АШЫҚ АЛАҢДА АЙТЫЛАР СӨЗ

АШЫҚ АЛАҢДА АЙТЫЛАР СӨЗ

АШЫҚ АЛАҢДА АЙТЫЛАР СӨЗ
ашық дереккөзі
235

«Нұр Отан» ХДП-ның бастамасы. Алматыда сарапшылар клубы ашылды

Өткен аптада «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Алматы филиалының есеп беру конференциясы өтті. Бұл жиынды «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ашты. Партияның жаңа бастамалары мен негізгі бағыттары, атқарылған істері баяндалды. Сондай-ақ жиынға тәуелсіз сарапшылар қатысты. Олар еліміздің биліктегі партиясы «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесіп Алматы сарапшылар клубының құрылғанын жариялады.

Бүгінде партия ауқымы кең. Республика көлемінде 41 филиал, 60 мың партиялық ұйым бар. 930 мыңнан астам адам партия мүшесі, олардың 40 пайызы – бюджет қызметкерлері, 20 пайызы – жастар екен. Олар халықтың үштен бірін құрап отыр. Қарапайым халықтың хал-ахуалын жақсартқанда ғана еліміздің экономикалық статусымен мақтануға болады. Еліміздің экономикалық әлеуетін көтеру үшін партияның жұмысын арттыру – бас­ты міндет. Осы қағидатты берік ұстанған «нұротандықтар» қоғамдық қабылдауды жетілдіруді қолға алған. «Орталық аппаратқа келіп түскен 23 115 өтініштің барлығы назардан тыс қалмайды. Оны бір-бірлеп қараймыз, өйткені біз халықты не толғандыратынын осылай ғана біле аламыз, – деп бастады сөзін Бақытжан Сағынтаев. – Партияның атқарып жатқан игі іс-шаралары Қазақстан халқының күнделікті тұрмысынан айқын байқалып тұруы қажет».

Партияның алдына қойған негізгі мін­деттерінің бірі – халықты баспанамен қам­тамасыз ету және тұрғын-үй құрылысы мәселесін шешу. Сағынтаев мырзаның айтуынша, күнделікті өтініштердің басым бөлігі су, газ, жылу мәселесіне арналады екен.

– Екінші міндет – жұмыссыздықты жою. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев атаған басты міндет тұрғындарды тұрақты еңбекпен қамту мәселесін жүйелі түрде шешуiміз қажет. Сол сияқты баспана мәселесі де күн тәртібіне қойылды. Неліктен тұрғын-үй мәселесін түбегейлі шеше алмаймыз? Бағдарлама бойынша үй алуға мүмкіндік бар, бірақ кезекте тұрғандардың тізімі бұзылады, не жүрмей қалады. Біз қазір кезек барысын қадағалап отырмыз. Балабақша кезегі де көз алдымызда, кез келген азамат электронды жүйеден өзі қарап отыруына болады. Партияның назарына іліккен төртінші мәселе – құқық қорғау органдарына байланысты. Сот шешімін қайта қарау, істі қайта көтеруге қатысты өтініштер бізге жиі келіп түседі. Сот – партияның құзырында емес, бірақ біз тиісті нұсқаулықтар мен тапсырмалар беріп отырамыз, – деді Бақытжан Әбдірұлы.

Батыс елдеріндегі партияларды зерттей келе партия жұмысының кемшін тұстары біртіндеп толықтырылып келеді. Әсіресе халықпен тығыз жұмыс жасау тәжірибелері басты міндетке айналды. Сондай-ақ халықты партия жұмысымен таныстырып, партия құрамына алу жұмыстары да республиканың түкпір-түкпірінде белсенді түрде жүргізіліп келеді. Бір ғана «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалында 73 мыңнан астам партия мүшесі тіркелген.

– Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының алдына елдің мүддесі үшін жергілікті жерлерде тиімді жұмыс атқару керектігін айтты. Елбасының экологиялық таза технология мен энергетиканы жаңғыртуға арналған «жасыл экономиканы» іске асырудағы стратегиялық бастамасын кешенді түрде жетілдіру басты назарда, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Қазіргі уақытта партия алдында жүзеге асырылуы тиісті бірнеше іс-шара тұр. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілік етуімен «Нұр Отан» партиясы 2017 жылға дейін дамудың өз жолын, өз бағдарламасын ұсынады. «Бұл – біздің жаңа парламенттік мерзімге дайындаған партиялық сайлауалды тұғырнамамыз, біздің президенттік «Стратегия-2020» бағдарламасын алдағы бес жылда біртіндеп орындау жоспарымыз», – деді Б.Сағынтаев.

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасы 9 негізгі бағыттан тұрады. Біріншісі қазақстандық ғылым мен білімді бүгінгі әлемдік деңгейге сай дамытуды көздейді. Бұл ретте озық ойлы, бәсекеге қабілетті азаматтарды дайындау басты орынға қойылған. Осы мақсатта педагог мамандардың мәртебесі мен еңбекақысын арттыру қолға алынған. Қазақстандықтардың денсаулығын нығайту, адам өлімі көрсеткішін азайту және өмір жасының ұзақтығын қамтамасыз ету үшін медициналық қызмет сапасын көтеруге баса мән беріледі. Сондай-ақ жаңа экономикалық өлшемдерге қол жеткізу көзделіп отыр. Елбасының үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі іске асыру арқылы өсімді қамтамасыз ету міндеті де белгіленген. Отандық бизнесті қолдай отырып, ішкі және сыртқы инвестицияларды ұлғайту ойда бар. Келесі бағыт халықтың табысын көтеру. Бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы экономикадағы орташа республикалық деңгейге жеткізілетін болады.

«Қазақстан. Мақсаттар 2017. Ұлттық іс-әрекет жоспары» атты сайлауалды тұғырнама жөніндегі талқылау да қызу сөз болды. Партия соңғы төрт жылда қиындыққа қарамастан уәделерін орындап, тұғырнамада айтылған әлеуметтік міндеттемелерін абыроймен атқарды. Келер сайлауда Парламент Мәжілісі тек бір партиядан ғана жасақталмайды. Сол себепті, бүгінгі бағдарлама туралы сайлаушылардың әрқайсысына жеткізу керек.

Іс-шараларды тиімді атқару үшін жақында партияның өзінде бірқатар құрылымдық жаңарулар жүргізіледі. Алдымен партияның өз жұмысы мен қызметкерлерінен басталмақшы. Мұндай жаңғырту партияның Орталық аппараты құрылымдарында орын алады деп жоспарлануда. Кадр саясаты күшейтіліп, қоғамдық қабылдаулардағы жұмыс нығайтылады.

Сарапшылар клубы – пікірталас алаңы

Сарапшылар қауымдастығы мен партия бірлесе жұмыс істесе, нұр үстіне нұр. Бұл пікірді ұстанған Бақытжан Сағынтаев Алматы Сарапшылар клубының ашылғанын жариялады. «Нұр Отан» партиясының Ал­маты са­рапшылар клубын құру­да­ғы бас­ты мақсаты – ел тұрғындарын тол­ған­ды­рып жүрген сан алуан сауал­дармен қатар, өркениетті елдердің қатарына қосылуға бет алған Қа­зақ­станның эко­номикалық, мәдени және әлеу­мет­тік саладағы жетістік­терiн, қауіпсіздік мәселелерін Үкімет на­зарына ұсыну бо­лып отыр. Өйткені айтылған ой, түйіні шешілмеген түйткілдер мен нақты проблемалар халықтың аузынан шықса да, Үкіметтің құлағына жетпей қалады дейді Бақытжан Әбдірұлы.

Елімізде тіл, дін, әлеуметтік, эко­номикалық тұрғыдан шешімін таппаған мәселелер өте көп. Бірақ айтылатын жер жоқ. Сондықтан диалог алаңын ашу өте маңызды. Жуырда халықаралық «Түркістан» газеті жанынан пікірталас алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Мұнда саяси-экономикалық, қауіпсіздік, мәдениет пен әлеумет туралы ашық ой-пікір айтылады.

– Мұндай клубтар дүниежүзінің көп­теген елдерінде жұмыс жасайды. Алматы сарапшы­ла­ры­ның клубы Қазақстанның өркениетті даму жолын баянды етуге жол ашады деген үміттеміз. Өйткені дәл осы клубта мемлекет және қоғам қайрат­керлері, саясаткерлер, тіпті қа­рапайым мамандық иелері де өздерін толғандырған пікірлерді еркін әрі ашық айтып, өздерінің ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік алады. Де­мек, осы клубта сарапшылардың на­­зарына ұсынылған әрбір ұсыныс-пі­кір аяқсыз қалмайды. Сондықтан бұ­ған біздің барлығымыз атсалысуы­мыз қажет. Ең бастысы, мұнда тал­қы­лануы тиісті түйткілді мәселелерге ешқандай шек қойылмайды. Бір сөз­бен айт­қан­да, бүгін өмірге жолдама алып отыр­ған Алматы сарапшылар клубы ашық пікірталас алаңына ай­налуы тиіс жә­не солай болады де­ген сенімім мол, – деді Сағынтаев мырза. Сарапшылар клубының Алматыда құрылу себебін жасырған жоқ. Алматы – республикадағы ірі мегаполис. Халықтың көп шоғырланған мекені, мәдениет пен өркениет дамыған қала. Халықтың мұңын айтып, жоғын жоқтап жүрген сараптау орталықтарының барлығы осы қалада орналасқан. Олар зерттеу жұмыстарының барлығын Алматыда жүргізеді. Сондықтан тәуелсіз сарапшылар мен партия мүшелерінің ашық алаңы Алматыда ірге тебетін болды.

Жиынға қатысқан сарапшылар пікірталас алаңының ха­лық пен сарапшылардың пікір алмасуы үшін ауадай қажет екенін, бұл қадамды бір адамдай қолдайтынын жеткізді.

Бақытжан Бұқарбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік саяси зерттеулер бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы, сарапшы:

– Қазақстан қазіргі кезде өзінің дамуындағы жаңа белестерді бағындырып отыр. Дамыған елдің көрсеткіші қандай болуы керек? Ол өзінің халқына жақын болуы тиіс. Яғни, бүгінгі құрылып отырған Сарапшылар клубының негізгі міндеті де – осы. Қоғамда қалыптасқан мәселелерді шешіп, соны өңдеп, нақты ұсыныс ретінде жария ету. Диалог алаңын құру шетел тәжірибесінде жиі кездеседі. Мәселен АҚШ-та 1000-ға жуық диалог алаңы ұйымдастырылған.

Салтанат Ахмедова, «INFOSYSTEM» зерттеу орталығының директоры, сарапшы:

– «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» дегендей, «Нұр Отан» партиясы және сарапшылар қауымдастығы мәселені ортаға салып, жұмыла көтерсе, халықтың тұрмысынан хабардар болар еді. Елдің әл-ауқатын арттырып, экономиканың өркендеуі жолында маңызды қадам болмақ. Ел игілігіне құрылған клуб міндетін кеңеске келген сарапшылар да қолдайды.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары