату жайын талқылауды үрдіске айналдырған. Кітап шығару ісінің басы-қасында жүрген мамандардың пікіріне қанығып, нақты ұсыныстар қабылдаған министрліктің бұл іске нықтап кіріскендігі байқалады. Сондай бір маңызды басқосуда Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев еліміздегі кітап шығару мен тарату ісіне байланысты: «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару республикалық бюджеттік бағдарламасы» шеңберінде жыл сайын 400-ге жуық кітап жарық көреді. Оған 1 млрд. теңге бөлінді. Министрлік 27 шартты баспа табақтан тұратын таралымы 2 мың дана кітапқа 2700 мың теңге бөледі. Осы сомадан типографиялық шығындар мен полиграфиялық материалдарға (қағаз, бояу, желім, т.б.) 1500 мың теңге жұмсалады. Бүгінгі күні мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптарды шығаруда авторларға авторлық қаламақы төлеу мәселесі туындап отыр. Ал кітаптың авторына авторлық қаламақы төлеу баспа мен автордың арасында жасалған шарттың негізінде шешілуі тиіс», – деген болатын. Сондай-ақ биылдан бастап министрлік мемлекеттік тапсырыс арқылы жарық көретін барлық кітаптарды интернетте жариялау туралы шешім қабылдады. Яғни, мемлекеттік тапсырыс арқылы басылып шыққан кітаптарды тек қана кітапханаларда емес, бұдан былай барлық әлем қолданатын интернет желісінде оқуға мүмкіндік туады. Бұл еліміздің авторларын әлемге танытып қана қоймай, жырақтағы қандастарымыздың да атақонысында жарық көріп жатқан әдебиетпен сусындауына жол ашады. Атап айтқанда, баспа қызметі саласында жалпы тиражы екі миллионға жуық дананы құрайтын әлеуметтік маңызы бар әдебиеттің 467 атауын шығару қамтамасыз етілді.

Кітап – сарқылмас байлық. Кітап – руханияттың қайнар көзі. Мәдениет және ақпарат министрлігі биылдың өзінде 380 аталым кітапты басып шығаруға және оны таратуға 1 миллиард 93 миллионнан астам теңге жұмсады. Осылайша, 800 мыңнан аса кітап оқырманға жол тартқан. Ал ендігі жылы мемлекет тапсырысымен шығатын кітаптардың таралымын 2 мыңнан 4 мың данаға ұлғайту көзделіп отыр. Бүгінгі күні мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптарды шығаруда авторларға авторлық қаламақы төлеу мәселесі басты назарда. Бұл тұрғыда министрлік мамандары 320 беттік 1 кітапқа 1 миллион 618 мың теңгеден 3 миллион 236 мың теңге көлемінде қаламақы төлеуді қарастыруда.

Отандық 7 картина прокатқа шықты

Мәдениет және ақпарат министрлігі биыл бірқатар шараларға мұрындық болды. Астанада Орта Азияда теңдесі жоқ Опера және балет театры салынуда. Қуаныштысы сол, оның сахнасында Ла-Скала, Үлкен театрлардың майталмандары өнер көрсетуге осы бастан тілек білдіріпті. Отандық киноиндустрия саласында да серпіліс бар. Биыл отандық 7 фильм прокатқа шықса, 99 фильм халықаралық деңгейдегі 150 кинофестиваль мен байқауларда сыналған. «Қазақфильм» АҚ-ның отандық кино өндірісін дамытудағы жұмысы да халыққа таныс. Жыл сайын түрлі жанрлар мен форматтағы 100-ден астам кинокартина өндіретін «Қазақфильм» АҚ өткен жылы 5 кинокартинамен 9 арнайы жүлде мен марапатқа ие болды. «Ал театр өнері туралы айтсақ, жыл сайын республикалық театр­лар бір мыңнан астам қойылым жасайды. Оның қырқы – жаңа шығарма. Қазақстандық ұжымдар әлемдік деңгейдегі жетекші хореографтар мен балетмейстерлермен жұмыс істеп жүр. Отандық солистеріміз Ла-Скала театрының академиясында, Вена операсында, Мариин театрында, Болоньедегі итальяндық опера мектебінде және өзге де әлемдік орталықтарда тағылымдамадан өтуде», – деді министр.

Алайда бізде әлі күнге отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін фильмдер аз. Бұл жөнінде Елбасы биылғы Жолдауында да айтып өткені белгілі. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Тәуелсіздік толғауы» атты шығармашылық байқауы жалғасатын болды.

