532
ҰРАНДЫ ЕЛДІҢ ҰРПАҒЫ ҚАЙСАР КЕЛЕДІ
ҰРАНДЫ ЕЛДІҢ ҰРПАҒЫ ҚАЙСАР КЕЛЕДІ
Өткен аптаның қасиетті жұма күні Алматы қаласының Райымбек даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысынан оның еңселі ескерткіші ашылды. Бұл ескерткіш республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.
Райымбек батыр ескерткішінің ашылу салтанатында бірінші болып қала әкімі Ахметжан Есімов сөз алып, жиналған қалың көпшілікті қуаныштарымен құттықтай келе тарихтан біраз сөз қозғады.
«…Аңыз төңірегінде ақиқат шежіре, әңгіме астарында шындық жатыр. Ел жады – ел тарихы. Тәуелсіздік тізгінін өз қолына алған елдің өткенін іздеп, өз тарихын түгендеуі заңды құбылыс. Бұл ұлтымыздың өзін-өзі танып, біліп, бағалауының игілікті бастамасы. Намысын жауға бермеген, найзасын кекке қайраған батырлар мен ел көсемдерінің ұрпағымыз. Соның бірі қазақ елінің жауынгерлік ұранына айналған Райымбек батыр. Райымбек он жеті жасында жоңғар басқыншыларына күресте ерлік көрсетіп, батыр атанған. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер сынды хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге қол- басшылық жасаған. Ойрантөбе деген жерде өткен ұлы шайқаста ерлігімен ерекше көзге түскен. Райымбек батыр 1729 жылы Аңырақайдағы шайқаста Наурызбай, Өтеген, Қабанбай, Бөгенбай сынды қазақ батырларымен үзеңгі қағыстыра отырып, Сары Мыңжанның әскерін талқандаса, 1730 жылы Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Ол 1758 жылы Наурызбай, Бөлек, Өтеген, Малай батырлармен тізе қоса отырып, қазіргі жоңғар империясының соңғы күшін қазіргі Сүмбе шекарасынан асыра қуған. Жауды Жетісу жерінен ығыстырып, Текестің Құйғаны мен Іленің басталар тұсынан ары қарай Жұлдыз ойпатына дейін ығыстырып тастаған ерлігі жұртқа аян. Райымбек батыр көзі тірісінде «көріпкел», «әулие» атанған. Ел аузындағы аңыз әңгіме бойынша болашақты болжап, келешекті бағамдап, дүниеден озар алдында ұрпақтарына: «Елім – Албан, жерім – Жетісу, жайлауым – Асы, қыстауым – Алматының басы. Денемді ақ түйеге артып, басын бос жіберіңдер. Ол қай жерге барып шөксе, сол жерге жерлеңдер» деп өсиет айтқан екен. Бұл күнде сол ақ түйе шөккен жердегі батыр есімімен аталатын зираттың басында зәулім кесене тұрғызылып, ақ түйенің мүсіні орнатылды. Осыдан бір жыл бұрын пайдалануға берілген Алматы метросының басты бекеті Райымбек батыр есімімен аталады…».
Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты
Серік ҮМБЕТОВ:
«…Халықтың көптен бері ойында жүрген арманы бүгін орындалды. 2005 жылы қазақ халқының батыры, ірі тұлғасы Райымбек бабамыздың 300 жылдығы болған. Сол уақытта осы Алматы қаласында бабамызға ескерткіш орнатамыз деген тоқтамға келгелі жеті жыл уақыт өтіпті. Сол кезде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Ахметжан Смағұлұлы Есімов бұл мәселе жөнінде шешім қабылдаған болатын. Дәл бүгін осы кісінің басшылығымен Алматы қаласындағы Райымбек даңғылының бойында үлкен тұлғалы ескерткіштің ашылуы қазақ халқы мен келешекке үлкен мұра деп білемін. Қазақ халқының жері мен елі бай. Батырлары мен танымал тұлғалары көп. Осындай батырлар ескерткішін келешек ұрпаққа көптеп қалдыруымыз керек. Талдықорғанның кіре берісінде Қабанбай батырдың ескерткіші, беріректе Қадырғали Жалайыр, Сүйінбай бабаның ескерткіші, жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстанда теңдесі жоқ, Орта Азиядағы ең үлкен Бәйдібек атаның ескерткіші орнатылды. Міне мұның бәрі елдің, Елбасының арқасы».
Алматы облысының әкімі
Аңсар МҰСАХАНОВ:
«…Бұған дейін Райымбек баба ескерткіші Алматы облысының Кеген өңірінде бой көтерді. Ұрпағы тәу етер киелі орынға айналды. Ал бүгін батырдың тас мүсіні Алматыда рухани қаланың көркіне көрік, ажарына ажар қосып тұр. Ескерткіштер тек әсемдік үшін ғана емес, ол елдігімізді айғақтау үшін де қажет. Осы еңселі ескерткіштің бой көтеруіне мұрындық болған «Райымбек» қоғамдық қоры мен осы игі істің басы-қасында жүрген азаматтар тағылымы мол шара атқарып отыр. Ендігі ретте «Ұранды елдің ұрпағы қайсар келеді» дегендей, қазақтың өжеттігі мен жасампаздығы паш етіп тұратын бұл туындының болашақ ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудегі үлесі зор болмақ. Ол Ерлік пен Өрліктің символы. Асылды ардақтаудың, батырды бағалаудың үлгісі, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Ел тұтастығы жолында жанын пида еткен бабаларға тағзым ету – азаматтық борыш…».
Бұлардан кейін сөз алғандар – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхутдинов, «Райымбек батыр» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тоққожа Естенов қалың қауымды құттықтып, қарт жазушы Сейдәлім Тәнекеев баршаға арнап бата берді.
Райымбек Хангелдіұлы ескерткішінің биіктігі он метрден астам. Оң қолында найзасы, сол қолында қалқаны, белінде алмас қылышы, астында шиыршық атқан Көкойнақ арғымақ. Батыр өңінде жауға деген өшпенділік табы. Батырдың жауға аттандап бара жатқан осы бір қаһарлы бейнесін мүсінші ерекше шабытпен сомдаған. Көрген жанның көңілі толады, рухы көтеріледі. Тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев: «…Содан соң жас батыр Түргенді жаудан азат етеді. Қалмақ қолындағы тұтқындар босатылады. Керісінше, жаудың көп сарбазы тұтқынға түседі. Осыдан соң Райымбек жоңғардан Сөгеті мен Ойрантөбені және Жалағашты босатады. Алды-артына қарамай қашқан қалмақтардың: «Ойрантөбе ойылды, Секер, Барақ жойылды. Райымбек келді де, алмадай үзді мойынды»,– деп зарлайтыны, міне осы тұс еді. Батырдың бұдан кейінгі жорығы Жіңішкені, Таушілікті, Қарабұлақты, үш Меркені, Кеңсуды, Қарқараны азат етуге арналды. Райымбек батырдың тағы бір үлкен жорығы ретінде Орта жүз еліне көмекке баруын айтамыз. Қабанбай батырдан оралған шапқыншы Тарбағатай мен Шәуешек арасын жауып, жауды өзара қатынасуға мүмкіндік бермеу туралы ұсынысын әкелгеннен кейін Райымбек батыр бірден атқа мінді. Сарытау, Үйгентасты азат етуге атсалысып, Ілені бойлаған күйі Қорғаспен бері қайтады. Дәл осы дерек Шыңжаңдағы Зейнолла Сәнік зерттеуінде де бар».
Бұл жерде бұрын Жетісу революционерлерінің жиынтық ескерткіші болған. Патша мен Кеңес өкіметі тарихымызды айтқызып, жаздырған жоқ. Сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрімізден, ана тілімізден айыру үшін барлық шараларды қолданып, халық зердесінен мүлдем өшіріп тастағысы да келді. Алайда осындай батыр бабаларымыз орнатқан тәуелсіздігіміз сан жылдардан соң қайта келіп, ерікті елге айналдық. Сол тәуесіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, енді міне батырларымызды ұлықтап жатырмыз. Райымбек бабаның бұл атойлап тұрған ескерткіші бүгінгі мен келешек ұрпақтар рухын көтеріп, отансүйгіштік қасиеттерін арттырары сөзсіз.