Елімізде прокаттық киноға деген қажеттілік өте жоғары. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев «Қазақфильм» АҚ қазіргі заманғы технологиямен жабдықталғанын айта келе, онда көркем, деректі және анимациялық фильмдердің өндірісі жолға қойылғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, биыл отандық 7 картина прокатқа шықты. Жыл соңына дейін «Қазақфильмнің» «Аңыздар кітабы: сырлы орман» және «Ер Төстік және Айдаһар» атты тағы 2 туындысын шығару жоспарлануда. «Елімізде прокаттық киноға деген қажеттілік өте жоғары. Электрондық жүйенің мәліметі бойынша кинобилеттердің сатылым деңгейі бір айда 1 миллионнан асып отыр. Яғни барша Қазақстан халқының 7 пайыз көрермені ай сайын киноға барады», – деді А. Бөрібаев. Бұдан бөлек ол отандық кино бүгінде сенімді түрде әлемдік нарыққа шығып отырғандығын тілге тиек етті. Тек соңғы 4 жылдың ішінде «Қазақфильмнің» 99 картинасы 150 кинофестивальдер мен әлемнің 48 еліндегі халықаралық көрсетілімдер қатысушысы болды. Атап айтқанда, биыл 65-ші Канн кинофестивалінде «Студент» және «Жаужүрек мың бала» картиналары ұсынылып, әлемдік прокат үшін бұл туындыларды халықаралық дистрибьюторлар алған.

Жетістіктерді жіпке тізу – міндет емес

Мәдениет және ақпарат министрлігі биыл бірқатар шараларға мұрындық болды. Айталық, отандық әлеуметтік-мәдени өнімдерді жаңғыртудың 5 жылдық жоспары түзілсе, Журналистер одағы мен Бас редакторлар клубы бірлесіп, Журналистердің этикалық Кодексін әзірледі. Отандық БАҚ жұмысын жетілдіру мақсатында жаңғырту жоспарын жасақтап, жаңа спорт телеарнасын қаржыландыру мәселесін түпкілікті шешті.

Алқалы кеңесте Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай аймақтардағы мәдениет басқармаларының бастықтарына мәдениет пен өнер саласында нақты қандай шаруаларды қолға алып жатқандығын сұрады. «Әйтпесе, мінберге шығып, жетістіктерді жіпке тізу – міндет емес. Одан да саланың жетіспеушілігін айтып, жоғын түгенде», – деді министр. Министр сондай-ақ аймақтардағы кейбір әкім-қаралар белгілі бір тұлғаның өмір­баянын, елге сіңірген еңбегін, өмір сүрген ортасын жете зерделемей жатып, жөн-жосықсыз мүсін орнатуды әдет қылғанын ашына жеткізді. «Лайықсыз адамға қойылса, дұрыс емес жерге қойылса, оның бәрі халықтың наразылығын туғызбай ма?! Барлық аудандардағы, барлық облыстардағы заңсыз салынған ескерткіштерді аяусыз көрсетіп, жазыңдар. Сөйтіп қана, біз, өз мәдениетімізді өзіміз тәртіпке келтіреміз. Әкімдердің мұндай әрекетін БАҚ аяусыз әшкерелеуі тиіс. Облыстарда елді мекен, көшелерге туған-туыс, ата-бабаларының атын беру деректері көп. Келер жылдың бірінші тоқсанында «Ономастика туралы» Заң қабылдануы тиіс. «Заң күшіне енсе, мұндай берекесіздіктерге жол берілмейді. Қазақстанның, қазақтың ұлы мәдениеті қай уақытта да бізге жәрдемге келеді және барлық уақытта бізді қиындықтан алып шығады. Сондықтан барлық салада да өзімізге қойылған міндеттерді орындауға тиіспіз», – деді министр.

Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, Астана, Алматы қалалары, облыстық Мәдениет және ішкі саясат бас­қар­маларының басшылары, мәдениет ұйымдары, шығармашылық одақтардың, бұқаралық ақпарат құралдары, мұрағат және баспа ұйымдарының жетекшілері қатысқан жиында Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай салаға қатысты бірқатар міндеттер қойып, іс жүзіне асырылып жатқан бірнеше ірі жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан кейін министр Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» атты жаңа төсбелгінің бекітілгенін хабардар етті. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен алғашқылар болып КСРО Халық әртісі Еркеғали Рахмадиев, Парламент депутаты Мұрат Ахмадиев, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік орыс драма театрының директоры Юрий Якушев, Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бастығы Жақсылық Омаров, Көкшетау қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Айгүл Сәбитова, Астана қаласы мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Қанат Төкесбай мырза марапатталды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары